Қазақстандықтардың өмірін тәтті етуге бағытталған ғаламат жоба басталды

4569

Президенттің қабылдауында министрдің нені уәде еткені анықталды.

Қазақстандықтардың өмірін тәтті етуге бағытталған ғаламат жоба басталды Фото: gov.kz

Таяуда, 14 қазанда Ақордаға барған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысына "сүйінші" жаңалығын жеткізді.

Президентке аграрлық саланы дамытудың биылғы 9 айдағы қорытындысын баяндаған АШМ басшысы диқандардың биыл 1,2 миллион тонна қант қызылшасын жинайтынын уәде етті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Осылайша, "Республика күніне" орай ауыл шаруашылығы өндірушілері Отанымызға тарихи жетістік сыйлады.

Өйткені экономика ғылымдарының докторы, Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының академигі Асқар Шәріповтың айтуынша, Қазақстан саладағы тарихи рекордқа алыстағы 1990 жылы қол жеткізді. "Егемендік Декларациясы" қабылданған сол жылы диқандар елге 1 миллион 43,7 мың тонна қант қызылшасын жинап берді. Одан 135 мың тонна қант өндірілді. Нәтижесінде, халық пен бизнестің құмшекерге деген қажеттілігінің 35%-ын отандық өндіріс өтеді.

Бертінде сала құлдырады. Қазақстан тіпті қанттың 95% пайызына дейінгісін шетелден тасып, импорттық шикізаттан, мысалы, қант құрағынан жасайтынды шығарды. Салдарынан Қазақстан қанттың аса ірі импорттаушыларының бірі атанды.

Биыл егіншілер 1990 жылы болмаған рекорд орнатып отыр: 1,04 миллион орнына 1,2 миллион тонна! Ендігі мақсат – осы ұланғайыр шикізатты төкпей-шашпай, рәсуә етпей, қамбаға құю, ақырғы өнімге айналдыру.

Бұл тұрғыда да үлкен нәтижеге жететін көрінеді. Мысалы, 2024 жылғы 8 қазанда, Үкіметте инвесторлар вице-премьер Серік Жұманғаринге болашақта жылына 1 миллион тоннаға дейін қызылша өңдеуге қауқары жететін алып қант зауытының жобасын таныстырды.

Жамбыл облысында бой көтеруге тиіс жобаны мемлекеттік "Бәйтерек" холдингі қолдауда.

"Жобаға сәйкес, зауыттың өңдеу қуаты тәулігіне 8–10 мың тоннаны құрайды, бұл жылына 1 млн тонна қант қызылшасын өңдеуге және 130 мың тоннаға жуық қант жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңдеу қуатын арттыру үшін қолданыстағы қант зауыттарына жаңғырту жүргізілуде. Бұл жұмыс жаңа зауыттың құрылысымен бірге Қазақстанға қант бойынша импортқа тәуелділікті кезең-кезеңімен төмендетуге және қант қызылшасынан тереңдете қайта өңделген өнімдерді шығаруға мүмкіндік береді", – деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

Ведомствоның дерегінше, қазіргі уақытта Қазақстанда 4 қант зауыты ғана жұмыс істейді. Бұлар – "Ақсу-Қант" ЖШС, "Көксу қант зауыты" ЖШС, "Меркі қант зауыты" ЖШС және "Тараз қант зауыты" ЖШС. Олардың қант қызылшасын өңдеу бойынша жалпы тәуліктік қуаты – 8,7 мың тонна, қамыс құрағын өңдеу қуаты – 2,4 мың тонна.

Биыл ірі үшеуі:

·      Меркі қант зауыты – 450 мың тонна,

·      Көксу зауыты – 250 мың тонна,

·      Ақсу зауыты – 400 мың қант қызылшасын қабылдайды және оны өңдейді деп жоспарлануда.

2024 жылғы 11 қазандағы жағдай бойынша қант зауыттары 362 мың тоннадан аса қант қызылшасын өңдеуге қабылдады.

2023 жылы республикада қантты ішкі тұтыну көлемі – 507 мың тоннадан асты. Жыл санап қарқынды өсіп келеді. Ел қажеттілігінің негізгі көлемі Ресей мен Беларусьтен дайын қантты импорттау және қамыс құрағын өңдеу есебінен әзер "жабылуда". Өйткені осы екі елдің мүддесін ілгерілеткен Еуразиялық одақ әлемдегі өзге елдерден дайын қантты тасуға шектеу қойып тастады.

Бұл қысымнан Қазақстан төл зауыттарын салу және жаңғырту арқылы шыға алады. Осы істе бізге түріктер көмекке келмек. Бұл туралы Сенатқа хатында Үкімет басшысы Олжас Бектенов мәлімдеді. Ол әлгінде сөз болған жылына 1 миллион тоннаға дейін қызылша өңдей алатын зауыт жобасының егжей-тегжейін хабарлады.

"Ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін Жамбыл облысының   Шу қаласында "Qazsugar CO" ЖШС-нің қуаттылығы жылына 130 мың тонна болатын заманауи жоғары технологиялық қант зауытын салу жобасы пысықталуда. "Qazsugar CO" ЖШС мен Түркияның ірі қант өндірушісі – Anadolu Birlik Holding A.S. (Конья қаласы) арасында жобаны іске асыру жөніндегі бірлескен қызмет туралы меморандум бекітілді. Осылайша, отандық шикізатты өңдеу есебінен 2026 жылға қарай өндіріс көлемін ұлғайту және ішкі нарықтың қамтамасыз етілуін қазіргі 7%-дан 43%-ға дейін ұлғайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылуда", – деді Олжас Бектенов.

Егер Үкімет бұл уәдесін орындай алса, онда Қазақстан сонау 1990 жылдан бері арман болған рекордын жаңарта алады: халық пен бизнестің құмшекерге деген қажеттілігінің 35%-ын емес, 43%-ын өтемек.

Премьер қант өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру үшін жаңа инвестициялар тартуға күш салатындарын жеткізді. Еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шикізат пен дайын өнімнің импортына тәуелділікті қысқартуға, сондай-ақ біртіндеп өзін-өзі қамтамасыз етуге көшуге бағытталған "Қант саласын дамыту жөніндегі 2022–2026 жылдарға арналған кешенді жоспары" іске асырылуда. Кешенді жоспар аясында қант зауыттарының технологиялық жабдықтарын жаңарту және кеңейту, жаңа инновациялық қант зауытын салу көзделген.

Қант зауыттарын шикізатпен қамту үшін Үкімет қант қызылшасының егістік алқаптарын жыл сайын орташа есеппен 6,5 мың гектарға ұлғайтып, 38 мың гектарға дейін жеткізбек. Салыстырсақ, рекорд орнатылған 2024 жылы қант қызылшасы жалпы көлемі 25,2 мың гектар егістікке егілді.

"Жоспарға сәйкес, қант зауыттарының технологиялық желісін жаңарту және өндірісті автоматтандыру үшін 2028 жылға дейінгі қаржыландырудың жалпы қажеттілігі 57,4 миллиард теңгені құрайды. Жамбыл облысында "Меркі қант зауытының" қуаттылығын 3 мыңнан 4 мың тоннаға дейін кеңейту, сонымен қатар "Тараз қант зауытында" қант қызылшасын өңдейтін технологиялық жабдықтарды орнату үшін техникалық-экономикалық негіздемелерді әзірлеу жұмыстары жүргізілуде", – деді О.Бектенов.

Жетісу облысында "Ақсу қант зауытын" жаңғыртуға 11,4 миллиард теңгеге жуық қаражат инвестицияланған. Сондай-ақ облыстық бюджеттен аталған зауыттың негізгі жабдықтарына жөндеу жүргізу үшін 3,3 миллиард теңге бөлініпті. Жөндеу жұмыстарын осы қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Өткен аптада Айдарбек Сапаровтың өзі Меркі зауытында қант қызылшасын қабылдау және өңдеу барысына инспекция жасап қайтты. Өйткені биыл Жамбыл облысында қант қызылшасының бұрын-соңды болмаған 600 мың тоннадан астам рекордтық өнім алынбақ. Меркі зауыты болса, соның ішінен тек 450 мың тоннаға дейінгісін қабылдауға және өңдеуге дайын.

Кәсіпорында жаңа егінді қабылдау тек қыркүйек айында басталды. Содан оған ағылған өнімнің үлкен көлеміне байланысты егінді қабылдауға қатысты қиындықтар туындады. Кіреберісте жүк көліктерінің ұзын-сонар кезектері пайда болды. Бірнеше күнге дейін ұзақ күтуге мәжбүр болған фермерлердің арасында наразылық, кикілжің туындады.

Содан өңірге ауыл шаруашылығы министрі шұғыл жетіп, зауыттың акционерлер-қожайындарын жеке жинап, алқа құрып, ақылдасты. Сондай-ақ жүргізушілермен келіссөздер жүргізді және фермерлердің қызылша жеткізілімдері реттелгеніне өзі көз жеткізді.

"АШМ Жамбыл облысымен бірлесіп, жағдайды түзеп, проблеманы шешуге бағытталған жедел шаралар қабылдады. 10 қазаннан бастап зауыттың қант қызылшасын қабылдаудың тәуліктік қуаты 4,5 мыңнан 5,9–6 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Өнімдер бекітілген кестеге сәйкес қабылданады", – деп хабарлады министрлік.

"Аграрлық несие корпорациясы" АҚ "Ақсу Қант" ЖШС-нің айналым қаражатын толықтыру үшін оның 15 миллиард теңге өтінімін мақұлдады. Енді "Меркі қант зауытының" 9 миллиард теңге сомасында қаржыландыру туралы өтінімін қарастыруда.

Бұған қоса, қант қызылшасын жұмыс істеп тұрған зауыттарға жеткізу тиімділігін арттыру мақсатында қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп қосымша қаражат бөлу мәселесін пысықтау үстінде. Мысалы, АШМ дерегінше, қант зауытынан 100 шақырымнан қашық жатқан егін шаруашылықтарының өз өнімін жеткізуіне кететін көлік шығындарын өтеу үшін қызылшасының әр келісіне 3 теңгеден төленетін болады.

Басқаша айтқанда, мемлекет бұл салаға ақшаны аяусыз төгіп жатыр. Соның нәтижесінде рекордтық қызылша қырманда шірімесе, қазақстандықтар тәттіден тарықпаса болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу