Қазақстанның батысы қуатты индустриялық даму даңғылына түседі

1742

Көлік, энергетика, өңдеу өнеркәсібі және басқа салалардағы ірі жобалар еліміздің батыс өңірлерінің еншісіне тиді.

Қазақстанның батысы қуатты индустриялық даму даңғылына түседі Фото: Ашық дерек көздерінен

Алдымен қуат қиындықтары еңсерілуге тиіс

Парламент депутаттары қоңыр күзге дейін каникулға кетті. Бұқара Астана күніне арналған жарты апталық демалыста тынығуда. Осылай саясат сахнасы тыншып қалғанда, сарапшылардың назары еліміздің батысына ауды. Себебі, түсінікті. 3 шілде күні жергілікті уақыт бойынша сағат 17:25-те МАЭК жылу электр станциясында апат болды. Салдарынан көптеген нысан апаттық түрде жұмысын доғарды.

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасановтың айтуынша, сыртқы желілерде электр энергиясының өшуіне байланысты Атырау мұнай өңдеу зауытының жұмысы дағдарды. Жарылысқа жол бермеу үшін зауыт сыртқы электр желілері толық қалпына келтірілгенге дейін отынды алауға бағыттап, сонда босқа жағуға мәжбүр болған.

Сол З шілде күні 19:35-те "KEGOC" АҚ электр қуатын қайта бере бастады. Ал Атырау мұнай өңдеу зауыты 6 шілдеде мұнай өнімдерін шығаруға қайта кірісті. Елде бензин мен дизель бағасы бір серпіліп басылды. Тапшылыққа әзірше жол берілмеді.

Қуатқа қатысты проблема салдарынан Қарабатандағы "KPI inc" ЖШС-нің газ-химия кешенінің жұмысы апаттық жағдайда доғарылды. Д.Хасановтың айтуынша, "МАЭК" энергия блогының апаттық жағдайда тоқтауы "ҚазМұнайгаздың" кәсіпорындарына залалын тигізді. "ҚазТрансОйлдың" Атырау және Маңғыстау облыстарындағы 11 мұнай айдау станциясының жұмысы тоқырады. "Магистральды су құбыры" желісі бойынша 3 су сорғы станциясында су айдау тоқтатылды.

"Қаражанбасмұнай" АҚ-ның 2400-ден астам ұңғыма, "Маңғыстаумұнайгаз" АҚ-ның "Қаламқас" және "Жетібай" кен орындарында 1131 ұңғыма, Атыраудағы "Ембімұнайгаз" АҚ-ның кен орындарында 1809 ұңғыма уақытша жабылды. "Өзенмұнайгаз" АҚ-ның кен орындарында 30 жерастына су айдау сораптары тоқтатылды. Салдарынан 1 тәулікте шамамен 10 мың тонна мұнай өндірілмей қалды.

ҚМГ дерегінше, жалпы алғанда, соңғы 2,5 жылда осындай электр энергиясын берудегі шектеулер, ақаулар салдарынан мұнайдың жалпы тапшылығы шамамен 280 мың тоннаны құрады, мемлекет 60 миллиард тенгеден астам табысын жоғалтты.

Бұл оқиға еліміздегі барлық инфрақұрылымдық, индустриялық жобалар электр энергетикасы жүйесіне қатты тәуелді екенін, ондағы олқылықтар мен ақаулардан қатты зардап шегетінін көрсетті.

Мысалы, АМӨЗ баспасөз қызметі: "бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытының барлық технологиялық қондырғылары қалыпты режимде жұмыс істеп тұр" деп жариялады. Алайда электр жүйесіндегі апат кесірінен осы зауытта баяу кокстеу қондырғысы (БКҚ) сол бойы іске қосылмай қалғаны белгілі болды. Енді апатты тоқтау салдарынан бітеліп қалған жабдықты тазалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл қондырғы шикі кокс өндіруге арналған. Сол себепті мұнай өңдеудің көлеміне немесе басқа мұнай өнімдерінің өндірісіне әсер етпейді. Мамандар БКҚ-ны 9 шілдеге дейін іске қосуды жоспарлап отыр. Осының өзі кәсіпорынға қомақты шығын әкелді.

Ал еліміздегі ең ірі инфрақұрылымдық жобалар, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар батыс Қазақстанда жүзеге асырылып жатқанын ескерсек, билікке оларды үздіксіз әрі ақаусыз қуатпен қамту мәселесін шешуге баса назар аудару қажет болады.

Апат бола салысымен, еліміздің батысына Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бастаған үкіметтік делегация аттанды. Үкімет басшысы Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) қазіргі ахуалымен және апатты жағдайдан кейін оның жұмысын қалпына келтіру барысымен танысты. Зауыт сыртқы көздерге тәуелді болмауы үшін автономды энергия көзін іске қосу міндетін қойды.

АМӨЗ бас директоры Мұрат Досмұратов қазіргі кезде жеке газ турбиналы электр станциясын салу жобасы әзірленіп жатқанын баяндады. Дегенмен, оның құрылысы бірнеше жылға созылмақ.

Премьер-Министр қалыптасқан жағдайда Үкіметтің кінәсі барын да жасырмады. Бұл зауыт ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп отырған маңызды кәсіпорындардың бірі.

"3 шілдеде бүкіл зауыт апатты жағдайда тоқтап қалды. Осыған ұқсас жағдайлар 2 жыл бұрын да орын алған. Сол кезде де зауытқа өзінің автономды энергия көзі қажет екені түсінікті болды. Содан тиісті сабақ алуға болатын еді. Әрине, бұл тек Атырау мұнай өңдеу зауытының міндеті емес, "ҚазМұнайГаз" компаниясы да қажетті жұмыстарды атқаруы керек еді", – деп қынжылды Әлихан Смайылов.

Әрине, осы салғырттық үшін ешкім жауапқа тартылған жоқ. Оның орнына Премьер жеке газ турбиналы электр станциясын іске қосу жобасын жүзеге асыруды жеделдетуді кезекті рет талап етті.

"Зауыт – стратегиялық маңызды нысан. Ол сырттан жеткізілетін электр энергиясына тәуелді болмауға тиіс. Яғни, апатты жағдайда тоқтаған мезетте кәсіпорынның тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жеке қосалқы станция іске қосылуы керек. Бұл жобаны 2028 жылға дейін созбай, алдағы 2–3 жылда жүзеге асыру керек. Біз бұл үдерісті жеделдетуіміз керек", – деп, ҚМГ мен АМӨЗ басшыларына тапсырма жүктеді Премьер-министр.

Ол кездегі Премьер тағы апат болса, осы Үкіметті айыптап жүрмесе...

Қазақстан әлемдік полипропилен өндіруші көшбасшылар қатарына ұмтылады

Негізі, жалғыз АМӨЗ ғана емес, өлкеде өзге де аса маңызды инфрақұрылымдық жобалар көп. Мысалы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Атырау облысына жұмыс сапары аясында KPI Inc. компаниясының полипропилен өндіретін зауытын аралады. Министр Атырауда өндірілетін полипропилен көлемін арттыру міндетін белгіледі.

Оның айтуынша, "Теңіз" кен орнынан алынатын пропанды өңдейтін кәсіпорын жылына 500 мың тонна жоғары сапалы полипропилен өндіруге қауқарлы. Бұл әлем бойынша полипропилен өндірісінің 1 пайызын құрайды. Бір қарағанда аздау. Алайда бұл мысалы, Түрікменстан, Өзбекстан және Әзербайжан аумағында өндірілетін бүкіл полипропиленді қоса алғандағыдан да көп.

Соған қарамастан, Марат Қарабаев KPI Inc. компаниясының басшылығына өндірілетін полипропиленнің жылдық көрсеткішін тағы арттыру жолдарын қарастырып, нақты жоспар ұсынуды тапсырды.

Зауыт Теңіз кен орнындағы зиянды қоспалардан тазартылған пропанды шикізат ретінде пайдаланады. Бұл экологияға залалды барынша азайтуға мүмкіндік береді екен.

Кешенде Американың "Lummus Technology Inc." компаниясының Catofin (пропанды дегидрогенизациялау) және Novolen (пропиленді полимеризациялау) технологиялары қолданылған. Зауыт жабдықтарының 77%-ы Еуропа, АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония және Үндістанда жасалыпты. Ұқсас кешендер АҚШ, Бельгия, Оңтүстік Корея, Сауд Арабиясы, ҚХР сияқты 5 елде тұрғызылған.

2022 жылдың қарашасында іске қосылған қазақстандық полипропилен өндіретін зауытты салу үшін Үкімет қытайлық China Development Bank банкінен 2 миллиард доллар қарыз алды. Кәсіпорынның бас мердігері де Қытайдың China National Chemical Engineering Co. болды. Жоба жалпы құны 2 млрд 630 млн долларға түсті. Жоба 2018 жылғы шілдеде "ҚазМұнайГаз" басқаруына тапсырылды.

Өндіріс ошағының маңызы мол. Біріншіден, ол еліміздің ішкі қажеттілігін толық өтейді. Яғни, импорталмастыру жүзеге асырылады. Қазақстанның полипропиленге деген сұранысы жылына шамамен 50 мың тоннаны құрайды. Екіншіден, бұл өніммен республика жаһандық нарыққа шыға бастады. Алғашқы сатып алушылармен келісімшарттар бекітілген.

Үшіншіден, отандық шағын және орта кәсіпкерлерге қазақстандық полипропиленді ары қарай өңдеп, одан құрылыс, медицина, автомобиль жасау, тамақ өнеркәсібі, тоқыма өнеркәсібі және басқа да көптеген салаларда бұйым жасауына мүмкіндік туды.

Электр сыртында, еліміздің батысының үлкен бір проблемасы ауызсу тапшылығына қатысты. Өңір негізінен Каспий теңізінің суын тұщытып, ішеді. Осы орайда Үкіметтің "Каспий" тұщыландыру зауытын жаңғырту жобасын аяқтау үшін қажетті қаражат бөлетіні мәлім болды. 2020 жылы басталған зауытты кеңейту жұмыстары аяқталуға жақын. Ол қолданысқа берілсе, "Каспийден" ауыз су беру тәулігіне 40 мың текше метрге дейін ұлғаюға тиіс. Бұл өңірді сумен тұрақты қамтуға мүмкіндік береді.

Кәсіпорын директоры Нұрлыбай Аққұловтың айтуынша, жобаны аяқтау үшін жабдықтарды сатып алуға тағы шамамен 5 млрд теңге қажет. Премьер-Министр бұл соманы бюджеттен бөлуге келісті. Себебі, Маңғыстау облысындағы Мұнайлы, Түпқараған және Қарақия аудандарының 180 мың тұрғыны үшін бұл жобаның маңызы зор.

"Үкімет оны жақын арада аяқтау үшін қажетті қаражатты бөледі. Облыс әкімдігі тұщыландыру зауытында жаңа өндірістік қуаттарды жедел іске қосу үшін барлық шараны қабылдауы қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Батыс Қазақстан – жаһандық көлік хабы

Үкіметтің дерегінше, Қазақстанның өз батысында қарқынды жүзеге асырылып жатқан ең бір ірі көліктік жобасы – Транскаспий халықаралық көлік бағытын (ТХКБ) дамытумен байланысты.

Ресейді айналып өтетін басты баламалы бағыт саналатын осы ТХКБ-да былтыр жүк ағынының ауқымы 2 есеге өсіп, 1,7 миллион тоннаға жеткен. 2023 жылғы 5 ай қорытындысында ол бойынша жүк ағыны тағы 64% артты. Әзербайжан, Түркия және Грузиямен арада бекітілген Жол карталарын іске асыру нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен биыл 2 миллион тонна жүк өткізіледі. Ал 2025 жылға дейін жалпы өткізу қабілеті 10 миллион тоннаға дейін артады.

Осы жолғы сапарында Индустрия министрі М.Қарабаев Батыстағы, Каспийдегі ірі көлік инфрақұрылымы жобаларына инспекция жасап қайтты. Министр Маңғыстау облысындағы Құрық портының айлақалды теміржол станциясының, Александр Бекович-Черкасский шығанағындағы "Ерсай Каспиан констрактор" ЖШС-не қарасты айлақтардың, сондай-ақ отандық көлік-транзит әлеуетін дамыту аясында "Сеймург Инвест" компаниясы жеке қаражатына салып жатқан "Саржа" жаңа көпфункционалды теңіз терминалының мүмкіндіктерін бағамдады. Мұның бәрі отандық теңіз порттарын дамыту жоспарына кіреді.

Құрықта паромға дейінгі сұрыптау станциясы және жылдық қуаты 1 миллион тоннаға жететін астық терминалы салынады. Осының арқасында Қазақстаннан Иран мен Кавказ бағытында жүк өткізу қабілеті ұлғайтылады.

Бұдан бөлек, Ақтау теңіз сауда портында контейнерлік хаб құрылады. Каспий теңізінің жағалауға жақын түбі тереңдетіледі. Сондай-ақ №3 айлақ ұзартылады. Мұнай құюға арналған айлақтар қалпына келтіріліп, қайта тиейтін техника паркі жаңартылмақ.

Батыс өңірімізде, нақтыласақ, Ақтөбеде таяуда керамогранит, керамика тақтай және басқа құрылыс материалдарын шығаратын жаңа зауыт – "Зерде-Керамика Ақтөбе" ЖШС ашылды. Кәсіпорын жалпы ауданы 15 гектарлық алаңды алып жатыр. Бұған дейін компания Шымкентте осы тектес кәсіпорынды іске қосқан. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен жабдықтар сатып алынып, екіншісі зауыттың құрылысы аяқталды.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 5 миллион шаршы метр тақтай шығаруға жетеді. Өнімдер Еуропалық сапа стандарттарына сәйкес келеді, ішкі нарыққа жеткізіледі және Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне экспортталады. Алдын ала бағалаулар бойынша, зауыт өнімдері Қазақстанның керамикалық тақтайға деген қазіргі қажеттілігін толықтай қамтиды. Сонымен қатар мұнда 180-нен астам адам жұмысқа орналасты.

Зауыт жабылып қалмай, жұмысын жақсы жолға қоя алса, онда өнімдеріне сұраныс тек арта бермек.  Өйткені Үкімет бекіткен жоспарға сәйкес, биылдан 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен елде жалпы ауданы 111 миллион шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана салынбақ. Оның бәрінің іші мен сыртын қаптауға керамикалық тақтайшалар көбірек қажет болады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, алдағы жылдары өңірде жаңа өндіріс орындары белсенді ашылады. Мысалы, соның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы зергерлік бұйымдар шығаратын кәсіпорын, БҚО Сәтимола кенорнында калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешені және басқа жобалар бар.

Соңғысын "Qazaq Qalium Ltd." қолға алады. 2027 жылы ел игілігіне тапсырылатын 1-кезеңде кешен 1 млн тонна, 2030 жылғы ІІ-кезеңде – 3 млн тонна, ал 2035 жылға жоспарланған ІІІ-кезеңде 6 млн тонна өнім шығармақ. Айтуға тұрарлық бұдан өзге жобалар да жетерлік.

Батыс өңірлеріміз бұған дейін ел экономикасын мұнайдан түскен мол табыспен көтеріп, тәуелсіздіктің нығаюына, мемлекеттің көркеюіне сүбелі үлес қосып келді. Енді Батыс Қазақстан индустриялық, инфрақұрылымдық озық жобалары арқылы да республикамыздың серпінді дамуының драйверіне айналғалы тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу