"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" Ресей аумағында тегін қызмет еткен

3789

Мемлекетке масыл болған мекеме өзін-өзі асырауға жіберілуі мүмкін.   

"Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" Ресей аумағында тегін қызмет еткен

Авиация әкімшілігін қаржыландыру тоқтатылды

Шетелдік тұлға басқаратын "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ындағы былықтар туралы Inbusiness.kz бұған дейін жазған болатын. Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Питер Гриффитстің "патшалығындағы" өзге де проблемалар жайын ашық жайып салды.

Сонымен 2019 жылдың тамызында Қазақстанның азаматтық авиация саласының тұрақты дамуына ықпал ету, ұшу қауіпсіздігі деңгейін көтеру секілді мақсат-міндеттерге қол жеткізу үшін құрылған бұл квазимемлекеттік компанияның миллиардтарды шығындайтыны, ал қайтарымы бірнеше миллионды ғана құрайтыны анықталды. Содан болса керек, Үкімет енді оны "еркін айналымға" жіберіп, қоштасуға құштар болып отыр.

Әрине, егер оны осы күйінде мемлекеттің қанатының астынан шығара салса, бірінші күні-ақ жабылып қалуы ғажап емес. Сондықтан министрлік ұлттық заңнамаға түзету енгізіп, "ҚАӘ қызметтері үшін жеке және заңды тұлғалардан азаматтық авиация саласындағы төлемдерді өндіріп алуды" енгізбек. Басқаша айтқанда, бұл монополистің ауыртпалығын мемлекеттен алып, авиакомпаниялар мен азаматтардың мойнына арту қарастырылуда.

Бұл жаңашылдықтар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасында көзделген.

"Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" заңға сәйкес, бұл ұйымды қаржыландыру үшін "Қазаэронавигация" РМК тоқсан сайын оған ақша аударып тұратын. Алайда "Қазаэронавигация" кәсіпорнының таза табысының кемуі салдарынан кейінгі жылдары қаржы тасқыны сұйыла бастаған болатын.

Мысалы, ҚАӘ-нің 2019 жылғы бекітілген бюджеті 2 млрд 402 млн теңгені құрады. Ал "Қазаэронавигациядан" іс жүзінде 2 млрд 102 млн теңге немесе 87,5%-ға түсті. Осылайша, 2019 жылы 300 млн теңгеге немесе 12,5%-ға кем қаржыландырылды.

Одан кейін 2020 жылы ҚАӘ бюджеті 3 млрд 809 млн теңгеге дейін көтерілді. Бірақ Азаматтық авиация комитетінің "Қазаэронавигация" кәсіпорны "Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің" ашылған аранын қанағаттандыра алмаған. Бұған қоса әлемді жайлаған коронавирус барлық елді әуе қақпаларын жабуға мәжбүр етті, әуе кемелері "қайраңда" қаңтарылып тұрды. Қазақстан аумағының үстінен әуе кемелерінің ұшу саны да айтарлықтай төмендеді.

Нәтижесінде, "Қазаэронавигация" РМК-сынан былтыр ҚАӘ-ге іс жүзінде 2 млрд 257 млн теңге немесе бюджеттің 59%-ы ғана түсті. Тисінше, авиациялық әкімшіліктің жоспарлап қойған шығыстарына 1 млрд 552 млн теңгеге немесе 41%-ға аз қаржы берілді.

Нағыз қызық пен шыжық биыл басталды. ИИДМ хабарлауынша, 2021 жылдың тамызынан авиация әкімшілігін қаржыландыру тоқтатылды.

Қызығын – Ресей, шығынын – Қазақстан көреді

ҚАӘ қазіргі табысы шығысының 5%-ын да өтемейді екен (небәрі 4,59%).

Заңнамаға сәйкес, авиациялық әкімшілік – ұшақтардың ұшуға жарамдылығы сертификатын, эксплуатант сертификатын, аэродромның жарамдылығы сертификатын, авиациялық персоналдың куәлігін, авиациялық жұмыстарды орындауға куәлікті беру сияқты мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. Яғни бұл алпауыттың қызмет аясы кең, әрі ол саладағы монополист. Соған қарамастан, оның табысы тым мардымсыз.

Мәселен, былтыр авиациялық әкімшіліктің бекітілген бюджетінің мөлшері 3 млрд 809 млн теңгені құрады. Сол жылы оның көрсеткен қызметтері үшін республикалық бюджетке түскен түсімдер бар-жоғы 175 млн теңге ғана болды. Бұл оны ұстап тұруға қажетті шығынның 5 пайызын да өтемейді. Неге оның қызметінен қайтарым сонша аз?

Сөйтсе, Қазақстан есебінен күн көрген ұйым жатжұрттық компанияларға – Ресей әуе тасымалдаушыларына тегін қызмет етіп келіпті.

"Мысалы, 2021 жылдың сәуірінде ҚАӘ-нің авиациялық инспекторы 2 авиакомпанияның өтінімдері бойынша Ресейдің Екатеринбург қаласында әуе кемесін сертификаттық тексеру және Ресейдің Новосібір қаласында авиациялық техникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі ұйымның шетелдік сертификатын тану бойынша қызмет көрсетті. Нәтижесінде, бірінші қызмет үшін өтініш беруші 20 мың теңге алым төлеген. Ал екінші қызмет тегін көрсетілді. Себебі ол үшін төлем алу көзделмеген. Бұл ретте осы көрсетілген қызметтер үшін Қазақстанның авиациялық әкімшілігі 1,5 миллион теңгеден астам шығын шығарды", – деп түсініктеме берді министрлік.

Өз елімізге қатысты мысал келтірсек: авиация әкімшілігі әуежайлардағы бақылау-өткізу пункттерінде жолаушыларды, жүктерді қарап тексеруді жүзеге асыратын авиациялық қауіпсіздік қызметінің қауіпсіздік бөлімшелерінің инспекторларын, қарап тексеру бөлімшесінің қызметкерлерін – авиациялық қауіпсіздік қызметінің бастықтары мен орынбасарларын, ауысым бастықтарын, инспекторларын жұмысқа жіберу бойынша қызметтер көрсетеді. ҚАӘ осы кандидаттарды тексеруге 2020 жылы 4 млн 875,3 мың теңге шығын шығарыпты. Алайда бұл қызмет тегін болып табылады. 

Алпауыт қанша қаржы көзіне ие болады?

Әлгінде, 2021 жылғы тамыздан бері авиациялық әкімшілікті қаржыландыру тоқтатылғанын айттық. Бұған "Қазаэронавигацияның" таза табысының жоқтығы себеп болыпты. Заң бойынша ҚАВ ҚАӘ-ні тек таза табысынан ғана қаржыландыра алады.

Сонда Питер Гриффитс пен командасы қалай "күн көруде"? Биылғы тамыздан бастап, ҚАӘ қызметі қарыз-заем есебінен қаржыландырылуда.

Индустрия министрлігі қалыптасқан жағдай азаматтық авиация саласындағы ұшу қауіпсіздігі мен авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатер төндіріп отырғанын мәлімдеді.

"Салдарынан бірқатар қауіп-қатер пайда болды: біріншіден, инспекторлық тексеру мерзімдері бұзылады. Екіншіден, еңбекақы төлеуге шектеулі қаражат қана бөлінуіне байланысты білікті мамандар кетуі мүмкін. Үшіншіден, білікті мамандарды тарту мүмкіндігі жоқ. Төртіншіден, авиация инспекторларының біліктілік деңгейін арттыру кестесі бұзылады. Мұндай жағдай білікті персоналдың тапшылығына алып келеді", – деп мәлім етті ведомство.

Ұйымнан мамандар кетіп жатқанға ұқсайды. Мысалы, 2021 жылы штаттық кесте бойынша авиациялық әкімшілік қызметкерлерінің саны 175 бірлікті құрауға тиіс еді. Іс жүзінде бүгінде 145 қызметкер ғана жұмыс істеуде. Маманмен қамтылуы 82%-ға дейін құлдырады.

Сондай-ақ 2019 жылы ҚАӘ-нің тек 19 қызметкері ғана біліктілікті арттыруға жіберілді, бұл штат кестесінің 10,86%-ын құрайды.

Тұйықтан шығудың тәсілі ретінде министр Бейбіт Атамқұловтың командасы "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-ын толықтай өзін-өзі қаржыландыру және өзін-өзі ақтау моделіне көшірмек. Жаңа заң жобасында осы тетік ұсынылды.

Бұл Ұлыбритания мен Еуропалық Одақтың авиациялық реттеушілері қолданатын тәжірибе. Егер осы үлгі қабылданса, ҚАӘ-ге азаматтық авиация саласында қызметтер көрсеткені үшін өз бетінше төлем жинауға рұқсат етіледі. Ұйымның 7 департаменті бар екені белгілі, олар жалпы саны 40 қызметті көрсетуден ақша жинай алады.

Жалпы авиациялық әкімшіліктің "сауынды сиыры" көп көрінеді. Тарата айтсақ, заң қабылданса, ҚАӘ 55 авиакомпаниядан, 25 әуежайдан, 4 аэронавигациялық қызмет көрсетуді жеткізушіден, 2 авиациялық медициналық орталықтан, 6 авиациялық медициналық сарапшыдан және 9 799 авиациялық персоналдан алым жинай алады.

Демек, әкімшілік шығындарын бірнеше миллиардқа арттыра алуы мүмкін.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу