Қазақстандағы жолдарда көлік өлшейтін "таразы" орнатылады

7162

Артық салмақ көлікке – зиян, алаяқтарға – пайда.

Қазақстандағы жолдарда көлік өлшейтін "таразы" орнатылады

Қазіргі кезде елімізде ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 95,9 мың шақырымды құрайды. Соның ішінде халықаралық және республикалық маңызы бар жолдар желісінің ұзындығы 24,3 мың шақырым. Оның 87%-ы жақсы және қанағаттанарлық техникалық жағдайда.

"Нұрлы жол" мембағдарламасы аясында кейінгі бесжылдықта 8 мың шақырымнан астам халықаралық және республикалық маңыздағы жол салынған, қайта қалпына келтірілген, жөнделген. Бұған мемлекет 1,1 триллион теңге шығындады.

Алайда жаңа жолдардың өзі тез арада жарамсыз, шұрық-тесік күйге жетуі мүмкін. Себебі, жолдарда рұқсат етілгеннен артық жүк тиеп алған ауыр көліктер жүйткіп жүр, олар зіл батпан салмағымен асфальтты балшықша езіп, жолдың сау-тамтығын қалдырмайды. Сондықтан билік қар қарқынды еріген көктем айларында, кейде аптап ыстық асфальтты балқытатын жаз маусымында ауыр жүк көліктерінің үлкен жолдарға шығуына тыйым салып жатады.

Бірақ жүйелі проблемалар маусымдық шаралармен шешілмесі сөзсіз. Нәтижесінде, жолдарға "автоматтандырылған өлшеу станцияларын" орнату идеясы пайда болды. Алда ел Үкіметі оны бүкіл еліміз бойынша кең ауқымда жүзеге асыруға кіріспек ниетте.

Осы мақсатта Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "ҚР  кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірлеп шықты.

Құжатта берілген анықтамаға жүгінсек, автоматтандырылған өлшеу станциялары (АӨС) біріншіден, жолға шыққан автокөлік түрлерінің салмағын және көлемдік параметрлерін, осьтік жүктемелерін анықтайды. Жауапкершілікке тарту үшін әр көліктің түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін және қозғалыс жылдамдығын тіркейді.

Екіншіден, ол адамның араласуынсыз, автоматты режимде жұмыс істейді. Үшіншіден, жолдарда фото, бейнетүсірілімді жүзеге асырады. Төртіншіден, ол – интеллектуалды көлік жүйесі болмақ: оның кешеніне сертификатталған бақылау-өлшеу техникалық құралдары, аспаптар мен жабдықтар кіреді. Қала көшелерінде ұқсас, бірақ әлдеқайда аз функцияларды атқаратын "Сергек" жүйесін жасанды интеллект басқарады. Ашып айтылмағанымен, жолдардан түсетін "ауқымды деректерді" (Big Data) өңдеуге де жасанды зерде тартылуы ықтимал.

"Автожолдардың бүтіндігін сақтау, ірі габаритті және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүру қарқындылығы кесірінен олардың мерзімінен бұрын бүлінуіне жол бермеу, сондай-ақ көліктік бақылау кезінде лауазымды тұлға мен тасымалдаушының тікелей байланыс жасауынан туындайтын жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату және олардың жұмысын ұйымдастыру ұғымы мен тәртібін заң жүзінде айқындау ұсынылады", – деді ИИДМ.

Министрліктің мәліметінше, "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму мембағдарламасына сәйкес, республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында жалпы саны 112 автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату көзделіп отыр.

Мамандардың айтуынша, бақылаулық өлшеу алаңын жабдықтау, электр желісін тарту, жарықтандыру, ақылы автотұрақ пен ангарды жасау шығындарын қосқанда, 1 АӨС-ті салу – 140 миллион теңгеге түспек.

Негізі, бұған дейін ИИДМ республикалық және жергілікті маңыздағы автожолдарда, мемлекеттік шекарадағы өткізу бекеттерінде, сондай-ақ ірі елді мекендерге кіреберісте 85 қана АӨС орнатуды және оған 12 миллиард теңге жұмсауды жоспарлаған. Бұдан бөлек, барлық орнатылған станцияларға ай сайын техникалық қызмет көрсету шығыстары 2,5 миллион теңгені құрайтыны мәлімделген.

Енді оның саны 112-ге дейін өсіріліпті. Демек, техсервис шығыны да ұлғаймақ.

Халықаралық транзит саласында жұмыс істейтін кәсіпкер Сергей Максимов бұл жобаға күдікпен қарайды.

"Ол станциялардың автотұрағы ақылы болады дейді. АӨС-тің нақты қалай жұмыс жасайтыны да белгісіз, сұрақ көп. Алдын ала түсіндіру жүргізіліп жатыр дегенді естіген емеспін. Жалпы, ТМД көлемінде салмақты бақылау жүйесі жемқорлық пен алаяқтыққа толы екені жасырын емес. Мысалы, Украинада бірнеше жыл бұрын габариттік-салмақтық бақылаудың жалған станцияларын ашып алған алаяқтар әшкереленді. Қарау пейілді адамдар жолда осындай бекет құрып, көліктерді тоқтатқан, жүргізушілерден жалпы пайдаланымдағы автожолмен жүргені үшін заңсыз ақы жинаған", – дейді С.Максимов.

Ол АӨС секілді аса қымбат кешенді орнату – өткен ғасырдың "сарқыншағы" деген ойда.

"Мысалы, Еуропада да, тіпті көрші Ресейде де көліктерге, тіркеме-прицептерге білік-оське түсетін жүктемені бақылайтын аспап орнатылады. Ол спутниктік мониторинг жүйесіне қосылады. Аспап қымбат та емес, небары 5 мың рубльден табуға болады. Көліктегі жүктің салмағына қатысты ақпараттар телефонға да, планшетке де, яғни Android немесе iOS-қа негізделген кез келген девайсқа шығарылады. Адал емес жүргізушілер клиентпен келісіп, шектен тыс жүк артып алуы ықтимал. Бұл ақыр соңында көліктің басқаруға көнбеуіне соқтырып, машина апатқа ұшыратып жатады. Ал әлгіндей жүйені орнатса, ол жүк салмағының рұқсат етілген шектен асып кеткені туралы мессенджерлер немесе e-mail арқылы автоматты түрде жауапты тұлғаны хабардар етеді", – дейді сарапшы.

Дәл осы мәліметтерді құзырлы органдар да өз жүйелері арқылы әр көліктен ала алар еді.

Жаңа заң жобасы қабылданса, ИИДМ-нің Автомобиль жолдары комитетiне "республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату орындарын айқындау" құзыры беріледі.

АӨС орнатумен Үкімет белгілейтін ұлттық оператор мәртебесіндегі компания айналыспақ.

Болашақта осындай "жол таразылары" тек халықаралық және республикалық деңгеймен шектелмей, ауылдар маңында да пайда болуы мүмкін. Өйткені заң жобасында үш мегаполис пен облыс әкімдіктеріне "Мемлекеттік сатып алу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік және концессиялар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарында, елді мекендердің көшелерінде автоматтандырылған өлшеу станцияларының операторларын айқындау" құзыретін беру ұсынылып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу