Алпауыт "ҚазМұнайГаз" "жеңілдей" бастады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3843

Ұлттық компания төл әуе компаниясын, шетелдегі кәсіпорындарын, университетін, басқасын сатып, біраз "жеңілдеп" қалды.

Алпауыт "ҚазМұнайГаз" "жеңілдей" бастады

Таяуда Ұлттық банк өзінің "Қазақстанның 2018 жылғы төлем балансы және сыртқы борышы" туралы есебінде елімізден капиталдың көптеп әкетілуіне ықпал еткендер қатарында "ҚазМұнайГазды" атағаны мәлім. Ұлттық компания мұны миллиардтаған сыртқы қарызын жапқанымен түсіндіреді.

"ҚазМұнайГаз" бүгін өзінің 2018 жылғы қаржылық, өндірістік және операциялық нәтижелері туралы түпкілікті есебін жариялады.

ҚМГ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев өткен жыл қорытындысында компания төл қаржылық көрсеткіштерін айтарлықтай жақсарта алғанын айтады.

"Біріншіден, мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту сияқты күрделі әрі көп капитал қажетсінетін жобаны аяқтағанымызды атап өткім келеді. Осының арқасында біз ішкі нарықты К4, К5 экологиялық сыныптағы (Еуро-4, Еуро-5 стандарттары) отандық мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз еттік. Екіншіден, қазақстандық газды Қытайға экспорттау көлемін жылына 5 млрд-тан 10 млрд текше метрге дейін арттыру жөніндегі келісімшартқа қол қойылды. Бұл газ сатудан түскен түсімді 2 еседен астам арттыруға мүмкіндік берді. Үшіншіден, компания қаржылық тұрақтылықты нығайту бойынша да бірқатар шаралар қабылдады. 2018 жылы ҚМГ сыртқы қарызын азайтты: оның ішінде 1,6 млрд доллар сомасындағы еурооблигацияларын өтеді, Сбербанктен алған 400 млн доллар қарызын мерзімінен бұрын қайтарды", – дейді Алик Айдарбаев.

Мұның сыртында, ұлттық компания жеке тұлғалар қолындағы (олардың кейбірі шетелде тұрады) өз акцияларын кері сатып алған.

"Сатып алу нәтижесінде ҚМГ-ге қазіргі кезде "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру"-дің жай акцияларының 99,6%-ы тиесілі. 2019 жылдың 22 ақпанында "ҚМГ БӨ" артықшылықты акцияларын да кері сатып алу бағдарламасын аяқтады. Осылайша, ҚМГ жалпы сомасы 15,9 млрд теңгеге артықшылықты акцияларды сатып алды", – деп мәлім етті компанияның жұртшылықпен байланыс департаменті.

Өз құнды қағаздарын нарықтан кері алып қойғандықтан, 2018 жылдың 10 мамырынан бастап, Лондон және Қазақстан қор биржалары "ҚазМұнайГаз" Барлау Өндіру" АҚ-ының жай акциялары мен жаһандық депозиттік қолхаттарын өз тізімдерінен шығарып тастады.

ҚМГ біраз құнды дүние-мүлкін саудаға қойып жатқаны белгілі. Есепте ұлттық компанияның өз активтері портфелін жекешелендіру және оңтайландыру бағдарламасы аясында бір жыл ішінде "ҚТГ–Тбилиси" ЖШҚ-ын – 40 миллион долларға; "Қазақстан-Британ университетін" (ҚБТУ) – 11 миллиард 370 млн теңгеге; "KMG Retail" ЖШС жанар-жағармай құю стансалары желісін – 60 миллиард 512 млн теңгеге; "ҚМГ–Сервис Грузия" ЖШҚ-ын – 10,3 миллион долларға сатып жібергені айтылады.

Осының алдында, 2017 жылғы қарашада "ҚазМұнайГаз" "Еуро-Азия Эйр" әуе компаниясындағы 100% акциясын 11 млрд 850 млн теңгеге өткізген болатын.

Жақында ұлттық компания көліктер ұсынатын, әкімшілік және тұрғын үй ғимараттарына, сауықтыру кешендеріне қызмет көрсету, тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу бойынша сервистік қызметтер кешенін көрсететін мамандандырылған компаниясы – "ҚазМұнайГаз-Сервис NS" еншілес кәсіпорнын да 4 млрд 104 млн теңгеге жекешелендіріп тастады. Онымен бірге Щучинскідегі гольф клуб те, виллалар да, club-хаус, мейрамхана, қонақүй де жеке қожайынның қолына көшті.

Енді ол Ақтауда орналасқан, әртүрлі 26 кемесі бар, Каспий бойынша тасылатын мұнайдың 60%-дан астамын бір өзі жеткізетін "Қазтеңізкөлікфлот" ұлттық теңіз кеме компаниясын, Нұр-Сұлтандағы "Изумрудный квартал" бизнес орталығын да және басқа да активтерін саудаға шығаруда.

Қазақ тіліне кейде "Зүбәржат орамы" деп аударылып жүрген, астананың Есілдің сол жағалауындағы іскерлік орталығында орналасқан заңғар әкімшілік ғимаратқа ұлттық компания "ҚазМұнайГаз-сервис" еншілес кәсіпорны арқылы иелік етеді. Нысан 45 қабаттан тұрады, жалпы ауданы 100 мың шаршы метрді құрайды. Оны иеленетін қожайын сонымен бірге, оның аумағындағы шамамен 30 мың шаршы метрді алып жатқан автотұраққа да, шамамен 1 гектар жер теліміне де қол жеткізбек. Нысан шамамен 24 миллиард теңгеге бағалануда.

Егер "ҚазМұнайГаздың" 2018 жылғы өндірістік көрсеткіштерінің қорытындысына тоқталсақ, мұнай және газ конденсатын өндіру көлемі бір жыл ішінде бар-жоғы 1%-ға өсіп, 23 миллион 606 мың тоннаға (тәулігіне 484,2 мың баррелге) жетті.

Табиғи және ілеспе газды өндіру көлемі де небары 1,8%-ға ғана артып, 8 миллиард 137 млн текше метр болды.

2017 жылмен салыстырғанда мұнай тасымалдау көлемі 0,3%-ға мардымсыз ғана өсіп, 75 миллион 38 мың тоннаны құрады.

Тек газ тасымалдау көлемі ғана 2017 жылдан бері 10,6%-ға өсіп, 111,6 млрд текше метр межесін бағындырған.

Көмірсутек шикізатын өңдеу көлемі негізінен, қазақстандық МӨЗ-дерде өңдеу көлемінің ұлғаюы нәтижесінде 8,3%-ға өсіп, 19 миллион 715 мың тонна болды. Тарата айтсақ, оның 13 миллион 384 мың тоннасы – қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарына, ал 6 миллион 331 мың тоннасы Румыниядағы KMG International зауыттарына тиесілі.

Ұлттық мұнай-газ операторының 2018 жылғы қаржылық қорытындыларына тоқталсақ, былтыр өнім, қызмет және басқасын сатудан 6 триллион 989 млрд теңге немесе 20 миллиард 275 млн доллар түсім түскен, бұл көрсеткіш бір жыл ішінде бірден 45,8%-ға өсіп отыр.

2018 жылы таза пайда 32%-ға көбейіп, 694 млрд теңгеге немесе 2 миллиард 12 млн долларға жетті.

Бірақ сонымен бірге ҚМГ-ның былтыр күрделі шығындары 628 млрд теңгені немесе 1 миллиард 822 млн долларды құрапты.

Осы орайда 2018 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша ұлттық компанияның 2 триллион 167 млрд теңге немесе 5 миллиард 639 млн доллар таза қарызы барлығы анықталды.

ҚМГ-ның "Теңіз" мұнай өндіру көлеміндегі үлесі 0,3%-ға төмендегені айтылады. Осылайша, оның еншісі 5 миллион 724 мың тоннаны ғана құрады. Газ өндірісі 1,5%-ға азайып, 3 миллиард 125 млн текше метр болған.

"Операциялық активтерді өндіру көлеміндегі ҚМГ үлесі де 0,8%-ға кеміп, 15 миллион 693 мың тоннаны құрады. Операциялық активтердегі өндіру көлемінің төмендеуі негізінен, мұнай өндірудің құлдырауы үрдісіне және лимиттен тыс газ жағуды бақылау мақсатында бірқатар өндіруші ұңғымалар бойынша мұнай өндіру көлемінің шектелуіне байланысты", – деп түсіндіреді "ҚазМұнайГаз"

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу