Қазақстандықтарға АҚШ-тың грин-карта лотереясына қатыспауға кеңес берілді

4505

Мұның қаншалықты шығынды іс екенін көпшілік біле бермейді.

Қазақстандықтарға АҚШ-тың грин-карта лотереясына қатыспауға кеңес берілді Фото: canva.com

АҚШ-тың төрткүл дүниенің әр түкпіріндегі елшіліктері Green Card DV-2026 лотереясы үшін өтінімдерді қабылдауға кірісті. Өтініштерді қабылдауды АҚШ Мемлекеттік департаменті 2024 жылғы 2 қазанда бастады, 5 қарашада аяқтайды.

"The Diversity Immigrant Visa Program" атауымен де белгілі грин-карт лотереясы жыл сайын өткізіледі. Оған АҚШ-қа қоныстанушы азаматтарының сан-легі аз елдер, соның ішінде Қазақстан тұрғындары қатыса алады. Лотерея жеңімпаздарына грин-карта автоматты түрде берілмейді, бұл – тек бастапқы мүмкіндік-шанс қана. Егер қол жеткізе алса, грин-карта Америкада тұрақты тұруға құқық беріп, тиісті мәртебесін растайтын жеке куәлікке айналады.

Оны алғысы келетін әрбір адам dvprogram.state.gov мекенжайына өтіп, өз бетінше анкета толтырады. Бұл тегін, ол үшін ешқандай ақы алмайды. Анкетаны тек қана ағылшын тілінде толтыру қажет.

"Қазіргі кезде Қазақстанда АҚШ-тың ұзақ мерзімді визасын алып қою сәнге айналды. Ішінде әріптестеріңіз, журналистер қаптап жүр. Бұрын қызметіміздің ақысы 30 мың теңгеден басталатын. Енді 100 мың теңгеден жоғарылаттық. Келушілер қатары қалың. Бірнеше айға оза жазылуда. Арасында ресейліктер өте көп. Біздің агенттіктің көмегіне жүгінгендердің жетпіс пайыздайы виза ала алады. Біз оларға әңгімелесу кезінде қалай жауап беру, тіпті қалай киіну керектігіне дейін үйретеміз. Барлық құжаттарын бірге жинаймыз, ақырғы шешім шыққанға дейін сүйемелдейміз. Грин-карта бойынша да кеңес сұраушылар жетерлік", – деді елордалық виза жөніндегі консультант Аружан Мәуленқұл.

Ол виза алғандардың да, грин-картаны ұтқандардың да үлкен бөлігі сол бойы Америкаға бармайтынын айтты. Өйткені бұл державадағы өмір өте қымбат. Мысалы, дәрігердің емдеуін айтпағанда, жедел жәрдем шақыру құны 4 мың долларға баруы мүмкін. Оны өтейтін жақсы медсақтандыруың болуы керек. Аз қамтылғандарға арналған Medicaid мемлекеттік бағдарламасы әдетте, қазақстандықтарға қолжетімсіз.

Сондықтан жалақысы жоғары, мықты жұмыс табуыңыз қажет. Сирек немесе америкалық нарықта сұраныс жоғары бір кәсіптің майталман маманы болмаса, ол адамға қара жұмыс үшін өзге еңбек мигранттарымен таласуына тура келеді.

Сол себепті, сарапшылар грин-карта лотереясын еріккеннің ермегіне айналдырмай, Америкаға шын мәнінде көшуді жоспарлап отырған азаматтарға жол беруді ұсынды. Өйткені "АҚШ-та тұрақты түруға рұқсат ететін грин-картам бар!" деп мақтану үшін ғана алып, бұл елге жарты жыл ішінде бармайтындар әлемде жетерлік. Оның үстіне құжаттарды рәсімдеу мен көшу үлкен шығынды талап ететінін түсіне бермейді.

Лотереяда жеңіске жету – дереу Green card беру дегенді білдірмейді:

  • бірсыпыра ұзын тізім бойынша сұратқан құжаттарды тап-тұйнақтай жинау,
  • олардың бәрін аударма бюросы арқылы ағылшын тіліне аудару,
  • ақылы медициналық комиссиядан өту,
  • консулдық алымды төлеу,
  • АҚШ консулдығында әңгімелесу рәсіміне қол жеткізу және одан сүрінбей өту,
  • Америкаға виза алу,
  • грин-карта үшін жарна енгізу сияқты толып жатқан талаптарды орындауы керек.

Сонымен бірге, Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыт елге отбасымен ұшып бару үшін авиабилетке біраз шығындалуға тура келеді. Ол да бір машақат: Қазақстаннан рейс тікелей ұшпайды, әуе көлігі ең құрығанда, бір рет қайта отырғызады (пересадка). Америкаға Алматыдан ұшу үшін бір адамға арналған билет орта есеппен 600 мың теңге тұратынын ескерсек, төрт адамдық шағын отбасының билет шығыны 2,5 миллионға жуықтайды.

Сондай-ақ барған қалада жалдамалы баспана тауып, орнығуға, алғашқы айларда тамақтануға, қаптаған федералдық және жергілікті (штаттық, муниципалдық) алым-салықтарын төлеуге, балаларды мектепке орналастыруға, өзге де қызметтерді тұтынуға мол қаражат қажет. Бір айдың шығынына 2-3 мың доллар (1,5 миллион теңге) де жетпеуі мүмкін.  

Блогер Юлия Монтанчестің айтуынша, Green card ұтып алған адамдардың көбісі сол бойы оны пайдаланбайды.

"Олар тіпті Америка елшілігіне құжаттарын да тапсырмайды. Мұның себебі неде? Себебі, бұл процедураның өзі қомақты қаражатты қажет етеді. Мысалы, отбасының барлық мүшесі медициналық тексеруден өтуге тиіс. АҚШ елшілігі әр елде тек маманданған бір-екі клиниканың беретін анықтамасы мен қорытындыларын ғана мойындайды. Мұндай медтексерудің бағасы әр елде әралуан: адамына 80-400 доллардан сұрайды. Яғни, төрт адамнан ғана тұратын отбасының шығыны 1 600 долларға жетуі мүмкін. Бұдан бөлек, елшіліктің құжаттарды қарау ақысы әрбір адамға 330 доллардан (1 320 доллар немесе шамамен 640 мың теңге). Назар аударатын жайт: осыдан кейін де АҚШ елшілігі сізді әңгімелесуге шақырмай қоюы мүмкін", – деді Юлия Монтанчес.

Тіпті шақырғанның өзінде бұл сізге америкалық виза беруден олардың бас тартпайтынын кепілдендірмейді. Ал, егер виза беру мақұлданса, онда грин-карта пластигін әзірлеу үшін отбасының әрбір мүшесіне 220 доллардан төлеу керек болады (4 адамнан құралған отбасыға 880 доллар не шамамен 426 мың теңге). Бұған барлық құжатты ағылшын тіліне аудару, көмектесетін агенттікке ақы төлеу, АҚШ-та талап етілетін екпе-вакциналарды салғызу және басқа да түрлі-түрлі шығын қосылады.  

Осы орайда грин-карта ұтып алған қазақстандық Игорь Сорокиннің хикаясы қызықты. Ол СҚО орталығы Петропавл жанындағы Кривоозер ауылында туып, өскен. Мектеп бітіргеннен кейін Алматыға оқуға түсті. Құрбы-құрдастарынан айырмашылығы сол, ол Америкаға қоныстануға мүмкіндік беретін грин-картаны ұтып алды.  

"Мен өзім Петропавл маңындағы Кривоозер атты шағын ауылданмын. Онда тұрғындар аз, жастары – одан да сирек. Бүкіл өлкеге тиген енші – жалғыз азық-түлік дүкені және қираған жолдар. Сондықтан жігерлі жасқа ол ауылда істейтін ештеңе жоқ, іші пысады... Басқа елге көшуге досыммен бірге құмарттық. АҚШ біз үшін эталон болды: америкалық мәдениет, тегеурінді маслкарлар, рок, ауыр металл ұнайды. Инновация да, адамдарға мемлекет тарапынан жақсы көзқарас та сонда. Бірақ университетіне грантпен түсу қиын, грантсыз оқу қымбат. Туристік виза жұмыс істеуге мүмкіндік бермейді. Жұмысшы визасы туралы армандай алмадық: біз ол кезде тек Алматыдағы университетте оқимыз және мықты маманға айналмаған едік", – деп еске түсіреді Игорь Сорокин.

2017 жылы түрлі нұсқаларды қарап жүріп, Green Card лотереясы туралы біледі. Бағдарламаның бітуіне үш күн қалған, әзер дегенде өтінім беріп үлгереді. Ұтып алу мүмкіндігіне сенбеген досы одан бас тартыпты.

"Лотереяға қатысу тегін. Егер сізден әлдекімдер ақша талап етсе, ол алаяқ болуы мүмкін. Ақша грин-карта ұтып алсаңыз көп керек болады. Мен анкетаны 2017 жылғы қарашада толтырдым. Тек 2018 жылғы 15 мамырда лотереяның нәтижелері жарияланды. Бұл күні бүкіл әлемнен жапырлай кірген жұрт сервисті істен шығарды. Түнгі үште ғана кіре алып, "You have been randomly selected..." (Сіз кездейсоқ таңдалдыңыз) деген жазуды оқып, шаттандым. Таңға дейін жаңа елдегі жаңа өмірім туралы қиялдадым. Артынша тек ұтқандарға ғана қолжетімді болатын DS-260 анкетасын толтырып, жібердім", – дейді Игорь.

Ол 2018 жылғы күзде интервьюға шақырыламын деп үміттеніпті. Бірақ "кейс намбері" үлкен (30 мыңның сыртында) болғандықтан, сол жылы шақырту алмаған. Case Number – ұтыс нөмірі, әрбір үміткердің ісінің және кейсінің жалпы кезектегі нөмірі. Игорь кейсінің нақты, толық нөмірін ешкімге айтпауға және көрсетпеуге кеңес береді: бұл ақпарат түрлі алаяқтар үшін өте құнды саналады. Жігіт мұндай нөмірмен сұхбаттасуға кезегі жетпейтінін, сөйтіп, визадан қағылатынын ойлап қамығады. Кезек тым шабан жылжыған. Еуропа (Қазақстан Еуропа аймағына жатқызылған екен) бойынша айына 1,5 мыңдай адамды қабылдаған.  

2019 жылғы наурызда оған консулдықта әңгімелесуден өту үшін "прескриндерді", яғни паспорт, туу туралы куәлік, әскери билет сияқты кейбір құжаттардың көшірмесін ағылшыншаға аудармай, түпнұсқа күйінде жіберу керектігі туралы талап түседі. Құжаттарды KCC (Kentucky Consular Center – лотереяның бас кеңсесі) поштасына жіберу керек. Егер уақытылы жібермесеңіз, елшіліктегі сұхбаттасу да тағайындалмайды.

2019 жылғы мамырда Игорьге көптен күткен сұхбатқа шақыру келді. 16 шілде күні Алматыдағы АҚШ консулдығына әңгімелесуге барды. Сұратқан оннан астам құжатты ұсынды. Интервью алдында Алматыдағы International Medical Center (IMC) немесе International SOS Clinic клиникаларында ақылы медтексерістен өту талап етілген. Консулдық тек солардың қорытындысын мойындады.

Сондай-ақ бала кезінен барлық екпелерді алғанына қарамастан, қайтадан қызылшаға, паротитке, қызамық-краснухаға қарсы вакцина салғызуға мәжбүр болды.

Сұхбаттасуға бірінші кезекте балалары бар отбасыларды шақырған. Бойдақ жастар соңына қалдырылды. Сол күні шамамен 25 үміткердің ішінен екі отбасыға виза беруді мақұлдаудан бас тартылыпты. Олардың құжаттарынан проблема табылды.

Әңгімелесу кезінде қайда оқығаны, мамандығы, қайда істейтіні, Америкада қайда барғысы, қандай кәсіппен айналысқысы келетіні туралы бірнеше қарапайым сұрақ қойылды, алдамай, шындығын айту сұралған. Бірнеше минуттан кейін ол: "Сіздің визаңыз мақұлданды!" деген аңсарлы сөзді естіді.  

Игорь Сорокин лотереяға қытысуға өтінімді 2017 жылғы қарашада жолдады, визаға тек 2019 жылғы 16 шілдеде ғана қол жеткізді. Ол бірінші талаптан ұтқан бақытты адамдардың біріне айналды. Дүниежүзінде 20 жылдай уақыттан бері лотереяға қатысып келе жатқандар бар көрінеді.

Берілген виза медсақтандырудан өткен күннен бастап жарты жыл бойы күшінде болады. Осы уақытта Америкаға кетіп үлгеру шарт.  

Игорь Сорокин 2019 жылдың соңында Америка Құрама Штаттарына аттанды. Вашингтон штатындағы Сиэтл қаласында орнықты, өзге өңірлерін аралады. Мамандығы бойынша қазақстандық, халықаралық компанияларға қашықтан графикалық дизайнер болып істеді. Бұл кезде әлемде коронавирус пандемиясы басталып кеткен еді. Дүниежүзінде карантин шаралары 2021 жылға дейін ұзады. Игорь 2020 жылдан 2021 жылдың соңына дейін фриланста болды, негізінен қазақстандық компаниялардың штаттан тыс дизайнері болып нәпақа тапты.

Өзінің мәліметінше, агенттіктермен, дизайн-студиялармен ынтымақтасқан, жеке жобалармен де айналысқан, UX/UI дизайн, прототиптеуді, графикалық дизайн, сайттардың дизайнын жасады. 2021 жылдан кейін Дубайға көшіп, бір жыл БАӘ-да өмір сүрді. 2023 жылдың шілдесіне дейін АҚШ нарығына жұмыс істеді.

Ал, былтырғы қыркүйекте елге, Алматыға оралған. Отандық жетекші банктердің біріне жұмысқа тұрды. Америка – балалық арманы болғанымен, Қазақстан "жүрегіне ыстық" екенін түсінген.

Сарапшылар Ресей, ТМД-ның өзге елдеріне қарағанда қазақстандықтардың Green card ұту мүмкіндігі жоғары екенін айтады. Мысалы, 2023 жылы Қазақстан азаматтарының рекордтық көлемі грин-карт ұтып алды.

Жалпы алғанда, былтыр әлемде АҚШ-тың түрлі типтегі визаларын 10,4 миллион адам алған. Бұл соңғы 7 жылдағы рекорд. Оның көбісі – 10,4 миллионы иммиграциялық емес, яғни туристік, іскерлік, студенттік сияқты визалар. Грин-картаны ең көп алған елдердің бестігіне Мексика, Үндістан, Куба, Доминикан Республикасы және Қытай кірді.

Грин-карта иеленген қазақстандықтардың саны да жыл сайын артуда. Егер 2022 жылы 1 637 отандасымыз АҚШ-та грин-картамен тұрақты тұру мүмкіндігін иеленсе, 2023 жылы бұл сан 2 610 адамға дейін күрт өсті.

Уақытша кіруге арналған иммиграциялық емес виза 29 876 қазақстандыққа берілді, бұл 2022 жылғыдан 45% көп. Оның ішінде 4 098-і – студенттік. Қалғаны – туристік және іскерлік визалар.

Жыл сайын мыңнан астам қазақстандық грин-карта лотереясын ұтады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу