Былтыр есепте тұрған науқастар саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 6%-ға артып, 231 мыңнан астам науқас болды. Соңғы 20 жылда Қазақстанда онкологиялық ауруларға шалдыққандар саны 29,4%-ға артқан, яғни, 2004 жылы – 29 157, 2024 жылы 41 293 адамның дерті анықталған.
Мамандардың айтуынша, елдегі ең көп таралған қатерлі ісіктерге – сүт безі қатерлі ісігі, тоқ ішек қатерлі ісігі, өкпе обыры, асқазан қатерлі ісігі жатады. Өлім-жітім бойынша өкпе обыры бірінші орында, одан кейін кезекте асқазан обыры, тоқ ішек қатерлі ісігі және сүт безі қатерлі ісігі тұр.
Дәрігерлер қатерлі ісіктің көбею статистикасын оларды анықтау көрсеткішінің артуымен байланыстырады, яғни бұған дейін тіркелмесе де дерт меңдеген адамдар көп болуы мүмкін. Қазір еліміз аты жаман ауруды анықтау мен емдеуде көптеген шетелдермен салыстырғанда алда.
Қазақстан онкологиялық емдеу бойынша тіпті Оңтүстік Корея мен Германиядан да қалыспайды. Бұл соңғы жылдары онкопатологиядан болатын өлім-жітімнің төмендеуіне септік еткен.
Мәселен, 2014 жылы қатерлі ісіктен 15 мыңнан астам адам қайтыс болса, былтыр бұл көрсеткіш 12 мың қазақстандыққа дейін төмендеді.
ДДҰ сарапшыларының мәліметі бойынша, салауатты өмір салтын ұстану арқылы қатерлі ісік ауруларының шамамен үштен бірін болдырмауға болады. Яғни, темекі шекпеу, алкогольден бас тарту, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және тұрақты медициналық тексеруден өтіп отыру керек. Алайда, көптеген адамдар қауіп факторлары туралы білмейді немесе олардың денсаулыққа әсерін дұрыс бағамдамайды.
– Қазақстанда жастар жағы дәстүрлі темекі өнімдерінен бас тарта бастады. Алайда біз оның орнына жаңа заманауи түрлеріне құмарлық артқанын көріп отырмыз. Қазір соны пайдаланатын азаматтар қатары барған сайын жасарып, тіпті балалар арасында да көбейді. Сондықтан көп күттірмей біз мұның салдарын көретініміз өкінішті. Ал ішімдікке үйірлік бойынша Қазақстан оны аз тұтынатын елдер қатарында. Сапасыз тамақтану да – қатерлі ісікке қауіп тудыратын факторлардың бірі. Қазір адамдар транс майларды өте көп қолданады. Транс майлар – қатерлі ісікке шалдығу қаупін күшейте түсетін ең басты өнімдердің бірі. Былай қарасаң, біздің қазіргі өмір сүру деңгейіміз бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Алайда дүкендерде тізіліп тұрған азық-түлік өнімдерінің көбі "сау" емес. Адамдар өздері сатып алып жейтін тағамдардың сапасына көп көңіл бөле бермейді. Әсіресе, транс майларға, жартылай фабрикаттарға, пакетте сақталатын өнімдерге мән бермейді, негізінде олардың бәрі – қауіп факторына жатады. Сонымен қатар, кериешки, чипсы жеу, кола, басқа да зиянды сусындар ішуге әуес балалалар мен жастардың да болашағы алаңдатады. Ондай ұрпақтың да қатерлі ісікке ілуге қаупі басым, ол алдағы уақытта біртіндеп көрініс табады. Қатерлі ісікті тудыру факторларына дене қимылының аздығы, ауаның ластануы, кейбір созылмалы аурулар, В, С гепатитінің вирустары да жатады, – дейді ДДҰ Қазақстандағы елдік кеңсесі Қоғамдық денсаулық сақтау бағдарламасының ұлттық үйлестірушісі Лаура Өтемісқызы.
Қазақстанда қатерлі ісікке ерлерге қарағанда әйелдер көбірек шалдығады. Бұл ретте 57 пайызы әйелдер, қалған 43 пайызы ер адамдар үлесінде. Әйелдер арасында сүт безі обыры кең таралған. Аурулардың ішінде Адам папилломы вирусы жатыр мойны және басқа да қатерлі ісік түрлерінің пайда болуына қатты әсер етеді. Сондықтан ДДҰ 9-14 жастағы қыздардың бәріне Адам папилломы вирусына қарсы екі рет екпе алуды ұсынады.
– Тұрақты тексеруден өту арқылы ғана ерте диагноз қойып, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік мол. Алайда әлі де болса негізгі проблемалардың бірі онкологиялық ауруларды кеш анықтау болып отыр. Көптеген қатерлі ісіктер ерте сатысында сәтті емделеді, бірақ уақтылы диагноз қойылмағандықтан, пациенттер медициналық көмекке тым кеш жүгінеді. Сол себепті онкологиялық аурулардың асқыну қаупі және оларды емдеудің заманауи мүмкіндіктері туралы халықты жан-жақты ұдайы ақпараттандыру қажет, – дейді ҰҒОО Басқарма төрағасы Жандос Бүркітбаев.
Ұлттық ғылыми онкология орталығы қатерлі ісік пен онкогематология бойынша клиникалық тәжірибе, білім және ғылым үштігін біріктіретін жетекші ғылыми-тәжірибелік медициналық ұйым саналады. Осы орталық берген мәліметтер бойынша қатерлі ісікке ең көп себеп болатын, яғни 50 пайыз экологиялық жағдайлар екен, атап айтқанда, темекі шегу, семіздік, вирустар мен бактериялар, ультра күлгін сәулелер, ішімдік және химиялық карциногендер осы факторға жатады.
Одан кейінгі 35 пайыз жағдайда оқыс мутациялар, яғни қартаюмен байланысты себептер кездеседі. Соңғы 15 пайыз жағдайда ата-анасынан берілуі, BRCA мутациясы мен Линча синдромы, простат және өкпе обыры себеп болады.
Өңірлер бойынша ең көп науқастар Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай облыстарында тіркелген. Ең азы Түркістан, Маңғыстау, Алматы облыстарында анықталған. Аталған орталықта қатерлі ісікті анықтау үшін онкологиялық скринингтердің 7 түрі, емдеудің 7 әдісі жүргізіледі.
Қазіргі таңда дертті емдеуде жаңа заманауи инновациялық технологиялар кеңінен енгізіліп, бұған мемлекет тарапынан қатты көңіл бөлініп отыр. Дегенмен "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде!" дегендей, дәрігерлер айтқан қауіп факторларын ескере отырып, ең бастысы жылына бір рет онкологиялық тексеруден өтіп отыру – бұл аурудан сақтанудың басты жолы.
Сондықтан қатерлі ісікке қауіп көп уақытта мамандарға қайталап қаралудан қашпай, деніңіз сау болып, ұзақ өмір сүру үшін скринингтерден өтуді кейінге қалдырмаңыз!