Қазақстандықтар неге алтын сатып алып жатыр?

15301

Ел тұрғындары жыл басынан бері 13 мыңнан астам алтын құймасын сатып алды.

Қазақстандықтар неге алтын сатып алып жатыр?

Соңғы жылдары ел ішінде алтын құймаға құмартқандар көбейді. Нарықтағы өзгерістерден осыны байқауға болады. Мәселен, осы жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында жалпы салмағы 566,3 келіге тең 13 208 алтын құймасы сатылған. Оның 1 480-і қыркүйек айында саудаланған. Ал алтын құйманы сату туралы бағдарлама іске қосылған сәттен (2017 жыл) бастап барлығы жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 34 901 құйма өз иесін тапқан. Осы аралықта тұрғындардан бар жоғы 119 құйма (салмағы 3,2 келі) ғана кері сатып алынған. Демек ел азаматтары бұл өнімді инвестициялаудың сенімді құралы ретінде қарастырып отыр.

Сарапшылардың айтуынша, алтын құйманың өтімділігі жоғары. Сондай-ақ инфляция мен экономикалық дағдарыстардан қорғайды. Жинаған азды-көпті қаржысы бар қазақстандықтардың қазіргідей қысылтаяң шақта алтын құймаға басымдық беруі де сондықтан.

Жалпы қаржы сарапшылары жинақты әртүрлі валютамен сақтауға кеңес береді. Соның ішінде алтын құймасы да бар.

"Алтын құймалардың қарапайым халық үшін қолжетімділігі – басты артықшылық. Қазақстандықтар осы мүмкіндікті жақсы пайдаланып отыр. Кез келген қаржы құралы секілді алтын құймасы да дағдарыс кезінде құнын жоғалтады. Бірақ оның қалпына келу процесі тез жүреді", – дейді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.

Десе де, Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры алтын құймаларына кепілдік бермейді.

Еске сала кетейік, Қазақстанда алтын құймалардың бес түрі бар – 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық. Деректерге сүйенсек, сатып алушылар арасында салмағы 10 грамдық құймаға деген сұраныс жоғары. Жалпы сатылымның 25 пайызы құйманың аталған түріне тиесілі. Тоғыз айдың ішінде дәл осындай 8 701 құйма иесін тапқан. 100 грамдық құйманы алушылар да аз емес. Қаңтар-қыркүйек аралығында мұндай өнімнің 7 648-і тұрғындардың қолына өткен. Бұл жалпы сатылған құймалардың 22 пайызына тең. 20 грамдық құймаға деген сұраныс та кеміген емес. Оның сатылымдағы үлесі де 22 пайызды құрап отыр (7 649 құйма сатылған). Сондай-ақ тұрғындар 5 грамдық 6 414 құйма (19 пайыз) және 50 грамдық 4 276 құйма (12 пайыз) сатып алған.

Тоғыз айда сатылған құймалардың 55 пайызын Алматы қаласының тұрғындары иеленген. Сонымен қатар бұл өнімге атыраулықтар (14 пайыз) мен елордалықтардың да (10 пайыз) қызығушылығы артып келеді. Ал басқа өңірлердің жиынтық үлесі – 21 пайыз.

Бас банктің мәліметінше, 2019 жылы жалпы салмағы 470 кило болатын 15 730 алтын құймасы сатылған. Оның 8 мың құймасын (салмағы – 329 келі) банктер сатса, 7730-ы (141 келі) айырбастау пункттері арқылы өткізілген. Қазіргі таңда құймаларды Halyk bank, Еуразиялық банк, Jýsan bank, БанкЦентрКредит банктерінен және айырбастау пункттерінен сатып алуға болады.

Алтын құймалар ел ішінде тарту-таралғы ретінде көп қолданылады. Түрлі мерекелер мен мерейтойларға таптырмас сыйлық. Сатып алушылар оған құндылығын жоғалтпайтыны үшін қызығады. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар оны сенімді инвестициялық құрал ретінде пайдаланады. Қарапайым отбасылар бұл өнімді болашаққа арналған жинақ ретінде пайдаланып жүр.

Дүниежүзілік алтын кеңесінің (World Gold Council) соңғы деректері бойынша Қазақстан алтын ұстаушы елдер арасында 16-орында тұр. 2020 жылдың тамызындағы жағдай бойынша Қазақстан Ұлттық банкінің алтын қоржыны 382 тоннаға немесе 25 млрд долларға тең. Биыл қаржылық реттеуші шамамен 60 тонна аффинирленген алтын құймасын сатып алмақ.

Санжар Беркінбай


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу