Мемлекет жанар-жағармай сату нарығынан кетті

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5938

Бұған дейін мұнай өнімдерін сату бойынша ішкі нарықтағы мемлекеттің үлесі шамамен 15%-ды құрайтын.

Мемлекет жанар-жағармай сату нарығынан кетті

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы Қазақстандағы барлық жанармай құю стансаларының желісін сатып жіберді. Ол өзінің жанармай құю стансалары (ЖҚС) желісіне иелік еткен "ҚМГ-Retail" ЖШС компаниясындағы 100 пайыздық үлесін 60,5 миллиард теңгеге өткізгенін хабарлады.

Бірден айта кетелік, аса беделді саналатын бұл компания бастапқы бағасынан аса қымбатқа сата алмады. Сауда 59 миллиард 911 миллион 782 мың теңгеден басталған болатын. 

Қатысушылардан 72 миллион 150 мың кепілдікті жарна енгізу талап етілді. Әйтпесе, оны төлей алмағандар саудаға жіберілмеді.

"ҚМГ-Retail"-ді жекешелендіру бойынша электрондық сауда-саттық 2018 жылғы 12 желтоқсанда мемлекеттік мүлік тізілімі веб-порталының сайтында (www.gosreestr.kz) болып өтті. Бірақ онда кімнің жеңіп шыққаны айтылмаған.

Өйткені конкурс жеңімпазы "Petro-Retail" ЖШС-мен арада "ҚМГ-Ритейлдің" 100 пайыздық үлесін сатып алу-сату шарты тек 2019 жылдың 8 ақпанында жасалған.

Ал осы жылдың 1 сәуірінен бастап, "ҚазМұнайГаз Өнімдері" мен "ҚМГ-Retail" ЖШС арасындағы жанармай құю стансаларын жалға алу және пайдалану туралы келісімшарттың күші жойылды.

Сәйкесінше, 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап, жанармай құю стансаларының жұмысын жүргізу және басқару тізгіні "Petro-Retail" компаниясына өтті.

Ел біледі, еліміздің әр өңіріндегі осы жанармай құю стансалары "ҚазМұнайГаз" брендімен  жұмыс істеп келген болатын. ЖҚС маңдайшаларындағы бұл жазуды бірден өзгертуге тыйым салынып отыр. "ҚазМұнайГаз" желісінің саудалық атауы биылғы 2019 жылдың соңына дейін қолданыста болады. Ары қарай иесі қалай атаймын десе де өз еркі.

Айта кету керек, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының өзіне де, еншілес кәсіпорындарына да жұмысқа орналасу бедел саналады. Тиісінше, олардың басшылықтарында жұмыс жасауға биліктегі биік лауазымды тұлғалардың балалары, немере-шөберелері және басқа да туыстары ынталы болып келеді.

Бұл ретте активті сату кезінде жаңа иеленушіге қызметкерлердің жұмыс орнын сақтап қалу талабы қойылыпты. Бұл сатып алу-сату шартында бекітілген. Оған сәйкес, жаңа меншік иесі "ҚазМұнайГаз Өнімдері" және оның филиалдарының өндірістік персоналын түгелдей қазіргі шартпен ең кемінде алты айға жұмысқа қабылдауға міндеттелді.

Жалпы, "ҚМГ-Retail" ЖШС-ін сату Yellow Pages қағидаттарына сай жасалып отырған көрінеді. Дамыған елдерде қабылданған осы қағидаттарға сәйкес, үкімет бизнеспен бәсекелеспеуге, кәсіпкерлер ұсынатын қызметтерді көрсетпеуге және тиісінше, квазимемлекеттік сектор үлесін азайтуға тиіс. Елімізде жанар-жағар май сату жеке қолға берілген. Бірақ соған қарамастан, ұзақ жылдар бойы үкімет бұл салаға "ҚазМұнайГаз" және оның ЖҚС-тар желісі арқылы араласып отырды.

Және бұл араласу бір жағынан, бизнеске де, халыққа да пайдалы болатын. Өйткені бензин бағасы күрт көтерілгенде, министрлер кабинеті жинала қалып, ҚМГ басшысына дереу нарықты қалпына келтіру, бағаны түсіру талабын қоятын. 

Мәселен, осылайша 2017 жылы ҚМГ "елдегі ЖЖМ нарығының тұрақсыздануына жол бермеу мақсатында" өз қызметкерлері мен сыйақылардан үнем жасап, бензин бағасын сәл төмендетті. Осы арқылы ол АИ-92 маркалы бензинінің бірыңғай бөлшек сауда бағасын бекітті. Себебі, сол жылы Қазақстанның солтүстігі, шығысы және орталығындағы бензин қоры негізінен Ресейдің жеткізілімдері арқасында құралатын, ал ресейлік АИ-92 бензинінің әр литрінің құны 170 теңгеге дейін жуықтады. Бұл отандық тауарлар мен қызметтер бағасының күрт қымбаттауына және қарапайым бұқараның қалтасын қағуға соқтыра жаздады. Сондықтан ұлттық компания үкіметтің қысымымен өз қаржысына ЖЖМ-ді субсидиялауға мәжбүр болды: өз жанар-жағармай құю стансалары арқылы АИ-92-нің әр литрін 161 теңгеден сатуға кірісті.

Осыған орай "ҚазМұнайГазға" "Өңдеу және маркетинг" бағытында, "ҚазМұнайГаз өңдеу және маркетинг" АҚ мен "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС орталық аппараттары қызметкерлеріне 2017 жыл үшін сыйақылар мен бонустық төлемдер төлеуден бас тартуға тура келді. Бұдан бөлек, мұнай өнімдерінің өзіндік құнын төмендету мақсатында "ҚазМұнайГаз Өнімдері" еншілес компаниясының шығыстары айтарлықтай қысқартылған.

Арзандату шаралары өткен жылы да қолданылды.

"Бензин ел экономикасы үшін әлеуметтік маңызы бар өнім болып табылады. Ұлттық брендтің рөлін нақты түсіне отырып, "ҚазМұнайГаз" ЖҚС-тар желісі тұтынушылар мүдделерін қолдауды өзінің маңызды басымдығы санайды. Сондықтан компания клиенттерді қосымша акциялармен және жеңілдіктермен қуанту үшін шығындарды оңтайландыру мүмкіндіктерін іздестіреді", – деген болатын былтыр "ҚазМұнайГаз Өнімдерінің" бас директорының бірінші орынбасары Төлеміс Шотанов.

Саудаға қойған кезде ұлттық компания өзінің жанар-жағармай құю стансаларының желісі аса табысты емес екенін мойындады. Оның бұл активінің, яғни "ҚМГ-Retail"-дің рентабелділігі барлық қызмет еткен жылдар бойында небары 0,4%-ды ғана құраған. Ал 2017 жылды компания шығынмен аяқтапты. 

Сарапшылар жекенің қолында бұл ЖҚС-тар желісінің табысы артуы мүмкіндігін білдіреді. Қазір бастапқы шикізат – мұнайдың бағасы бұрынғыдан еселеп арзандағаны мәлім. Дегенмен, мұнай өнімдерінен түсетін табыстың өте көп болуына елде жүрген девальвация кедергі: бензин мен дизель теңгеге сатылады, әрі халықтың сатып алу қабілеті төмен болып қалуда. 

"Жанар-жағармай құю стансаларының бөлшек сауда желісіне қатысты бизнес нарықтың өзгеруі мен тұтынушылардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюды талап етеді. Ал квазимемлекеттік сектор компаниясына халық тұтынатын тауарларды өз бетінше сатуда, ЖҚС-тар желісін кеңейту үшін серіктестер тартуда белгілі бір шектеулер қойылған", – деп түсініктеме берді ақпарат құралдарына ҚМГ.

"ҚазМұнайГаз" ЖҚС-тардың бөлшек сауда желісінің бизнесі "ҚМГ-Retail" және "ҚазМұнайГаз Өнімдері" жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінен тұрады. 2017 жыл қорытындысында ол екеуі тиісінше 6,3 миллиард және 1,5 миллиард теңге шығын шекті.

Тағы бір айта кетер жайт, жаңа қожайын атанған "Petro-Retail" мұнай өнімдерін ҚМГ компаниялар тобынан сатып алуға тиіс болады.

"Тендер+" порталының мәліметінше, "Petro-Retail" ЖШС-нің басшысы – Төлеміс Шотанов. Қызмет бағыты ретінде "отынды көтерме сату" көрсетілген. Ірі кәсіпорынға жатады екен.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу