Қазақстандық кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі Руслан Бекетаевпен кездесу өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Кездесу барысында кәсіпкерлер тауарларын ЕАЭО елдеріне экспорттау, сату кезінде кездесетін кедергілер туралы сөз қозғады. Олқылықтар туралы баяндама жасағандардың бірі – KSP Steel компаниясының өкілі Әйгерім Ищанова. Ол ҚР Салық және Кеден кодекстерінің тармақтарында кездесетін қайшылықтар туралы ойын ортаға салды. Айтуынша тауарларды сыртқа шығару кезінде салық органдарына қағаз шот-фактураларды беру мерзіне қатысты олқылықтар бар көрінеді.
"Кеден кодексі талаптарында шот-фактураны әкету алдында мемлекеттік кірістер органдарында тексерілуі керек деп көрсетілген. Алайда Салық кодексінде электрондық шот-фактураны алу үшін тасымалдайтын тауарды сыртқа шығару керек. Былайша айтқанда мемлекеттік кірістер органдары тексерісіне дейін өнім сыртқа шығарылып қояды. Осылайша, салық төлеушіге, яғни компанияға нұсқаулықты бұзуға тура келеді. 2020 жылы осындай қайшылықтар үшін компаниямызға 7 млн теңге көлемінде әкімшілік жаза қолданылды. Біз мұндай шығындардың себебі заңнамадағы қарама-қайшылық деген қорытындыға келеміз",– деп түсіндірді спикер.
Бұл міндеттемелерді уақытында орындамаудан бөлек, қаржылық шығындар мен компаниялардың беделіне нұқсан келтіреді. Сондықтан Әйгерім Ишанова мемлекеттік кірістер органдарына қағаз түріндегі құжаттарды тапсыру және сандық жүйеге көшу туралы талаптан бас тартуды ұсынып отыр.
"ҚазФерроСталь" ЖШС Бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Төлеген Тәжібаев Ресей енгізген демпингке қарсы баж мәселесін көтерді. Компания өкілі мұны негізсіз деп есептейді. Себебі Қазақстанның төрт фабрикасы графит электродтарды Қытайдан арзан бағаға сатып алады. Алайда сол үшін кейін 36% баж салығын төлеуге мәжбүр.
"Балама ретінде ресейлік EPM GROUP компаниясы бар. Алайда, ресейлік жеткізушіде баға айтарлықтай жоғары. Яғни, 8 мың доллар, Қытайдан біз 2,5 мың долларға аламыз. Баға саясатындағы айтарлықтай айырмашылықты қоспағанда ресейлік компания Қазақстан нарығының қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайын емес", – дейді Төлеген Тәжібаев.
JTI Kazakhstan мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі өкілі Дінмұхаммед Әбсеметов экспорттың кедендік рәсімімен орналастырылған алкоголь және темекі өнімдеріне қатысты кедендік транзит мәселесін көтерді. Ол процедураны жеңілдету үшін электронды пломба мен таңбалауды енгізу керек деген байламға келген.
Талқылаудан кейін ЕЭК-ның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі алқа мүшесі Руслан Бекетаев кәсіпкерлердің барлық мәселелерін ойға түйгенін атап өтті. Ал бизнес-ұсыныстардың нәтижелері бойынша алдағы уақытта тиімді шешімдер қабылданады деп сендірді.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !