Қазақстанға келіп жатқан тікелей инвестиция турасында

8555

25 жылда Қазақстанға 265 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылыпты.

Қазақстанға келіп жатқан тікелей инвестиция турасында

Алайда кәсіпкерлер палатасы мен депутаттар KazNex Invest ұлттық агенттігінің қызметіне онша көңілі толмайды.

Тікелей шетел инвестициясы деген не? Оның қандай пайдасы бар? Әлемде және Қазақстанда қай ел инвестор ретінде көш бастап тұр? Елге сырттан қаржы тарту үшін не істеу керек? Қазақстанның инвестициялық тартымды һәм тартымсыз салалары қайсы? Осы тектес сұрақтарға "KazNex Invest" экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттiгі" АҚ басқарма төрағасы Борисбий Жанғұразов жауап берді.

Оның сөзінше, тікелей шетел инвестициясы кез келген елдің ұлттық экономикасына серпін беріп, экспорттық әлеуетін арттырады. Cонымен қатар бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, тәуелсiз дамуға дағдыландырады.

"Қазақстанда шетел инвестициясын тарту үдерісін жеделдету үшін тиісті экономикалық орта мен кепіл жүйесі қалыптасқан. Азаматтық, Кеден, Салық кодекстері қабылданып, "Шетел инвестициясы туралы" заң қабылданған. Оған қоса сыртқы экономикалық іс-әрекет халықаралық талаптарға сәйкестендірілді", – дейді басқарма төрағасы abctv.kz тілшісіне.

Сөз арасында ол бүгінгі таңда 265 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылғанын айтты. Бұл мәліметті Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы да келтірген болатын.

Қазақстанның 7 ғаламат белесті бағындырғанын атап өткен елбасы төртінші белеске тікелей шетелдік инвестицияны қойып, "төртіншіден, 265 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция халқымыздың игілігіне жұмыс істеп жатыр. Теңге айналымға енгізілген 1993 жылдан бергі 23 жыл бойы тікелей шетелдік инвестицияның тұрақты тартылғаны байқалып отыр. Бұл – әлемдік бизнестің жаһандық сенімі. Ең қиын жылдары бізге British Petroleum, Shell, ExxonMobil, Chevron, Agip, General Motors, Mittal, Toyota, Samsung сияқты басқа да көптеген инвестор келді...", – деген болатын.

Әлемде – АҚШ, Қазақстанда – Нидерланд патшалығы

Борисбий Жанғұразовтың мәлімдеуінше, 2015 жылы дүниежүзінде жиналған инвестиция 25 трлн АҚШ долларына жетті. Ал тікелей шетел инвестициясының жаһандық ағыны 40%-ға ұлғайды. АҚШ тікелей шетел инвестициясын ең көп тартатын ел мәртебесін сақтап қалды. Одан кейінгі сатыға Гонконг пен Қытай орналасты. Әлемдегі алпауыт инвестор ретінде де АҚШ тұғырынан тайған жоқ. Осы көрсеткіш бойынша Жапония мен Қытай екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті.

"АҚШ – 5 588 млрд, Гонконг – 1 573 млрд, Қытай – 1 221 млрд, доллар тікелей шетел инвестициясын иеленді. Ірі инвестор ретінде АҚШ – 2 694 млрд, Жапония – 1 227 млрд, Қытай – 1 010 млрд доллар ақша айналдырды", – дейді басқарма төрағасы.

Бұдан кейін ол Қазақстанның инвестициялық ахуалын тілге тиек етті. Оның дерегінше, 1992-2015 жылдар аралығында елімізге 129,6 млрд тікелей шетел инвестициясы құйылған.

"2011-2015 жылдар аралығында Қазақстанға бағытталған тікелей шетел инвестициясы 50,1 млрд долларға жетті. Бұл орташа есеппен алғанда, Қазақстан жылына 10 млрд АҚШ долларын тартты деген сөз", – дейді Борисбий Жанғұразов.

Басқарма төрағасының тәптіштеуінше, инвестиция бағыттауда әлемде – АҚШ, Қазақстанда – Нидерланд патшалығы көш бастап тұр. Бүгінге дейін Нидерланд патшалығы Қазақстанға 65 млрд АҚШ долларын құйған.

"Екінші орынға 23 млрд инвестиция тартқан АҚШ орналасты. Үшінші орынға 15 млрд доллармен Франция жайғасты. Ресей, Жапония, Швейцария, Ұлыбритания, Қытай, Гонконг мемлекеттері де Қазақстанның ірі инвесторлары саналады", – дейді ол.

Қолайлы инвестициялық климат қажет

Борисбий Жанғұразовтың пікірінше, елге сырттан келетін капиталдың көлемін көбейту үшін қолайлы инвестициялық климатты қазіргіден де жетілдіру қажет. Бұл үшін Doing Business рейтінгіндегі және "Инвесторды қорғау" индикаторы бойынша бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық индексіндегі көрсеткіштерді нақты нәтижелермен бекітіп отыру керек.

"2015-2016 жылдары Қазақстан "бизнес жүргізу" көрсеткіші бойынша әлем елдерінің ондығына енді. Зерттеу қорытындысында біздің ел жергілікті жерлердегі кәсіпкерлерге бизнеспен айналысуға қолайлы жағдай жасауда алға шықты", – дейді ұлттық агенттiк басшысы Борисбий Жанғұразов.

Осыдан соң ол Қазақстанға инвестиция тартуда кездесетін кедергілер жайлы сөз қозғады. "Шикізат бағасының әлемдік деңгейде құлдырауының салдарынан Қазақстанның инвестиция тартудағы әлеуеті әлсіреп, макроэкономикалық индикаторымыз күрт төмендеп кетті. Бұған шетелден жұмысшы тарту, салық, кеден салаларындағы және визалық тәртіптегі қасаң қағидалар, мемлекеттік көші-қон қызметінде инвесторларды тіркеу кезіндегі қиындықтар, ішкі жобаларды несиелеудегі шектеулі мүмкіндік сынды жағдайлар кері әсерін тигізді", – дейді Борисбий Жанғұразов.

Инвестициялық тартымдылығы жоғары 4, тартымдылығы төмен 1 сала бар

Борисбий Жанғұразовтың айтуынша, биыл ұлттық агенттiк инвесторларды қызықтыратын және қызықтырмайтын, яғни инвестициялық тартымдылығы жоғары һәм төмен салаларды зерттеген. Нәтижесінде инвесторлардың машина құрастыру, ауыл шаруашылығы, химия және сауда салаларына ерекше назар аударатыны анықталыпты. "Осы бағыттар бойынша біз инвесторларға ұсыныстарымызды әзірлеп қойдық", – дейді басқарма төрағасы.

Инвесторлар мойын бұра бермейтін, тартымдылығы төмен салаға металлургия саласы жатады екен. Борисбий Жанғұразовтың айтуынша, "дәл қазір осы салаға инвесторлар қызықпай жүр. Алдағы уақытта мәселе оң шешіледі деген үміттеміз".

Биыл қанша инвестиция тартылды?

Ұлттық банктің алдын ала берген дерегіне қарағанда, соңғы 9 айда Қазақстанға 14,5 млрд доллар шетел инвестициясы тартылыпты. Бұл жайлы басқарма төрағасы: "Дәл осындай көрсеткіш 2008 жылы ғана болды. Егер осы қарқын жалғаса берсе, біз өте жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Жаһанды жайлаған экономикалық дағдарыс кезінде тікелей шетел инвестициясын тарту көрсеткіші, жалпы алғанда, 40%-ға түсіп кеткенін ескеретін болсақ, Қазақстан үшін бұл көрсеткішті соңғы 5 жылдағы рекорд деуге болады", – дейді.

Қытай кәсіпорындары Қазақстанға көшірілмейді

Қыркүйек айында "Қытайдың 51 кәсіпорны Қазақстанға көшіріледі" деген сөз шығып, айқайға сүрең қосылды. "Аттан, аттандағандар!" мәселенің мән-жайы анықталмай жатып, даң-дабыра жасап жіберді. Осы мәселе сауал түрінде басқарма төрағасына да бағытталды.

"Қазақстан-Қытай индустриялық-инвестициялық" бағдарламасы аясында жаңа жобалар жүзеге асырылады. Қытайда бұрыннан жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар Қазақстанға көшірілмейді. Бұл туралы үкімет деңгейінде де айтылды. Бірлескен жоба ретінде елімізде құны 26 млрд доллар жаңа кәсіпорындар салынады. Нәтижесінде 18 мың жұмыс орны ашылады", – деп жауап берді тілшілерге Борисбий Жанғұразов.

"Кендірліге" 1 млрд доллар

Басқарма төрағасының баяндауынша, қазір Маңғыстау облысындағы "Кендірлі" шипажайының құрылысына инвестиция тарту үшін неміс кәсіпкерімен келіссөз жүргізіліп жатыр. Барлығы ойдағыдай болса, алдағы уақытта "Кендірліге" 1 млрд доллар қаржы құйылады.

"Қаржы біртіндеп игеріледі. Инвестордың өз елінде дәл осындай жобаны жүзеге асыру тәжірибесі бар. Егер келіссөз сәтті аяқталса, онда жоба іске асады", – дейді Борисбий Жанғұразов.

"KazNex Invest" инвестиция тартуда қандай рөл атқарады?

Инвестиция және даму министрлігі "KazNex Invest" экспорт және инвестиция ұлттық агенттігі" АҚ шикізаттық емес, экспортты дамытуға және экономиканың басым салаларына тікелей шетелдік инвестиция тарту үшін мейлінше қолайлы жағдай жасау арқылы ұлттық экономиканы әртараптандыруға атсалысатын ұлттық даму институты. Мұндай агенттік Ирландия, Түркия, Чехия мемлекеттерінде сәтті қызмет атқарып жатқан көрінеді.

"Агенттік шетелдік инвесторды қазақ нарығы мен еліміздегі түрлі сала жайлы ақпаратпен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар серіктес іздейді, мемлекеттік мекемелердің өкілдерімен кездесу ұйымдастырады, инвестициялауға қатысты мәселе төңірегінде кеңес береді. Осы арқылы елге инвестор тартады", – дейді "KazNex Invest" ұлттық агенттiгінің басқарма төрағасы.

Биыл ұлттық агенттік шетелде 5 өкілдігін ашуды жоспарлапты. Борисбий Жанғұразовтың айтуынша, шетелдердегі бұл өкілдіктер инвесторлармен тығыз жұмыс істеп, елдегі жеңілдіктерді түсіндіруге тырысады. Өкілдіктер АҚШ, Германия, Түркия, Бірікке Араб Әмірліктері, ҚХР-да ашылатын болыпты.

Айтпақшы, жоғарыда көрсетілген жұмыстардың басы-қасында жүрген агенттіктің қазан айында мәжіліс депутаты Нұртай Сабильяновтың "қаһарына" ұшырағаны бар.

Сол кезде депутат компания жұмысының тиiмсiз екенін айтқан еді: "Неге KazNex Invest бизнес-форум немесе меморандум жасаумен ғана айналысады? 2012-2015 жылдар аралығында елiмiзге келген тiкелей шетелдiк инвестицияның таза кiрiсi 29 млрд доллардан 15 млрд-қа дейін төмендеп кеткен. Яғни, агенттiктiң жұмысы нашар деген сөз. Оның үстiне 2013-2015 жылдар аралығында бұл компания республикалық бюджеттен 18 млрд теңге қаражат алды. Қазiр бiз тағы 2017 жылға 4 млрд теңге қаражат бөлiп отырмыз. Неге кәсіпкерлердің "Атамекен" ұлттық палатасымен бiрге жұмыс iстемейдi? Жалпы, менiң ойымша бұл агенттiктiң орнына кәсiпкерлер палатасы жұмыс iстеуi керек. Артық құрылым деп есептеймiн", – деген болатын. Ал "Атамекен" КҰП басқармасының төрағасы Абылай Мырзахметов палатаның ІІІ сиезінде "KazNex Invest" жұмысын қайта форматтау қажет екенін алға тартқан.

"Бүгінде KazNex Invest 158 азаматты жұмыспен қамтып отыр. Бюджеті – 3 млрд теңге. Ұлттық палатаның орталық аппаратында 215 адам жұмыс істейді. Олардың да бюджеті осынша. Тараптардың жұмысын салыстырып көруге болады. Меніңше, KazNex Invest және инвесторлаға қызмет көрсету орталықтары арқылы бір терезе жүйесін құруымыз қажет. Соңғы 5 жылда KazNex жұмысына бюджеттен 18 млрд теңге бөлінген. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді", – деген еді сиезде Абылай Мырзахметов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу