Қазақстанды өнеркәсіп төңкерісі күтіп тұр ма?

5508

Бұған "4.0 өнеркәсібі" әсер етуі әбден ықтимал.

Қазақстанды өнеркәсіп төңкерісі күтіп тұр ма?

Қазақстандағы өнеркәсіптік өлшем саласына "4.0 өнеркәсібі" ұғымын енгізу қарастырылу үстінде. Әлемдік дамудағы жаңа кезең саналатын соны сандық технология, қазіргі қалыптасқан өндіріс тәсілдерін мүлде басқаша кейіпте өзгертуі ғажап емес.

Осы орайда, 1 қараша күні, Астанада "Өнеркәсіптік метрологияны өркендету" жобасы аясында "4.0 өнеркәсібі және өнеркәсіптегі өлшем саласы" тақырыбында семинар өтті.

Шараны ҚР Инвестиция және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті мен Германияның федералдық физикалық-техникалық институты бірлесе ұйымдастырып, оған мемлекеттік мекемелер мен ұлттық компаниялар, "АрселорМиттал Теміртау" ЖШС, "Қазақмыс" корпорациясы, жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты.

Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Біржан Қанешевтің айтуынша, Қазақстан мен Германия үкіметтері арасындағы арнайы меморандум ауқымында елімізде жаңа өлшем түрін, яғни "4 өнеркәсібі" тұжырымын іске қосу үшін нормативтік актілер, стандарттар, құжаттар әзірлеу жоспарланып отыр.

Негізгі баяндамашы, германиялық Fraunhofer өндірістік үдерістерді автоматтандыру институтының сарапшысы Кристиан Тойтш күн тәртібіндегі мәселе жөнінде пікірін ортаға салды.  

"Біздің институттың міндеті – инновациялық идеяларды тәжірибеде жүзеге асыру. Сондықтан неміс өнеркәсібі орындарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Ғылыми-зерттеу жұмыстарына арналған бюджетіміз миллиард еуроға жуықтайды. "4.0 индустриясын" алдыңғы кезеңмен салыстыра салмақтасақ, соңғысының икемділігі мен өндіріске бейімділігі ерекше атап өтерлік жайт. Мұнда әр сала сатысы цифрландырылады", – деді Кристиан Тойтш.

"Бес жылдағы болжам бойынша, – деп ойын жалғастырды неміс сарапшысы, – өндірістің 70%-ы сандық күйге енуі тиіс. Деректерді басқаруда ақылды амал-әдіс кәдеге жарап, ақпараттық қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Мәселен, Германияда, "4.0 индустриясын" қолданудан үлкен нәтижелер күтіліп отыр. Экономикалық өсім 18%-ды төңіректеп, өндірістік шығындар 14%-ға азаяды деп межеленуде".

Жасанды ой-сана бағытындағы жетекші сарапшылардың бірі, профессор Вольфганг Вальстердің сөзіне қарағанда, "4.0 индустриясын" болашақтың технологиясы ретінде бағалауға болады. Тиісті зияткерлік машиналар айналасын жақсы ұғынып, өзара ғаламтор арқылы тілдесе алмақ. Бұл дегеніңіз, дәстүрлі қағидалардың күл-талқаны шығып, киберфизикалық жүйелердің арқасында төртінші өнеркәсіптік төңкеріс болуы мүмкін.

Алдаберген Кемпірбаев 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу