Қазақстанның барлық өңірінде су тапшылығы туындады

2892

Ірі қалалардың суды субұрқақтар мен сауналарда ысырап етуіне қоғамның көңілі толмауда. 

Қазақстанның барлық өңірінде су тапшылығы туындады

Үкімет мүшелеріне хат жолдаған азаматтар биыл еліміздің әртүрлі елді мекенінің судан тарығып жатқанын айтып, дабыл қағуда, деп жазады Inbusiness.kz.

Ауыл кәсібінің дамуына су тапшылығы кедергі

Елордалық кәсіпкер Балажан Рақымова таяуда ғана Қарағанды облысының Осакаров ауданының ауылдарындағы ағайындарын аралап қайтыпты. Куә болған көрініс көңілін қатты жабырқатқан көрінеді.

"Ауылдағы туыс-туғандарымды аяймын. Өңірлерде жолдардың нашар күйде екенін тіпті ауызға да алмаймын, жұрт асфальтсыз, жай ғана қиыршықтас тастала салған жолдармен жүруге еті өліп кеткен. Рас, оның үшкір тастары көліктің доңғалағына қадалып жатады. Бірақ биылғы ең басты проблема – су, яғни оның тапшылығы болып тұр. Мысалы, Ералы ауылында осы жылы мүлдем су жоқ. Бұрынғы жылдары халық сорғы-насоспен аздап су тартып ішетін. Биылғы жазда соның өзінен қағылыпты. Білетіндердің айтуынша, сорғы станциясына қуаты нашар жабдық орнатыпты. Оның су тартуға қуаты жетпейтін болып шыққан", – дейді Б.Рақымова.

Ол ұқсас түйткілді өзге ауылдар да бастан өткеріп жатқанын айтады. Жұрт байырғы замандардағыдай арбамен су тасымалдап жүр. Дегенмен, көрші "Озерное" ауылында басқа жайтқа жолыққан.

"Ералы ауылында қат болып тұрған ауыз сумен озерныйлықтардың бау-бақшаларын ылан-ойран суарып жатқанын байқадым. Ауылдықтар қазіргі қиын шақта мал ұстап, оның өнімдерін тұтынып, артылғанын сатып, өз күнін өзі көргісі келеді. Бақша салып, өнім жинағысы келетіндер көп. Бірақ судың жоқтығы ауыл шаруашылығы кәсібінің дамына үлкен кедергі. Адамдар қажыған, салдары суға кетіп, не істерін білмей күйзелуде. Кеңес кезінде орталықтандырылған су жеткізу трассасы болды, ол жөндеу көрмегендіктен, шіріп кеткен. Әр отбасы өзінше құдық қазып, ұңғыма бұрғылап көріпті, бірақ шыққан судың ішуге жарамсыз екені анықталды", – дейді кәсіпкер.

Әріптесіміз Әсия Исембердиева жуырда "Болашақ" бағдарламасымен Ұлыбританияда білім алып оралды. Ол биылғы жазда ауылда аунап-қунап, мауқын басып қайтпақ болады. Содан шілденің алғашқы күндері Алматы облысында Тәңірі сұлу жаратқан тұма табиғаты толықсып тұрған Кербұлақ ауданына тартады.

"Мен Сарыөзек кентінде болдым, сонда тұратын ата-анама барып, ұнжырғам түсіп қайтты. Жаздың басынан бері су жоқ. Күннің ми қайнатар аптап ыстығында жұртшылық өзен бойындағы тұзды бұлаққа ағылып, содан су тасып ішуге мәжбүр болуда", – дейді журналист.

Ол су мәселесін көтеріп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа жүгініпті. Облыс әкімдігі бұл өтініштің Кербұлақ ауданы әкімінің аппаратына бағытталғанын, солар қарастырып, тиісті шара қолданатынын хабарлады. Аудан әкімдігі өз кезегінде Сарыөзек кентінің әкіміне тапсырған...

Аптап ыстық сорғы шыдатпай жатыр

Жалпы, жер ғаламшарындағы парник эффектіне және климаттық өзгерістерге байланысты әлемдегі біраз ел қуаңшылыққа ұшырады. Грекия, Испания, Италияда зәйтүн қурап, күйіп кеткен. Құрғақшылық адамзатқа пандемияға бара-бар шығын келтіруі ықтимал. БҰҰ осындай ескерту жасады. Жаһандық ұйымның мамандары 20 жылға талдау жасай келе, көлемді есеп әзірледі. Құжатқа сәйкес, әлемдегі шамамен 130 ел осы ғасырда қуаңшылықтан зардап шегуі мүмкін.

Қазақстан, АҚШ, Ресей, Тайвань, Сальвадор, Бразилия, Чили, Вьетнам, Индонезия, Австралия, сондай-ақ Африканың үлкен бөлігі, Еуропаның оңтүстігі, оңтүстік және орталық Америка қуаңшылық зардаптарын тартуда.

Аспан айналып жерге түскендей аңызақ аптап су айдайтын сорғыларды да шыдатпайды екен.

"Жуалы ауданындағы Бауыржан Момышұлы ауылының Сафинов көшесінде ауыз суы жоқ, бірнеше күн болды. Жаздың ыстық күндерінде қарт ата-анамыз ауыз судан қиналды. Суға жауапты бастықтар келіп, тұрғындарды жинап, "су қажет болса, моторға, насосқа ақша жинаңыздар" деп кетіпті. Бұл не масқара?! Бір сорғыны ауыстыруды ұйымдастыра алмаса судың басшысы, ауыл әкімі, аудан әкімі несіне отыр ол жерде? Ауыз су деген бірінші кезекте қажет дүние. Бірақ ауданда оны түсініп отырған басшы жоқ секілді", – деп шағымданған болатын жергілікті белсенді Мадияр Әзімбай.

Дегенмен, ізінше Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ауылға су келгенін хабарлады.

"Жуалы ауданы әкімі аппаратының мәліметінше, Б.Момышұлы ауылындағы Б.Сафинов көшесінде 2021 жылдың 5–8 шілде аралығында сорғының жанып кетуіне байланысты ауыз судың болмағаны рас екен. Запаста сорғының болмау себепті сорғы алмастыру жұмыстары 8 шілде күні жасалды. Тұрғындар арасында таралған "Жуалы-Су" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны тарапынан "насосқа ақша жинаңыздар!" деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазіргі таңда аталған мәселе шешілді, тұрғындарға су қалыпты берілуде", – деді аймақ басшысы.

Мегаполистер суды ұтымсыз шығындайды

Осы орайда аптап ыстықта Нұр-Сұлтан қаласындағы ту биікке дейін атқылаған фонтандар бейнеленген видеороликтер әлеуметтік желіде жаппай сын тудырды. Бейнежазба  астында пікір қалдырғандар қаншама судың босқа ысырап болып, буланып, жойылып жатқанына қынжылыс білдірді.

Жалпы, елордада көлікті техникалық емес, ауыз сумен жуатын орындар жетерлік.

Алматылық кәсіпкер Серік Измаилов та ірі мегаполистерде ауыз судың ұтымсыз пайдаланылатынын айтады.

"Онсыз да жетпей жатқанда, осындай құнды ресурсты рәсуалауға болады ма? Мені азамат ретінде бұл жағдай ашынтады. Көргенімді айтайын, Алматыдағы "Арасан" моншасында бөшке түріндегі екі "купель" жасақталыпты. Соларға шүмектерден тәулік бойы тоқтаусыз су құйылып жатады. Клиенттердің ынта-ықыласын тудыру үшін солай креатив жасап қойған. Оған түсіп жатқандар шамалы. Бірақ сауна қызметкерлерінің түсіндіруінше, әлдеқалай біреу бөшкеге шомылып шықса, одан кейін су бірден жаңартылып тұрады дейді. Ілеуде біреу сүңгіп шығуы үшін сонша су кәрізге босқа ағып жатыр. Оның қасында суық суға толы үлкен бассейн тұр, келушілер емін-еркін соған сүңгіп, салқындай алады. Бұған дейін мұндай "купельдер" "Арасанда" болмаған, келушілерге оның жоқтығы еш қолайсыздық тудырмайтын. Қазақстанда су тұтыну мәдениеті қалыптаспаған", – деп күйінеді С.Измаилов.

Ол елімізде судың босқа шығындалу фактілеріне назар аударуды сұрап, нақты мысалдарды алға тартып, су ресурсына жауапты басты орган басшысы – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевке хат жазыпты. Министр бұл мәселе өз құзырына кірмейтінін мәлімдеп, сырғытпа жауаппен құтылған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !  

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу