Он жылға созылған даудың нүктесі

2324

Грузиядағы Қазақстан активтері сатылды.

Он жылға созылған даудың нүктесі

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының Грузия астанасы Тбилисидегі газ тарату станциясын сатып алуына қатысты көп жылға созылған мәселесі шешімін тапты. Қазақстандық тарап үшін "бас ауруына" айналған бұл активті сатуға қатысты келісім жасалғаны осы аптада белгілі болды.

"ҚазТрансГаз – Тбилиси"
"ҚазТрансГаз – Тбилиси" компаниясын Маршаллов аралдарында тіркелген WALTBAY LTD компаниясы (бұл грузиндік Caucasus Business Solution (CBS) бизнес-тобының еншілес компаниясы) сатып алды, деп хабарлайды Бірінші арна (Грузия). Келісімнің құны жарияланбайды.

Компаниядағылар үлесті офшорда тіркелген компания арқылы сатып алу сауда үдерісін жеңілдету үшін жасалды деп түсіндірді. Жақында офшордағы"еншілес" компания "ҚазТрансГаз"-дың үлесін Грузияда тіркелген бас компанияға береді.

Еске салар болсақ, 2007 жылы "ҚазТрансГаз" бұл нысанды Грузиядан сатып алған, ол кезде бұл компанияның жағдайы мүшкіл болатын. Қазақстандық тарап оны жаңғыртуға 100 млн доллардан астам қаражат салды.

Осыдан бұрын елордалық журналистерге сол кезде Қазақстанның Тбилисидегі елшісі болған Ермұхамбет Ертісбаев: "2008 жылы, бізде ақша көп болып, мұнай бағасы 100 доллардан асып тұрған кезде, біреу, атын айтпай-ақ қояйын, осы инвестицияны салуға шешім қабылдаған. Кез келген инвестиция тәуекелді, бірақ тап осы актив аса тәуекелді болды", – деген еді.

Ол бастапқыда қазақстандық газ Грузияға ресейлік құбырлар арқылы барады деп жоспарланғанын, алайда 2008 жылдың тамызында болған соғыс бұл жоспарды бұзғанын айтты.

"Біздің менеджмент қиын жағдайға тап болды, өйткені Тбилисидің миллиондаған тұрғынына газ қажет. Содан оны Әзербайжаннан басқа тарифпен сатып алуға тура келді. Осының салдарынан біз 40 млн долларға қарызға "кірдік". Қазақстандық тарап бұл өзінің қарызы екеніне келіспейді, ал грузиялық тарап болса басқаша ойлайды. Менің Грузияға елші болып келгеніме дейін бірнеше сот болған. Алматы қалалық соты шешімді "ҚазМұнайГаз" компаниясының пайдасына шешті, ал Кутаиск соты болса өз елінің пайдасы үшін шешім шығарды. Содан мәселе шешімін таппай, тұрып қалды", – деді Ермұхамбет Ертісбаев.

Аbctv.kz тілшісі былтыр қазақстандық тараптың бұл активке жұмсаған жалпы шығысы 160 млн доллар болғанын анықтады. Сол кезде "ҚазТрансГаз" басшылығы Лондондағы төрелік сотқа жүгінуге шешім қабылдаған. Содан грузиялық тарап өзінің ұтылып қалатынын түсініп, сағызша созылған дауды реттеу үшін өзара келісім жасауға шешім қабылдады. Сөйтіп бар қарыз есептен шығарылды.

Осылайша, Қазақстан тек 10 жыл өткеннен кейін ғана еңсесін басқан активінен құтылды.

Батуми терминалы құнын жоғалтуда
"ҚазТрансГаз-Тбилиси"-ге қатысты мәселенің анық-қанығы белгілі болса, ал осы елдегі екінші қазақстандық актив – Батуми терминалына қатысты мәселе екі ұдай жағдайда қалып отыр. Жақында осы нысанды сатып алатын ықтимал сатып алушының бар екені, оның нысан мүлкіне бағалау жүргізіп жатқаны белгілі болды.

"Бұл жолы сатып алушы бөтен емес, яғни басқа жақтан емес, "ҚазМұнайГаз"-дың (ҚМГ) еншілестерінің бірі. Яғни терминал ұлттық компанияның иелік етуінде қала бермек. Әйтсе де нақты бір нәрсе айту әзірге ерте", – деді жасырын қалғысы келген ақпарат көзі.

Алайда біздің Тбилисидегі дереккөзіміз abctv.kz тілшісіне сатып алушы "Ромпетрол" компаниясы ("ҚМГ"-ге, дұрысы,оның №1 еншілесі "ҚазТрансойл"-ға тиесілі – автор еск.) болуы мүмкін екенін мәлім етті. Мұнайды Батуми терминалы арқылы Қара теңіз бойынша Констанцедегі МӨЗ-ге жеткізуге болатынын ескерсек, онда "Ромпетрол"-дың таңдауы дұрыс. Бірақ ақыр-соңында бұл актив неге сатылатын болды деген сұрақ туындайды.

Ол үшін бұл активті сатып алудың тарихына тоқталған жөн. 2008 жылы "ҚазТрансОйл" менеджерлерінің оны сатып алуға қатысты бастапқы есептері стратегиялық тұрғыдан дұрыс болды. Біздің мұнай өнімдеріміз бен астығымыз үшін Батуми портындағы терминал Қара теңіз арқылы Таяу Шығыс, Мысыр, Еуропа нарықтарына тікелей шығуға мүмкіндік береді.

Бірақ кейінгі жылдары жағдай мүлдем өзгерді. Бастапқыда қазақстандық тауарлар – мұнай өнімдері мен астықты тиеу жылына алты миллион тоннадан аспайды деп жоспарланған болатын.

Алайда 2015 жылға дейін қазақстандық компания бұл деңгейді сақтап тұра алды, ал қазір бұған шамасы жетпей отыр. Біріншіден, КҚК құбыр желісі іске қосылды да, қазақстандық мұнай әлемдік нарықтарға Ресей аумағы арқылы шығып кетті. Бұл Каспий одан кейін тағы Қара теңізде тиеу үшін Әзербайжан мен Грузияның аумағы арқылы алып жүргеннен гөрі жылдам әрі арзан.

Сонымен қатар соңғы уақытта Батуми терминалы күкірт тыңайтқыштарын, темір мен болатты тиеуге ауысты. Бірақ бұл халықаралық құқық келісіміне өзгерту енгізуді қажет етеді. Ал астық тиеуді айтар болсақ, онда қазақстандық астыққа қарағанда Қара теңізбен келетін украиналық және ресейлік астық жақын.

Қазақстанның Грузиядағы бұрынғы елшісі Ермұхамбет Ертісбаевтың айтуынша, Қазақстанның Батумидағы терминалды сатып алуды жоққа шығаратын тағы бір мәселе туындаған. Бұл – Грузия билігінің Қара теңізде Абхазияға жақын жерде Анаклия мен Кулеви қалалары арасында төртінші терең портты салуға шешім қабылдауы.

"Грузияда салынатын жаңа порт құрылысына Қытай да қатыспақшы. Бұл жоба аяқталатын болса, Батуми порты тек жолаушылар кемесі үшін ғана ашық болады. Ал Батуми қаласы таза туристік орын болады", – деді Ермұхамбет Ертісбаев.

Күлпаш Қоңырова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу