Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті чегі жоқ тауарларды да қайтаруға болатынын еске салады. Өйткені дамыған елдерден айырмашылығы, Қазақстанда адамдар сыйлықты негізінен чексіз тарту етеді.
"Жеңілдікпен, арзанға алғанымды білмесін" дейді немесе "чегін көрсетіп, ақысын сұрағандай болмайын" деп ұялады. Біреудің сыйлағанын қайта сыйлау да жиі кездеседі.
"Егер сатып алынған қандай да бір тауарға қатысты проблемалар туындаса, мысалы, өлшемі, стилі, түсі, конфигурациясы, басқасы сәйкес келмесе, тіпті жай ғана ұнамай қалса, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңы оны кері қайтаруға мүмкіндік береді. Тек сапалы немесе сапасыз тауарды дәл сол сатушыдан сатып алынғанын дәлелдеуге тиіс. Ол үшін сатып алу фактісін растайтын құжаттар – тауарлық немесе фискалды чек, тауарды сатып алу кезінде жасалған шарт болуы қажет", – деді ведомство мамандары.
Сатып алушыда бұл құжаттардың ешқайсысы болмаса да ол сатып алынған тауарды оралта алады. Бірақ бәрібір сатып алыну фактісін дәлелдеуі керек.
Сатып алушыға тауарды қайтару үшін келесіні ұсынуына болады:
- фото немесе видеотүсірілімдер;
- сатып алғанын көрген куәгердің, мысалы, қасында бірге жүрген адамның айғақтары;
- мөрі басылған кепілдік талоны (гарантийный талон),
- қабылдау актісі, жүкқұжат (накладная), тауардың дәл сол дүкенде сатып алғанын растайтын басқа құжаттар мен құралдар.
Егер тұтынушы тауарды картасымен төлеп немесе ақысын ұялы қосымшасымен аударып сатып алса, бұл да еш чексіз-ақ, тауардың кімнен сатып алынғанын дәлелдейтін факт бола алады.
Alau.kz Қостанай қаласында әйелдер корпоративтер өткеннен кейін жаңажылдық киімдерін жаппай кері қайтарып жатқанын хабарлады. Қостанай облысының Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті мамандарының айтуынша, соңғы жылдары затты бір рет қолданып, дүкенге кері қайтару үрдісі белең ала бастапты.
"Мерекелерден кейін әсіресе, көйлектерді кері қайтаруға немесе айырбастауға қатысты көп шағым түседі. Бұл ретте бізге тек тұтынушылар ғана емес, сондай-ақ сатушылар да шағыммен жүгінеді. Олар бізден кеңес сұрайды. Айталық, адамдар қымбат киімді отбасылық фотосессия жасау үшін ғана сатып алады. Немесе корпоративте кештің жұлдызы болу үшін алады. Пайдаланып болған соң, әрі қарай керек емес деп, кері өткізеді. "Мынадай жағдайда біз не істей аламыз?" деп сұрайды кәсіпкерлер. Біз саудагерлерге қайтарылған тауарға алдымен сараптама жүргізуге кеңес береміз", – деді Қостанай облысының Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Әсем Нұрғали.
Өйткені "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" заңының 30-бабына сәйкес, сатушылар мен дайындаушылар "егер тиісті сападағы тауар пайдаланылмаса, оның тауарлық түрі, тұтынушылық қасиеттері, пломбалары, заттаңбалары, сондай-ақ тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат сақталса, тауар сатып алынған күннен бастап күнтізбелік 14 күн ішінде оны айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз етуге міндетті".
Егер пайдаланылса, ақысын қайтарудан бас тартуына болады. Заттың қолданыста болғанын, мысалы, көйлектің киілгенін қалай анықтайды? Сараптама жүргізе алады, сонда киімге тер мен иіс сіңгені, оған эпителий тіні, жасуша сияқты терінің бөлшектері көп түскені белгілі болады.
Тауар сапасын қосымша тексерудің – сараптаманың құнын сатушы төлейді. Егер сараптама нәтижесінде тауардың кемшіліктері жоқ екені немесе кемшіліктер тұтынушының тауарды пайдаланудың, сақтаудың белгіленген қағидаларын бұзуы салдарынан пайда болғаны анықталса, шығындарды тұтынушы өтеуге міндетті.
Сондықтан сатушы сараптама жүргізілетінін және оның шығынын сатып алушыға төлеуге тура келуі мүмкін екенін түсіндірсе, кейбір "қайтарушылардың" негізсіз қиғылық салмай кері бұрылып, кетіп қалуына осының өзі жетуі мүмкін.
Еліміздегі әрбір өңірде тауарлық-өнеркәсіптік экспертиза жүргізетін аккредиттелген ұйымдар бар. Заттың не киімнің қалай пайдаланылғанын және қайтаруға жататын-жатпайтынын солар нақты анықтап береді. Сараптама құны әр өңірде әрқалай және 18 мың теңгеден басталады.
Фотосессиялар мен корпоративтерге бір кию үшін ғана алып, кері қайтаратындар барлық тұтынушыларға көлеңке түсіреді.
"Мен "Жаңа жыл" қарсаңында әдемі көйлек сатып алдым. Адам ығы-жығы болып, дүкенде дұрыс өлшей алмадым. Үйде асықпай киіп көрсем, кейбір жері қысады екен. Жұмыста қарбалас болып, ертесіне бара алмадым. 5 күннен кейін кері өткізсем, сатушы әйел қожайын әйелді шақырып, екеуі екі жақтап сөкті. "Корпоративке киіп, әкеп тұрсың!" деп қоймайды. Кері қайтаруды рәсімдемеу үшін бәрін жасады. "Кимегеніңді дәлелде!" дейді. Заң бойынша оны мен емес, сатушы дәлелдеуге тиістігін смартфоннан көрсеттім. Бұрқылдап жүріп, ақыры ақшамды қайтарды", – дейді алматылық Ольга Скворцова.
Дегенмен, бұл құбылысты тоқтату қиын болады. Маркетплейстерде ашулы пікір қалдырған сатушылардың айтуынша, клиенттер тапсырыс беріп алғызған балалар костюмін жаңажылдық ертеңгіліктерге, ал, кешкі сәнді көйлектерді – корпоративке немесе мейрамханаға баруға бір пайдаланады да ертесіне кері қайтаруды рәсімдейді.
Сатушылардың айтуынша, кері қайтарылатын киімдер мен өзге заттар әдетте, 14 күндік мерзімнен тыс қалмау үшін желтоқсанның 20-сынан кейін сатып алынады және солардың кесірінен жақсы сауда артынша жаппай қайтаруларға ұласады.