Қазақстанды кедей елдердің қатарына жатқызды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
16872

Credit Suisse Қазақстанды Қырғызстан, Нигер және Комбоджиямен бір қатарға қойған. 

Қазақстанды кедей елдердің қатарына жатқызды

Швейцарияның Credit Suisse банкі жыл сайынғы Global Wealth Report 2017 баяндамасында Қазақстанды халқының әл-ауқат көрсеткіші бір ересек адамға бес мың доллардан кем елдер қатарына қосты. Әлемдік экономиканың "түбінде" бұрынғы КСРО-ның басқа да республикалары – Молдова, Украина, Беларусь, Қырғызстан бар. Сондай-ақ бұл топқа Бангладеш, Непал, Комбоджа, Мысыр және Шри-Ланка кіреді. Сонымен бірге Орталық Африканың Ангола, Экваторлық Гвинея және Габона елдерінен басқалары кедей елдер қатарына кірген.

Көптеген ел бір ересек адамның әл-ауқат көрсеткіші 5000-нан 25000 мың доллар болатын топқа кіреді. Олардың қатарында Үндістан, Ресей, Бразилия, Индонезия, Филиппин, Түркия, Аргентина, Боливия, Колумбия, Эквадор, Эль-Сальвадор, Мексика, Панама, Парагвай, Алжир, Иордания, Ливан, Марокко және Тунис, Албания, Армения, Әзербайжан, Босния, Грузия, Македония, Моңғолия бар.

Әл-ауқаты 25-100 мың доллар болатын топта Қытай, Саудия, Малайзия, Ливия, Перу және Чили орналасқан.

Ал әл-ауқат көрсеткіші 100 мың доллардан асатын топта АҚШ, Канада, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Франция, Бельгия, Нидерланд, Италия, Испания, Ирландия, Швеция, Норвегия, Финляндия, Аустралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Оңтүстік Корея тұр. 2000 жылы әлемде 13,2 млн долларлы милионер болған, оның  98%-ы дамыған елдерге тиесілі. Сол кезден бері миллионерлердің саны 23,9 млн-ға өсті, оның 2,7 миллионы (12%) дамушы елдерге тиесілі болып отыр. Сонымен қатар дәулеті 50 млн доллардан асатын миллионерлер тап осы дамушы елдерден шығуда.

2000 жылы дамушы елдердегі миллионерлердің көрсеткіші  6%-ды құраған. Алайда осы жылдар ішінде бір Қытайдың өзінде 50 млн долларлы миллионерлердің саны 17700-ға жеткен, яғни әлем бойынша жалпы өсудің 15%-ын құрап отыр. Нәтижесінде қазір дамушы елдердегі байлығы 50 млн доллардан асатын 22% адам дамушы елдердің үлесінде. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, аса бай адамадардың 58%-ы Солтүстік Америкада болса, 22%-ы Еуропаны мекендейді.

Бай адамдардың  0,7%-на (36 млн адам) 128,7 трлн доллар немесе әлемдік байлықтың (әр ересек адамға  3,6 млн доллардан) 45,9%-ы тиесілі. Ал ауқатты адамдардың 8,6%-на (391 млн адам) 240,1 трлн доллардан келеді. Көрсеткіштің ортасында дәулеті 10-100 мың доллар болатын 1 млрд 54 млн адам (21,3%) орналасқан, оларға 32,5 трлн доллардан (барлық байлықтың 11,6%-ы)  келеді. Сонымен қатар 70,1% (3 млрд 474 млн адам) адамға әлемдік байлықтың 2,7%-ы немесе 7,6 трлн доллары тиесілі, яғни әр ересек адамға екі мың доллардан сәл жоғары болады.

Әлем халқының әл-ауқат жиынтығы 2016 жылдың ортасымен 2017 жылдың ортасында  6,4%-ға артып, 280 трлн доллар болған. Бұл көрсеткіш соңғы бес жылда ең жоғары болды. Бұған жылжымайтын мүлік пен акциялар құнының артуы негіз болған. Былтырғы жылғы 52074 доллармен салыстырғанда биыл әлемнің әл-ауқаты бір ересек адамға шаққанда орташа есеппен  56540 доллардан келеді.

Сонымен қатар қазір ең бай адамдардың  1%-ы әлемдік байлықтың жартысына ие. Олардың үлесі 2008 жылғы қаржылық дағдарыстың қызып тұрған кезіндегі 42,5%-бен салыстырғанда 50,1%-ға артқан.

"1%-ды құрайтын бай адамдардың үлесі дағдарыс кезінен бері өсе бастады, олар 2000 жылғы деңгейді 2013 жылы басып озып, жыл сайын жақсы көрсеткіш көрсетуде. Жаһандық теңсіздік, әрине, жоғары және дағдарыстан кейінгі кезеңде артқан", – деп көрсетілген баяндамада.  

Соңғы жылдары әлемде жаңа 2,343 долларлы миллионерлер пайда болған. Осының нәтижесінде олардың жалпы саны 36 млн 050 мыңға жетті. 2008 жылы қысқарған миллионерлердің саны қаржылық дағдарыстан кейін тез қалыпқа келді, қазір олардың саны 2000 жылғы көрсеткіштен үш есе асып тұр. Долларлы миллионерлер АҚШ-та – 43% (15 млн 356 мың), Жапонияда – 7% (2 млн 693 мың), Ұлыбританияда – 6% (2 млн 189 мың), Германияда – 5% (1 млн 959 мың), Қытайда – 5% (1 млн 953 мың), Францияда – 5% (1 млн 949 мың), Италияда – 4% (1 млн 288 мың), Аустралияда – 3% (1 млн 160 мың) және Канадада – 3% (1 млн 078 мың).

Осы жылы Жапония мен Ұлыбритания ұлттық валюталарының девальвацияға ұшырауынан миллионерлерінің жартысын жоғалтқан.  Бірақ Жапония үшін бұл мұның алдындағы  белгілі трендтің жалғасы. Яғни 2011 жылы оларда долларлы миллионерлердің жалпы санының 13%-ы, 2010 жылы 10%-ы тиесілі болған. Ал енді қазір бұл көрсеткіш 7%-ға жеткен.

Келешектегі жағдайға тоқталар болсақ, онда алдағы бес жылда әлемдік әл-ауқат дәл қазіргі қарқынмен өсетін болады. Осының нәтижесінде 2022 жылы ол 341 трлн долларға дейін артады. Долларлы миллионерлердің саны 44 млн адамға (қазіргі деңгейден 20%-ға артық) жетеді, ал кедей елдердің саны  4%-ға қысқарады. Алдағы бес жылда ең көп миллионер Аргентинадан шығатын болады деп болжап отыр банк. Олардың саны 2017 жылғы 30 мың адамнан 2022 жылы 68 мың адамға дейін жетеді. Бразилияда өсу 81% деңгейінде болып, 296 мыңға дейін жетеді, ал Үндістанда 52%-ға өсіп, 372 мың болады, Ресейде 49%-ға артып, 196 мыңға жетеді. Ал көш бастап тұрғандарға тоқталар болсақ, онда 2022 жылға қарай АҚШ-та миллионерлердің саны 17 млн 784 мың (2017 жылдағы көрсеткішке16% қосылады), Жапонида 3 млн 821 мың (42% қосылады) болады, ал Ұлыбританияда олардың саны 3%-ға қысқарып, 2 млн 126 мың болады да, бұл ел әлем бойынша бесінші орынға түседі. Екінші орынға Қытай шығады, олардағы миллионерлер саны 2млн 748 мың (41% қосылады) болады. Үшінші орынға 2 млн 258 мың миллионерімен Франция шығады, төртінші орынға Германия 2 млн 240 мың адаммен тұрақтайды.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу