Қазақстандық кондитерлер импорт көлеңкесінен қашан шығады?!

6378

Еліміздегі сауда-саттық орындарындағы кондитерлік өнімдердің 55%-ы импорттық тауарлар. 

Қазақстандық кондитерлер импорт көлеңкесінен қашан шығады?! Фото: «Баян Сұлу» АҚ

Яғни, қазақстандықтар отандық өнімнен гөрі сырт жақтың тәттілерін көбірек тұтынады. Нақты айтсақ, Қазақстанға жыл сайын 400 миллион долларға 200 мың тонна кондитерлік өнім шетелден әкелінеді. Бұл – қаражатымыз сыртқа кетіп жатыр деген сөз. Ал дамыған елдердің нарығында импортталған кондитерлік тауардың үлесі 5%-дан аспайды.

Қазақстанда екі алпауыт кондитерлік фабрика болғанымен, өз тауарымыз талайдың талғамынан шықпағаны ма? Әлде кондитерлік бизнесті жүргізуде негізсіз бәсекелестік басым ба? Жалпы, қазақстандық өнімдердің сапасы стандартқа сай келе ме?  Осы сауалдар төңірегінде 14 жыл Қазақстан кондитерлер ассоциациясын басқарған маман әрі  "Баян Сұлу" АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Әлихан Талғатбекпен тілдестік.  

- Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі (ЕЭО). Еліміздің осы ұйымдардың қатарында болуы кондитерлік салаға қалай әсер етіп жатыр?

- ЕЭО құрамында болу – жаңа нарыққа шығуға үлкен мүмкіндік. Алайда, ол  мүмкіндікпен ғана шектелмейді. Халықаралық ұйымға мүшелік ету - бәсекелес өнімдердің нарығымызға еркін келуіне жол ашу деген сөз. Мәселен, Қазақстанда кондитерлік өнімдердің басым бөлігі сырттан әкелінген тәттілер. Яғни, салада бәсеке жоғары. Сол себепті үнемі өндірісті жаңғыртып, еңбек өнімділігін арттыруды мақсат тұтамыз. Алайда, бұл мәселені баға мен сапаны төмендету арқылы шешпейтінміз хақ. Біз үшін өнімнің табиғилығы мен қауіпсіздігі әрқашан бірінші орында тұрады. Осы мақсатта "Баян Сұлу" фабрикасында шикізат сапасы, өндіріс технологиясының тиімділігі қатаң бақыланады. Тағам қауіпсіздігінің ISO, НАССР сынды сертификаттарының талаптары сақталған.  Нарық ортақ болған соң, өнімдерімізді шетелге де шығаратынымызды айта кетейін. Мәселен, "Баян Сұлу" компаниясы –Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге кондитерлік өнімдерін жөнелту бойынша лидер. Яғни, шетелдерде біздің тәттілеріміз үлкен сұранысқа ие. Бұл – көп жылғы жүйелі жұмыстың, даму стратегиямыздың  нәтижесі. Мәселен, кейінгі 15 жылда компанияның дамуы мен өркендеуіне 100 млн доллар көлемінде қаражат жұмсалды. Бүгінде фабриканың құрылғылары жаңартылған, халықаралық заманауи талаптарға сай. Сонымен қатар, ТМД-дағы фабрикалардың ешқайсы ұсақ карамель, екі-үш қабат қоспасы бар кәмпиттерді шығару бойынша өндірістің біздегі күрделі технологиясын қайталай алмайтынын айтқым келеді. Осы бағытта да даму жоспарда бар. Ал нарық болса, жаңашылдықтарды, жаңа дәмді қалайды. Сол себепті, қашан да заман талабынан тайынбауды жөн көреміз.

 - Бір жыл бұрын еліміз қант тапшылығына кезікті. Аталмыш проблема кондитерлік салаға қалай әсер етті? Жалпы, "қант кризисі" Қазақстанда қайталануы мүмкін бе?

- Қант – стартегиялық маңызды азық-түлік өнімі, күнделікті тұтыну тауары. Тек қана кондитерлік салада емес, консерві өнімдері, сусын шығару және т.б. бағыттарда тұрақты қолданылатын өнім. Өкінішке қарай, елімізде қант импортына деген тәуелділік қашан да бар. Орталық Азияның көптеген елінде де осындай жағдай, ешбір елде ауқымды қант өндірісі жоқ. Айта кетерлігі, Қазақстан 30 жылдан аса уақытта ешқашан қант тапшылығына тап болмаған еді. Сол себепті де қант резерві құрылмады. Ковид, соғыс салдарынан сала логистикалық дағдарысқа ұшырады. Нәтижесінде қоймаларда 100 мың тонна қант жетпей қалды. Қиыншылақтарға жолыққанда қантты Үндістаннан қауырт таси бастадық. Яғни, бұл мәселеге дер кезінде мән берілмеген соң осындай жағдайға тап болдық. Шикізаттың бағасы өзгере берер, алайда, алда мұндай дағдарыстың алдын алуымыз керек. Менің білуімше, бүгінде қоймаларда қант жетерлік деңгейде.

- Бүгінде дүкен сөрелерінде Ақтөбе мен Қарағанды кондитерлік өнімдерін кездестіре алмаймыз. Алматының "Рахат" компаниясын 10 жыл бұрын оңтүстіккореялық "Lotte Confectionary" сатып алды.  Осы ретте, "Bayan Sulu"-ды ұлттық бренд деп атай аламыз ба?

- "Баян Сұлу" – Қазақстандағы ірі фабрикалар арасында жалғыз ұлттық өндіруші. Өйткені, компанияның акционерлері – Қазақстан азаматтары, қазақстандықтар. Технологиялық жағынан күрделі дайын өнімді елде шығарғысы келетін, Қазақстанда тамақ өндірісін дамытқысы келетін патриоттар десем, артық айтқандық емес. Ашығын айтқанда, бизнесмендерге кондитер саласына қарағанда машақаты аз, тезірек пайда әкелетін жобалар қашан да табылады ғой. Мәселен, осындай фабриканың баламасын басқа мемлекетте ашып, Қазақстанға тек дайын өнім сатуға болар еді. Бірақ біз үшін өндірістің елімізде болғаны маңызды. Өйткені біз ашқан әрбір жұмыс орнында қазақстандық азамат еңбек етеді, біз төлейтін салық еліміздің экономикасын дамытуға жұмсалады, кондитер саласы ауыл шаруашылығының басқа бағыттарын дамытуға ықпал етеді, тәттілеріміз балғын күйде отандастарымыздың дастарханына жетеді. Тұтынушы үшін де фабриканың елде орналасқаны ыңғайлы. Соның нәтижесінде санитарлық нормаларды қадағалау, өнім қауіпсіздігін бақылау оңайға түседі. Біз кәсіпті елде дамытқымыз келеді.

- Білуімізше, келер жылы "Баян Сұлу" компаниясы 50 жылдығын атап өтеді. Жартығасырлық тарихы бар компанияның келешекке жоспары қандай?

- "Баян Сұлу" 1974 жылы құрылған, жартығасырлық тарихы бар фабрика. Мерейтойлы датаны кең ауқымда атап өткіміз келеді.  Елу жылдық тарихы, қалыптасқан дәстүрі, өзіндік бизнес үлгісі бар компаниялар елімізде көп емес.  Бұл фабрикамыздың тұрақты дамуының, көпшілік сұранысына ие сапалы өнім шығаратынын аңғартса керек. Біз үшін тұтынушылар үнемі бірінші орында тұрады. Мәселен, Жаңа жыл қарсаңында өнімдеріміздің бағасын төмендетіп жатырмыз. Сауда орындарында сүйікті тәттілерімізе 30% жеңілдік қарастырдық. Нарықта жалпы тауар бағасы қымбаттап жатса, біз құнын төмендеттік. Шикізат жеткізушілерден жеңілдік сұрап, сапаны еш өзгертпей, тәттілеріміздің бағасын арзандаттық. Жаңа жыл қарсаңында халықты осылайша қуантқымыз келді. Өйткені, мұндай отбасылық мереке қарсаңында "Баян Сұлу" әр шаңырақтың дастарханының дәмі мен сәнін келтіріп тұрғанын қалаймыз. Айта кетейін, 2025 жылға дейін тағы бір кондитерлік фабрика салуды жоспарлап отырмыз. Алғашқы кезеңде 13 млрд теңге инвестиция құйылады. Бұл жобаны Қостанай қаласында жүзеге асырмақпыз. Ауқымды бастаманы "Кондитерлер астанасы" деп атап отырмыз.

- Еліміздегі ірі компаниялардың әлеуметтік жобалардың жаршысы болғанын қашан да қалаймыз. Осы бағытта компания қандай шаралар атқарады?

- Қазақстанда табыс тауып, осы елге инвестиция салғаннан кейін әлеуметтік саланы да қалыс қалдыруға болмайды.  Талантты жастарды, спортшыларды қашан да қолдаймыз. Ардагерлер мен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайына көңіл бөлеміз. Қазір М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық театрымен бірлескен жобаны жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастырып жатырмыз. Кондитер саласында ұлттық бренд ретінде біз үшін мәдени мұрамызды сақтау, құрмет көрсету, заман талабына сай жаңғыртуға үлес қосу қашан да маңызды. Талантты жастардың дамуы да біз үшін ерек. Осы орайда, өзге де бизнес өкілдерін әлеуметтік, білім, мәдени салаларды бірге қолдауға шақырамын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу