Қазақстандық бизнесмендер Neom құрылысына тартылмақ

20119

Қазақстан ғасырымыздың жаһандық мега-жобасына – жаңа Neom қаласының құрылысына қатысуы үшін өз кәсіпкерлерін ілгерілететін болды.

Қазақстандық бизнесмендер Neom құрылысына тартылмақ

Бұл туралы бүгін мәжілісте өткен "үкімет сағатында" жария етілді. Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың депутаттық корпус алдындағы есебі тыңдалған бұл жиын Қазақстанның Азия бағытындағы сыртқы саясаты тақырыбына арналды.

Жақында Сауд Арабиясының тақ мұрагері болып табылатын ханзадасы Мұхаммед бен Салман әл-Сауд патшалықта 2030 жылға дейін әлемдегі ең озық инновациялық қала бой көтеретіні жайлы жер-жаһанға жар салды. Тұсаукесер салтанаты кезінде ол инновациялар мен сауданың дүниежүзілік орталығына, әлемдік өркениеттердің тоғысар жеріне айналуға тиіс "болашақ шаһарына" ауданы 26 мың шаршы шақырымнан асатын жер бөлінгенін жеткізді.

Неом қаласының құрылысына саудиялықтар 500 миллиард доллардан астам инвестиция құюға ниетті. Жоғары технологиялар саласындағы жобаларды жүзеге асыруға арналған ірі өндірістік аймағы болатын жаңа мегаполис шөл далада "нөлдік циклдан", яғни тақырдан тұрғызылады. Bloomberg-тің хабарлауынша, Neom Қызыл теңіздің жағалауында, Суэц арнасына жақын жерде орын теппек. Бұл ретте мегаполис жобасына сәйкес, Мысырмен тікелей көліктік байланысы жолға қойылуы үшін Қызыл теңіз үстінен үлкен көпір салу жоспарлануда. Шаһарда кейін қара күшті талап ететін жұмыстармен тек роботтандырылған құрылғы-механизмдер айналысатын болады. Олардың жалпы саны қала тұрғындарынан әлдеқайда асып түсетін көрінеді. Ал онда барлық нысандарды тек жаңғыратын энергия көздері ғана қуаттандырады.

Neom құрылысына қажетті қаражаттарды Сауд Арабиясының үкіметі мен жеке инвесторлар ұсынады екен. Құрылыстың бірінші кезегі 2025 жылға дейін аяқталуға тиіс. Тиісінше, жарты триллион долларлық табыс теңізіне қазақ елі де өз қауғасын салып көрмек.

Бұл ақпаратқа қатысты өз пікірін білдірген мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақстандық бизнес қауымдастықты осы іске белсенді тартылуға шақырды.

"Қазақстандық бизнестің әлем бойынша, соның ішінде, әсіресе, азиялық елдердегі ірі жобаларға қатысуын ілгерілетуіміз маңызды міндет-мұрат болып табылады. Атап айтқанда, отандық құрылыс және жол салушы компаниялар Азия мен Таяу Шығыс елдеріндегі инфрақұрылымдық және құрылыс жобаларын жүзеге асыруға белсенді атсалыса алады. Біз жақсы білеміз, Қазақстанда жол құрылысы секторындағы жобаларды көптеген шетелдік компаниялар іске асыруда. Ендеше неге біздің компанияларға шет елдердегі табысы мол жобаларға қатыспасқа?! Олар Сауд Арабиясының жалпы құны 500 миллиард доллар тұратын мега-жобасына да араласулары қажет. 500 миллиард доллар дегеніміз – ғаламат қаражат. Демек, бұл бағытта құрылыс компанияларын кең ауқымды жұмыс өрісі күтіп тұр", – деді депутат.

Ол мұның сыртында 2020 жылға дейін Сауд Арабиясы өзінің темір жол желісін дамытуға 100 миллиардтай доллар инвестиция құюды жоспарлап отырғанын еске салды. Ал тәуелсіздік жылдарында ұлан-байтақ далада 4,5 мың шақырымдық темір жолды төсеп шыққан Қазақстанның және қазақстандық компаниялардың бұл саладағы тәжірибесі мол. 

Әрине, отандық компаниялар саудиялықтар елімен шектелмеуі тиіс. Азия даму банкі биылғы жылғы желтоқсанда Ауғанстанда жол салу бойынша екі жобаны жүзеге асыруға 360 миллион доллар бағыттады. Бұл саладағы ірі жобалар Азиядағы басқа да елдерде өрістеуде. Ендеше қазақ елінің кәсіпкерлеріне өз мемлекетімізбен не еуразиялық одақпен шектелмей, төл құрлығымызға тұтас өркен жаятын кез келді. Бұл істе мемлекет қолдау көрсетуге даяр көрінеді. Ал сыртқы саясат ведомствосына "Азия елдеріндегі перспективті жобаларға қатысуда қазақстандық бизнеске жан-жақты көмек көрсету" жүктелді.

"Бұл Қазақстанда күшті, әрі әлеуетті трансұлттық компанияларымыздың қалыптасуына және олардың халықаралық деңгейде лайықты бәсекелесуіне септеседі", – деді Мәулен Сағатханұлы.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу