Қазақстанның криптоиндустрияға құшағы ашық

3008

Әлемдегі ең ірі криптобиржа – Binance-нің АХҚО-дан лицензия алуға өтініш беруі тегін емес.

Қазақстанның криптоиндустрияға құшағы ашық

Криптовалюта – қаржы нарығының тез өсіп келе жатқан сегменті. Қазіргі уақытта криптонарықтың жалпы капиталы 1,2 трлн долларға тең. Ал негізгі криптовалюта Bitcoin-ның бағасы 31 мың доллар тұрады. Тұрақсыз болса да, жылдам өсіп келе жатқан криптовалюталар нарығы тек трейдерлердің және осы салаға қызығушылық танытатын адамдардың ғана емес, сонымен қатар қаржылық реттеушілер мен мемлекеттік органдардың назарын аударуда. Кейбір елдер криптовалютаны қабылдамаса және оны қаржы құралы деп танымаса, басқалары қаржы жүйесіне цифрлық активтерді енгізу жолдарын іздеуде. Бұл қатарға Қазақстанды да қосуға болады.

2021 жылы Қазақстан ресейлік майнерлерді басып озып, криптовалюталарды өндіру бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орынға жайғасты. Әлемдік хешрейтте біздің елдің үлесі 18%-ға дейін өсті. Мұндай жоғары көрсеткіштер елдің криптосаланы дамытып, "жаңа доллармен" ақша табуға болатынын һәм қажет екенін көрсетеді.

Майнинг бойынша Қазақстан жетекші орындардың бірін иеленсе де, цифрлық активтер айналым нарығы баяу. Сондықтан қазақстандықтар мен майнингпен айналысатын компаниялар көбінесе шетелдік юрисдикцияларда тіркелген алаңдарда немесе қаржы реттеушісінің лицензиясы жоқ жергілікті алаңдарда криптовалютамен сауда жасайды. Лицензияланбаған биржаларда сауда жасау арқылы инвесторлар капиталды жоғалтып алуы мүмкін.

Өткен жылдың қарашасында Президент қаржы нарығының өкілдерімен кездесіп, қаржы жүйесін цифрландыру саласындағы дамудың жаңа бағыты туралы айтты. Сол кезде Мемлекет басшысы басқа да өзекті мәселелермен қатар криптовалюталар мен қаржылық инновациялар мәртебесін де талқылады.

"Криптовалюталар – объективті фактор. Оны елемеуге болмайды. Тәуекелдерді және олардың қолданыстағы қаржы жүйесіне ықпал ету әлеуетін байсалды бағалау қажет. Сондықтан елімізде криптобиржалар құру үшін теңгерімді реттеу жағдайларын қалыптастыру жөніндегі жұмысты қайта бастау керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ел аумағында криптобиржалардың реттелетін қызметін тек "Астана" халықаралық қаржы орталығында ғана жүзеге асыруға болады. Бұл ретте АХҚО – криптоиндустрияның тексерілген қатысушыларын біріктіретін бірегей алаң. АХҚО-ның тәуелсіз реттеушісі Қаржылық қызметтер көрсетуді реттеу жөніндегі комитеті (AFSA) цифрлық активтерді дамыту үшін бірінші болып реттеуші базаны қабылдады. 2018 жылдың шілдесінде бірқатар нормативтік актілер қабылданды.

Криптобиржаларға алғашқы лицензиялар 2019 жылы беріле бастады. Алайда ұзақ уақыт бойы криптобиржалардың Қазақстанның коммерциялық банктеріне жолы жабық болды. Бұл мәселені шешу және цифрлық активтердің одан әрі дамуына ықпал ету үшін 2021 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасында криптоиндустрия мен блокчейн-технологияларды дамыту жөніндегі жол картасы бекітілді. Осы карта шеңберінде АХҚО-да лицензияланған криптобиржаның елдің коммерциялық банктерімен өзара іс-қимылы бойынша пилоттық жоба іске қосылады деп күтілуде.

Қазақстанда криптобиржа үшін реттеуші режимнің болуы құқықтық алаңда жұмыс істегісі келетін криптонарықтың ірі ойыншыларының қызығушылығын тудырады. Осылайша, түрлі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен жалғасып жатқан келіссөздерден кейін 2022 жылғы 25 мамырда Қазақстанға Binance криптобиржасының негізін қалаушы және бас директоры Чанпэн Чжао келді. Кездесу қорытындысы бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Binance компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Қазақстан мен Binance арасындағы цифрлық қаржы саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту, блокчейн-технологиялар саласындағы бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру, сондай-ақ елде криптоиндустрия өңірлік хабын құру перспективаларын талқылап, белгіледі.

Меморандумға тек осы жылдың мамыр айында қол қойылса да, жетекші әлемдік блокчейн экожүйесімен келісімдер 2021 жылдың қазан айында басталды. Сол кезде Binance АХҚО қатысушысы ретінде тіркелді. Қазір криптобиржалар AFSA-да цифрлық активтер платформасын немесе басқаша айтқанда криптобиржаны басқаруға лицензия алу үшін авторизациядан өтуде.

Бұған дейін криптовалютаға қырын қарап келген Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов жуырда криптовалюта нарығы назардан тыс қалмайды деп мәлімдеді.

"Ұлттық банктің криптовалюталар бойынша шешімі кешігіп жатқан жоқ. Әлемдегі басқа да орталық банктер мен қаржы саласын реттеушілер секілді біз де бұл мәселені тыңғылықты зерттеп жатырмыз. Бұл тұрғыда ахуал жекелей әрі орталықсыздандырылған қаржыға байланысты болып тұр. Осы бағытта бізді инновациялардың мүмкіндіктері қызықтырып отыр. Атап айтқанда, тек майнер немесе қандай да бір жеке құрылым қызықтырмайды. Бұл салада осы жаңа технологиялар қамтамасыз ете алатын инновациялар жөніндегі жаңа мүмкіндіктердің маңызы зор. Сондықтан біздің шешім тұрақтылық пен қаржы қызметтерін пайдаланатындардың мүддесіне теріс әсерін тигізбес үшін егжей-тегжейлі талқылауды жалғастырамыз", – деді Ғалымжан Пірматов.

Мәселе тыңғылықты пысықталғаннан кейін шешім қабылданады. Аталған салаға Ұлттық банктің өзі назар аудара бастағанын ескерсек, бұл Қазақстанның криптовалюта нарығына құшағы ашық екенін аңғартса керек.

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу