Қазақстаннан 367 мың адам шетелге көшіп кетті

5816

Халықтың шетелге қашуын тоқтату үшін жаңа көші-қон саясаты әзірленді. Оның аясында Қазақстан шетелден бизнес-иммиграцияны және жатжұрттық жастардың елге көшуін ынталандырмақ. Нәтижесінде, қайтадан өзге ұлты көп елге айналуымыз мүмкін.  

Қазақстаннан 367 мың адам шетелге көшіп кетті

Қазақстандықтар Қазақстаннан 2012 жылдан бері қашып жатыр. Сол жылы 1990 жылдардағы алапат дағдарыстан кейін алғаш рет көші-қонның теріс сальдосы қалыптасты. Көшіп кеткендер көшіп келгендерден 1,4 мың адамға асып түсті.

Жалпы елден қоныс аударғандардың 90%-ы – ТМД елдерін, басым көпшілігі Ресейді таңдады. Осыған қарап, ұлтжанды азаматтар, саясаткерлер: "Тоқтатпаңдар, алған бетінен қайтпасын! Соның арқасында халық құрамында орыстар саны азаяды" деп үміт бере сөйлеп жүрді.

Дегенмен кетіп жатқандардың құрылымын талдау бұл байламның тек ішінара ғана шындық екенін көрсетті.

Себебі біріншіден, "аналық капиталға" қызығып, орыстар ғана емес, тұрмысы төмен қазақ отбасылары да Ресейге көшіп, ұрпақтарын сонда дүниеге әкелуге ден қойғаны анықталды.

Ресми мәлімет бойынша, 2019-2020 жылдары елден шетелге ауғандардың ішінде тек 74,3 мың адам ғана тарихи отанына оралуға шешім қабылданғанын немесе репатриацияланғанын көрсеткен.  

Екіншіден, елді жайлаған трайбализм (әкімдікке, меморгандарға жұмысқа тұрғың келсе, алдымен руыңды сұрайды), коррупцияға (вакансия-кресло параға сатылады) шыдамаған қазақстандық жоғары білікті мамандар бақытын өзге елдерден іздеуге аттанады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі мұны растайды. 2011 жылдан бастап, 2022 жылдың басынан бергі аралықта Қазақстаннан жалпы саны 367,1 мың адам шетелге тұрақты тұруға кетті. Оның басым көпшілігі – білімді азаматтар. 38%-ының білімі – жоғары, 34%-ының – техникалық-кәсіптік білімі бар.

Үшіншіден, шетелге қалған өмірін бай-бақуатты Батыста не теңіз жағалауында өткізгісі келетін қарттар емес, жастар кетуде. Сыртқа қоныс аударған 367,1 мың қазақстандықтың 72 пайызы – аяқ-қолы балғадай, еңбекке қабілетті жастағы азаматтар. Яғни мемлекеттің құнды ресурсы.

Қынжылтатыны сол, бұрынғы билік қанша жерден дәріптеп, ел алдында саяси ұпай-дивиденд жинауға пайдаланса да, Еңбекмині қандастардың адами капитал сапасы төмендеу болып тұрғанын мойындауға мәжбүр. Олар экс-отандастардың орнын толтыра алмаған.

"Соңғы жылдардағы көші-қон ағындарының динамикасы елден кеткен жоғары білімді эмигранттар санының өскенін және елге жоғары білімді көшіп келушілердің азайғанын көрсетеді. 10 жыл ішінде елге келген жоғары білімді адамдар үлесі 2 еседен астамға құлдырады және 2020 жылы небәрі 1,9 мың адамды құрады", – деп хабарлады министрлік.

Сондықтан Жаңа Қазақстан басым көпшілігінің орта білімі ғана бар қандастардың көшін ынталандырумен шектеле бермей, шетелден жоғары білімді, білікті мамандарды тартуға басымдық бермек.

Ұқсас саясатты бұрынғы билік ілгерілетіп көрген. Бірақ Назарбаевтың тапсырмасы бойынша кезінде шетелге кеткен не сондағы қазақтар арасынан білікті мамандарды елге қайтаруға екпін түсірілді. Мысалы, 60 жаста болған Қанатжан Әлібеков (АҚШ-та Кеннет Алибек деген атпен жүр) 2010 жылы Астанаға оралып, Назарбаев Университетінде және басқасында әр қызметті бір ұстап, 2017 жылы шетелге тайып тұрды. Ал Елбасының тапсырмасын орындаған, оның жобасына 7 жылда 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаржысын төккен Үкімет ешқандай ғылыми жетістік көре алмай, сазға отырды.

Сондықтан Жаңа Қазақстан шетелдік жас ғалымдарға иек артпақ. Бұл ретте оның қазақ болуы міндетті емес.

Қазақстанның көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасының бірінші бағытына сәйкес, білім иммиграциясы жүзеге асырылады. Республикада "Білім орталығы және тартылыс орталығы" экожүйесін қалыптастыру бастамасы қолға алынбақ. Оның аясында Қазақстан Ресей, Қытай, Малайзия, Чехия, Еуропа елдерінің тәжірибесін басшылыққа алады, яғни өзге елдерге шығып, олардың жастарын Қазақстанға келіп оқуға шақырады.

"Қазақстандық жоғары оқу орындары мен колледждерге тарту мақсатында шетелдік оқушыларға арналған гранттар саны ұлғайтылады. Түсу емтихандарын өткізу мерзімдері өзгертіледі. Сондай-ақ отандық ЖОО-лардың Орталық Азия елдерінде көшпелі қабылдау комиссияларын ұйымдастыру ісі зерделенеді", – делінген құжатта.

Негізі, идеяның перспективасы бар. Биыл Анкараға сапарында Президент Тоқаев түркиялық белді университеттердің филиалдарын Қазақстанда ашу туралы келісімге келген болатын. Егер Түркияның әлем таныған мықты университеттерінің өкілдіктері елімізде ашылса, өзбектің, қырғыздың, тәжіктің, түрікменнің дарынды жастары Қазақстанға бет алуы да мүмкін. Бұл бастама аталған құжатта білім беру иммиграциясы деп аталған және оны ынталандырудың бірқатар жолдары көрсетілген.

Көші-қон саясатының екінші бағыты – бизнес-иммиграция болмақ.

Оған қатысты бастама – "Қазақстан – еркін экономикалық, қаржылық белсенділік пен жаңа мүмкіндіктер аумағы" аталады. Оның аясында:

  • Инвестициялық міндеттемелерге айырбас ретінде артықшылық-преференциялар берудің қолжетімді тетіктері енгізіледі;
  • "Бір терезе" қағидаты бойынша инвесторларға көрсетілетін жәрдем-қолдау атаулы орталықтандырылады;
  • Салық, бақылау-қадағалау, рұқсат беру салалары біртіндеп либерализацияланады, жеңілдетіледі;
  • Жер қойнауын пайдалану және өзге қызмет салаларындағы заңнама жетілдіріледі;
  • Мемлекеттік қызметтер көрсету секторы толыққанды цифрландырылады;
  • Коммуникациялық инфрақұрылым дамытылады;
  • Қазақстанның инвестахуалын едәуір жақсартуға күш салынбақ;
  • Алтын виза таратылады.

"Инвестициялық визаны енгізу бастамасы шеңберінде шетелден 100 үздік бизнесменді тарту ұсынылады. Соның ішінде тұтасымен зияткерлік қызметке негізделген креативті индустрияны (экономиканың төртінші секторын) дамытушыларға мән беріледі. Бұл адами капиталды дамытуға, білім құндылығы мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай серпін береді және отандық білім беру қызметтері сапасын арттыруға жәрдемдеседі", – деп сендіреді Еңбекмині.

Алтын, немесе инвестициялық виза кімдерге берілмек? Мәселен, Түркияда 400 мың долларға баспана сатып алғандарға тұрақты тұру ықтиярхаты ұсынылатыны мәлім. Ал Қазақстанның талабы одан шамалы ғана төмендеу болады.

Министрліктің түсіндіруінше, бір реттік төлеммен Қазақстан экономикасына 300 мың доллардан астам инвестиция салған шетелдік бизнесмен үшін инвестициялық және іскерлік визалар алу шарттарын қайта қарау жоспарлануда. Жаңа виза оларға Қазақстанда 10 жыл тұруға рұқсат береді. Виза иесі елде бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қаржылық операцияларды жүргізуге мүмкіндік алады.

Ведомствоның сендіруінше, ұсынылып отырған бастама елге бизнес-иммигранттардың келу мүмкіндіктерін кеңейтуге, қазақстандықтар үшін тұрақты жұмыс орындарын құруға, жаңа технологиялар трансферін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жаңа көші-қон саясатының үшінші бағыты – Қазақстанға білікті еңбек мигранттарын тартуды қарастырады. Олар өздерімен бірге білімді ала келеді, яғни осында тапшы кәсіптер бойынша жергілікті ұлттық кадрлар даярлауды қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Үшінші бағыт аясында "құнды дағдыларға арналған виза" деген жаңа түрін енгізу жоспарланған. Бұл визаны мемлекет ғылым, денсаулық сақтау, өнеркәсіп, IT саласындағы бағалы мамандарға береді: виза оларға тұруға ықтиярхат алуға мүмкіндік береді.

"Ғылым, білім, өнеркәсіп, ақпараттық технологиялар, спорт және мәдениет саласында құнды дағдылары бар шетелдіктер үшін, соның ішінде этникалық қазақтар үшін тұрақты тұруға ықтиярхаты бар "бағалы дағдыларға арналған визаны" енгізу ұсынылады. Өнер, спорт, әдебиет саласында 100 шеберді тартып, оларға елде авторлық мектептерін ашу үшін жағдай жасалады", – деп түсініктеме берді Еңбек министрлігі.

Отандық озық кадрларды даярлау, жетекші әлемдік компаниялармен ынтымақтастықта ұлттық, халықаралық, өңірлік құзыреттер хабы мен орталықтарын құру үшін тапшы кәсіптер бойынша 100 үздік шетелдік мамандарды Қазақстанға әкелу жоспарлануда.

Осы және басқа бастамалар мен жобалар арқасында көші-қонның теріс сальдосын қазіргі -21,2%-дан 2026 жылы -3,1%-ға, ал 2027 жылы +0,1%-ға жеткізу көзделген.

Жатжұрттардан білікті кадрларын тартып алу арқылы Қазақстанда еңбекке қабілетті жастағы адамдардың жалпы санындағы білікті кадрлардың үлесін қазіргі 38,6%-дан 2027 жылы 48,7%-ға дейін арттыру биліктің жоспарында бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу