Ел Үкіметі биылғыдай апатты болдырмаудың амалдары мен шараларын пысықтауда.
Биылғы сұрапыл тасқын халықты су басу қаупі бар учаскелерден көшіру, сондай-ақ өзен-көлдің айналасында, су қорғау аймақтарында ("қызыл аймақтарда") заңсыз берілген жерлерді анықтап, мемлекетке кері қайтарып алу мәселелерін күн тәртібіне шығарды. Сондықтан ел Үкіметі осы бағытта тиісті іс-шаралар кешенін түзіп жатыр.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Мәжіліске жолдаған хатында Үкіметте жұртшылықты су тасу қаупі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан көшіру мәселесі қаралғанын жеткізді.
Дегенмен, оның айтуынша, қазіргі кезде Үкіметтің және әкімдердің күн тәртібінде су тасқынының салдарын жою және зардап шеккен азаматтарға жан-жақты көмек көрсету, тұрғын үй салу мәселелері тұр.
Жасыратыны жоқ, Қазақстан биылғы тасқын су зардаптарын абыроймен еңсеру арқылы өзге елдерге үлгі болды. Мемлекеттің жаңа баспана ұсыну, оны жиһазбен жабдықтау арқылы, күні кеше қабырғасы қайысқан бұқараны қуанышқа бөлегенін ресейлік блогерлер қызыға, қызғана жариялады. Биыл солтүстік көршінің біраз аумағы да топан судан зардап шеккені мәлім.
Қазақстанның қандай қиындықты бастан өткергенін келесі мәліметтер паш етеді: 2024 жылғы шілдедегі жағдай бойынша жүз мыңға дейін адам босқынға айнала жаздаған, туған-туысын жағалап, эвакуациялық пункттерді паналаған. 35 мыңдай баспана су астында қалыпты.
"Су тасқыны басталғалы бері барлығы 12 086 тұрғын үй мен 22 723 саяжай учаскелерін су басып қалды. Жалпы, зардап шеккен өңірлерде 19 237 тұрғын үй тексерілді. Бүгінде сол 19 237 объект бойынша, яғни, 100%-ында бағалау аяқталды", – деді Үкімет басшысы.
Бұл ретте тасқыннан тұрғын үй қоры көбірек зардап шеккен өңірлердің бейресми рейтингі келесідей:
• Батыс Қазақстан облысы – 5 927,
• Ақтөбе – 4 087,
• Солтүстік Қазақстан облысы – 4 001,
• Атырау – 2 674,
• Қостанай – 1 283,
• Ақмола – 1 265 үй.
2024 жылы тасқын 11 облысты қамтыған. Біраз елді мекен биік белесте орналасқандықтан суға қарық болмады, алайда олардың айналасын су басып, қоршауда қалды. Мұндай ауылдарға төтенше жағдай қызметтері, әкімдіктер, еріктілер гуманитарлық көмек, азық-түлік, керек-жарақтар жеткізді. Егер олардың бәрін су шайғанда, бүлініп, қираған баспананың саны бірнеше есе көп болуы мүмкін еді.
Ал, қарғын судың жолында қалқайып тұрғандықтан, тасқын ұрып, зақым келген ондаған мың үйлерді арнайы комиссия аралап, бағалады.
Комиссия қандай шешімге келді?
Ондаған мың тұрғын үй кепкеннен кейін ары қарай тұруға жарамды деп танылған көрінеді. Осылайша, қазіргі уақытта бағалау қорытындылары бойынша 9 146 үй жөнделетін болады.
Тағы 8 562 үй – қалпына келтірілмейді деп табылды. Олар сүріліп тасталады.
Онда өмір сүріп келген отбасыларға үш нұсқаның бірін таңдау ұсынылады: не қалаға көшіп, көпқабатты тұрғын үйдегі дайын пәтерлерге тегін қоныстанады. Немесе, жақын ауыл-аудандардың біріне көшіп, сонда тегін үй алады. Болмаса, тұрғылықты мекеніне жақындау жерде жаңадан салынып жатқан үйлердің бірін иеленіп, құрылысының бітуін күтеді. Бомж болып, босқынға айнала жаздаған, мемлекеттің, бизнестің және қайырымды азаматтардың қамқорлығы арқасында ғана тағдырдың тәлкегінен аман қалған халықтың басым көпшілігі алғашқы екі нұсқаны таңдағаны байқалады.
Сондықтан ескі баспаналары тасқыннан қирағандықтан, күресінге жіберілетін үйлердің тұрғындары үшін қайталама нарықта, қалалар мен ауыл-аудандарда 5 986 үй мен пәтер сатып алынады.
Ал, үшінші нұсқаны қолай көргендер үшін үлгілік жоба бойынша жалпы саны 2 576 үй салынбақ.
Соның ішінде зардап шеккен азаматтарға арналған 2 503 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жедел басталды:
• БҚО-да – 775,
• СҚО-да – 700,
• Ақтөбе облысында – 517,
• Ақмола облысында – 273,
• Қостанай облысында – 153,
• Атырау облысында – 80,
• Павлодар облысында – 5 үй.
Сонда су басқан 35 мыңдай баспананың ішінде комиссия 8 562 үйдің иелеріне немесе төрттен бір бөлігіне ғана жаңа баспана ұсынып отыр.
9 146 үйге тек жөндеу жүргізілетіні айтылды. Осының өзінде шығыны шашетектен көрінеді. Олжас Бектеновтың мәліметінше, жалпы алғанда, тасқыннан зардап шеккен тұрғын үйлерді қалпына келтіруге шамамен 271,6 миллиард теңге қажет.
Шілде айының алғашқы аптасындағы жағдай бойынша, тұрғын үйін жөндеуге және қалпына келтіруге 6 981 отбасы жалпы сомасы 43 миллиард теңге өтемақы алды. Ең көбі – Ақтөбе облысында: 2 958 үй. Одан кейін Атырау облысы келеді – 1 155 үй.
Тұрғын үй қорына көп зақым келген өңірлердің үштігіне кіретін Батыс Қазақстан облысында – тек 922, Солтүстік Қазақстан облысында – 920 үйдегі отбасылар ғана жөндеу өтемақысының көлеміне келісіп, бергенді алған. Қостанай облысында – 815, Ақмола облысында – 211 үй жөнделуде. Демек, құрылыс-жөндеу жұмыстарының негізгі ауқымы алда болса керек. Бүлінген, көктеген баспанамен қысқа кірмей, жөндеп үлгеруге күш салғаны жөн.
Биылғы топан судың салдарынан зардап шеккенін айтып, көмек сұраған қазақстандықтардан жалпы саны 35 957 өтініш түскен екен. Мемлекет оларға 100 АЕК немесе 369 200 теңге біржолғы төлем төленетінін жариялаған болады.
2024 жылғы шілдедегі жағдай бойынша 33 528 отбасы 100 АЕК мөлшерінде біржолғы төлем алды. Оларға жалпы сомасы 12,4 миллиард теңгеден астам қаржы берілді.
О.Бектеновтың айтуынша, бағалау аяқталған соң зардап шеккен тұрғындарға ең қажетті заттарын сатып алу үшін тағы 150 АЕК немесе 553 800 теңге қосымша өтемақы төленіпті. Бұл көмекті 19 128 отбасы алды. Оларға 8,963 миллиард теңге көлемінде өтемақы аударылды.
Суға қарық болып, қырылған мал үшін өтемақы төлеу аяқталды. Бұл бағыттағы мемлекеттік көмек көлемі 2,8 миллиард теңгеден асты. Нақтылағанда, Қостанай облысында – 3 520 басқа 1,4 миллиард теңге, Ақтөбе облысында – 4 664 басқа 1 миллиард 98 миллион теңге, Атырау облысында – 1 583 бас малға 178,6 миллион теңге, Батыс Қазақстан облысында – 1 104 басқа 134,7 миллион теңге өтемақы берілген екен.
Зардап шеккен бизнестің залалын өтеу жұмысы басталды. "Атамекен" ұлттық палатасында "1432 қауырт желі" жұмыс істейді, ол бойынша әрбір кәсіпкер өтеу және құжаттарды тапсыру тәртібі туралы ақпарат ала алады. Барлық облыста өңірлік және аудандық комиссиялар жұмыс істеуде, бағалаушы компаниялар айқындалды, өңірлік комиссиялар зардап шеккен шағын және орта бизнестің тізілімін жасады. Сол ШОБ субъектілерін тексеру, объектілерді бағалау жүргізіліп, залалдың нақты сомалары айқындалады.
Қазіргі уақытта өңірлік комиссиялар ШОБ субъектілерінің жалпы сомасы шамамен 1,5 миллиард теңге болатын 178 өтінімін қарап, мақұлдады. Жалпы, әкімдіктердің алдын ала бағалауынша, 797 ШОБ субъектісіне 24,1 миллиард теңге залал келтірілген. Осы объектілерді бағалау және сметалық жұмыстар жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша мәселе өңірлік комиссиялардың қарауына шығарылатын болады.
Мемлекет су тасқынынан зардап шеккен білім беру мекемелері мен ұйымдарын да қамқорлықтан қалыс қалдырмады. Үкімет мектептерді, балабақшаларды қалпына келтіруге Үкіметтің төтенше резервінен қосымша 7,5 миллиард теңгедей қаражат бөліп отыр. Тиісті қаулыға Премьер Олжас Бектенов қол қойды.
Қалпына келтіру жұмысы еліміздің үш өңірін – Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарын қамтиды. 7,5 млрд теңге қаражат бүлінген нысандарды жөндеуге, сондай-ақ қираған нысандарды сүріп, орнына жаңа білім беру мекемелерін салуға жұмсалады.
Атап айтқанда, Қостанай облысында Жангелдин ауданындағы Айса Нұрманов атындағы мектеп ғимаратын жөндеу жоспарланған. Ақмола облысында Атбасар қаласында №1 мектеп, Атбасар ауданы Сергеевка ауылында "Есіл" сауықтыру кешені, сондай-ақ Державинск қаласында Абай атындағы мектеп жаңадан бой көтереді. Ақтөбе облысында Көтібар батыр атындағы мектеп және Мұғалжар ауданындағы "Балауса" балабақшасы, Ойыл ауданындағы "Балбөбек" мектеп-бақшасы мен балабақшасы, Екпетал мектебі қамтылады.
Премьер-министр Олжас Бектенов тасқынның мұндай салдарларына енді жол бермеу үшін шаралар қабылданатынына сендірді. Негізгі жұмыстар келесі жылға жоспарланған. Атап айтқанда, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Халықты су басу қаупі бар учаскелерден және су қорғау аймақтарынан кезең-кезеңімен көшіру жоспарын әзірледі.
"Жоспарға сәйкес биылғы жылдың соңына дейін су басу қаупі бар учаскелер мен су қорғау аймақтарына талдау жүргізу және сәйкестендіру, сондай-ақ осы аймақтардағы объектілердің тізбесін жасау жоспарда бар. Келесі жылы жер учаскелерін беру, пайдаланылмайтын учаскелерді алып қою, қаржыландыру көздерін анықтау, осы жер учаскелеріне инженерлік және көліктік инфрақұрылымды дайындау, келісу және шешімдер қабылдау жөніндегі іс-шаралар жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспар мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда келісілуде", – деді Үкімет басшысы.
О.Бектенов халықты тасқын қаупі төнетін учаскелерден, су қорғау аймақтарынан көшіру Үкімет бақылауында болатынына уәде етті.