Қазақстанның құпияларын білетіндердің шетелде қыдыруы шектелді

3484

Ұлттық қауіпсіздік қызметі осыған алаңдаған депутаттарға жауап берді. 

Қазақстанның құпияларын білетіндердің шетелде қыдыруы шектелді Фото: Biletik.aero

Сарапшылар бір мәселені көптен көтеріп жүр: бұрынғы билікте ең биік лауазымды атқарған тұлғалардың үлкен тобы қаңтар оқиғасынан кейін тез арада тұрақты тұруға шетелге қоныс аударды.  

Бұл проблеманы енді биік мінберден бір топ депутат көтерді. Мәжілісмен Марат Бәшімовтың айтуынша, "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңының 29-бабына сәйкес, Қазақстан өз азаматтарына ғана емес, сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға да мемлекеттік құпияларына рұқсат етеді. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқтарға мемлекеттік құпияларға халықаралық шарттарды іске асыру шеңберінде ғана рұқсат етіледі.

Сонымен бірге ол азаматтың бәрі мемқұпиялар болып табылатын мәліметтерді жарияламау жөнінде жазбаша міндеттеме қабылдайды. Бұған қоса, өз құқықтарының ішінара, уақытша шектелуіне келісімін береді. Олар белгілі бір уақытқа шетелге кете алмайды. Қазақстанның өкілетті органдары оларға қатысты тексеру шараларын жүргізеді.

Заң бойынша мемлекеттік құпиялар саналатын мәліметтер үш құпиялық дәрежесіне бөлінеді: "құпия" (әлемде "Confidential"), "өте құпия" ("Secret") және "ерекше маңызды" ("Top Secret").

"Қазақстанда құпиялылықтың ең жоғарғы дәрежесіне ие бірқатар тұлға бүкіл әлем бойынша еркін қыдырып жүр. Олар өз бетінше шет мемлекеттердің басшыларымен, шетелдік түрлі құрылымдардың жетекшілерімен кездеседі. Осыған қарап, қоғамда бұлардың ешқандай жауапкершілік арқаламайтыны туралы сезім қалыптасты. Мемлекеттік құпиялардың таралуына ешқандай бақылау жоқтай, шаралар қабылданбайтындай көрінеді. Бұл ретте бүгінде тек мемлекеттік қызметшілер үшін ғана емес, сондай-ақ олигополияның көптеген өкілі, адвокаттар, квазимемлекеттік сектор өкілдері, басқа да жеке тұлғалар үшін де мемлекеттік құпиялар қолжетімді", – деді мәжілісмен Марат Бәшімов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне депутаттық сауалында.

Оның айтуынша, қолданыстағы заңның 37-ші бабына сәйкес, аталған тұлғалардың бәрі өздеріне сеніп тапсырылған аса құпия мәліметтерді жарияламау туралы жазбаша міндеттеме қабылдайды. Егер бұл міндеттемесін бұзса, қатаң түрде қылмыстық қудалануға, сегіз жылға дейін бас бостандығынан айрылуға тиіс.

Бірақ мемлекеттік құпияны жариялағаны үшін жаза тартқандар туралы жаңалық кейінгі кезде естілмейді. Сондықтан депутаттар "аталған тұлғалардың мемқұпияларды таратпау туралы міндеттемелерін қаншалықты сақтап отырғаны қалай тексерілетінін" сұрастырды.

Мәжіліс депутаттарының сұрауына Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Сарқұлов жауап жолдап отыр. "Мемлекеттік құпиялар туралы" заңының 32-бабына сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік құпияларына рұқсат етілген немесе бұрын рұқсат етілген лауазымды адам немесе азамат келесідей шектеулерге ілігеді:     

  • мемқұпияларға рұқсат ету туралы шартта көзделген мерзімге Қазақстаннан тысқары жерлерге (оның ішінде тұрақты тұруға) шығу құқығы шектеледі;     
  • мемқұпия мәліметтері бар жаңалықтары мен өнертабыстарын пайдалану және мұндай мәліметтерді тарату құқығы шектеледі;   
  • шектеу мемқұпияларға рұқсат етуді ресімдеу кезеңінде тексеру шаралары жүргізілген кезде жеке өміріне қол сұғылмаушылық құқығына қатысты болуы мүмкін.

Меморган әкімшілігінің және рәсімделетін тұлғаның өзара міндеттемелері "мемлекеттік құпияларға рұқсат ету келісімшартында" бекітіледі.

Бұл құжатқа қол қойған тұлға мемқұпияның мәліметтерін жария еткені немесе ол жазылған тасығыштарды (қағаз, құжат, флешка, басқасын) жоғалтқаны, сондай-ақ құпиялылықтың басқа да режимдерін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы құлағдар етіледі.

Мұндай тұлғаның Қазақстаннан тыс жерге тұрғылықты тұру үшін көшуі, қызметтік іссапармен баруы, жеке мәселелерімен, соның ішінде туристік мақсатпен шетелге шығуы құқығын шектеу – мемлекеттік құпияға жататын мәліметтермен жұмыс істеуінің бүкіл кезеңінде күшінде болады.

Сонымен қатар, ҰҚК басшысы орынбасарының түсіндіруінше, ол тұлға мемқұпиялармен жұмысын тоқтатқаннан кейін де шектеулер сақталады: ары қарайғы шектеу мерзімнің тағы қаншаға созылатыны келісімшартта көрсетіледі.

Алайда бұл шектеу ол адамдардың мүлдем шетелге шыға алмайтынын білдірмейді. Онда ел басшылығындағы бірде бір тұлға әлем бойынша сапарлай алмай, елде отырар еді. Сондықтан олардың сыртқа шығуының тәртібі ҚР Үкіметінің 2024 жылғы 28 қазандағы №776дсп қаулысымен бекітілген "Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларын қорғау жөніндегі нұсқаулықта" регламенттелген.

Нақтылағанда, Сарқұловтың айтуынша, осы нұсқаулықтың 177-бөліміне сәйкес, мемқұпиялар туралы хабардар адам жеке мәселелері бойынша шетелге шығу үшін меморганының немесе мемқұпияларды қорғайтын ұйымның басшысының жазбаша келісімін алуға тиіс.

Бұл жағдайда ол тұлға сапарынан кем дегенде 7 күн бұрын меморганның немесе аталған ұйымның басшысының атына өтініш (баянат-рапорт) толтырады. Онда қай елдерге баратынын, барудағы мақсаты не екенін, кететін және елге қайтатын ықтимал күнін көрсетеді.

Мемқұпияға жіберілген тұлғалардың шетелге шығуын бақылауға Ұлттық қауіпсіздік комитеті жауапты екен. Ол мұндай бақылауды мемлекеттік органдар мен ұйымдардағы құпиялылық режимінің жай-күйін тексеру аясында жүзеге асырады.

Мәселен, Руслан Серікұлының түсіндіруінше, аталған тұлғалар меморган не ұйым басшысының келісімін алмай шетелге шықса, ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 504-бабының 2-ші бөлімі бойынша әкімшілік жауапкершілік қана қарастырылған: егер әрекетінде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, 20 АЕК немесе биыл 73,8 мың теңге айыппұл салынады.

Мемқұпия иегерлерінің мемлекеттік құпияны таратпау бойынша төл міндеттемелерін сақтауын бақылауды Ұлттық қауіпсіздік комитеті "мемқұпияға жататын мәліметтерді контрбарлаулық қорғау бойынша шаралар аясында жүзеге асырады".

Дегенмен, бұл жерде заңдағы олқылық әшкереленіп отыр.

"Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 504-ші бабы тек мемқұпиялармен жұмысқа жіберілгендерге ғана таралады. Ол бұған дейін мемқұпиялармен жұмыс істеген тұлғаларға қолданылмайды. Салдарынан, тіпті олардың шетелге шығу құқығына қатысты шектеу мерзімінің өзекті болып қалғанына қарамастан, мемқұпияларға бұрын жіберілген тұлғаларды санкцияланбаған, келісім берілмеген шетелдік сапары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартуға болмайды", – деді ҰҚК төрағасының орынбасары Руслан Сарқұлов.

Осылайша, құқықтық қайшылық орын алыпты. Мемлекеттік құпиялар туралы заңының 32-бабына сай, ҚР мемлекеттік құпияларына "рұқсат етілген" немесе "бұрын рұқсат етілген" лауазымды адамның немесе азаматтың шетелге шығуына шектеу қойылады. Сонымен бір мезгілде "бұрын рұқсат етілгендері" шетелге кетіп қалса, айыппұл салуға да болмайды.

Бұл құқықтық олқылықты жою үшін Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңы аясында 504-ші бапқа тиісті түзетулерге бастамашы болды.

ҰҚК түсіндіруінше, бұл түзету Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпияларына бұрын рұқсат етілген лауазымды тұлғаларды және жеке адамдарды әкімшілік жазаға тартуға мүмкіндік береді.

"Сондай-ақ ҰҚК мемлекеттік құпиялардың сыртқа ағып кету немесе оларды тасымалдаушыларды жоғалту қаупіне жол бермеу мақсатында жауапкершілікті күшейту мәселесін пысықтауда. Құпия ақпаратты техникалық қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін, құпиялылық режимін жүйелі түрде бұзу үшін, сондай-ақ уәкілетті тұлғалар мен басшылардың бұрын әшкереленген бұзушылықтарды жою шараларын қабылдамағаны үшін жауапкершілікті қатайту қарастырылады. Бұл түзетулерді 504-баптың жекелеген бөлімдері түрінде жүзеге асырған жөн, әрі салынатын айыппұл мөлшерін арттырған орынды деп санаймыз", – деді Руслан Сарқұлов.

Ендеше "ескі Қазақстандағылар" байқамай келген кемшілік "Әділетті Қазақстанда" түзетіледі деген үміт бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу