2024 жыл түрлі резонанстық оқиғаға толы болды. Солардың аясында көптеген жаңалықтар ел тарапынан елеусіз өтті, қоғам назарынан тыс қалды. Шенеуніктер көп тірлігін тып-тыныш, ың-шыңсыз жүзеге асыруға мүмкіндік алды. Мысалы, шенеуніктер қазақстандық "Электрондық Үкіметті" өзге елдерге тегін тарата бастады.
Шынында, бұл біртүрлі, түсініксіз жайт. Өйткені осының алдында, Бағдат Мусин басқарып тұрғанда Цифрлық даму министрлігі "Электрондық Үкіметті" әбден ескірген шешім деп танып, іске алғысыз етті.
Содан 2021 жылғы қыркүйекте eGov.kz-тің ресейлік "Сберге" берілетіні белгілі болды. Нақтылағанда, бұл порталды енді "Сбер" әзірлеген GovTech жаңа порталына көшіру жоспарланды.
Сол кездегі Цифрлық даму вице-министрі Асқар Жамбакин журналистердің сұрауына жауабында "Электрондық Үкіметтің" ресейлік "Сбердің" платформасына алмастырылуы меморгандардың ақпараттық жүйелерін сүйемелдеуге кететін бюджетті барынша оңтайландыруға да мүмкіндік беретінін алға тартты.
"Халықаралық тәжірибеге талдау жүргізе келе, біз "Сбер" АҚ шешімдеріне негізделген платформа – тұғырнамалық модельге ауысу үшін ең оңтайлысы болады деген шешімге келдік. Тұғырнаманы қазақстандық әзірлеушілер де тұрғызып шыға алар еді. Алайда оны әзірлеуге тағы 3-тен 5 жылға дейін уақыт кетеді. Бұл саланың дамуына және тұтастай алғанда экономиканың өрлеу қарқынына айтарлықтай кері ықпал етеді", – деп мәлімдеді вице-министр тура 3 жыл бұрын.
Нәтижесінде, Қазақстан Үкіметі мен "Сбер" компаниялар тобы 2021 жылғы 3 қыркүйекте Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін цифрлық трансформациялаудың басты тәсілдемелерін бекітетін меморандумға қол қойды. Бұл құжаттың басты жаңалығы – ол Қазақстанның бүкіл электрондық Үкімет порталы жүйесін "Сбердің" GovTech цифрлық платформасына көшіруді көздейді.
Сондай-ақ ресейлік алпауыт қазақстандық мемлекеттік басқаруды реинжинирингтеу мен цифрлық трансформациялауды іске асырады.
Бұл жаңалық қоғамда резонанс тудырды. Мұны ести сала, Қазақстан халқы наразылығын өткір, белсенді білдіре бастады. Бастапқыда шенеуніктер елге бой бермеді. "Сбердің" тұғырнамасының сойылын соғып, eGov-ты ашық қаралауға көшті.
Мысалы, Цифрлық даму министрлігі жариялаған түсініктемеде eGov технологияларының ескіргені, мемлекеттік қызметтерге қатысты электрондық анықтамалар алдымен порталда қалыптасқанымен, артынша оларды өңдеу және мемқызмет көрсету меморгандардың төл ақпараттық жүйелерінде бөлек-бөлек жүргізілетіні айтылды.
Содан бүкіл инфрақұрылым мен ақпараттық жүйелерге жүргізген зерттеуі цифрлық министрліктегілердің төбе шашын тік тұрғызған-мыс. Өйткені бір-бірінен тәуелсіз жұмыс істейтін 400-ден аса жүйені интеграциялауда қиындыққа тап болыпты, олардың бір-бірімен үйлеспейтіні анықталған көрінеді.
Ресейлік "Сбер" тарыдай шашылған жүйелердің бәрін жойып, орнына Data-Driven Government концепциясына құрылған ортақ бір тұғырнама құрып шығады-мыс. Бірнеше беттік түсініктемеде министрлік ары қарай ресейлік өнімнің аяқ-қолын жерге тигізбей мақтады.
Ел бұған сенбеді. Ақпарат құралдары мен сарапшылар да мұның қауіпті қадам болатынын ескертті. Өйткені "Сбер" өз отаны Ресейде де мұндай тұғырнамасын жолға қоя алмады. Демек, мұның артында басқа сыр бар деп болжады халық. Қоғамның қысымымен Үкімет бұл ниетінен бас тартты, жобаны кейінге қалдырды.
Қастерлі халқымыз көреген болып шықты. Арада небары 5 ай өткенде, 2022 жылғы ақпанда көршінің Украинаға агрессиясы басталды. Батыс елдері, G7 державалары РФ-қа қарсы санкциялар енгізді. Бірінші болып оған "Сбер" ілікті. Егер Қазақстан электрондық Үкіметін соның тұғырнамасына тез көшіріп қойғанда, қанқақсап қалатын еді. Саяси сауатты халқымыз мемлекетті ондай ағат қадамнан құтқарды.
Кезінде eGov-ты қоймай-қоймай күстәналаған Цифрлық даму министрлігі енді соны әлемдегі кедей елдерге, Африкаға "Қазақстанның ең озық өнімі" ретінде таратуда. eGov-ты тапсыру Қазақстанның жаһандағы мұқтаж елдерге тегін гуманитарлық көмегін ұйымдастыру үшін құрылған KazAID Қазақстандық халықаралық даму агенттігі арқылы жүзеге асырылып жатыр.
Мысалы, 2024 жылғы 13 маусымда қазақстандық осы IT шешімдер африкалық Сьерра-Леонеге табысталды.
"Қазақстан Сьерра-Леоне республикасының "Электрондық Үкіметін" дамытуға техникалық көмек көрсетуде. KazAID қазақстандық халықаралық даму агенттігінің көмегімен, ел астанасы Фритаун қаласында, Sierra Leone Innovates 2024 саммитінде қазақстандық электрондық Үкіметтің цифрлық құрамдастарын тапсыру рәсімі өтті", – деп хабарлады сонда KazAID агенттігі.
Бұл бастама ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сьерра-Леоне Байланыс, технологиялар және инновациялар министрлігі арасында бұрын қол қойылған "Ынтымақтастық туралы меморандумның" аясында жүзеге асырылды.
Келісім аясында қазақстандық тарап "Қара құрлықтағы" елге бірден 3 модульді – отандық "Smart Bridge Services Showcase" сервистер витринасын, "Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай платформасын" және "Smart Data Ukimet" ақпараттық-аналитикалық жүйесін тегіс берді.
Биылғы сол рәсімге ҚР Цифрлық даму (экс) вице-министрі Асқар Жамбакин мен Сьерра-Леоне Байланыс, технологиялар және инновациялар министрі Салима Бах қатысты.
Еліміздің "Электрондық Үкіметін" өзге елдерге таратып беру жалғасатын түрі бар.
"Қазіргі уақытта қазақстандық делегация қазақстандық ІТ шешімдерді ары қарай енгізу үшін Сьерра-Леоненің ақпараттық-коммуникациялық технологиялары инфрақұрылымының қаншалықты цифрлық жетілгеніне бағалау жүргізуде. Бұл отандық әзірлемелерге шетелде жоғары сенім білдірілгенін көрсетеді және континенттен тыс қазақстандық цифрлық шешімдердің таралу географиясын кеңейтеді. Сьерра-Леоне – Қазақстан дамуына ресми көмек көрсетіп отырған африкалық бірінші ел", – деп хабарлады агенттік.
Ол бүгінде Қазақстанның электрондық Үкімет саласындағы халықаралық рейтингтерде жоғары орындарда тұрғанына назар аудартты. Біздің еліміз БҰҰ Жаһандық электрондық Үкіметті дамыту индексінде 193 елдің арасында 28 орында. Сонымен қатар онлайн қызмет көрсету сапасы рейтингінде 8-ші орында екен.
Өз кезегінде Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун Сьерра-Леоне – eGov.kz-ті тегін алған төртінші мемлекет екенін айтады.
"Мұны тамаша бастама деуге болады. Біздің eGov шетелге шықты. Біздің командамыз оны африкалық елде енгізу үшін жыл бойы жігерлі дайындалды, қажырлы еңбек етті. Нәтиже үмітімізді ақтады. Енді міне, отандық ІТ-қызметтерді төртінші елге жеткізуді еншімізге жазып отырмыз. Бұл біздің цифрлық экожүйе жұмысының керемет көрсеткіші! Аталған жетістік біздің әріптестеріміздің қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болды. Алда бізді әлі талай жетістіктер күтіп тұр деп сенемін!", – дейді Дмитрий Мун.
Дегенмен, бір жайт алаңдатады. 8 миллионға жуық халқы бар Сьерра-Леоне – Батыс Африкадағы жер қойнауы гауһар, алтын және титан сияқты табиғи ресурстарға бай мемлекет. Яғни, кедей болып, Қазақстаннан тегін өнім сұрайтындай негізі жоқ.
Оның үстіне осынша ылан-ойран байлықты өндіретіндер арасында қазақстандық компания жоқ. Қызығын көріп жатқаны негізінен қытайлар. Ресейдің ықпалы күшейіп келеді. РФ сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеудің Сьерра-Леонеде енді елшілік ашып, толыққанды дипломатиялық миссия құрып жатқанын жариялады.
Ендеше "неге бұл елдегі мемлекеттік қызметті көрсетуді жақсартуға алпауыт шың елі шығындалмайды?" деген сауал туындайды.
Цифрлық даму министрлігі осы және басқа елдерде қазақстандық eGov-ты ендіріп, ұстап тұруға, қызмет көрсетуге қанша қаржы жұмсалатынын жарияламады.
Айта кету керек, KazAID бұған дейін қол жеткізілген уағдаластыққа сәйкес, Қазақстан Сьерра-Леонеге өзінің жергілікті Электрондық Үкіметін тақырдан құруға және ары қарай дамытуға техникалық көмек көрсетпек. Осы мақсатта мемлекетіміз африкалық және басқа елдерге өзінің электрондық Үкіметінің цифрлық компоненттерін гранттық көмек желісі бойынша тегін ұсынып отыр.
Сонда әзірлеуге, енгізуге, жетілдіруге ондаған миллиард теңге жұмсалған "Электрондық Үкіметін" бере салғаннан еліміз не ұтады? Агенттіктің дәйектеуінше, Қазақстан осы арқылы әлемдегі әлжуаз елдерге дамуға ресми көмек (ДРК) береді. Олардың өркендеуі мен тұрақты өсуін қамтамасыз етуге үлес қосады.
Сондай-ақ Қазақстанның бұл саладағы жетістіктерін әлемге насихаттайды, әртүрлі елдердің мамандары арасында тәжірибе алмасуға және байланыс орнатуға жәрдемдеседі.
Еске салсақ, 2023 жылғы 21 желтоқсанда Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы "Электрондық Үкімет платформасының жүйелерін беру саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік меморандумын" іске асыру аясында "eGov" бағдарламалық қамтылымы тәжік еліне де техникалық грант ретінде салтанатты түрде табысталды.
Бұл жобаны да "KazAID" қазақстандық халықаралық даму агенттігі және порталға жауапты "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ жүзеге асырды. Бұл ретте Қазақстан отандық электрондық Үкіметтің жұмысын қамтамасыз етуі үшін тәжікстандық жергілікті персоналды оқытып, даярлауға да міндеттеме алғаны анықталды.