Қазақстандықтарға жаппай тегін жер тарату ұсынылды

15758

1,5 миллион баспанасыздың мәселесін шешу қарастырылуда. 

Қазақстандықтарға жаппай тегін жер тарату ұсынылды

Еліміздегі үйсіз-күйсіз жандардың проблемасын бірін-бірі алмастырған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары да, осы мақсатта құрылған мемлекеттік банк – ТҚЖБ да шеше алмады. Ал әкімдіктерде үй және жер кезегінде тұрған адамдардың қарасы тек көбейіп барады. Осыдан үш жылдай бұрын жеке тұрғын үй салуға 10 сотық жер алу үшін 1 млн 300 мың адам кезекте тұрыпты. Биыл олардың саны 1 миллион 500 мыңнан асып кетті. Мемлекет пен қоғам осы мәселені шешудің түрлі жолдарын қарастыруда. Мысалы, осы мақсатта қалаған барлық қазақстандыққа он сотықтан жер үлестіру де ұсынылды.

"Жер кезегінде тұрғандардың 1,5 миллионнан аса өтінішін қанағаттандыру үшін келесі шешімді ұсынамын. Біріншіден, барлық ауылдар мен қалалардағы жер учаскелерінің иелеріне ескі, апатты немесе сапасыз салынған үйлерді күресінге жіберіп, орнына жаңа үй салуына жаппай рұқсат беру керек. Әйтпесе, олар рұқсат ала алмай отыр. Екіншіден, ауылдық елді мекендерде жер телімдері негізінен жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін рәсімделген. Көлемі 0,25 сотық және одан асатын бұл жерлердің біраз бөлігі бос тұр. Сондықтан оның иесіне сол жерді бөлшектеп, өзге адамдардың үй салуына тапсыруына мүмкіндік беру керек. Әрине, бұл ретте құрылыс және өртке қарсы талаптар сақталуын міндеттеу қажет", – деп бастама көтерді қоғам белсендісі Алтынбек Сейітов.

Алтынбек Темірғалиұлының пікірінше, ауылдағы немесе қаладағы иесіз бос жерлерге өз бетінше үй саламын деушілердің бәріне меморгандар мен жергілікті атқарушы органдар еш кедергісіз әрі сергелдеңге салусыз рұқсат құжаттарын беруге тиіс.

"Егер Үкімет осы бастамаға оң қарап, бүкіл еліміз бойынша жеке үй құрылысының басталуына жол ашса, халық мемлекеттің шын қамқорлығын сезінеді. Өйткені біріншіден, бұл жоба бюджеттен қаржы салуды талап етпейді, халық өз баспанасын өзі салып алады. Екіншіден, баспанасыздар қатары күрт азаяды, азаматтар тұрғын үй жағдайларын жақсартады. Үшіншіден, елді мекендерде жеке тұрғын үй алаптары үшін жаңа жер телімдерін іздеудің қажеті болмайды. Төртіншіден, ел экономикасына жан кіреді, құрылыс қарқын алады, құрылыс материалдарына, көлік тасымалына және басқасына сұраныс артады. Бесіншіден, жаңа жұмыс орындары ашылады. Өз үйін салушылардың көбі құрылысшылар, сантехниктер, электриктер қызметіне жүгінеді. Ал алтыншыдан, бюджетке түсетін салық түсімдері артады. Себебі, жаңадан бой көтерген үйлер салықтық базаны ұлғайтады. Тек меморгандар осыған рұқсат беретін тиісті нормативтік құқықтық актілерді әзірлесе болғаны", – дейді А.Сейітов.

Үкімет не дейді?

Ауыл шаруашылығы министрлігі жерді бөлуге болатынын білдірді. АШМ-ның Жер ресурстарын басқару комитетінің мәліметінше, Жер кодексінің 102-бабының 2-тармағына сәйкес, үй маңындағы телiм ауыл шегінде беріледі және тек ауыл шаруашылығы өнімін өндіру үшін ғана емес, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес тұрғын үй, шаруашылық-тұрмыстық құрылыстар тұрғызу үшін пайдаланыла алады.

"Жер кодексіне сәйкес, жер учаскесi бөлiнетiн және бөлiнбейтiн болып келеді. Жер учаскесiн егер нысаналы мақсатын өзгертпесе және өртке қарсы, санитарлық, экологиялық, құрылыс және өзге де мiндеттi нормалар мен ережелердi бұзбаса, бөлiктерге бөлуге болады. Бөлiнгеннен кейiн олардың әрқайсысы дербес жер учаскесiне айналады. Жалпы, жер учаскесiнiң бөлінетіні не бөлiнбейтiнi оның сәйкестендіру құжатында көрсетiледi. Солай жазылса, жер иесі өз жерін бөлшектеуге және онда тұрғын үй немесе басқа да шаруашылық, тұрмыстық құрылыстар салуға құқылы. Ал ескі, апатты, сапасыз үйлерді сүру біздің министрлік құзырына жатпайды", – дейді Жер ресурстарын басқару комитеті төрайымның орынбасары Алмас Алпамышов.

Комитет жеке тұрғын үй тұрғызуға жер алу кезегі жыл сайын өсіп келе жатқанын растады: 2018 жылғы 1 шілдеде ол кезекте 1 млн 456 мың 379 адам тұрған. Содан бері кезек тағы 100 мыңдай адамға артты. Алайда 2 жыл ішінде еліміз бойынша кезектегілердің арасынан небары 30 мыңдайына ғана 10 сотық берілген.

2017 жылы – 28 мыңнан астам, 2018 жылы – шамамен 23 мың, 2019 жылы – 10 мың адам жер учаскесіне қол жеткізіпті. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында бар-жоғы 1 мың 941 адам ғана жер ала алды.

Үкімет неге жаппай құрылысқа бармайды?

Жер ресурстарын басқару комитеті жер беру ісінің неге қарқын алмай отырғанын түсіндірді: мысалы, әкімдер қалаларда тек сол ауданға электр сымын және су құбырын тартқаннан кейін ғана жер телімін үлестіруге міндетті. Ал ауылдарда сумен жабдықтау жүйесінсіз жер беруге рұқсат. Бірақ жарық берілуі керек.

Әйтпесе, оның теріс салдары да көп болады. Мысалы, Атырау қаласының Зарослый елді мекенінің тұрғындары бірнеше жылдан бері инженерлік, коммуникациялық желілер жоқтығына шағымданып келеді. 

"Біз Зарослый ауданында бірнеше жыл бұрын жеке тұрғын үй салып алдық. Бұдан бұрын алдымыз 16 жыл кезекте тұрғанбыз. Кейін жер берілді. Алайда Үкімет қажетті инфрақұрылым жасап бермеуіне байланысты салып біткен үйлерімізге қоныстана алмай отырмыз. Амалсыздан қоныстанған отбасылар бар, олар жаңбырлы күндері үйлеріне жете алмай, балаларымен бірге қалада пәтер жалдауға мәжбүр болады. 5 жылдан бері облыс, қала әкімдерінін қабылдауында болып, уәделеріне тойып келеміз", – дейді Асқар Байбатов.

Тұрғындар жергілікті ТКШ маманы Аңсаған Сағынбаеваның баспасөзде жариялаған мәліметінен үміт еткен-тін: әкімдік өкілі биылғы 14 сәуірде берген сұхбатында "Зарослый" елді мекеніне арналған жобалау-сметалық құжаттама 2019 жылы сараптамадан өтіп, оң қорытынды алғанын айтты. Енді 2020 жылы қаражат бөлініп, жол ең алдымен Атыраудың осы жаңа тұрғын үй алабына жүргізілуге тиіс еді.

"Алайда әкіміміз Нұрлан Халмурзин 11 маусым күні электр трансформаторларын ғана орнатамыз, жол жасалмайды деп мәлімдеді. Мемсараптамадан өтсе, құжаттары толықтай дайын болса, жолға қандай себептермен қаражат бөлінбей қалғаны белгісіз", – дейді А.Байбатов.

Осылайша, елде бір проблеманың шешімі басқа проблема тудыратын парадоксты жағдай қалыптасуда.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу