Қазақстандық туристердің сүйікті мекені мол мұнай өндірілетін орынға айналады

4770

Египет экономикасының басты саласы – саяхат емес, мұнай болуы мүмкін. 

Қазақстандық туристердің сүйікті мекені мол мұнай өндірілетін орынға айналады Фото: meritkapital.com

Былтырғы 2023 жылы Мысыр саяхатшылардың рекордтық санын қабылдады. Елге жалпы саны 14,9 миллион турист келіпті. Бұл туралы Египеттің мемлекеттік ақпараттық қызметі және Al-Youm as-Sabia басылымы хабарлады.

Туризм және жәдігерлер министрі Ахмед Исаның түсіндіруінше, мұның алдындағы рекорд сонау 2010 жылы орнатылыпты: сонда  "Пирамидалар еліне" 14,7 миллион саяхатшы сапарлаған екен.

Министрліктің дерегінше, шетелдік туристердің зор ағыны бұл жолы күзгі-қысқы маусымда тіркелді: 2023 жылдың соңғы тоқсанында Мысыр 3,6 миллион шетелдік қонақты күтті. Бұл алдыңғы жылдың төртінші тоқсанындағыдан 8%-ға көп.

Өз кезегінде туризм министрінің орынбасары Гада Шаляби ханым мемлекеттің заңғар мақсат қойып отырғанын жариялады: Египет 2028 жылға қарай туристердің санын 30 миллионға жеткізуді жоспарлауда.

Бірақ қазақстандық турфирмалар Мысырдың қазақстандық саяхатшыларға қолжетімсіз бола бастағанына назар аудартты. Біраз елде пандемия және карантиндік шектеулер үш жылға дейін ұзады. Қыспақтан зәрезап болған ауқатты Батыс елдерінің азаматтары содан соң танымал туристік бағыттарға лап қойды. Туристер тарапынан сұраныстың рекордтық көлемде артқанын пайдаланып, мысырлық қонақүйлер ақысын көтеріп жіберген.

Дегенмен, Египет тіпті туризм саласындағы "30 миллиондық" өршіл мұраттарына жетпесе де, қиналмайтын түрі бар. Бұл елде мұнайдың мол қорына ие жаңа кен орындары табыла бастады.

Сондықтан британдық British Petroleum (BP) Мысырдың мұнай-газ өндірісін дамыту саласына 1,5 миллиард доллар ақша құятынын жария етті. Ағылшын компаниясының атқарушы директоры Мюррей Очинклосс бұл тек басы ғана екенін нықтады: осы бір ғана алпауыттың мысырлық мұнай-газ саласына салатын инвестициясы рекордтық 5 миллиард долларға жетпек.

Мұның ғаламат сома екенін мына салыстырудан түсінуге болады: осыдан бір жыл бұрын, 2023 жылғы 9 наурызда Қазақстан Президенті Қарашығанақты кеңейту жобасымен танысқан еді. Сонда жалпы саны қырық шақты ғана "жаһандық супергигант" кен орындарының бірі саналатын Қарашығанақты игеріп жатқан "ҚПО Б.В" консорциумының бас директоры Джанкарло Рую "Қарашығанақты кеңейту жобасының" 2021–2024 жылдарға жоспарланған алғашқы кезеңінде 970 миллион доллар ғана инвестиция құйылатынын мәлімдеді.

Ал мысырдың мұнай саласын және экономикасын жарылқау жоспарын ВР басшысы Мюррей Очинклосс Египеттің Президенті Әбдел Фаттахом ас-Сисимен кездесуі кезінде айтты. Яғни, де-факто мемлекеттің көшбасшысына уәде етті.

"Компаниямыз Мысырдың қара алтыны мен көгілдір отынын өндіру саласына мол инвестиция құюын жалғастыруға мүдделі. Осыған орай біз египеттік мұнай-газ секторын дамытуға 1,5 миллиард доллар салуды жоспарлап отырмыз. Бұл соманың бір бөлігі жер қойнауын бұрғылап, жаңа кен орындарын барлау жұмыстарына бағытталады. Компания болашақта осы салаға 5 миллиард доллар қосымша қаражат инвестициялайды", – деді Мюррей Очинклосс.

Қасиетті жердің қойнауын толтырған қара алтынның буы Каирды рухтандырып отыр. Ол мұнай-газ саласына маманданған жаһандық 400-ден астам алпауытты жиып, ірі энергетикалық көрме-шоу өткізді. Оған елдің атауы мен энергияның ағылшын тіліндегі ұғымын әдемі ойнатып, үйлестіріп, "EGYPES-2024" (Egypt Energy Show деген сөздерден құралған) деген атау берді.

Өз кезегінде елдің лидері батыстық инвесторларға, соның ішінде BP қызметіне ризашылығын білдіріп, биік баға берді, ынтымақтастықты тереңдете түсуге шақырды.

"Мысыр экономикасына тартылған шетелдік инвестициялар ауқымы артып келеді. Биліктің ұстанымы инвесторлардың ойымен бір арнада тоғысады. Біз Египетті мұнай-газдың өндірісі мен саудасының орталығына айналдыруға ұмтылып отырмыз!", – деп ғаламат жоспарларын бөлісті Мысыр Президенті.

Ол қара алтын мен көгілдір отынды өндіргісі келетін шетелдік компанияларға барлық жағдай жасалатынын, жұмысына барынша жәрдемдесетінін баса айтты. Яғни, мұнайлы ел Қазақстанға бәсекелестік құрап, инвесторларды өзіне тартып әкетуі ғажап емес. Өйткені таяуда сарапшылар дабыл қаққандай, іргедегі Ресейдің соғысын доғармай, ары қарай ушықтыруы салдарынан инвесторлар Қазақстаннан да теріс айналып жатыр.

Сонымен бірге Мысыр басшысының нақты талабы бар: шетелдік компаниялар жергілікті шағын бизнесті айналасына жұмылдырып, жергілікті өнімді молынан пайдалануы шарт. Өкінішке қарай, Қазақстан шетелдік инвесторларына әлі күнге осы талапты табанды қоя алмай келеді. Сондықтан жаңа Үкіметке де ірі мұнай-газ жобаларындағы, бірінші кезекте, Теңіз, Қашаған және Қарашығанақтағы жергілікті мазмұнды арттыру міндеті тағы қойылды.

Мысыр болса, бұл талапты "жағада тұрып", о бастан нықтап алуда. BP басшылығы мұндай міндеттеме алуға келісті. Британдықтар тіпті "жасыл" сутегін өндіру саласында Египеттің қолын жоғары технологияларға жеткізбек.

Египеттің мұнай және минералды ресурстар министрі Тарик әл-Мулла инвестордан тарыға бастаған Қазақстан сияқты елдердің "жарасына тұз сепкендей" қылып, олардың тұрақсыз аймақта орналасқанын бетіне басты. Министр шетелдік инвесторларға өзге мұнайлы елдерге қарағанда, Мысырдың артықшылықтары көп екенін еске салды: онда қолайлы инвестициялық климат орнаған, сондай-ақ "ішкі қауіпсіздігі, саяси тұрақтылығы және тиісті инфрақұрылымы қамтамасыз етілген".

Министр тағы бір қулыққа басты: Мысыр экономикасына, соның ішінде мұнай-газ саласына инвестиция құю арқылы қалталы адамдар мен ауқатты компаниялар бүкіл Африкаға қайырымдылық жасайды. Атап айтқанда, "Африкалық континентке әділетті шарттармен энергетикалық серпіліс жасауға көмектеседі".

Бұл үшін ол әлем елдерін және инвесторларды Африкаға, соның ішінде Мысырға да тауарлардың, астықты арзан бағамен жеткізуді қолдауға, жергілікті бизнестің жобаларын жеңілдікті шарттармен қаржыландыруға үндеді.   

Мысыр мұнайлы елдер қатарына жаңа ғана қосылғалы жатқан ел емес. Ол қазірдің өзінде өз өңірінде, Солтүстік Африкада қара алтын мен көгілдір отынның ірі өндірушісі саналады. Бірақ енді ол осы салада жаһандық тартылыс орталығының біріне айналуға ұмтылуда.

Сала сарапшыларының болжамынша, нәтижесінде Египеттің мұнай-газ нарығы 2024–2029 жылдар аралығында, жыл сайын 8%-дан астам қарқынмен өсетін болады. Бұл жерде жаңғыратын отын түрлеріне қатысты жаһандық тренд те назарға алыныпты.

Батыстық серіктестерімен бірге бұрғылаудың кең ауқымды бағдарламасын қолға алу, салада инвесторларға мейлінше қолайлы жағдайлар жасау арқасында Мысыр Батыс шөл сахарасында, Шығыс шөл сахарасында, Суэц шығанағында, Жерорта теңізінде, тіпті туристердің сүйікті мекені Синай түбегінде жаңа 52 кен орнын ашты. Оның ішінде 39-ы – мұнай, 13-і – газ кен орындары.

2022 жылдың шілдесінен бері Eni, BP, Apex International, Energean Egypt, United Energy, Sipetrol және INA сияқты инвесторлар Мысырдың мұнай-газ саласына 7 миллиард доллар қаржы бағыттаған. Үкіметтің сауатты саясат ұстануы нәтижесінде жаңа ірі кен орындары бұл елдің шағын және орта бизнесін өркендетуге мүмкіндік жасайды деп күтілуде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу