Қазақстандағы тергеу изоляторларының көпшілігі антисанитарлық жағдайдағы, тұруға жарамсыз ескі ғимараттарда орналасқан. Бұл туралы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ) Үйлестіру кеңесінің отырысында кеңес мүшесі Әсия Нұрпейісова мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Әсия Нұрпейісованың айтуынша, 2019-2020 жылдар аралығында ҰАТ қатысушылары тергеу изоляторларына 61 рет барған. Бұлардың нәтижесінде кеңес мүшелері тергеу изоляторларындағы жағдай іс жүзінде өзгермейтінін, жолданған ұсыныстар ішінара ғана орындалатынын байқаған.
Кеңес мүшелерінің айтуынша мұндай орындардағы адам құқықтарының бұзылуының басым бөлігі ұстау жағдайларымен байланысты.
"Мекемелер мен ҚАЖ департаменттерінің басшылығы ұстау шарттарын халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнама талаптарына сәйкестендіру үшін ғимараттарға косметикалық жөндеу жүргізу бағытында шаралар қабылдауда, бірақ жүйелі мәселелер назардан тыс қалып отыр", – дейді Әсия Нұрпейісова.
Оның айтуынша тергеу изоляторларының барлығында мүмкіндігі шектеулі адамдарды ұстауға арналған камералар жоқ. Жиһаздың шамадан тыс тығыздығы, жетіспеуі және тозуы байқалады.
Ұстау жағдайларының өрескел бұзушылықтарының ішінде жасанды және табиғи жарықтың жеткіліксіздігі, желдеткіштің болмауы, камераларда тазалықты сақтау үшін қажетті құралдардың жоқтығы, жылыту жүйесінің ақаулығы және басқа да осыған ұқсас мәселелер бар.
"Бұл мәселелерді ҰАТ қатысушылары жыл сайын тіркейді. Бұл мәселелерді жою үлкен қаражатты қажет етпейді және мекеме басшылығы бюджетті үнемдеу есебінен шеше алады", – деді Әсия Нұрпейісова.
Сонымен қатар тергеудегі және сотталған адамдардың шағымдарының басым бөлігі қызмет көрсету сапасының төмендігі, медициналық қызмет көрсетуге қол жетімділіктің болмауымен байланысты. Елеулі құқық бұзушылықтардың қатарына спикер медицина кадрларының болмауы, сырттай қарап-тексеруді және дәрі-дәрмектермен толық қамтамасыз етпеу, медицина қызметкерінің шақыруын елемеуді, үздіксіз емдеуді талап ететін жағдайы нашар адамдарды емдеуге бақылаудың болмауын жатқызады.
Бұған қоса, оқшаулағыштардағы тамақ негізінен сапасыз, сондықтан көпшілігі үй тағамдарын алдыруды жөн көреді. Көбінесе темекі шекпейтіндер бөлек камераларға орналастырылмайды.
"Барлық камераларда, әдетте, күдіктілер мен айыпталушылардың міндеттері бар ақпараттық стендтер бар, бірақ олардың заңды құқықтары туралы ақпарат жоқ. Мекеме әкімшілігі мен тергеудегі/сотталған адамдар арасында кері байланыстың жоқтығын куәландыратын фактілер бар. Мекеме қызметкерлері арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарына қарамастан, қызметкерлер тарапынан азаптаулар, зорлық-зомбылық және басқа да қатыгез немесе адамның ар-намысын қорлайтын іс-әрекеттер, адамды жазалау орын алуы мүмкін. Бірқатар мекемелерде мекеме әкімшілігінің іс-әрекеттеріне құпия шағым беруге арналған жәшіктер жоқ", – дейді ҰАТ Үйлестіру кеңесінің мүшесі.
Әсия Нұрпейісованың пікірінше, қазіргі замандағы жағдайлар пенитенциарлық мекемелердің қызметін зерттеу арқылы ҚР Қылмыстық-атқару жүйесін реформалауды жеделдету қажет.
Естеріңізге сала кетейік, ҰАТ азаптауды және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе ар-намысты қорлайтын іс-әрекеттер мен жазалау түрлерін анықтау және алдын алу мақсатында жабық Мемлекеттік мекемелерге қоғамдық бақылау жүргізудің бір түрі.
ҰАТ жұмысына тартылған сарапшылардың міндеті – адамдарды қоғамнан оқшаулау орындарына тұрақты түрдеп барып, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына мониторинг жүргізу.
ҰАТ қатысушылары баратын мекемелерге тергеу изоляторларынан басқа түрмелер, полиция учаскелері, наркологиялық диспансерлер, жетім балаларға арналған Денсаулық сақтау ұйымдары, 1, 2-топтағы қарттар мен мүгедектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары кіреді.
2019-2020 жылдары ҰАТ қатысушылары Қазақстандағы жабық мекемелердің барлық түрлерін қамтитын 1012 мониторинг өткізген.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !