Қазақстанға коронавирус күтпеген жерден соққы жасады

34590

Үкімет Қытаймен шекараны жүк тасымалы үшін бәрібір жаппайды. 

Қазақстанға коронавирус күтпеген жерден соққы жасады

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың мәлімдеуінше, әлемде Covid-19 аталған қытай індеті елімізде тіркелмеді.

Алайда кеселдің басқа кесірлері анықталуда. Атап айтқанда, көтерме және бөлшек сауда нарығында баға қымбаттауда. Жеткізушілер де, сатушылар да бірауыздан "коронавируске бола шекараның жабылуы салдарынан тауар құны көтерілді" деген ортақ себепті алға тартады.  

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті тұтыну бағалары 2020 жылдың қаңтар айының қорытындысында, 2019 жылғы қаңтармен салыстырғанда, бірден 5,6 пайызға өскенін хабарлады. Ал девальвация болған 2015 жылға қарағанда, баға бірден 29,8 пайызға шарықтап кетіпті.

Дәрі-дәрмек бағасы да өсуде. Мысалы, алдағы сәуір айында коронавирустың таралуына орай патенттелген дәрілердің Үндістаннан әкелінетін баламаларының бағалары қымбаттайтыны жария етілді. 

Халық саудагерлердің "тауар бағасының өсуіне қытай дерті кінәлі" деген түсініктемесіне амалсыздан келіседі. Себебі қаңтар айы соңында ҚХР-мен шекара жабылғанын және барлық автобустық және автокөлік тасымалы тоқтағанын естіген. Әрине, жүк тасымалы тоқтамағанынан көбі хабарсыз.

Кәсіпкер Ержан Тұрлыбаевтың компаниясы Қытай халық республикасынан Қазақстанға тауарлар, техника, құрал-жабдық, қосалқы бөлшектер тасиды. Өзге елдерден де өнім алғызады, бірақ онысының бәрі Қытай аумағы арқылы транзитпен келеді. Бұған дейін жүк тасымалында еш тоқтау болмапты. Алайда ол Covid-19 кесірінен алда темір жол тасымалына тыйым салына ма деп алаңдайды.

"Біз тауарды ҚХР аумағында вагон-платформалармен әкелеміз де, Қазақстан шекарасында басқа вагон-платформаларға қайта тиейміз. Осылай одан әрі Қазақстандағы көздеген жерге жеткіземіз. Кейде қазақ-қытай шекарасында тауарды вагон-платформадан автотралға жүктейміз. Корнавирустің жайылуына байланысты Қытайдан тауар жеткізудің осы жолы жабылып қала ма деген қауіп бар", – дейді Ержан Тұрлыбаев.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов өткен қаңтар айында ҚХР-мен арадағы жүк тасымалы азаймақ түгіл, қайта күрт ұлғайғанын мәлім етті.

"ҚХР-да коронавирус эпидемиясына қатысты қалыптасқан ахуал теміржол арқылы жүк тасымалына еш ықпал еткен жоқ. Мысалы, биылғы жылғы қаңтар айы қорытындысында Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы көлемі 1 млн 624 мың тоннаны құрады. Бұл 2019 жылғы қаңтарға қарағанда 36,4% көп. Оның ішінде елімізден шығыс көршіге 1 млн 46 мың тонна жүк барды. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 39,7%-ға артық. Ал ҚХР-дан 578 мың тоннаның тауары әкелінді. Сөйтіп, 2019 жылғы сәйкес кезеңдегіден 30,9%-ға өсті", – дейді Бейбіт Атамқұлов.

Министрдің дерегінше, өткен бір айда Қытайға отандық өнім тиелген контейнерлік 83 пойыз аттаныпты. Бұл 2019 жылғы қаңтардағыдан 5 пайызға көп. Ал олардан Қазақстанға импорттық өнімге лық толған контейнерлік 164 пойыз келді. Бұл өткен жылғыдан 35 пойызға артық.   

Рас, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, биылғы ақпан айының алғашқы аптасы қорытындысында импорттық жүк тасымалы кеміпті.

"Бірақ бұған карантиндік іс-шаралардың еш қатысы жоқ. Жылда Қытайда Жаңа жыл мерекесінің тойлануына және бизнестің де демалуына байланысты өндіріс төмендейді. 2020 жылдың ақпан айының 8 күні ішінде Қазақстан мен ҚХР арасындағы жүк тасымалының көлемі 286,9 мың тоннаны құрады. Бұл 2019 жылғы ұқсас кезеңдегіден 5%-ға төмен. Соның ішінде елімізден Қытайға экспорт 247 мың тонна болды, бұл былтырғы ақпанның 8 күнімен салыстырғанда 58%-ға аз. ҚХР-дан Қазақстанға 40 мың тоннаның тауары жеткізілді, яғни 72%-ға азайды", – дейді индустрия және инфрақұрылымдық даму ведомствосының басшысы.

2020 жылы Қытайдың "Жаңа жыл" мерекесі 25 қаңтарда басталды. Ресми түрде қытайларға тек бір апта, 29 қаңтарға дейін демалуға ғана рұқсат етілді. Дегенмен, біразы 10 ақпанға дейін өндіріске шықпаған. Министрлік Қазақстан нарығындағы қытай тауары көлемінің күрт кемуіне осы мереке себеп екеніне сенімді. Демек, алда нарық көршінің өнімімен қайта молыға бастайды.

Бейбіт Атамқұлов теміржолдағы жүк қатынасы үшін шекараны жабу жоспарланып отырмағанын мәлімдеді. 

Үкімет өкілінің байламынша, кәсіпкерлердің коронавирусты сылтауратып, баға көтеруі негізсіз. Қымбатшылықпен, сондай-ақ ҚХР шекарасы жүк тасуға жабылды деген фейкпен күреске әкімдіктер және орталық құзырлы органдар жұмылдырылып жатыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу