Қазақстандықтар неге жаппай Ресей азаматтығын алып жатыр

18935

РФ паспортын алғанымен, Қазақстанда қалатындар саны арта түсуі мүмкін.

Қазақстандықтар неге жаппай Ресей азаматтығын алып жатыр

Би-Би-Сидің хабарлауынша, 11 шілдеде Кремль ресейлік паспортты оңайлатылған тәсілмен алу режимін барлық украиндерге таратты. Бұған дейін бұл "мүмкіндік" тек ЛХР / ДХР тұрғындарына ұсынылып келген. Батыс сарапшылары Мәскеу ойлап тапқан бұл кесірлі құбылысқа "паспорттық оккупация" деген термин берді.

АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты (ISW) сарапшыларының түсіндіруінше, РФ алдымен көрші елдердің азаматтары арасында өз паспортын тездетіп, жеңілдетілген режиммен таратады, бұл туралы тіпті сол елдің Үкіметін, көші-қон қызметін хабардар етпейді. Бұл РФ паспортын иеленген көрші республикалардың азаматтарына онысын жасырып, қосарланған азаматтықпен жүруіне мүмкіндік береді. Бұл кейін "азаматтарымды қорғаймын" деген сылтауға жақсы.

Америкалық сарапшылар бұған дейін Мәскеудің дәл осы саясатты Молдовадағы Днестрдің сол жағалауындағы өлкеде (ол жерде Приднестровье молдавиялық республикасын құрды), Грузияның Оңтүстік Осетия және Абхазия автономды республикаларында кең жүргізгеніне назар аудартады. Содан соң Қырымда да "жасыл адамшалар" пайда болғанға дейін ұқсас тәсіл қолданылыпты. Ақыры 2014 жылы Украинаның Луганск және Донецк облыстарының бір бөлігін ажыратып алып, квазимемлекеттік құрылымдарды құрды, сондағы халыққа жеңілдетілген тәртіппен РФ паспортын таратты.

Жалпы қазіргі ресейлік заңнама бойынша бұрынғы КСРО-ға кірген кез келген елдің, соның ішінде Қазақстанның азаматтары Ресейдің қою-қызыл паспортын оңай ала алады. Жалпы солтүстік көршінің паспортына қол жеткізген қазақстандықтар да көгілдір паспортымызды қоса пайдалану үшін қосарлама азаматтығын жасырады. Мысалы, былтыр Шымкенттің Дене шынықтыру және спорт басқармасының экс-басшысы Олег Почиваловтың Ресей азаматы екенін жасырып келгеніне қатысты дау туындады.

Өзге елдерден айырмашылығы сол, Қазақстан Мәскеумен азаматтыққа қатысты ақпарат алмасу жөнінде келісімге келе алды. Осының арқасында ІІМ Көші-қон қызмет комитетіне қосарлама азаматтығы бар қазақстандықтарды әшкерелеу жеңілдеді. Мысалы, Почиваловтың былығын Шымкенттің миграциялық полициясы анықтап, Қазақстан азаматтығынан айырды.      

Украинадағы қанды қырғынына қарамастан Ресей азаматтығын алуға ынтыққан қазақстандықтар саны азаймапты. Бірақ олар бұл қадамға не үшін барып жатқанын айтпайды.

Бұрынғыдан ерекшелігі сол, олардың бәрі дерлік Қазақстандық паспортты тапсырып, Қазақстанның азаматтығынан шыққанын ресми түрде тіркеп жатыр. Себебі ізінше республикада уақытша не тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдейді де, Қазақстан азаматтары қатарлы барлық игіліктерді пайдалана береді. Мысалы, қалалық емханаларда бұрынғыдай тіркеуде тұрып, медсақтандыру аясында аурухана-емханаларда емделеді. Еуразиялық одақ аясындағы келісім негізінде қазақстандық зейнетақыны алады (ол Ресейдегіден жоғары). Қазақ елінде де біздің азаматтар қатарлы жұмыс істей береді, себебі тұрақты тұру ықтиярхаты бар одақ елдерінің азаматтары шетелдік мигрант саналмайтын көрінеді. Яғни квоталық шектеуге ілікпейді.

"Мен әзірше Қазақстан азаматымын, осында тұрақты тұрамын, жұмыс істеймін, баспаналарым бар. Бірақ таяу арада РФ азаматтығын алу үшін Ресейге жол жүрмекпін. Содан кейін де Қазақстанда қалып, осында өмір сүруді жоспарлар отырмын. Өйткені менің өмірлік мүдделерім де, ата-анам да, балаларым да, жұмысым да, жылжымайтын мүлкім де осында. Ресейге тұрақты тұру үшін кету ойым жоқ. "Елден кету қағазын" (лист убытия) да алмаймын. Яғни Ресейге бір барып, соның азаматтығын аламын да, бірден елге кері қайтамын. ҚР паспортын Қазақстанда тапсырамын, бірден Қазақстанда тұрақты тұру ықтиярхатын алуға құжат ұсынамын. Бұл ретте маған тіпті бұрынғыдай Ресейде тіркеуге тұрудың қажеті болмайды, қандай да бір анықтама керек емес. Азаматтық алу жеңілдетілген. Әйтпесе, онда баспанам да жоқ қой", – деп Қазақстанда отырып, ресейлік атанудың схемасын түсіндірді Светлана Ч.

Елена Владимировна отбасымен бірге РФ азаматтығын рәсімдеп үлгеріпті. Енді қазақстандық көші-қон құрылымдарына шағым боратып, тезірек шетелдіктің ЖСН-ін әзірлеп беріңдер деп олардың мамандарының екі аяғы бір етікке тығуда.

"Мен азаматтықтан айыру үшін Қазақстан паспорттары салынған хатты биылғы 11 мамырда Омбы қаласындағы Қазақстанның Бас консулдығына жолдағанмын. 15 мамырда хатты алғаны жөнінде хабарлама келді. 2 ай өтті, қазақстандық азаматтығымызды сол бойы жоғалтпаппыз. Не масқара? Көші-қон қызметіне бейрезиденттің ЖСН-ін алу үшін жүгінсем, заң бойынша азаматтықты жоғалту 3 айға дейінгі мерзімге созылуы мүмкін деп отыр. Күйеуім Николайдың да әлі күнге азаматтығы жойылмаған. Сондықтан бұлардан тездетуін сұрап отырмын. Әйтпесе, бейрезиденттің ЖСН-ін рәсімдей алмай жатырмыз", – деді Елена Владимировна.

Көші-қон қызметі ІІМ-нің Қазақстан Республикасының құжаттандырылған халқының орталықтандырылған ақпараттық деректер базасында бұл отбасы мүшелерінің қазақстандық паспорттары күші жойылған санатына көшірілгенін хабарлады. Сондықтан олар жеке сәкестендіру нөмірін (ЖСН) алу үшін тұрғылықты жері бойынша ХҚКО-ға жүгіне беруіне болады. Олардың ЖСН-і қалыптастырылып қойыпты. 

Бұрын көші-қон полициясында істеген маман, кәсіпкер Жасұлан Алдияр кейінгі жылдары бұл процесс күшейгенін айтады.

"Біз азаматтық ауыстырғысы келетіндермен қысқаша әңгімелесетінбіз. Бұған көптеген фактор ықпал етеді. Экономикалық себептері бар, мысалы, көршіде бала туса, азаматтарына қомақты аналық капитал беріледі. Рухани фактор бар. Кейбірі өзін қазақстандықпын деп сезінбейді, өзі мен балаларының болашағын тек Ресеймен байланыстырады. Елімізде ресейлік пропаганданың тасының өрге домалап тұрғаны нұқсан келтіруде. Тек ресейлік арналарды көретін, тіпті қазақстандық жаңалықтардан еш хабарсыз қазақстандықтар көбейіп барады", – деді ол.

Қауіпсіздік факторы да бар. Қазақстанда толқу, тәртіпсіздіктер бола қалса, ресейлік паспортпен көрші елге өту жеңіл деп санайды.

"Бірақ бұл кісілер РФ паспортымен ертең ешқайда шыға алмай қалатынын түсінбейді. Себебі әлемде РФ-ға қарағанда, енді Қазақстан паспортымен көп елге еркін саяхаттауға жол ашылуда. Бұрын керісінше болатын. Ресейлік паспорттан қайта шошынады. Әрі Қазақстан азаматтарына Шенген визасын алу жеңілірек. Жалпы осы бағытта ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, телеарналардан қазақстандық паспорттың игіліктерін насихаттаса, жөн болар еді. Олай болмаған соң, сорақылығы сол, РФ азаматтығын алушы қазақтар да көбейе бастады", – деп алаңдайды сарапшы.

Жалпы Қазақстанда отырып, РФ азаматтығын алу күрделі еместігін Көші-қон қызметі комитеті жасырмады.

"Қазақстан азаматтары өз азаматтығын ауыстыруға құқылы. РФ азаматтығын алған адамдарға ескерткіміз келеді. Басқа мемлекеттің азаматтығын алу фактісі туралы Қазақстанның ішкі істер органдарын уақытылы хабардар етпеу және ҚР азаматының құжаттарын әрі қарай пайдалану үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған", – деп мәлімдеді ведомство.

Комитеттің түсіндіруінше, шетелдік азаматтықты қабылдаған экс-қазақстандықтар Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу үшін тұрғылықты жеріндегі полицияның аумақтық органына жүгініп, көші-қон қызметі беретін өтініш-анкетаны толтыруы, 12 252 теңге мемлекеттік баж төлеуі қажет.

Ресми мәлімет бойынша 2022 жылғы қаңтар-наурызда 5 281 қазақстандық шетелдің азаматтығын қабылдаған. Бұл былтырғы үш айдағыдан 4,3%-ға ғана аз. Оның көбі – 4106-сы Ресейді таңдады. Жыл сайын 25 мыңдай қазақстандық жаттың құжатын қалтасына басады. Дегенмен олардың бәрі бірдей солтүстік көршіге кеткен жоқ, елде қалды, жаңа ЖСН алды. Ресейде санкция әсерінен дағдарыс күшеюде, халқы банктік қызметтерден, халықаралық аударымдардан ажыратылуда, тұрмысы төмендеуде. Ендеше РФ паспортын алғанымен, Қазақстанда қалатындар саны арта түсуі мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу