Қазақстан өңірлерінде митинг өткізу шарттары өзгертілуде

1492

Төтенше, соғыс жағдайы немесе терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген кезде бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкін.  

Қазақстан өңірлерінде митинг өткізу шарттары өзгертілуде Фото: inbusiness.kz

Кейбір аудандарда бұқаралық наразылық шараларын өткізуге тыйым салынған аумақтардың шеңбері бірден 8 есе артып шыға келмек. Мамандар мұның заң аясындағы рәсімдер екенін айтады.

"Ашық НҚА" порталында көптеген қала-аудан әкімдіктері бейбіт жиналыстарды ұйымдастыруға және өткізуге арналған орындарға қатысты қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерді өзгертетін жергілікті мәслихаттардың жаңа шешімдерінің жобасын жариялап жатыр. Бұл құжаттар сонымен бірге:

  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды пайдалану тәртібін,
  • Митинг өтетін арнаулы орындардың шекті толу нормаларын,
  • Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды материалдық-техникалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды қайта қарайды.
  • Пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекараларын қайта айқындайды.

Мысалы, Ақтөбе облысының Ойыл аудандық мәслихатының жаңа шешімінің жобасына сәйкес, Ойыл ауданындағы пикеттеуді өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары:

  • автомобиль көлігі объектілерінде, жолдарда және оларға іргелес жатқан аумақтарда қазіргі 100 метрден – 800 метрге дейін;
  • мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда қолданыстағы 400 метрден – 800 метрге дейін;
  • қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда 100 метрден – 800 метрге дейін;
  • магистральдық құбырларда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда ағымдағы 100 метрден 800 метрге дейін күрт ұлғайтылмақ.

Яғни, осы айтылғандарға қатысы бар нысандарға шамамен бір шақырымдай жақын жерде енді ешқандай наразылық шарасын өткізуге болмайды.

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданының ішкі саясат бөлімі де ауданда келер жылдан бастап бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынған іргелес аумақтардың шекаралары 100 метр радиустан 800 метрге дейін ұлғаятынын жеткізді.

Бұл өзгерістердің бәрі таяуда ел Парламенті қабылдаған заңнамаға түзетулер аясында енгізіліп жатқан көрінеді.

Көкшетау қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы Бексұлтан Темірболаттың түсіндіруінше, 2020 жылдан бері қолданылып келген талаптар бойынша:

  • жаппай жерлеу орындарында;
  • теміржол, су, әуе және автомобиль көлігі объектілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда;
  • мемлекеттің қорғаныс қабілетін, қауіпсіздігін және халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін ұйымдарға іргелес жатқан аумақтарда;
  • ҚР Президентінің және ҚР Тұңғыш Президентінің резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда;
  • қауіпті өндірістік объектілерге және пайдалануы арнайы қауіпсіздік техникасы қағидаларын сақтауды талап ететін өзге де объектілерге іргелес жатқан аумақтарда;
  • магистральдық теміржол желілерінде, магистральдық құбырларда, ұлттық электр желісінде, магистральдық байланыс желілерінде және оларға іргелес жатқан аумақтарда 400 метрге дейін жақын жерде наразылық шарасын өткізуге жол берілмейтін.

Содан әр аудан өз қалауынша, 100-ден 400 метр аралығында тыйым салынған аумақты өзі белгілейтін.

Мысалы, Көкшетауда бұл қашықтық бұған дейін 200 метрді құрапты.

Алдағы жылдан бастап, Қазақстандағы барлық елді мекендер жаңа талап аясында оны 800 метрге дейін ұлғайтып жатқан көрінеді.

Бұған қоса, іргесінде митинг, пикет өткізуге тыйым салынған нысандар қатарынан "Тұңғыш Президенттің резиденциялары" алынып тасталды. Тек ҚР Президентінің резиденцияларына іргелес жатқан аумақтарда наразылық акциясын ұйымдастыруға салынған тыйым сақталды.

Елорданың әкімдігі де "Астана қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды анықтау туралы" мәслихаттың жаңа шешімінің жобасын жария етті.

Онда өзге өзгерістер сыртында, бейбіт жиналыстар, соның ішінде митингтер, шерулер мен пикеттер ұйымдастыруға болатын орындар саны арттырылды. Бұл да – жаңа заң талабы.

Бұдан бұрын, 2020 жылғы 30 маусымнан бері қолданылып келген "Нұр-Сұлтан қаласында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу үшін арнайы орындарды анықтау туралы" мәслихат шешіміне сәйкес, бас қалада бейбiт жиналыстар, митингiлер, шерулер, пикеттер өткізуге 3 орын ғана бөлінген болатын. Бұлар:

А.Пушкин көшесі мен Ш.Құдайбердіұлы даңғылы қиылысындағы саябақ;
"Столичный" циркі жанындағы алаң;
Жеңіс, Абая даңғылы, Т.Бегелдинов және Желтоқсан көшелері төртбұрышындағы алаң.

Мәслихаттың жаңа шешімінің жобасында Астанада бейбiт жиналыстар, митингтер, шерулер, пикеттер өткізуге арналған орындар саны 5-ке дейін көбеймек.

Біріншісі – Ш.Құдайбердіұлы даңғылы мен А.Пушкин көшесі қиылысындағы саябақ. Жер учаскесінің аумағы – 4 380 шаршы метр. Ол маң толығымен бейнебақылау және бейнежазба камераларымен, көше жарығымен, электр энергиясына қосылу нүктесімен және 35 тұрақ орнымен жабдықталған. Бұл жерде бір уақытта тек 1000 адамға дейін жиналуға рұқсат етіледі.

Екіншісі – жатпланеталықтардың ұшатын тәрелкесіне ұқсас пішіндегі "Столичный" циркі алдындағы алаң. Жер учаскесінің аумағы – 2 064 шаршы метр. Ол да қажетті талаптарға сай. 60 автотұрақ орны бар. Мұнда да тек 1 мың адам жинала алады.

Үшіншісі – Жазушылар аллеясы. Ол жақта Абая даңғылы – Ә.Сембинов көшесінен бастап, саябаққа, Ш.Құдайбердіұлы даңғылынан – А.Пушкин көшесіне дейін шеру ұйымдастыруға рұқсат етіледі. Шеру бағытының ұзындығы 2 055 метрді құрайды. Көшелер бойы жарықтандырылған, бейнебақылау және бейнежазба камераларымен жарақтандырылған. Шеруге 1 000 адам қатыса алады.

Қалған екі орын ұсақтау.

Төртіншісі – Сарыарқа даңғылындағы саябақтың шығыс шеті. Жер учаскесінің аумағы – 3 500 шаршы метр. Онда 300 адамның жиналуына жол беріледі.

Бесіншісі – "Жерұйық" саябағы. Парктің өзі үлкен, сондықтан наразылық акцияларына "Генерал И.Панфилов және 28 батыр-панфиловшылар" ескерткішінің жанында, солтүстік-шығыс шетінде 1 200 шаршы метрлік жер учаскесі бөлінді. Онда бір мезгілде 200 адам қатысатын бейбіт жиын өткізуге болады.

Жергілікті әкімдіктермен келісілген наразылық акцияларын ұйымдастырудың, өткізудің өзге шарттары өзгеріссіз қалады.

Бейбіт жиналыстарды жергілікті уақыт бойынша сағат 9-дан ерте бастауға және сағат 20-дан кеш аяқтауға болмайды.

Төтенше, соғыс жағдайы немесе терроризмге қарсы операцияның құқықтық режимі енгізілген кезде бейбіт жиналыстар өткізуге тыйым салынуы немесе шектеу қойылуы мүмкін.

Бейбіт жиналыстар тек жергілікті мәслихат соны өткізу үшін айқындаған орында немесе жүру маршруты бойында жүзеге асырылса ғана бейбіт жиналыс деп танылады. Басқа жағдайларда мәжбүрлеп таратылуы мүмкін.

Бейбіт жиналыс – сипатына қарай бейбіт болуға, күш қолданылмауға, қатысушылары қаруланбауға тиіс. Олар "мемлекеттік қауіпсіздік, қоғамдық тәртіп, денсаулық сақтау, халықтың имандылығын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделеріне қатер төндірмеуге" міндетті.

Шеру кезінде қоғамдық маңызы бар мәселелерді көтеруге, тұлғалардың, органдардың, ұйымдардың әрекеттеріне не әрекетсіздігіне наразы пікір жариялауға, дыбыс күшейткіш техникалық құралдармен не онсыз ұрандауға, плакаттар, транспаранттар және өзге де көрнекі үгіттеу құралдарын көтеруге рұқсат.

Шеру кезінде көлікті пайдаланбай, белгілі бір уақытта, белгілі бір маршрут бойынша жаяу жүріп өтуі шарт.

Шеру, митинг, пикет өткізуге қатысты өтініш бойынша жергілікті әкімдік өкілі (әдетте, Ішкі саясат басқармасы не бөлімі) оң шешім қабылдаса, биліктәі сол өкілі бейбіт жиналыстың, шерудің ұйымдастырушысымен бірге, бір күн бұрын алдағы оқиға орнына барып, іс-шараны өткізу ережесін, шарттарын, тәртіп, талаптарын пысықтайды.

Бейбіт жиналыс өтетін күні жауапты тұлғалар "ұйымдастырушылардың айырым белгісін" тағып жүруге тиісті. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар таңғы 9-дан кешікпей, сол орыннан табылуы керек. Айналадағы ғимараттардың, құрылысжайлардың, шағын сәулет нысандарының, жасыл екпелердің, сондай-ақ өзге де мүліктің сақталуына басымен жауап береді. Полиция олардың қоғамдық тәртіпті бұзбауын қадағалайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу