Ресейлік мұнай айдау станциясы (МАС) уақытша істен шықты.
Украинаның және Ресейдің мүмкіндігінше тезірек бітімге келіп, атыстың тоқтауына Қазақстан да мүдделі.
Өйткені жаһандық нарыққа қазақ мұнайының үлкен бөлігі тасымалданатын магистральды құбыр бойында жарылыс болды. Бұл туралы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) хабарлады. Ол ұшқышсыз ұшатын аппараттар КҚК-ның бірнеше объектісіне қатар шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Компанияның дерегінше, бастысы, 2025 жылғы 17 ақпанда "Каспий құбыр консорциумының" мұнай тасымалдаушы объектісі – "Кропоткинская" мұнай айдау станциясы (МАС) шабуылға ұшырады.
Соққы бірден 7 беспилотниктің көмегімен жасалғаны хабарланды. Алайда компания ол пилотсыз аппараттардың қай елге тиесілі екенін ресми хабарламасында нақтыламады. Сондай-ақ, халықаралық сарапшылар дрондардың қалдықтары да паш етілмегеніне назар аудартты.
"Ұшқышсыз ұшатын аппараттарға жарылғыш сыртында зақымдаушы элементтер толтырылған. Шабуыл араға уақыт салып, үзіліспен жасалды. Бұл ретте объектінің жұмысына, сондай-ақ станцияның операциялық персоналына нұқсан келтіру мақсаты көзделуі мүмкін. Бірақ МАС персоналы арасында жараланғандар жоқ", – деп хабарлады КҚК.
Консорциумның жұмысшылары жедел, үйлесімді іс-әрекеттері нәтижесінде Ресей жеріне мұнай төгілуінің алдын алған. Бірақ жұмысшылар станцияның жұмысын әзірге қалпына келтіре алмапты.
"Қазіргі уақытта "Кропоткинская" МАС-ы эксплуатациялаудан шығарылды. "Теңіз – Новороссийск" құбыр жүйесі бойынша мұнай тасымалы аталған мұнай айдау станциясын айналып өтіп, айдаудың төмендетілген режимінде жүзеге асырылып жатыр", – деп мәлім етті консорциум.
КҚК станцияның қашан, қаншалықты тез іске қосылатынын да айта алмады. Тек "келтірілген шығынды бағалау және станцияның жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру уақытын айқындау үшін" оқиға орнына консорциумның бас директоры Николай Горбань бастаған басшылық тобы аттанғанын қосты.
Дегенмен, консорциумның "мұнай айдаудың төмендетілген режимінде тасымалданып жатыр" (Транспортировка осуществляется на сниженных режимах перекачки) деген ақпаратын Қазақстанның Энергетика министрлігі жоққа шығарды.
"Каспий құбыр консорциумы жүйесі бойынша қазақстандық мұнайды жеткізу еш шектеусіз жүзеге асырылуда. Қазақстандық мұнай үшін КҚК тарапынан шектеу жоқ. Біздің мұнайды қабылдау штаттық режимде іске асырылуда", – деп қысқаша түсініктеме берді Энергетика министрлігі.
Өз кезегінде "Теңізшевройл" ЖШС ұшқышсыз ұшатын аппараттардың шабуылы қазақстандық мұнайдың жеткізіліміне ықпал етпегенін растады.
Сонымен бірге, Теңіз кен орнында биыл мұнай өндірісі көлемін күрт арттыру жоспарланған еді. КҚК-дағы жағдай ол жоспарға өзгеріс енгізе ме?
"Компанияның шикі мұнай өндірісі және оны Каспий құбыр консорциумының жүйесіне жеткізу үздіксіз режимде жүргізіліп жатыр. ТШО ағымдағы немесе болашақтағы өндіріс көлемінің нақты егжей-тегжейіне түсініктеме бермейді", – делінген "Теңізшевройлдың" түсініктемесінде.
"Кропоткинская" МАС-ы – Кубань өлкесінің Кавказ ауданында орналасқан. Ол Ресей территориясындағы КҚК-ның ең ірі мұнай айдаушы станциясы болып табылады.
Халықаралық консорциум барлық акционерлерін, соның ішінде АҚШ пен Еуропадағы компаниялардың өкілдерін беспилотниктердің шабуылы туралы құлағдар еткен.
ТМД аумағындағы энергетика саласының аса ірі жобасы саналатын Каспий құбыр консорциумының құбырлар жүйесі қазақстандық Теңізден бастау алып, ресейлік Новороссийск портына дейін жетеді. Жалпы ұзындығы – 1 511 шақырым.
Қазіргі кезде КҚК-ның Қазақстан аумағындағы құбыр инфрақұрылымы жылына – 72,5 млн тонна, ал, Ресей территориясымен – 83 млн тонна қара алтын тасымалдауға қауқарлы.
Мәселен, 2024 жылы Қазақстан 87,8 млн тонна мұнай өндірді. Егер КҚК толық жүктелгенде, қазақтың өндірілген осы бүкіл қара алтынының 82%-ын бір өзі тасып жеткізер еді.
Алайда құбыр ресейлік Новороссийск портына барып тіреледі, сонда бітеді. Әрі қарай мұнай әлемдік нарықтарға танкерлермен тасылады. Көршінің танкерлері негізінен санкция астында.
Салдарынан, консорциумның дерегінше, КҚК-ның тасымал қабілеті ресейлік порттың өткізу қабілетімен шектеледі. Соның кесірінен, 2024 жылы КҚК арқылы тек 63,01 млн тонна мұнай тиелген. Бұл 2023 жылғыдан -0,7% төмен және 2022 жылдан бері құлдырап келеді.
Оның үстіне бәрі қазақстандық мұнай емес. Консорциумның хабарлауынша, "КҚК маршруті бойынша Қазақстанның экспортқа шығаратын бүкіл мұнайының үштен екісі, сондай-ақ ресейлік кен орындарынан, соның ішінде Каспийдегі кен орындарынан өндірілген мұнай тасылады".
КҚК (КТК) акционері келесідей: Ресейге – 24%-ы, ресейлік "Транснефть" құрған "КТК Компани" халықаралық компаниясына – 7%-ы, "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясына – 19%-ы, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, Лукойл Интернешнл Гмбх – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. N.V. S.ar.l. – 2%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75% тиесілі.
Бірақ Қазақстан баламалы бағыттан бас тартпайды. Мысалы, "ҚазМұнайГаз" 2025 жылғы 27 қаңтарда Қашағаннан алғашқы мұнай партиясы Баку портына жіберілгенін мәлім етті.
"Қазақстандық "Taraz" танкері Қашаған мұнайын тиеп, Ақтау портынан Бакуге жолға шықты. Жеткізу Мемлекет басшысының "ҚазМұнайГаз" компаниялар тобына отандық көмірсутектер экспортының баламалы бағыттарын дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында жүзеге асырылуда. Ары қарай мұнай Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) құбыр жүйесі арқылы Жерорта теңізіне дейін тасымалданады", – деп хабарлады ұлттық мұнай-газ компаниясы.
БТД-ға қазақстандық тараптан экспорттаушы – "ҚМГ Қашаған Б.В" компаниясы. Бұл қадам Транскаспий халықаралық көлік бағытын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
2022 жылы "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы мен Әзербайжанның SOCAR мемлекеттік мұнай компаниясы арасында қазақстандық мұнай транзиті туралы Бас келісімге қол қойылған болатын.
2024 жылғы наурызда ҚМГ мен SOCAR арасында Әзербайжан Республикасының аумағы арқылы мұнай транзитін кезең-кезеңімен ұлғайту туралы келісім жасалды. Құжат баламалы бағытпен мұнай жеткізу көлемін жылына 2,2 млн тоннаға дейін жеткізуді көздейді.