Өзбекстан өзінің ұн экспорттаушыларын қолдау үшін барын салуда, ал Қазақстанда жағдай басқаша – бизнес құрдымға кетпеудің амалын жасап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Алысқа барудың қажеті жоқ, осыдан бір аптадан аса уақыт бұрын қазақстандық астық өңдеушілер тағы бір өнім шығаратын нарықтан қағылды. Мұнда қағылдымен қатар экспорттаушылардың жолы жабылды деген тіркес орындырақ болар. Себебі біздің ұн Ауғанстанға Өзбекстан арқылы жететін. Алайда жақында көршіміз өзінің теміржолымен жүк тасымалдауға тыйым салатынын жариялады. Мұның себебін олар техникалық ақаулық деп түсіндірді.
"Олар вагондардың көп жіберілуін сылтауратып отыр, ал жүк түсіру өте баяу жүруде. Нәтижесінде стансаларда кептеліс пайда болады. Енді олар жүк көлігіне конвенциялық тыйым салуды енгізуде. Алайда, қазір біз өте аз мөлшерде өнім экспорттап жатқанымызды айта кеткен жөн. Егер қыркүйек-қазан айларында компаниялар 100 вагон жөнелтсе, қазір олар 5-10 вагоннан аспайды. Онда кептеліс күзде немесе қыста болуы мүмкін, ал қазір мұндай кептеліс болмайды", – дейді Солтүстік Қазақстан диірменінің коммерциялық директоры Таисия Колегова.
Алайда Өзбекстан шетелдік экспорттаушыларға теміржолдың негізгі стансалары жабық болады деп ескертті. Егер расымен де вагондар кептелесі орын алса, аталған тыйым өзбек бизнесіне де қатысты болуы керек еді. Алайда, шетелдік кәсіпкерлердің ғана құқықтары шектеліп отыр.
"Биылғы 30 маусымында Өзбекстан бұрын жіберілген жеделхатқа қарамастан, тек өздерінің барлық жүк жөнелтушілеріне "Өзбекістен темір йоллары" АҚ бекеттерінен Ауғанстанға барар жолдағы Глаба және Термез-Порт стансаларына дейін барлық жүкті тиеуге рұқсат етілгендігі туралы хабарлады. Осылайша, олар ТМД мемлекеттерінің теміржол көлігі кеңесінің факсограммасын бұзды. Әрі Өзбекстан темір жолдары барлық жүк жөнелтушілерге салынған тыйымды бұза отырып, өз бизнесіне жүкті тиеуге рұқсат берді ", – деді Қазақстан Астық өңдеушілер одағының президенті Евгений Ган.
Қазақстандық "диірменшілер" үшін бұл жығылғанға жұдырық болды. Мұның адал бәсекелестік түсінігіне қайшы келетіні анық, тіпті "кәсіпкерлік айла", деп атауға болады. Себебі көрші ел осы мүмкіндікті пайдаланып, Ауғанстан нарығын ұнмен толық қамтамасыз ете алады. Ал мұндай жағдай қазақстандық бизнес тоқырауға кетері анық. Бұдан әділдік іздеудің өзі бекер ме деп қаласың...
Өкінішке қарай бұл үрдіс басталып келеді. Таяуда ғана Қазақстандағы ең ірі ұн зауыттарының бірі – Тимирязевский жұмысын тоқтататыны туралы хабарлады. Оның себебі – саладағы өзекті мәселелерге билік тарапынан қызығушылықтың жоқтығы, әрі мемлекеттік деңгейде өз кәсіпкерлерін қолдайтын "ала тақиялы" ағайындармен бәсекелестікке түсудің қиындығы.
"Біздің ұн Өзбекстан аумағы арқылы өткен кезде 1 тоннадан бастап тариф 53 доллар болды. Экспортқа тауарларды сол жолмен тасымалдайтын өздерінің өңдеушілері үшін тариф 21 долларды құрады. Олар өздерінің бизнесі үшін жақсы жағдайлар жасады, нәтижесінде ауғандықтар Өзбекстаннан ұн сатып ала бастады", – деді Тимирязев ұн зауытының басшысы Иса Аллахяров inbusiness.kz тілшісімен әңгімесінде.
Алайда бұл жолы көршілердің тактикалық қулығы жүзеге асқан жоқ. Тыйым күшіне енбей жатып жойылды. Бірақ та алдағы уақытта өзбек кәсіпкерлеріне басымдық беруге бағытталған жаңа тетіктер енгізілмесіне кім кепіл?
Еске сала кетсек, жуырда ғана Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігінің делегациясы Өзбекстанға іс-сапарымен барып қайтты. Алдын ала ақпараттарда кездесу мақсаттарының бірі "жаңа бағыттар мен дәліздер салу" деп жарияланды. Бірақ ведомство ұн нарығындағы экспорт бойынша мәселелердің түйінін тарқатудың орнына, жеміс-жидек пен көкөніс сатып алу бойынша келісімге келді...
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !