Қазақстанға ағаш егуді моңғол мен өзбек ағайындардан үйренуге тура келеді

3568

Таяуда Мәжіліс "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді" ратификациялаған.

Қазақстанға ағаш егуді моңғол мен өзбек ағайындардан үйренуге тура келеді Фото: canva.com

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, осы келісім аясында бауырлас екі ел Арал табанында бірге орман отырғызатын болады.

"Келісім аясындағы ынтымақтастықтың жаңа бір бағыты – өзбек тарапымен тізе қосып, Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу. Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарларын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтату бойынша қазақ-өзбек тараптарының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді", – деді еліміздің бас экологы.

Оның айтуынша, Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы алаңы шамамен 6 миллион гектарды құрайды. Соның ішінде бұрынғы теңіздің Қазақстанға қарасты құрғаған табаны 2,8 миллион гектар. Қалған негізгі бөлігі өзбектерге тиесілі.

"Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы көлемі 1,1 миллион гектарды құрайтын алаңда сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді. Сонымен қатар келісім аясында Қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық бойынша қазақ-өзбек бірлескен комиссиясы құрылады. Комиссия отырыстары екі мемлекеттің аумағында кезекпен, тұрақты түрде, жылына кемінде 1 рет өткізіледі. Отырыс шешімдері хаттамамен рәсімделеді. Келісімде көзделген барлық бағыттар бойынша жұмыс құрылатын комиссия аясында жүзеге асырылатын болады", – деді Ерлан Нысанбаев.

Депутаттар өзбектердің қарқыны жақсы екенін, қазақстандық тараптың қимылына керісінше, қарын ашатынын ашық айтты. Сөзі көл, ісі шөл жағдайда.

"Екі елдің мемлекет басшылары Арал теңізінің проблемасын шешу кезек күттірмейтін мәселе екенін барлық деңгейде айтып жүр. Бүгінде Өзбекстан бұл бағытта пәрменді шаралар қабылдауда. Олар Арал теңізінің түбін көгалдандыруды екпінді жалғастырып жатыр. Биылдың өзінде 10 гектар жерге 10 мыңға жуық сексеуіл көшетін егіп тастады. Біз де солай жасап, Аралды құтқару үшін барлық мүмкіндікті пайдалануымыз қажет. Аралдың табанынан су кеткенімен халықтың өмірден үміті өшкен жоқ", – деді мәжілісмен Мархабат Жайымбетов.

Оның айтуынша, 1,1 миллионмен шектелмеу керек, теңіздің бүкіл құрғаған табанына сексеуіл егіп шыққан жөн.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Үкімет Қазақстан территориясындағы 2,8 миллион гектар шаңы бұрқыраған жердің 1,1 миллион гектарына 2025 жылдың аяғына дейін көшет отырғызып шығуға тиіс. Қазіргі кезде 609 мың гектар жерге көшет отырғызылды деген мәлімет бар. Бірақ 1,1 миллион гектардан басқа бізде тағы 1,7 миллион гектар жер қалады", – деді депутат.

Экология министрі Ерлан Нысанбаев Өзбекстанмен арада негізі 2 құжат бекітілгенін, соған сәйкес Аралдың құрғаған табанында енді бірлесіп жұмыс жасайтындарын жеткізді. Оның біреуі – 2021 жылы қол қойылған Жол картасы, яғни Аралдың құрғаған табанына сексеуіл егу мәселесі бойынша. Екіншісі – 2022 жылы Мемлекет басшысының Өзбекстанға сапары аясында орман шаруашылығы мәселесінде ынтымақтастықты нығайту бойынша қол қойылған меморандум.

"Біз бүгінгі күні осының аясында жұмыс жүргізудеміз. Қос мемлекеттің ғалымдары бұл бағытта қоян-қолтық жұмыс жасауда. Жылда көктем айларында екі тарап бір-біріне барып, атқарылған жұмыстың ауқымын бағамдайды. Жалпы, екі елдің ғылыми әзірлемелерін, жетістіктерін екі жақ та қолданады. Осы өндірісте жұмыс жасап жатқан мамандар қарым-қатынасты үзбей, жыл сайын бір-біріне барып, технологиялар алмасады", – деді Экология және табиғи ресурстар министрі.

Ол еліміз тарапынан жасалып жатқан жұмысқа тоқталды.

"Шынында да, Өзбекстан өз территориясында бізге қарағанда молырақ ағаш отырғызуда. Бүгінде олар бір ғана Аралдың құрғаған табанында 1,7 миллион гектар жерге сексеуіл егілді деп отыр. Себебі, теңіздің Өзбекстан жағындағы 3 миллион гектар жерінен су бірінші кетті, алдымен сол жақ құрғады. Ал, Қазақстан тәуелсіздік алғашқы жиырма жылында, 2011-2012 жылдарға дейін кепкен 2,8 миллион гектардың небары 337 мың гектарына ғана сексеуіл көшетін еге алды. Президенттің тапсырмасының аясында бүгінде тағы 443 мың гектар жерге көшет отырғызылды", – деп ақпараттандырды елдің бас экологы Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, биылғы көктемде тек 65 мың көшет қана отырғызылыпты. Күздің аяғына дейін 210 мың гектар жерге тұқым егіледі деп жоспарланған. Келесі жылдың соңына дейін міндеттелгендей, 1 миллион 100 мың гектар жерге көшет отырғызылады деп белгіленіпті. Орындала ма, белгісіз.

Депутаттар айтқандай, шаңы аспан мен айналасына бұрқырай ұшқан қалған 1,7 миллион гектардың жағдайы әзірге белгісіз, оған нақты жоспар жоқ көрінеді.

Мәжілісмен Болатбек Нажметдинұлы қалыптасқан тұйықтан шығар жолды іздеу керектігін айтады.

"Бақша шаруашылығы саласынан шыққан адам ретінде айтайын. Ағаш егу мәселесінде мемлекеттің тиімділігі өте төмен. Қазақстанда егілген көшеттердің 50 пайыздан азы ғана жерсініп, желек жайып кетеді! Жеке шаруашылықтарда бұл көрсеткіш 90 пайызға дейін жетеді. Отырғызылған ағаштың өніп кетуі 85 пайыздан төмен болса, бұл жеке бақшашылар үшін трагедияға тең. Мемлекеттің алқаптарында бір гектарда жапырақ жайған ағаштардың қарқындылығы көп төмен, алайда шығындары жеке сектордағыдан әлдеқайда артық. Кәсіпкерлер бұл мәселеге ғылыми тұрғыдан келеді, сондықтан тиімділігі де жоғары", – деді депутат.

Осыған орай ол Президент тапсырмасын орындауға жеке бизнесті де тартуды ұсынды.

"Біз еліміз бойынша 2 миллиард ағаш отырғызуға міндеттеме алдық. Оның ішінде сексеуіл және басқасы бар. Бірақ министрліктің дерегінше, олардың жерсініп кететіндері 50 пайыздан аз. Олай болса, 2 миллиардтың жартысынан көбі кейін қурап қалуы мүмкін. Министрлік бұл бағдарламаларға желек жайып кеткен ағаштарының үлесі 90%-ға дейін жететін ауыл кәсіпкерлерін тартуы қажет. Астана, Алматы, Тараз, Шымкент пен Туркестан жақта мұндай үлгілі аграршылар  жетерлік. Мемлекет өнімділік, сапа, тиімділік тұрғысынан олардың қолына су құя алмай қалды. Мысалы, Түркістан облысының бір ғана паркті жасауға жұмсаған қаражатынан екі еседей аз шығын шығарып, аграршылар 400 гектар егіске жеміс ағаштарын егіп шықты", – дейді мәжілісмен.  

Оның дерегінше, жеке секторда жеміс ағаштарының алқабында әрбір гектарда 600-ден 2,5 мыңға дейін көшет отырғызылып, көбі өседі. Мемлекеттің жетістігі бұған жете қоймайды екен.

Таяуда Мемлекет басшысымен бірге Моңғолияға сапарлаған ақпарат құралдарының өкілдері бұл елдің ағаш егудегі ғаламат жетістіктеріне таңғалып, тәнті болды. Мысалы, 2023 жылы Моңғолия Ресейдегі бауырларының құрметіне "Бурятияның 100 жылдығы" орманын қалыптастыруға кірісті. Кикин орман шаруашылығының мамандары 1 гектарда 5,5 мың қарағайдан отырғызған. Ендеше олардың өнімділігі қазақстандық ең озық аграршылардан екі еседен астам жоғары.

Моңғолия Ресеймен шекарасында биыл 1 миллион қарағай көшетін отырғызып шықты.

"1 миллион көшет отырғызу арқылы біз деградацияға ұшыраған 400 гектар жерді рекультивациялауды аяқтадық. Бұл жұмыс жыл сайынғы "Миллиард ағаш" ұлттық қозғалысы аясында жүргізілді. Бұл қозғалыс Моңғолияны шөл басуын тоқтатуға бағытталған", – деп хабарлады шекарадағы Алтанбулаг автомобильдік бақылау-өткізу бекетінің әкімшілігі.

Моңғолия ағаш егу ісінде мұндай ғаламат еңбек өнімділігіне қалай қол жеткізген? Олар шөлейтті, ыстық климатқа арналған Австралияның технологиясын жерсіндірді және көшеттерді ауыл шаруашылығы дрондарының көмегімен өсіреді.

Осы технологияны Моңғолияда бірінші болып қолданып, әбден төселіп алған моңғолдың бір компаниясы "Оюу толгой" мамандарының түсіндіруінше, бөлінген аймаққа ағаш тұқымдары салынған арнайы капсулалар дрондардың көмегімен жаппай себіледі. 2023 жылдың мамырында компания тұқымы бар 27 мың капсуланы егіп шыққан. Ондағы капсулаларға қылқанжапырақты ағаштардың 4 түрі және аққайыңның бір түрі салынған.  

2023 жылдың тамызынан 2024 жылғы шілде аралығында жүргізілген бақылау көрсеткендей, қоректік заттары бар арнайы капсула ішінде өнген ағаш тұқымдары табысты жерсініп, жақсы өсіп келе жатыр. Осы бір ғана компания 100 миллион ағаш отырғызуға міндеттеме алған.

Осылайша, Моңғолия өз территориясын қуаңшылық пен шөлденуден қорғап, ормандарды қалпына келтіріп, елді кең ауқымды жасылдандыруда жаңа технологияларды, ұшқышсыз ұшатын аппараттарды кең пайдалана бастады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу