Қазақстанның қару экспортына тыйым салуында қандай сыр бар?

2697

Қостанайдағы алапат өрт сарапшыларды қалың ойға қалдырды. Сыртқы жау орман, дала өрттерін де елді әлсіретуге пайдалануы мүмкін. Сондықтан ел қорғанысы әскери ғана емес, азаматтық қорғанысты, яғни ТЖ органдарын күшейтуді қажет етеді. 

Қазақстанның қару экспортына тыйым салуында қандай сыр бар? Фото: Мария Матвиенко

Қостанай облысының үш ауданын жайлаған тілсіз жаумен күреске азаматтық қорғау органдары сыртында, Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан жауынгерлері жұмылдырылды. Осы орайда бір жайт назар аудартады. Қорғаныс министрлігі мен ІІМ солдаттарын өрт ошақтарына төтенше жағдайлар департаменті автобуспен жеткізіпті. Мысалы, ІІМ академиясының 33 курсанты бір автобусқа отырып, әзер жеткен. Ақмола облысының 50 ТЖ қызметкері де бір автобуспен 500 шақырымдай сапарлаған. Қарағандыдан да әскерилер машиналармен аттанған. АҚШ-тағыдай әскерилер төл әскери ұшақтарымен, тікұшақтарымен шұғыл сау ете қалса, өртті тез сөндіруге қуатты, сұсты техникаларымен сүбелі үлес қосса, ел қатты сүйсінер еді. Ол болмаған соң, қарапайым автобустармен ұзақ жолдан шаршап-шалдығып жеткен солдаттардың жергілікті әкімдіктер топтап жіберген, жалынмен алысқан қарапайым тұрғындардан көп айырмашылығы болмай қалды.

Негізгі әңгіме отандық Қарулы күштердің жарақтандырылуында болып тұр. 27 тамызда Қазақстан әскери өнімдердің бүкіл экспортын бір жылға тоқтатуға шешім қабылдады. Бұл өзгеріс Үкімет басшысы Әлихан Смайылов өткізген Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында бекіді.

Түсініксізі сол, қару-жарақ пен әскери техниканы сатуға, сатып алуға Қазақстанда Қорғаныс министрлігі емес, азаматтық меморган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жауап береді. Сондықтан Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері осы министрліктің қару-жарақ, әскери техника және әскери мақсаттағы өнім экспортын 2023 жылдың тамыз айының соңына дейін тоқтата тұру туралы ұсынысын қарады.

Талқылай келе, комиссия мүшелері ұсынысты қолдады. Осылайша, Қазақстан тура бір жыл бойы шетелге ешқандай қару сатпайды.

Жиын құпия, журналистер үшін жабық өткендіктен, билік не себепті мұндай шешім қабылдағаны қоғамға түсініксіз қалды. Отандық және халықаралық сарапшылар тек болжам жасап, ой топшылады.

Мысалы, ресейлік пропаганда көп толғанып жатпай, бұл жаңалықты "ортақ нұсқау" бойынша түсіндірді. Кремль жұдырық түйген соң зәресі ұшқан Қазақстан қару экспортын тия қойды. "Путиннен сөгіс. Қазақстан Украинаға қару саудасының арнасын жапты" деген "Царьград" пропагандистік басылымының тақырыбы осы ортақ нұсқаудан хабар береді. Ресейлік сарапшылар Қазақстан Украинаға айналма жолдармен оқ-дәрі жеткізуі мүмкін деп жорамалдайды. Әрине, бұған олардың еш дәлелі жоқ. Тек өзін хакерлік топ деп таныстыратын әлдебір "Берегини" деген топтың қолдан жасаған жалған құжатын басшылыққа алды. Ресейлік пропаганда салмақты дәлел-дәйек іздеуге бас қатырмайтыны белгілі.

Ресейлік сарапшысымақтардың тұспалдауынша, "Иордания елінің әлдебір компаниясы қазақстандық "Техноэкспорттан" Ұлыбританияның Қорғаныс министрлігі үшін оқ-дәрі, соның ішінде Д-20, Д-30 гаубицаларына арналған 122 және 155 миллиметрлік снарядтар, сондай-ақ "Град" БМ-21-ге арналған зымырандар сатып алуға контракт жобасын ұсыныпты-мыс". Жалпы сомасы 69,5 млн долларға 20 мың снаряд пен 33 мың зымыран сатып алу жоспарланыпты деп сандырақтайды осы тақырыпты іліп әкетіп, жоқ "жанжал" өртін лаулатқан РФ ақпарат құралдары. Егер Қазақстан 90-шы жылдары атом қаруынан бас тартпағанда, бұлар Украинаға ядролық оқтұмсық сатыпты деп қылатын еді.

Әскери сарапшы, отставкадағы полковник Жәнібек Ерсалиев бұл дәйексымақтар еш сын көтермейтінін айтады. Біріншіден, Қазақстан "Град" зымырандарын сатпайды, ол онсыз да аса көп емес әрі өзімізге ауадай қажет. Екіншіден, аталған хакерсымақтар бұл мәміленің кураторы ретінде Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін атады, шынында СІМ-нің мұндай мәмілемен айналысуына құзыры жоқ. Бізде шетелге қару экспортымен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі айналысады.

Үшіншіден, ресейлік хакерсымақтар бұл мәміле жобасын (!) одақтас Қазақстаннан емес, "Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы компьютерлерінен алыпты". Нақты мәміленің өзі емес, жобаның ол жақта не істеп жүргенін түсіндірмейді.

"Қазақстан Ұлыбританияға қару сатқан жоқ. Тіпті сатуға ниеттенгеннің өзінде бұл заңсыз емес. Британ патшалығына қару саудасына халықаралық эмбарго қойылмаған. Оның үстіне ресейліктердің мәміле жобасы деп даурыққаны құлаққа түрпідей тиеді. Әдетте жобалар өте көп болады, бірақ олардың көбі қағаз жүзінде қалады. Мысалы, біздің Қорғаныс министрлігі түріктің "Байрақтар" беспилотнигін сатып алуды жобалаған, алайда сынай келе, мамандар оның біздің қатаң климатқа жарай қоймайтынын ескертті. Сондықтан түріктер ANKA жаңа соғыс дронын ұсынып отыр, ол да сынақтан өтуде. Жоба қабылданған келісім емес. Ресейлік пропаганда Қазақстан мұнымен тыйылмай, британияға 200 бірлік БТР-4 сату жөнінде келіссөз жүргізіпті деп соқты. Сонша БТР сатуға елімізде бірде бір кәсіпорынның лицензиясы жоқ. Бұл транспортерлар өзімізге керек", – деді қазақстандық сарапшы.

Өз кезегінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі де ресейлік ақпарат құралдарындағы әлгі хабарды фейк деп атады. Себебі "Техноэкспорт" шетелге қару-жарақ сатуға лицензия алмаған. Лицензиясыз ірі көлемдегі оқ-дәрі немесе әскери техника халықаралық шекаралардан өте алмас еді. Оның үстіне Қазақстан халықаралық міндеттемелері аясында бұл саланы қатаң бақылауға алды.

"2021 жылы және 2022 жылдың басынан бері "Техноэкспорт" компаниясы қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника экспорттау үшін министрлікке лицензия алуға жүгінген жоқ. Бұған қоса, аталған кезеңде министрлік Ұлыбританияға қару-жарақ, оқ-дәрі және әскери техника, атап айтқанда Д-20 гаубицаларына арналған 122 мм снарядтарын, Д-30 гаубицаларына арналған 152 мм снарядтарын, "Град" БМ-21 арналған зымырандарды, БТР-4 (БТР-82А, жеңілдетілген модификацияларын) және "Конкурс" танкке қарсы зымыран кешендері мен минометтерге арналған 120 мм оқ-дәрілерді экспорттауға лицензия берген емес", – деп мәлімдеді ИИДМ.

Министрлік Қазақстанда қару-жарақ пен оқ-дәрі экспорты тек импорттаушы ел өз мойнына "аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні Қазақстанның экспорттық бақылау саласындағы уәкілетті органының рұқсатынсыз басқа елдерге әрі қарай экспорттамайтыны туралы міндетті норманы қарастыратын" кепілді міндеттеме алған жағдайда ғана жүзеге асырылатынын нықтады.

"Аталған қару-жарақ пен оқ-дәріні реэкспорттауға министрлік рұқсат берген емес", – деп назар аудартты министрлік.

Бұл өркениетті елдердің бәрі қабылдаған міндеттеме. Мысалы, биыл Израиль өзінен қару, техника, беспилотниктер сатып алған өзге елдерге оны одан әрі Украинаға қайта сатуға рұқсат етпей қойды. Яғни тіпті Ұлыбритания Қазақстаннан оқ-дәрі мен БТР-лар сатып алғанның өзінде оны майдан даласына жібере алмас еді.

Жаһандағы қару саудасын, әскери шиеленістерді, әскери шығындарды зерттеумен шұғылданатын жетекші халықаралық зерттеу институты – SIPRI (Бейбітшілік проблемаларын зертеуші Стокгольм институты) Қазақстанның кем дегенде соңғы үш жыл бойы шетелге қару сатпағанын растады. Әлемде былтыр 45 ел қару саудасынан пайда тапқан. Ең ірілері АҚШ (10 млрд 613 млн доллар), Франция (3 млрд 954 млн), Ресей (2,7 млрд), Италия (1,7 млрд) және Қытай (1 млрд) болған. Қалғандарының табысы млрд доллардан төмен. Арасында тіпті Беларусь пен Украина да болды. Ал Қазақстан жоқ.

Оның орнына SIPRI Қазақ елін басқа рейтингіне – ірі қару импорттаушылар тізіміндегі көшбасшылар қатарына қосты.

"Қарқынды қаруланушы елдер қатарында Қазақстан мен Әзербайжан көзге түседі. Олар ірі қару импорттаушылар тізімінде тиісінше 25-ші және 30-орындарға шықты. 2020 жылы Қазақстанға сатылған қарудың 90%-ын Ресей жеткізді. Үштікке сондай-ақ Испания (3,2%) мен Қытай (2,1%) кірді. Ал Әзербайжанға қару жеткізушілердің үштігіне Израиль (барлық жеткізілімнің 60%-ы), Ресей (31%) және Түркия (3,2%) кірді", – делінген халықаралық ұйымның баяндамасында.

Әрине, содан бері жағдай өзгерді. Қазақстан батыс елдерінің, Түркияның озық қаруына, әскери техникасына басымдық беруде.

Ендеше егер онсыз да шетелге қару-жарақ, оқ-дәрі, соғыс техникасын экспорттамайтын болса, онда неге Қазақстан төл әскери өнімдерінің экспортына тыйым салды? Жоқ нәрсеге тыйым салудың қажеті не?

Сарапшылардың байламынша, бұл – босқа өрекпіген одақтас Ресейді тыныштандыруға бағытталған саяси шешім болса керек. Қазақстанның Қарулы күштері өз арсеналын сыртқа сатпайды. Енді сатуға жария түрде тыйым салынып отыр.

Оның үстіне Қазақстанда әскери техника шығаратын жеке компаниялар бар. Мемлекет өзі сатпағанымен, солар сатуы мүмкін.

Бұл ретте Қазақстан Үкіметінің осы шешімі Ресейдің өзіне соққы болып тиетін көрінеді. Себебі сарапшылардың мәліметінше, Украинадағы соғысына қаруы жетпей жатқан Ресей оны ҰҚШҰ елдерінен сатып алуды ойластыруда. Ал Қазақстан енді оған бір оқ та сатпайды. Барлық әскери өнімнің экспортына бір жылға тыйым салынды. Шектеу жойылған шақта Украинадағы соғыс та аяқталуы ықтимал. Яғни Украинаның да, батыс елдерінің де Қазақстан Ресейге қару беріп, жасырын көмектесіп отыруы мүмкін деп күдіктенуіне себеп қалмады.

Биыл ресейлік және қазақстандық интернет ресурстар мен телеграм-арналар РФ әскерінің қазақстандық жекеменшік компания жасаған бронетранспортермен қаруланғанын жариялады. "Военный осведомитель" ресурсы 5 сәуірде қазақстандық "Арланның" фотосын жариялап, ол фотоның Украинаның оккупацияланған және жермен-жексен етілген Мариуполь қаласында түсірілгенін хабарлады. Бұл жалғыз хабарлама емес, бұған дейін ақпарат құралдары кем дегенде бір қазақстандық бронды машина әскери шиеленіске Ресей жағында қатысып жатқанын жазған еді.

Журналистер мен қоғам белсенділері бұл мәлімдемелердің рас-өтірігін сұрап, Қазақстанның Қорғаныс министрлігіне жүгінген.

"Қорғаныс министрлігінде "Қазақстан Парамаунт Инжиниринг" ЖШС-нің өнімдерін, соның ішінде оның "Арланын" қандай елдер сатып алғаны және сатып алуды жоспарлап отырғаны туралы мәлімет жоқ. Министрлік ҚПИ-дің шетелдік тапсырыс берушілермен ниеттес шарттарынан хабарсыз", – деп түсініктеме берді Қорғаныс министрлігі.

Айтқандай, 27 тамызда өткен Қорғаныс өнеркәсібі мәселелері жөніндегі комиссия отырысының қорытындысында Үкіметтің баспасөз қызметі жиында қару экспорттауға лицензиялары бар заңды тұлғаларға жаппай тексеру жүргізу туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. Сондай-ақ "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңға өзгерістер енгізілмек.

Осылайша, қазіргі тыйым мемлекетке бұрынғы билік тұсында әбден былық жайлаған саланы ретке келтіріп, экспортты бақылауға алуға мүмкіндік береді. Сонда қазақстандық қару мен техника қандықол агрессорға қызмет етпейтін болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу