Қазақстандық медицина үлкен тапшылыққа ұшырауы ықтимал

2586

Вакцинация емхана дәрігерлеріне ғаламат жүктеме түсіруде. 

Қазақстандық медицина үлкен тапшылыққа ұшырауы ықтимал

Еліміздің көптеген өңірінде COVID-19 індетіне қарсы екпе егу жұмыстары демалыс күндері де жалғасын тапты, деп жазады inbusiness.kz  тілшісі. 

Мамырдағы мереке күндері Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Балқаш, Ақтау және басқа да қалаларда жылжымалы екпе пункттері жұмыс істейді. Олардың біраз бұқара көп серуендейтін жерлерде – парктерде, өзен жағалауларында тұратын болады.

Себебі мемлекет Денсаулық сақтау министрлігі алдына зор міндет қойып отыр: қыркүйекке дейін 10 миллион қазақстандық вакцина салғызуы шарт.
Бұл жоспарды орындау үшін елімізде күн сайын 72,5 мыңнан астам адам егілуге тиіс. 
Әзірге вакцинациялау ауқымы бұдан жоғары. ДСМ мәліметінше, тек соңғы тәулікте ғана 109 мың қазақстандық КВИ-ға қарсы егілді. Яғни, 1 сәуірге қарағанда қарқын 11 есеге ұлғайды! Егер бұл екпіні сақталса, вакцинациялау науқаны мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін. 

"Денсаулық сақтау министрлігі вакцинацияға барынша қолжетімділікті қамтамасыз етті. Халықты жаппай иммундау үшін еліміздің барлық емханалары мен ірі сауда орталықтарында 1 400 вакцинациялау пункті ашылды. Соның ішінде 300-і – жылжымалы. 11 мыңнан астам медицина қызметкері вакцинация науқанын өткізуге жұмылуда. Сәуір айының соңында 2,3 миллион қазақстандыққа арналған вакцина жеткізілді. COVID-19-ға қарсы вакцинаның бірінші дозасын ерікті негізде 1 млн 293 мың 379 адам, ал екінші дозасын – 266 мың 457 адам алды", – деп хабарлады ведомство.

Әлемдік рейтингте Қазақстан әзірше елулікке кірген жоқ, бірақ соған жақын: 177 елдің ішінде коронавирус инфекциясына қарсы екпе егілгендердің абсолютті саны бойынша 51-орында тұр.

Қазіргі кезде қазақстандықтар мен елімізде жүрген шетелдіктерге вакцинаның үш түрін – отандық QazVac, ресейлік Sputnik V және БАӘ-де өндірілетін қытайлық HayatVax-тың бірін таңдау мүмкіндігі бар.

Екпе салғызу заң бойынша ерікті болып табылады. Оған азаматтарды мәжбүрлеуге ешкімнің құқығы жоқ.
Ал вакцинациялау ісін жүргізуде дәрігерлердің ерік-ықтиярын ешкім сұрап отырған жоқ. Олар науқан аяқталғанша қауырт еңбек етпек. Егілушілер оларға аяушылық білдіруде. 

Дегенмен, емханалардың сайттарында дәрігерлерге ешқандай сыйлық беруге болмайтыны туралы ескертпе жарияланды.

Ақтаулық Александр Ивановты емханалар мен ауруханалардағы жағдай шошынтыпты. 

"Сырқаттанып, №1 Ақтау қалалық емханасына қаралуға бардым. Егілуге келгендерден үлкен кезек қалыптасыпты. Жалғыз бір дәрігер қабылдауда. Егде жастағы дәрігер әйел. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін демалыссыз, жұмысында отырады екен. Ол бір жағынан науқастарды да қабылдайды, екінші жағынан вакцинациялауға  да жауапты. Мұны қалай түсінуге болады. Дәрігерлер жетіспей жатқанға ұқсайды. Облыстық денсаулық сақтау органы қайда қарап отыр? 70 жастағы дәрігерге осынша салмақ түсіруге бола ма?! Өзгелерді құтқарамыз деп білікті дәрігерлерден айырылып қалмайық. Өзі таяқпен жүреді. Дәрігерлерге артық күш түсірмей, жиі ауысыммен жұмыс істейтін еткен жөн", – дейді ол.

Өзге азаматтар да ұқсас көріністі сипаттауда.

"Екпе салуда тұрған еш қиындық жоқ сияқты көрінеді. Алайда соны жүзеге асыратын медицина қызметкерлеріне психолог рөлі де жүктеліп қойған сияқты. Олар вакцина туралы жан-жақты түсіндіруге де тиіс. Егілуге келген кейбір адам қиғылық салып, ұрсысып жатты. Кейбірінен вакцинациялауды жұмыс берушісі талап еткен көрінеді. Ерікті келмеген. Содан "таз ашуын тырнадан алады" болып шығады", – дейді Руслан Серік.

Осы іске жұмылдырылған дәрігерлер өздеріне қиын тиіп жатқанын жасырмады. Нұр-Сұлтан қаласының №13 емханасында жалпы практика дәрігері болып жұмыс істейтін Қ.Талғатұлы ең құрығанда жалақыға үстемеақы қосса екен деп өтінеді. Сонда ауыртпалыққа төзіп, ары қарай табанды қимылдауға дайын. 

"Маған мысалы, 2 учаске бекітіліп берілген, мен күн сайын солардағы сырқаттарды қабылдауға міндеттімін. Бұған қоса, вакцинация бойынша кезекшілікті өткізуім керек. Біраздан бері солай. Бірақ биылғы сәуір айы үшін бізге 170 мың теңге жалақы ғана төленді. Медицина қызметкерлерінің еңбегі лайықты еленбей қалуда. Пандемия да бұл жағдайды өзгерте алмады. Дәрігерлер мысалы, онлайн жұмыс істейтін педагогтерден де аз алады. Біз болсақ, күн сайын басымызды бәйгеге тігіп жүрміз ғой", – дейді дәрігер.  

Елорданың өзінде медициналық персонал бойынша жетіспеушілік бар. Біраз маман пандемия басталғалы жеке секторға кетті. Салдарынан, қалалық емханалар мен ауруханалардағы іс басындағы дәрігерлерге бір жарым жылға жуық уақыттан бері алапат жүктеме түсуде. 

Бұл ретте ДСМ мен әкімдіктер емхана қызметкерлерінің жалақысын көтеруден бас тартып келеді. Тек емхана басшыларына бюджеттік қаражат үнемделсе, соны сыйақыға таратуды жүктепті. Ондай қаражат медперсоналға жете бермейді. 

Жүктеме артқан сайын "ақ халаттылардың" ынта-ықыласы да құлдырап барады. Бұлай жалғаса берсе, коронавирус індеті азды-кем ауыздықталған тұста, Қазақстан медицина қызметкерлерінің ғаламат тапшылығына тап болуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу