Қазақстанға қарасты грузиялық теңіз портының жұмысы қалпына келтірілді

2388

Батуми теңіз портында қалыптасқан жағдай тұрақтанып, қалпына келе бастады.

Қазақстанға қарасты грузиялық теңіз портының жұмысы қалпына келтірілді

Халықаралық ақпарат құралдары сейсенбіден бері Аджарияның Қара теңіз жағалауындағы қаласында орналасқан айлақта бейберекетсіз жағдай орын алып жатқанын хабарлай бастаған.

"Теңіз айлағының жұмысы толығымен қаңтарылып тұр. Крандар, жүкші-докерлер, буксирлар, шаруашылық тобы жұмысын доғарды. Батуми теңіз порты арқылы жүретін тауарайналым тиылды. Бізге кемелер кіре алмауда", – деп мәлім етті порт жұмысшыларының бірі.

Өйткені онда ондаған жұмысшы ереуілге шыққан. Сонымен бірге оншақты еңбеккер аштық жариялапты. Олар теңіз порты жұмысшыларын жұмыстан босатуды тиюды талап етті.

"Порт басшылығы қайта құрылымдауды жоспарлауда. Біз ондай жайларды үнемі кеш білеміз. Қайта ұйымдастыру фирмалар бойынша қайта бөлуге, порттан ажыратуға ұласады, ал біз оған үзілді-кесілді қарсымыз. Жалпы алғанда, 75 адамды қысқартпақ ойлары бар көрінеді. 25 зейнеткерді жұмыстан шығарып та тастады", – дейді ереуілшілердің бірі.  Батуми айлағының әкімшілігі "күрделі қаржылық жағдайына" байланысты кәсіпорынды қайта ұйымдастыру және жұмысшы персоналын қысқарту жоспарланып отырғанын ресми жария еткен-тін.

Сондықтан Қазақстан үкіметі атынан шетелдегі осы айлаққа иелік ететін "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы басшылығының өкілдері Батуми қаласына суыт ұшқан болатын.

Бұл ретте "ҚазТрансОйл" АҚ-ы басқармасының мүшелері – бас директордың орынбасары Орал Ыдырысов пен басқарушы директор Жайдарман Исақовқа Батуми теңіз портының ереуілге шыққан жұмыскерлерімен келіссөз жүргізу, жағдайды реттеу және порттың операциялық жұмысын тұрақтандыру тапсырылған, соған қажетті тиісті өкілеттіктер берілген.

Осы орайда ақпарат құралдарына мәлімдеме таратқан "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясы жұмыскерлердің ереуілі мен аштық жариялау акциясын ұйымдастыру бойынша өзінің ұстанымы анық әрі нық екенін, ол – "барлық мәселелерді сол нысан орналасқан аумақта, яғни Грузия республикасының құқықтық өрісі аясында әрі грузин еңбек заңнамасында қарастырылған медиация рәсімі шеңберінде шешуді" қарастыратынын жеткізді. 

Компания басшылығы сондай-ақ Батуми теңіз портында байланған айлақ флоты кемелерінің рұқсатсыз теңізге шығып кетуі, өзге кемелер үшін кіру фарватерін бұғаттап тастау оқиғаларына да түсініктеме берді.

"2018 жылғы 3 сәуір күні сағат 23.00-де Аджарияның құқық қорғау органдарының қатысуымен, порт айдынына шығу жолы босатылды. Кемелер порт тұрағына қайтарылып, шынжырлап бекітілді. Қазіргі уақытта порттың жұмысы қайта жандандырылды. Нысан бұрынғы режимде жұмыс істеуде. Порт флоты кемелерінің өз бетінше кетіп қалуы және кіру фарватерін бұғаттап тастау фактілері бойынша Грузия республикасының құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын бастады. Жағдайдың реттелу барысы туралы жұртшылықты және БАҚ-ты оқиғалардың даму барысына қарай хабардар ететін боламыз", – деп мәлім етті қазақстандық ұлттық компания. 

Бүгін Батуми теңіз портының (БТП) сегіз жұмыскерінің екеуі аштық жариялауды тоқтатқаны жарияланды.

"Наразылық білдірушілердің қалғаны акцияны тоқтатып, жұмыс орындарына оралды. Мұндай шешімге келіссөз барысында қол жеткізілді, оған наразылық білдіруші жұмыскерлер және БТП кәсіподағы, Аджария автономиялық республикасы үкіметінің өкілдері, басқарушы компания атынан "Батуми мұнай терминалы" ЖШҚ басшылығы қатысты", – деп құлағдар етті "ҚазТрансОйл" ұлттық компаниясының жұртшылықпен байланыс және ішкі коммуникациялар қызметінің бас менеджері Елена Трифонова.

Ақпарат агенттіктерінің дерегі бойынша "ҚазТрансОйл" компаниясы ереуілге шыққан жұмысшылардың жұмыстан босатудан бас тартыпты.

Алайда грузиндік ақпарат құралдары өкілдерінің мәліметінше, алты жұмысшы аштық жариялауын жалғастыруда. Олар айлақтың бас директоры Данияр Мұхамед-Рақымның отставкаға кетуін талап етіп, табандауда екен.

Тараптар қол жеткізген мәміленің егжей-тегжейі жөнінде БТП жұмысшылары кәсіподағының басшысы Амиран Микеладзе баяндады. Оның айтуынша, қазақстандық компания мен айлақ кәсіподағы арасындағы уағдаластыққа сәйкес, бұрын жұмыстан шығарылғандардың барлығы жұмыстарына қайтарылады.

Амиран Микеладзе жұмысшылардың айлақ басшылығына қатысты бірбеткей, қыңыр ұстанымын да түсіндіре кетті: "Бас директор о бастан қатаң позиция ұстанып келеді, ол ешкімге де ескертпеді, ешкіммен де жағдайды талқыға салмады. Өз бетінше жұмысшыларды қысқарту туралы шешім қабылдаған. Грузияның еңбек, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау министрлігі араға килігіп, араағайын болғанша, соңына дейін басқа шешімге бет бұрмады", – деді кәсіподақ жетекшісі.

Ол зейнетжасына жетуіне байланысты жұмыстан кету туралы өтініш жазуға мәжбүр болған 25 жұмысшы да еңбекпен айналысуларын жалғастырып жатқандарына, бірақ олардың кейінгі тағдыры белгісіз екеніне назар аудартады. Кәсіподақ оларды да қалдыру жайында "ҚазТрансОйлмен" келісімге келмек ниетті.   

Ал Аджария жоғарғы кеңесінің мүшесі Гия Абуладзе бұл жағдайдан "Батуми айлағын жасанды түрде банкротқа ұшыратып, рейдерлік басып алу" талабын байқапты.

"Басып алудың екі нұсқасы қарастырылуда. Біріншісі – портты және оның құрамына кіретін мұнай терминалын өте төмен бағаға сатып алуды көздейді, екіншісі бойынша портты офшорлық компания арқылы иеленуді тұспалдайды. Грузия билігіндегілер қуатты инвестор болып табылатын "ҚазТрансОйлды" басқа компанияға ауыстыру туралы ниетін 22 наурызда-ақ білдірді: сонда Wonderder Express армян компаниясының Батуми порты аумағында жаңа терминал салатыны жария етілді", – деген Гия Абуладзенің сөзін "Грузия Online" келтіріп отыр.

Әйткенмен, БТП-ны басқаратын "Батуми мұнай терминалы" компаниясының бас директоры Мұрат Жұмадиллаев жағдайды қолдан ушықтырмауға шақырады.

"Кейбіреулер шындыққа жатпайтын ақпарат таратып, біздің ішкі корпоративтік оқиғаға саяси реңк беруге тырысуда. Біз "Батуми мұнай терминалы" компаниялар тобының елдегі бизнес ахуалды жақсарту бойынша Грузияның мемлекеттік органдары жүргізіп отырған саясатқа құрметпен қарайтынын жеткізгім келеді", – деді терминал басшысы.

Айтқандай, 2015 жылы "ҚазТрансОйл" АҚ-ы Batumi Terminals Limited компаниясын жойып, "Батуми мұнай терминалы" жауапкершілігі шектеулі қоғамның толыққанды қожайынына айналған болатын. 

Қалай болғанда, жағдай реттеле бастағанға ұқсайды. Астанадан арнайы аттанған "ҚазТрансОйл" басқармасының мүшелері ереуілдің тоқтауына және айлақ жұмысының қалыпты жұмысына көшуіне қол жеткізді. 

Өз кезегінде Батуми теңіз портының бас директоры Данияр Мұхамед-Рақым "ҚазТрансОйлмен" кеңесулерден кейін кәсіпорынды қайта ұйымдастыруды уақытша тоқтатқандарын мәлімдеді:

"Жағдай айқындалғанға дейін және порт үшін барынша тиімді шешім іздеп, табылғанға дейін мәселе күн тәртібінен алынып тасталды", – деді айлақ басшысы.

Ол порт жұмысындағы жариялылықты арттыру үшін комиссия құрылғанын, комиссия мүшелері еңбек ұжымындағы тұрақтылықты сақтаумен шұғылданатынын жеткізді. Жұмысшылардың талабы бойынша комиссияға порт әкімшілігі емес, "Батуми мұнай терминалының" басшылығы жетекшілік етпек.  

"ҚазТрансОйл" БТП-дағы жағдайды ары қарай қадағалауда ұстайтынын баяндайды. Компания ақпарынша, наразылық білдірушілердің талабы қысқартуды тоқтатумен шектелмейді, оның сыртында "бұрын тараптардың келісімі бойынша жұмыстан шығарылған зейнеткерлік жасқа жеткен жұмыскерлерді жұмысқа қайта алуды", "Пасха мерекесіне орай қаржылық көмек беруді", "сақтандыру пакетін қайта қарауды", "порт жұмыскерлерінің еңбекақысын көбейтуді" және басқаларын қозғайды.

2017 жылы Грузиядағы "Батуми теңіз порты" арқылы 4,2 миллион тонна жүк тиеп-жөнелтілген. Бұл ретте оның көрсеткіші алдыңғы жылғыдан 25%-ға құлдырады. Соның ішінде құрғақ жүктерді өңдеу көлемі былтыр 9,1%-ға немесе 795 мың тоннаға дейін азайып кетті. Портты басқаруға басқа бір компанияны тарту бастамасы да содан туындаса керек.

Магистральдық мұнай құбыры бойынша Қазақстанның ұлттық операторы болып табылатын "ҚазТрансОйл" АҚ-ы 2017 жылғы 22 тамыздан бастап, "Батуми мұнай терминалы" ЖШҚ-ға 100% қатысу үлесіне ие, ол арқылы Грузиядағы өндірістік активтерге тікелей иелік ету және басқару жүзеге асырылады.

"Батуми мұнай терминалы" ЖШҚ "Батуми теңіз порты" ЖШҚ-ның 100% үлесіне қатысты айырықша басқару құқығына ие. "Батуми мұнай терминалы" мұнайды, мұнай өнімдерін және газды, сондай-ақ оларды қайта өңдеу өнімдерін ауыстырып тиеу, тасымалдау, жөнелту, сатып алу және сату бойынша қызметтерді ұсынады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу