Қазақстандық министрлер 17,5 миллион теңге жалақы алғысы келеді

1951

Әкімдер, министрлер, агенттіктер басшылары мол бонус пен сыйақыға кенелуі ықтимал.

Қазақстандық министрлер 17,5 миллион теңге жалақы алғысы келеді

Елдегі пандемия мен дағдарысқа қарамастан Үкімет мүшелерінің мол бонус алып отырғаны осы сәрсенбіде, Парламент Мәжілісінде көтерілген болатын. Ресми "парламенттік оппозиция" мәртебесін иеленген "Ақ жол" фракциясының жетекшісі, депутат Азат Перуашевтің төменгі палатаның жалпы отырысындағы мәлімдемесін ақпарат құралдары таратып әкетті, деп хабарлады Inbusiness.kz.

"Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері өздеріне 15 миллион сыйақы төлеп жатыр", – деген болатын депутат.

Бүгін бұл ақпаратты ДСМ жоққа шығарды.

"Осыған қатысты министрлік мынаны мәлімдейді: сыйлықақы төлемдері қатаң түрде қолданыстағы заңнамаға, "Қазақстан органдары қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық айлықақыларына үстемеақылар белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Үкіметтің 2001 жылғы 29 тамыздағы №1127 қаулысының талаптарына сәйкес төленеді. Осы орайда 15 миллион теңге мөлшерінде төленген сыйлықақыларға қатысты ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Мәжіліс депутаты Перуашев айтқан фактінің Денсаулық сақтау министрлігіне ешқандай қатысы жоқ!" – деп мәлімдеді ведомство.

Дегенмен, ірі лауазымды тұлғалар бұл аңсарлы арманына ақыры жететінге ұқсайды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі "ҚР мемлекеттік қызметі туралы" заңына өзгерістер мен толықтурылар енгізу туралы" жаңа заң жобасының тұжырымдамасын жариялады.

Құжат шенеуніктерге бонустар мен премиялар беруді реттейді.

Агенттіктің асығуының астары бар. Мемлекет басшысы 2021 жылғы 1 шілдеден бастап меморгандарда факторлық-балдық шкала негізінде еңбеқақы төлеудің жаңа жүйесін енгізуді тапсырған болатын.

Осы орайда "корпоративтік секторға ұқсас тек саяси қызметшілерге ғана бонустар беру, ал мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың қызметі бойынша сыйлықақы беру" туралы ұсыныстар мақұлданыпты.

Осыған байланысты әзірленіп отырған заңның жобасы мемлекеттік қызметшілерге еңбеқақы төлеуді жетілдіруге бағытталған.

Атап айтқанда, құжат арқасында енді ірі лауазымды шенеуніктер үшін келесідей ынталандырушы тетіктер енгізілмек: "бонус", "сыйақы", "біржолғы ақшалай сыйақы беру", "біржолғы ынталандырушы төлем" ұғымдары заң жүзінде анықталады.

Назар аударар жайт, бұл заң өмірге жолдама алса, министрлер, әкімдер, агенттік басшылары және басқа да билікті бастықтар қанша ақшаның астында қалатынын мемқызмет агенттігі нақтыламады. Оны тіпті жобаны талқылау кезінде депутаттар да біле алмауы ықтимал. Себебі, бұл мәлімет тек заң қабылданған соң айқындалатын көрінеді: "бонустарды, біржолғы ақшалай сыйақыларды, біржолғы ынталандырушы төлемдерді беру мен төлеу қағидаларын ел Үкіметі бекітеді". Жобада тек Үкіметтің осындай жаңа құзыр иеленетіні жазылған.

"Заң жобасын қабылдау нәтижесінде саяси қызметшілерге арналған бонустар, олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша әкімшілік қызметшілерге арналған сыйлықақылар айқындалады", – деп қысқа қайырды агенттік.

Дегенмен, бонус-сыйлықақылардың көлемі жөнінде болжам жасауға болады. Өйткені Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бұл салада Сингапурдың, Малайзияның және Жапонияның тәжірибесін басшылыққа алып отырғанын хабарлады.

"Жапония, Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея және Еуропалық одақтың бірқатар елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, бонустау тек саяси қызметшілер үшін қолданылады. Мысалы, Сингапур министрлерінің жылдық жиынтық кірісі жалақыдан (1 жылда 13 жалақы), жылдық ауыспалы бонустан (1 жалақы көлемінде), өндірістік бонустан (3 жалақы) және Ұлттық бонустан (3 жалақы) тұрады. Малайзияда Министрлер кабинеті мүшелерінің жалақысы бонустарды қоса алғанда, жылына 14 мың 907 малайзиялық ринггитті немесе 41 мың 600 АҚШ долларын (17,5 миллион теңгені) құрайды. Жапония Үкіметі мүшелерінің базалық жалақысы жылына 13 жалақыны құрайды. Базалық жалақыдан басқа, олар үшін жылына 3,95 жалақы мөлшерінде бонустар қарастырылған, оларды сәйкестік бонусы және жылдың соңына қарай төленетін бонус деп атайды", – деп түсініктеме берді агенттік.

Айтпақшы, қазіргі тәжірибе бойынша ара-тұра қатардағы шенділерге де бонустар төленеді. Олар алда бұл мүмкіндіктен айырылатынға ұқсайды. Жоба "мемлекеттік әкімшілік қызметшілер үшін бонустық жүйені алып тастауды және оның орнына қызмет нәтижелері үшін сыйақы жүйесіне қайтару мәселесін" ұсынады. Нәтижесінде, бонустар тек саяси мемқызметшілер үшін ғана қалдырылады.

Жалпы, мемқызмет саласында қордаланған проблема жеткілікті. Мысалы, Елбасының Жарлығымен мемлекеттік аппаратты кәсібилендірудің, сонымен қатар жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде 2016 жылдан бері Қазақстанда шенеуніктерді ротациялау институты енгізілген болатын.

Әйтпесе, бір өңірде не министрлікте ұзақ уақыт бастық болып, "бауыр басқан" лауазымды тұлға ол меммекемені өзінің "шағын княздігіне" айналдырады, тамыр-таныстықты жолға қояды. Сөйтіп, сала ойыншыларынан алым жинап, жемқорлықпен айналысуы мүмкін.

Оның үстіне зерттеулер көрсеткендей, бір лауазымда ұзақ уақыт отыру мемқызметшілердің еңбек өнімділігін төмендетеді: оның ой-өрісі бір сала шеңберімен шектеліп, жұмысында қалып-үлгішіл әдістер басым болады.

Алайда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жергілікті атқару органдарында ротациядан жалтару фактілерін анықтауда. Талдау қорытындысында, Алматы, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдіктерінде ротация қажетті дәрежеде жүзеге асырылмайтыны әшкереленді. Өзге өңірлер мен министрліктерде жағдай мәз емес. Салдарынан, 2017 жылы жергілікті меморгандарда 22 мемлекеттік қызметші ғана ротацияланыпты. 2018 жылы бұл көрсеткіш 7-ге азайып кеткен. 2019 жылы ротация өңірлерде мүлде жүргізілмеген. Былтыр да ұқсас көрініс қалыптасты.

Осыдан кейін қазақстандық мемқызметті Сингапур не Жапониямен салыстыру әбестік секілді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу