Қазақстанға шетелден компьютер мен ноутбук импорттауға тыйым салынуы мүмкін

5037

Елімізде 62 кәсіпорынның компьютер шығаратыны белгілі болды. 

Қазақстанға шетелден компьютер мен ноутбук импорттауға тыйым салынуы мүмкін

Бастама авторы – Бағдат Мусин басқаратын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бұл жаңалық "отандық және шетелдік компьютерлік техниканы өндірушілерге, мемлекетке және халыққа қатысты болатынын" мәлім етті. Дегенмен, бұл жерде әңгіме мемлекетке, ұлттық компанияларға тендер арқылы шетелден дайын компьютер, ноутбуктерді сатып алуға тыйым салу туралы болып отыр. Ал қарапайым адамдардың дүкеннен импорттық техниканы сатып алуына әзірге кедергі жоқ, деп жазады Inbusiness.kz.

"Артқы есіктерді" бітеудің амалы бар ма?

Жаһанды жайлаған пандемия әрбір мемлекеттің "электронды өнеркәсіп" өнімдеріне тәуелділігін еселеп арттырды. Қазақстанда бұл сала ең импортқа тәуелді сектор саналады: Үкімет, компаниялар, қарапайым тұтынушылар пайдаланатын компьютерлер, ноутбуктер, нэтбуктер, планшеттер және басқасы 90 пайыз шетелден тасылады.

Коронавирустың таралуына байланысты ел Парламенті, Үкімет, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектор өз қызметкерлерінің 70–80 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшірді. Бұл елдің стратегиялық мүдделерін қорғауға нұқсан келтіруі мүмкін. Себебі, мемқызметшілер де, ұлттық компания, холдинг мамандары да үйлеріндегі жете қорғалмаған, жеке мақсаттарына, мысалы, жұмыс орнында рұқсат етілмейтін сілтемелермен өтіп, заңсыз сайттарға кіруге қолданылатын компьютерлері мен лэптоптарын жұмыс мақсатында пайдаланады.

Осылайша, мемлекеттік құпия хакерлерге жем болуы ғажап емес. Пандемия қысқан шақта Үкіметтің бұған мән беріп жатуға шамасы болмаса керек: халық пен бизнеске мемлекеттік қызмет көрсету ісі дағдармауы, үздіксіз жүруі басты орынға қойылды. Енді әлгі проблеманы елеусіз қалдыра беруге болмайтын шақ туғандай.

"Бүкіл әлемде коронавирус инфекциясының таралуы қашықтан жұмыс істеу және оқу режиміне жаппай көшуге алып келді. Бұл дербес компьютерлерді, ноутбуктерді міндетті түрде пайдалануды талап етеді. Бүгінде көптеген елде вирустар өндірістің ақауға ұшырап, бұзылуына соқтырып жатқанын ескерсек, осы жабдықтардың отандық өндірісін дамыту мәселесі өзекті бола түсуде. Оның үстіне қолданылатын компьютерлік жабдықтар деректердің жасырын алынбауына, сыртқа шығып кетпеуіне, сондай-ақ шетелдік санкцияларға және басқа да сыртқы жағдайларға қарамастан меморгандардың тұрақты жұмысына кепілдік беруге тиіс", – деп түсіндірді цифрлық даму ведомствосы.

Бұл бос байбалам емес. Американың арнайы қызметтері ресейлік технологияларда құрылғыны сырттай басқаруға жол ашатын "бэкдорлар" (Backdoor немесе артқы есік) барын анықтаған. Мұндай тәсілді державалардың бәрі қолданатыны құпия емес. Мысалы, биыл Intezer зерттеушілері жаңа бэкдор – "RedXOR" атты кіріктірілген зиянкес бағдарлама Linux жүйелерге шабуыл жасап, Winnti Umbrella, Axiom секілді қытайлық киберқылмыскерлер тобының күрделі операцияларына атсалысатыны туралы хабар жариялады. Бэкдор MAC-мекенжай, пайдаланушының дербес деректері, дистрибутив пен өзек-ядро нұсқасы секілді жүйелі ақпаратты жинауға, файлдарға қатысты операцияларды жүргізуге, жүйелі артықшылықтары бар бұйрықтарды орындауға, шелл-команданы бақылаусыз іске қосуға, тіпті қашықтан жаңаруға қабілетті.

Атап өтер жайт, Қазақстанда жасалатын компьютерлер мен ноутбуктердің құрауыш бөліктері қалпымен Қытайдан тасылады. Бірақ мемлекет қазақстандық кәсіпорындардан жергілікті мазмұнның үлесін арттыруды талап етіп жатқан көрінеді. Оның үстіне отандық ай-ти мамандар бағдарламасын түзіп, құрастыруға қатысатындықтан, бұл бәрібір шетелден дайын күйде сатып алынған өнімнен жақсы екен.

Цифрлық даму министрлігі Қазақстанда жасалған компьютерлік техниканың дайын шетелдік өнімнен басқа да артықшылықтары барын жеткізді. Айталық, отандық өндірушілер былтыр оқушыларды компьютермен қамтуға бағытталған әлеуметтік жобаға қатысты. Сол науқан барысында бір жайт анықталған: отандық техника арзанға түседі. Қазақстандық өндірушілер мемтапсырыс аясында компьютерді 150 теңгеден, ал импортерлар – 170 мың теңгеден жеткізіпті. Сөйтіп, бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал етті.

"Сондай-ақ Қытайдағы құрастыру өндірісіне Қазақстанның тәуелділігі азаяды. Оқушыларға арналған компьютерлер мен ноутбуктерге тапсырыс беру науқаны көрсеткендей, шұғыл тапсырыс беру жағдайында дайын өнімді шетелден жеткізу мерзімі тіпті компоненттерді жеткізіп, елде құрастыру мерзімінен асып кетті. Бұл ретте отандық компьютерлік техника функционалдық мүмкіндіктері бойынша да, сапалық сипаттамалары бойынша да импорттық жабдықтардан еш кем түспейді", – делінген ведомствоның талдауында.

Қазақстан Қытай мен Ресей өндірушілерінен 246 млрд теңгеге компьютерлік техника сатып алған

Сонымен, не ұсынылып отыр? "Тыйым салу (шет мемлекеттерде шығарылатын тауарларды – компьютерлік техниканы ұлттық режимнен алып қоюды белгілеу" деп жазылған Үкіметтің "Ұлттық режимнен алып тастауды белгілеу туралы" жаңа қаулысының жобасында.

Егер құжат қабылданса, шектеу "СЭҚ ТНВЭД 847141000 компьютерлер", "СЭҚ ТНВЭД 8528521000, 8528599009 мониторлар", "СЭҚ ТНВЭД 8471300000 ноутбуктер", "8471300000 ноутбуктер" санаттарын қамтиды.

Цифрлық даму ведомствосының дәйектеуінше, шет мемлекеттерде өндірілген компьютерлік техникаға шектеу қою отандық кәсіпорындарға өндірістік қуатын ұлғайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және бюджетке салық түсімдерін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Егер компьютер-ноутбуктердің импорттық тасқынына тосқауыл қойылса, отандық нарық осы өнімдерсіз қалып, онсыз да бағасы қымбаттаған бұл техника құны тіптен шарықтап кетпей ме? Меморганның байламынша, отандық кәсіпорындар толық қуатта жұмыс істеуге көшсе, ішкі нарықты қанағаттандыруға қауқарлы.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпаратына сәйкес, ұлттық өнімді білдіретін СТ-KZ "тауардың шығу тегі туралы сертификатқа" қазір қазақстандық 62 кәсіпорын ие.

"Яғни, елімізде мемлекеттік сатып алу шеңберінде компьютерлік техника нарығының сұранысын өтеуге мүмкіндік бар. Отандық өндірушілердің ақпараты бойынша "С.Киров атындағы зауыт" АҚ-ының, "Логиком" АҚ-ының, "АТЕКО" ЖШС-нің, "PC4U" ЖШС-нің, "GSE" ЖШС-нің және "F3.kz" ЖШС-нің өндірістік қуаты 2018 жылы орта есеппен 26%-ға, 2019 жылы − 25%-ға, 2020 жылы – 39%-ға ғана жүктелген. Осы компаниялардың кірістілік-рентабельділігі 2018 жылы – 16,7%-ды, 2019 жылы – 17%-ды, 2020 жылы – небары 13,6%-ды ғана құрады. Тенденция тек төмендеп келеді", – деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі.

Өз азаматтарымызды жұмыспен қамтыған отандық өндіріс дағдарып жатқанда, Қазақстан көрші қос алпауыттың өндірушілерін байытуда. Нақтылай кетсек, 2020 жылы елге тасылған компьютерлік техника 82%-ы – Қытайдан, 10%-ы – Вьетнамнан, тағы 8%-ы – Ресейден импортталды.

Жалпы, егер шетелдік дайын өнімді алуға тыйым салынса, қазақстандық құрастырушы зауыттар қандай қосымша тапсырысқа ие болуы мүмкін? Бұл да есептелген.

Ресми статистика деректеріне жүгінсек, 2020 жылдың қорытындысы бойынша елге жалпы сомасы 246 миллиард теңгеден астам сомаға 1 миллион 530 мың компьютерлік техника тасылыпты.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2020 жылы компьютерлік техниканы сатып алуға мемлекет 36 миллиард 924 миллион теңге жұмсады.

Бірақ осы миллиардтардың да үлкен бөлігі шетелге кетуде. Экономика ведомствосының дерегінше, мемлекеттік сатып алулардағы отандық компьютерлік техниканың үлесі 2019 жылы 39%-ға жетсе, былтырғы 2020 жылы айтуға да ұят 8,71%-ға дейін құлдыраған.

Бұлай бара берсе, жүктелуі және табыстылығы төмендеген қазақстандық кәсіпорындар жабылып тынады, еліміз бұл индустриядағы технологиялық әлеуетін жоғалтады.

Ең болмаса, мемлекеттік сатып алуда шетелдік дайын өнімге тыйым салу отандық өндірушілердің үлесін біршама жақсартады деп күтілуде.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу