Қазақстандықтарды енді "салықшылар жолдаған тосын хатқа" сенбеуге шақырып жатыр

3879

Салық-кеден жүйесіндегі бюрократия фейктердің қаптауына ықпал етті.

Қазақстандықтарды енді "салықшылар жолдаған тосын хатқа" сенбеуге шақырып жатыр Фото: inbusiness.kz

Егер "салық органы" бюджет алдында қарыз болып қалғаныңызды қатаң ескертіп, оны өтеу үшін банктегі есепшотыңызда жатқан ақшаңыздан тиісті соманы алуды өтінсе, сенбеңіз!

Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті алаяқтар халыққа фейк хабарламалар таратып жатқанын ескертті.

"Құрметті салық төлеушілер! Бүгінгі күні салық төлеушілердің электрондық мекен-жайларына жіберіліп жатқан жалған хабарламалар мен хабардар ету жағдайлары жиілеп кетті. Оған: "Бұзушылықтарды жою туралы ескерту: Банк шоттарындағы ақша есебінен бюджетке берешекті өндіріп алу" ("Предупреждение об устранении нарушений. Взыскание задолженности в бюджет, за счет денег, находящихся на банковских счетах") деген тақырып қойылған", – деп ескертті Мемлекеттік кірістер департаменті.

Ведомствоның түсіндіруінше, мемлекеттік кірістер органдары қалыптастыратын барлық хабарламалар нормативтік-құқықтық актілерде бекітілген. Тиісінше, мемкірістер органдарының ақпараттық жүйелерінде хабарламаларды қалыптастыру кезінде осы жүйелерге енгізілген алгоритм бойынша әрбір хабарламаның нөмірі автоматты түрде генерацияланады.

"Мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек "Салық төлеушінің кабинетіне", "Электрондық үкімет" порталындағы жеке кабинетке және e-Salyq мобильді қосымшаларына ғана жібереді. Хабарламалардың бір бөлігін әрбір салық төлеуші өзінің жеке кабинетінде КТС/КНП, ЭҮП/ПЭП немесе ESA, ESB-да қарай алады. Бұл ретте камералдық бақылау нәтижелері бойынша қалыптастырылған хабарламаларды салық төлеуші КТС немесе ЭҮП арқылы өз бетінше сұратады. Сол сұрауына сәйкес, өзінің электрондық поштасына қол қойылған PDF форматында алады", – деп хабарлады мемкірістер департаменті.

Осыған байланысты, Маңғыстау облысы бойынша мемкірістер департаменті қазақстандықтарды қырағылық танытуға және жалған хабарламаларға сенбеуге, күмәнді сілтемелер бойынша өтпеуге, ақша аудармауға, алынған хабарламалардың дұрыстығын өз бетінше тексеруге кеңес береді.

"Маңызды жайт: мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйелерінен тікелей салық төлеушілердің электрондық пошталарына хат-хабарларды жаппай тарату жүзеге асырылмайды", – делінген департаменттің хабарламасында.

Жалпы, осы орайда журналистермен тығыз ынтымақтастығы және халық арасында үнемі түсініктеме жұмыстарын жүргізетіні үшін Маңғыстау облысы бойынша мемкірістер департаментіне және оның өкілі Мақсат Ақмұратовқа алғыс айтқан жөн.

Дегенмен, Мәжіліс депутаты Николай Арсютиннің пікірінше, халықты мемкірістер комитетінің өзі шатастырып бітті. Барлығын "бір терезе" қағидаты бойынша жүргізу орнына ақпараттық жүйелерді қаптатып, сарапшыларды да жаңылыстырады.

Салдарынан, салықтық және кедендік әкімшілендірудегі бюрократияның өзі алаяқтар үшін кең өріс ашады. Басы қатқан бизнесмендер, былайғы бұқара ненің шын, ненің өтірік екенін аңдай алмай, шақшадай басы шарадай болып, ақыры құзырлы органдар тарапынан жазаланбау үшін амалсыз алаяқтың айтқанына көнеді, айдаған жағына жүреді.

Бұл әсіресе, дәл осы меморган қарауындағы кеден саласына қатысты.

"Осы турасында Мемлекет басшысы да қатаң сын айтып, тиісті тапсырмалар берген болатын. Президент қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін Қаржы министрлігі (Мемкірістер комитеті соның құрамына кіреді) салықтық және кедендік әкімшілендіру саласын жақсарту бойынша шаралар жоспарлаған еді. Бұған қоса, кедендік шекарада тәртіп орнату үшін кешенді тексеріс жүргізуге уәде етілген. Мұның бәрі көрші елдермен кедендік статистикадағы алшақтықты қысқартуға ықпал етуге тиіс. Мысалы, Қытаймен және басқа көршілермен арадағы статистикалық алшақтық біршама азайтылды, бірақ бәрібір 40% көлемінде сақталып тұр", – деді Николай Арсютин.

Қаржы министрі Мәди Такиев Президенттің тапсырмалары аяқасты болмағанын, ұмыт қалмағанын, ол бағытта жұмыс жүргізіліп жатқанын білдірді.

"Кедендік және салықтық әкімшілендірулерге қатысты мәселелер жетерлік. Осыған байланысты біз бүгінде олардың шешімінің тұтас блогын әзірледік. Оның тұсауын жеке кесетін шығармыз. Мәселен, кедендік әкімшілендіру бойынша қазіргі кезде үлкен ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр. Ол шамамен биылғы тамыз айында қолданысқа беріледі. Ол нені қарастырады? Ол бізде бар барлық ақпараттық жүйелерді бір жерде біріктіруге тиіс", – деді қаржы министрі.

М.Тәкиев АСТАНА-1 (елордаға қатысы жоқ, "Автоматизированная система таможенного и налогового администрирования" деген сөздердің басқы әріптерінен құралған, оны ASYKUDA жүйесі деп те атайды), "Ruqsat", "Qоldau", "Sandyq", "Бекет" және басқа да көптеген ақпараттық жүйелер бір платформада біріктірілетінін жеткізді.

"Оның арасында әртүрлі, көптеген жүйе болады. Бүгінде біз оның бәрін бір жүйеге қосып, үйлестіру шараларын жүзеге асырудамыз. "Keden" деген ортақ, бірыңғай ақпараттық жүйе болады. Оған өте үлкен үміт артып отырмыз. Сол арқылы саладағы көптеген, шытырман жайттарды жеңілдетіп, біраз мәселені шешеміз деген ойдамын", – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.

Айта кететін жайт, 2024 жылғы 5 шілдеде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық құқық бұзушылықтардың жекелеген түрлерін қылмыстық сипаттан арылту және Қазақстан Республикасының заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойды.

Бұл жаңа заң биылғы қыркүйекте күшіне енеді (60 күндік өтпелі кезең белгіленген). Бұл заңға сәйкес, Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның түсіндіруінше, егер бизнесмендер "салықтардың есептелген сомаларын толық әрі ерікті түрде төлеп тастаса, онда оған қатысты қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелмейді". Бұрынғы заң тілімен айтатын болсақ, "қылмыстық іс қозғалмайтын болады".

Жаңа заңның осы жаңалығы аясында да Мемкірістер комитеті кәсіпкерлер арасында кең түсініктеме жүргізгені маңызды. Өйтпесе, алаяқтар заңның осы игілігін "тұзақтағы ірімшік" есебінде пайдаланып, бизнесмендерді асықтырып, салығының қосымша есептелген сомасын еш дауласпай, тездетіп аударуға мәжбүр етуі мүмкін.

Мысалға, жылдам төлесе, қарсыласпаса, қылмыстық іс Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелмейтінін, егер төлемді аударуды сөзбұйдаға салып, кешіктірсе, онда кері қайтар жолы қалмай, қылмыстық іске ілігетінін айтып қорқытуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу