Президент Қ.Тоқаев 2019 жылдың қыркүйегінде жұртшылыққа басу айтып, Қазақстанда АЭС салу мәселесі күн тәртібінде тұрмағанын нық мәлімдеді. Ал 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауында ол Үкіметке АЭС-тің құрылысына кірісу мәселесін пысықтауды тапсырып отыр. Осы екі жылда ұстанымын түбегейлі өзгерте қоятындай не оқиға болды? Тоқаевты бұл мәлімдемеге не итермеледі? Бұған қатысты сарапшылардың пікірлері – әрұдай, деп жазады Inbusiness.kz.
АЭС салу неге күн тәртібіне қайта шықты?
Экономист Марат Ерғозиннің айтуынша, саясатта да, экономикада да ірі жобаларға қарадүрсін түрде, төтесінен қойып кетуге болмайды, оған апаратын жол шырғалаң болуы мүмкін, бұл "многоходовка" аталады.
"Атом энергетикасын игеру қажеттілігі туралы мамандар бұрыннан айтып келеді. Оны кезінде Н.Назарбаев та қолдаған. Бірақ жүзеге асыра алмады. Жалпы, бұл сала тұнған технология. Алайда атомнан зардап шеккен қазақ халқы оны қабылдамайды, үрейленеді. Уранның мол қорына ие Қазақстанда атом энергетикасы бәрібір күн тәртібіне шығатынын Қасым-Жомарт Кемелұлы түсінеді", – дейді экономист.
Онда неге Президент 2019 жылы басқаша сөйледі? Марат Ерғозиннің байламынша, бұған ахуал ықпал етуі мүмкін.
"2019 жылғы 3 сәуірдегі Мәскеудегі келіссөздерде Ресей басшысы Владимир Путин Қ.Тоқаевқа Қазақстанда ресейлік технологиялар бойынша АЭС тұрғызуды ұсынды және мұны "өзара ықпалдастықтың жаңа формасының" жобасы деп атады. Бұл ұсыныс елімізде теріс қоғамдық пікір дүмпуін туғызды. Артынша, 24 маусымда Арыстағы әскери қоймада алапат жарылыс болды. Қазақстандықтар сонда мемлекеттің атом қаруынан бас тартқанына шүкіршілік етті, әйтпесе, ол жарылғанда масқара болатын еді десті. Яғни, ел билегеніне бір жыл да толмаған жаңа көшбасшы үшін халық қарсы идеяны құптау қауіпті болатын, әрі бұл Ресейдің шашбауын көтергендей көрінетін. Бәлкім, Президентке ақыл берушілер содан бергі екі жылда жағдай өзгерді, жұртшылық тынышталды деп санайтын болар", – дейді ол.
Расында, Жамбыл облысында әскери қойма жарылғанда әлеуметтік желіде атом арсеналына қатысты әлгі тұжырымды қайта еске түсіргендер болды. Әйткенмен, ізінше Президент жолдауындағы АЭС салу тапсырмасы бұл жолы ғаламат сын толқынын туғыза алмады.
Мемлекет басшысы осы идеясын постпандемиялық кезеңде экономикаға сенімді қуат базасы керек болатынымен дәйектеді. Президент дағдарыспен күресті ғана емес, "Қазақстанның орнықты дамуы мәселесін" қамдайтын кез жеткенін білдірді.
"Мен 2060 жылға қарай көміртегінен арылу міндетін жүктеймін! Бұл бағытта өте байыппен жұмыс істеу керек. Кең-байтақ еліміздің тұрғындар саны да, экономикасы да өсіп келеді. Өсім сапалы болуы үшін қуат көздері қажет. Көмір дәуірі біртіндеп келмеске кетіп бара жатқан заманда жаңғыратын энергияға қоса, біз сенімді базалық қуат көздерін ойластыруға тиіспіз. Қазақстанда 2030 жылға қарай электр қуатының тапшылығы пайда болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мұның ең оңтайлы шешімі – бейбіт атом. Бұл – күрделі мәселе. Сондықтан қауесетке сеніп, эмоцияға берілмей, оны барынша тиімді шешуіміз керек", – деп қадап айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, Президент мамандарға атомның атын естісе үрейге бөленетін былайғы жұрттың эмоциясына жалтақтап, елеңдемей-ақ, еркін қимылдауға "мандат", карт-бланш берді. Үкімет пен "Самұрық-Қазына" бір жыл ішінде "Қазақстанда қауіпсіз әрі экологиялық таза атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін" зерттеп шығуға тиіс.
Қ.Тоқаевтың ұстанымынша, елде АЭС салынса, мол энергияға қол жетуі сыртында, "инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі" туады. Сондай-ақ ол атом қуаты, жалпы сутегі энергетикасы – "жасыл" энергетикаға жататынына және болашағы зор бағыттар екеніне екпін түсірді. Әрине, бұл қуат станция жарылмаса ғана – таза. Ал жарылып жатса, қоршаған ортаның жағдайы не болатынын Украинадағы 1986 жылғы Чернобыль АЭС-і мен Жапониядағы 2011 жылғы Фукусима-1 АЭС-індегі апаттар паш етті.
Қазір қуат тапшылығы жоқ, болашақта туындауы мүмкін
Қазақстанда Кеңес кезінде, 1972 жылдан беріге дейін өнеркәсіптік атом электр станциясы болды. Республика 350 МВт өндірген Ақтау жанындағы осы жалғыз АЭС-ін 1999 жылы жапты. Жаңасын саламыз дегеніне 20 жылдан асты. Бүгінде Алматыда, Курчатовта зерттеушілік мақсаттағы бірнеше ядролық реактор жұмыс істейді.
Биліктің жаңа АЭС құрылысына белсенді кіріспеуіне тек теріс қоғамдық пікір ғана әсер еткен жоқ. Дәл қазір атом станциясына деген өткір қажеттілік байқалмайды: елде энергетикалық тапшылық жоқ. Елдің, кәсіпорындардың қуатқа деген мұқтаждығын көмір, су, мазуттан электр өндіретін дәстүрлі станциялар толыққанды өтеуде.
Атап айтқанда, 2020 жылы Қазақстанда жалпы көлемі 108 миллиард кВт/сағат электр энергиясы өндірілді. Еліміз оның 107,3 миллиардын ғана тұтынды. Қалғаны сым бойымен көрші елдерге экспортталды.
Соған қарамастан, Энергетика министрлігінің болжамынша, 2030 жылға қарай еліміздің оңтүстік бөлігінде 2,7 ГВт-қа дейінгі қуат тапшылығы туындамақ. Мамандар оны жоюдың бірнеше жолын ұсынған: арасында қолданыстағы станциялар қуатын арттыру, жаңа булы-газды және гидроэлектр станцияларын салу, немесе АЭС тұрғызу бар. Көмір, мазут секілді ауаны ластайтын отынды жағатын қазіргі станцияларды ары қарай кеңейту Қазақстанға санкциялардың салынуына соқтыруы мүмкін. Себебі, әлемдік қоғамдастық жер қызуының көтерілуімен, "парник эффектісімен" күресуде. Қазақстан судан таршылық көре бастаған шақта жаңа ГРЭС-тер салу орынсыз болуы мүмкін. Нәтижесінде, мемлекет атом станциясы нұсқасын қолай көргенге ұқсайды.
Айта кету керек, ел Президенті бұл мәселені пысықтау үшін Үкімет пен "Самұрық-Қазынаға" көп уақыт беріп отыр. Бір жыл бойы асықпай ойласуға мүмкіндік алған Энергетика ведомствосы жұртшылыққа жаңа АЭС жобасының егжей-тегжейін хабарламады.
Экс-министрі Нұрлан Ноғаевтың пікірінше, электр энергиясын тұтынудың өсуі, сондай-ақ республиканың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің энергия теңгеріміндегі баламалы және жаңаратын энергия түрлерінің үлесін арттыру қажеттілігі осыған итермелеген.
"Министрлік бейбіт мақсаттағы атом мен сутегі энергетикасын дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеуді жоспарлап отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік "Самұрық-Қазына" әл-ауқат қорымен бірлесіп, бейбіт мақсаттағы атомды дамыту мәселелерін зерделейді. Атом саласында білікті кадрларды даярлау саласында министрлік мүдделі меморгандармен және ұйымдармен бірлесіп, атом саласының мамандықтары бойынша әлемнің жетекші ЖОО-ларында студенттерді оқытуға гранттар мен стипендиялар бөледі", – деді.
Сала ардагері, инженер-энергетик Жақып Хайрушев АЭС салуға қолайлы кезең таяды деген пікірде: барлық заңнамалық тетіктер реттелген, жаһандық нарықта реакторлардың бағасы арзандады. Сарапшының мәліметінше, бұл жобаның экономикалық тиімділігі болады: біріншіден, құрылысқа ондаған мың жұмысшы жұмылдырылады. Екіншіден, ғылым дамиды, ядролық энергетикамен аралас салалардың өркендеуіне серпін беріледі. Үшіншіден, уран өндіру жөнінен Қазақстан әлемде бірінші орында, ендеше сырттан отын тасудың қажеті болмайды. Бұл АЭС энергиясының тарифіне оң әсер етуге тиіс.
Қай елдің реакторы орнатылуы мүмкін?
Қазақстанда АЭС салу жобасына тендер жариялана қалса, оны жеңіп алуға бірінші кезекте Ресей құлшынып отыр. Солтүстік көрші шетелде атом станцияларын салу жөнінен әлемде 1-ші орында тұр. Қазіргі кезде "Росатом" портфелінде шетелде 35 блок тұрғызуға тапсырыс бар. Дегенмен, ол жобалар жүзеге асырылудың әртүрлі сатысында. Кейбірі уақытша "қатырылған". Компания Ресейдің өзінде 2 жаңа АЭС салуда (Курск АЭС-2 және Брест-ОД-300). Қытай мен АҚШ оны ысыруға күш салып келеді.
"Росатомның" мақтанышы – Түркиядағы "Аккую АЭС-і" (Akkuyu Nükleer Güç Santrali). 4 энергоблоктан құралған, 4800 мегаватт қуат өндіре алатын түріктің тұңғыш атом станциясының құрылысы 11 бері жалғасуда. 2021 жылғы наурызда №3 энергоблоктың бірінші бетоны құйылды. Алайда нысанды ресейлік деп атау қиын: онда қондырылатын ВВЭР-1200 заманауи реакторы ғана "ресейлік дизайнмен" жасалмақ. Бас мердігер Ресейдің "Атомстройэкспорт" АҚ-ы болғанымен, Түркия АЭС-тің барлық құрылыс және монтаждау жұмыстарына түрік және өзге шетелдік компаниялардың барынша басым қатысуына қол жеткізді. Яғни, ресейлік құрылысшыларға сенбейді. Станция іске қосылған соң оны эксплуатациялауға түрік мамандары тартылатын болады. Тиісінше, Ресейдің қатысуы бұл АЭС-ке құрал-жабдықтың негізгі көлемін жеткізумен шектеледі.
Ресей он жылдан бері Беларустің де тұңғыш атом станциясын салуда. Минск Мәскеуден "Беларусь АЭС-інің" "постфукусималық" талаптарға, халықаралық нормаларға және МАГАТЭ ұсынымдарына сай болуын талап етті. Қос блокты, жалпы қуаты 2400 МВт болатын бұл станцияда да ресейлік ВВЭР-1200 реакторы қойылды. 2020 жылғы қарашада станцияның №1 энергоблогы алғашқы киловатт-сағат қуатын өндіріп, республиканың бірыңғай торабына жіберді. Биыл №1 блок 100% жобалық қуатына шықты. Ал №2 энергоблокта әрлеу және монтаждау жұмыстары аяқталуда.
Қазақстан басшылығын одақтас елдердегі осы жобалар қызықтырып отырса керек.
Ел Үкіметі 2006 жылы Ақтаудағы бұрынғы атом энергетикалық комбинаты базасында жаңа АЭС құрылысын дайындау туралы қаулы шығарғаны есте. Онда ресейлік ВБЭР-300 реакторын орнату жоспарланған. Алайда мамандар 300 МВт қуаттың тым аз екенін айтып табандаған соң бұл жоба тоқтатылған. Бертінде ел Үкіметі біресе Жапонияның Toshiba компаниясымен, біресе Ресейдің "Росатомымен" уағдаласып, меморандумға қол қойды. Бұл ретте ақпарат құралдарында жапондық жоба – 3,7 млрд, ресейлік жоба – 5,5 миллиард долларға түсетіні айтылды. АЭС қуаты 1200 мегаваттқа дейін өсірілді. Бірақ ол жобалар да жайына қалды.
Елімізде әзірше АЭС салуға лайықты алаң ретінде ШҚО-дағы Курчатов пен Алматы облысындағы Үлкен кенті қарастырылады. Алдағы бір жылдық талқылау кезінде жаңа алаң пайда болуы да ғажап емес.
Мамандар қазір кіріскеннің өзінде қазақстандық АЭС 2030 жылдан ерте іске қосылмайды деп болжайды.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !