Қазақстандықтар көздегі "шөп-шалам" мен "шыбыннан" арыла алмайды

5703

Отандық офтальмология заманауи жарақтану жөнінен посткеңестік кеңістікте көш соңында қалған ба? 

Қазақстандықтар көздегі "шөп-шалам" мен "шыбыннан" арыла алмайды

Көптеген адам көз алдында қалқып жүрген оғаш заттарды байқайды: олар иірілген жіп, ирелеңдеген құрт, қара нүкте-дақ немесе бұлдыраған өрмек түрінде болып келуі мүмкін. Мұның бәрі ізінше жоғалатын оптикалық иллюзия емес. Олар бір пайда болса, ешқайда кетпейді, тек көбейе береді. Ең жаманы сол, осы былықтың бәрі адам назарымен бірге ол қараған жаққа жылжып, алдағы көріністі бұзады, көру қабілетіне нұқсан келтіреді, жүйкені жұқартады. Бұл шөп-шаламдарды күндіз тіпті көзді жұмғанда да байқауға болады, деп жазады Inbusiness.kz

"Офтальмологиямыз Қырғызстан мен Армениядағыдан нашар болғаны ма?"

Бұл құбылыс ғылым тілінде миодезопсия деп аталады және латынның Muscaevolitantes – "ұшатын шыбындар" деген сөзінен шыққан. Ол көздің шынытәріздес денесінің бұлыңғырлануын білдіреді.

"Көз дәрігеріне қаралатын қазақстандықтардың көбі көз алдында шыбын, құрт, дақ, нүкте, сызық және басқа да пішіндегі бөгде, бұлыңғыр нәрселердің пайда болғанына шағымданады. Бұлар әсіресе, жарық кезде анық көрініп, адамның мазасын кетіреді, жанға жай тапқызбайды. Одан адамның көзі бұлдырайды. Бұлар бір пайда болған соң өздігінен кетпейді. Осыған шағымданатын сырқаттардың 80%-ында шынытәріздес денесінің деструкциясы анықталады. Бұл қазіргі кезде Қазақстандағы ерекше кең таралған офтальмологиялық проблемалардың бірі", – дейді алматылық Маржан Ягудина.

Дәрігерлер мұндай пациенттерге "ВитроКап" капсулаларын (дәрі болып саналмайды) ішуге кеңес береді. Германияда жасалған, құны біршама қымбат (5 мың теңгеден басталады) осы препарат шынытәріздес дененің биохимиялық және анатомиялық құрылымының өзгеруінің алдын алады деп жарнамаланып жүр. Алайда "ВитроКап" біршама жеңілдік әкелгенімен, көз ішіндегі қалқымаларды жоймайды.

"Егер көру қабілетін құлдырататын көздің салмақты патологиясы болса, ол операция жолымен ғана емделеді. Ал ондай патология болмаса, көздегі "шыбындар" мен "шөп-шаламнан" дәрі-дәрмек арқылы арыла алмайсыз. Бүгінде шынытәріздес дененің деструкциясын емдеудің азды-кем тиімді жалғыз тәсілі ғана бар, ол – витреолизис. Қазақстандық, сондай-ақ таяу-алыс шетелдегі біраз ғылым докторы осы аппарат бойынша диссертация қорғаған. Әрине, бұл аппаратпен емдеу кезінде кей жағдайда көзге залал келуі де мүмкін. Бірақ көп жағдайда оның алдын алуға болады. Тәжірибелі маман бұл ем-дом шарасының ықтимал тәуекелдерін ертерек бағалап, пайдасы мен зиянын қатар салмақтап, дұрыс шешім қабылдайды", – дейді М.Ягудина.

Қынжылтатыны сол, бүкіл Қазақстанда қазіргі уақытта бірде бір витреолизис аппараты жоқ.

"Шынытәріздес дененің деструкциясын табысты емдей алатын әлемдегі осынау жалғыз аппарат дамыған елдердің бәрінде, тіпті Ресей, Армения, Украина, көрші Өзбекстан мен Қырғызстанда да бар. Дегенмен, неге екені белгісіз, ол аққұла бізде, Қазақстанда жоқ. Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты жарнамалық жарияланымдарының бірінде витреолизисті – көздегі "шыбындарды" емдейтін жалғыз тиімді аппарат деп атағаны есте. Соған қарамастан, ол өз клиникаларында мұндай емдеу түрін ұсынбайды. Сонда біз Өзбекстанға, Қырғызстанға, Арменияға да тең болмағанымыз ба?", – деп қапаланады пациент.

"Қатты қинамаса, "шыбын-шіркейге" тиіспеген жөн"

Қазақ көз аурулары ҒЗИ мамандарының түсіндіруінше, миодезопсия немесе "қалқымалы шыбын-шіркейлер" адам қартайғанда, миопия (алыстан көре алмау) өрістегенде, адам көзіне соққы немесе жарақат алғанда, катарактаны жою операциясынан кейін, капсулотомия, яғни артқы капсуланы лазермен тазартқанда, немесе шынытәріздес дене сөгілгенде пайда болады. 

"Мұндай кесел жиі кездеседі. Кеңес алуға келетін пациенттердің көбі содан зардап шегеді. Негізі, миодезопсия қалыпты физиологиялық процесс есептеледі. Жасы егде тартқанда немесе стресс кесірінен кез келген адам өз өмірінің қандай да бір кезеңінде осыған душар болуы мүмкін. Бұл проблема әдетте, салмақты деп саналмайды. Алайда егер көз ішінде қалқыған дақтар кенет, тосыннан пайда болса және бұл процесс жарық сәулелерінің жарқылымен, яғни фотопсиямен ілесе жүрсе, дақтар қозғалыссыз қалса немесе көлемі айтарлықтай ұлғайса, онда шұғыл түрде офтальмологқа қаралу қажет. Дәрігер пациенттің көзінің түбіне үңіліп, салмақты аурулардың не жарақаттың бар-жоқтығын анықтайды. Себебі, "шыбын-шіркейдің" пайда болуы көздің ішкі тор қабығының сөгілуі, увеит, көздің ісігі секілді қауіпті проблемалардың нышаны болуы ықтимал", – дейді ҒЗИ лазерлік хирургі Аяна Қыдырбаева.

Маманның мәліметінше, көздегі "шөп-шалам" азаматтың көру қабілетін айтарлықтай шектесе, кеселді жоюдың екі тәсілі бар. Біріншісі – лазерлік витреолизис. Бұл ретте YAG хирургиялық лазері көмегімен көздегі ірі әрі буалдыр қалқымалар фрагменттеліп, ұсақталады, бұл сықаттың көру қабілетін жақсартады.  

Екіншісі – витрэктомия. Яғни, аурудың шынытәрізді денесі, хрусталигі кесіп алынып, ол физиологиялық қоспамен алмастырылады. Алайда дәрігерлер бұл операцияны 45 жастан аспаған адамдарға жасатуға кеңес бермейді. Өйткені осындай отадан кейін сырқаттың қозғалыс белсенділігі өмір бойы шектеледі, спортпен айналыса алмайды, 3 келіден артық  жүк көтеру қауіпті болады.  

Елордадағы Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың лазерлік кабинетінің басшысы, тәжірибелі офтальмолог Саят Кәрібаевтың кеңесін де тыңдадық. Ол егер өмір сүруге үлкен кедергі келтірмесе, көздегі "шыбын-шіркейге" тиіспеген жөн деген пікірде.

"Оларды жоюдың қос тәсілінің де салмақты қауіп-қатері бар. Сондықтан оларға тек ерекше жағдайларда ғана жүгінеді. Лазерлік витреолизиске келсек, ондай аппарат бізде жоқ. Оның үстіне қандай дәрігер көздегі әрбір "жіпті" суыртпақтап, жеке-жеке бөлшектеп отырады? Оған уақыт қайда?", – деп қысқа қайырды көз дәрігері.

"Республикалық деңгейде көмек көрсете алмаймыз"

Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті елімізде лазерлік витреолизис аппаратының бірде бірі тіркелмегенін растады.

"Денсаулық кодексіне сәйкес, Қазақстанда өндірілген, сондай-ақ ел аумағына сырттан әкелінетін дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар мемлекеттік тіркеуге жатады. "Дәрілік құралдардың және медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілім-реестрі" электрондық ақпараттық ресурсының дерегінше, шынытәріздес дененің деструкциясын емдеуге арналған "Витреолизис" аппараты Қазақстан аумағында тіркелмеген. Сонымен бірге, Денсаулық кодексінің 196-бабының 5-бөліміне сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну кезінде денсаулық сақтау ұйымы тек Қазақстанда тіркелген медициналық бұйымдарды ғана пайдаланады. Осыған байланысты елде "Витреолизис" медициналық бұйымын орталықтандырылған, республикалық деңгейде қолдану мүмкін емес", – деп мәлім етті Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті.

Аталған аппарат мемлекеттік тіркеуден өтуі үшін оның өндірушісі немесе сенімді өкілі ДСМ-ге өтінішпен жүгінуі керек екен.  

"Қазіргі кезде аталған аппараттың өндірушісі, әзірлеушісі немесе өкілі тарапынан оны тіркеу туралы өтініш ұсынылған жоқ", – деп хабарлады ведомство.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу