Қазақстанның стратегиялық серіктестер қатары тағы бір ірі елмен толықпақ

3378

Осының арқасында Батыстың алпауыт елімен арамызда саяси диалог орнап, экономикалық және сауда саласындағы кедергілер жойылуға тиіс. Сондай-ақ бұл дамыған Қазақстанның тәуелсіздігі мен жерінің тұтастығын сақтауға жердемдеспек. 

Қазақстанның стратегиялық серіктестер қатары тағы бір ірі елмен толықпақ Фото: Мария Матвиенко

Сыртқы істер министрлігі "Бір тараптан Қазақстан Республикасы мен екінші тараптан Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі арасындағы стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық келісімге қол қою туралы" Президент жарлығының жобасын жариялады.

Құжат келісімнің жобасын мақұлдайды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев ол жарлығында Премьер-министрдің орынбасары, Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге британ патшалығымен арадағы келісімге Қазақстан атынан қол қоюға уәкілеттік береді. Еліміздің сыртқы саясат ведомствосының басшысына құжатқа қағидаттық сипаты жоқ өзгерістер және толықтырулар енгізуге рұқсат беріледі.

Ағылшындармен достасқан тиімді

Бұл уағдаластықтың мән-маңызын саясаттанушы Зейін Сабырқұлов түсіндірді.

"Қазақстанның сыртқы саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында Ресеймен одақтастық қатынаста екеніміз, Қытаймен жан-жақты стратегиялық әріптестік құрғанымыз, Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынаста екеніміз атап өтілген. Бұдан бөлек, АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық әріптестік, ал Еуропалық Одақпен және оған мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық орнатылып, одан әрі дамытылуда. Бірақ 2016 жылғы консультативтік референдум нәтижесінде брекзит болды. Бүгінде британ патшалығы ЕО-ға мүше емес және одан бөлек империя құрып жатыр. Сондықтан осы жоғары дамыған постиндустриалды мемлекетпен жеке стратегиялық әріптестік орнатқанымыз, оның шарттарын дара белгілегеніміз жөн", – деді сарапшы.

Оның мәліметінше, Ұлыбританияның бүкіл әлеммен саудасы қомақты, өзге елдермен тауар айналымы 1 триллион доллардан асады. 2020 жыл қорытындысында экспорт 400 миллиард, импорт 634 млрд доллардан асқан. Бұл ел дүниежүзіндегі атом электр станцияларын салуға қуатты ядролық реактор жеткізеді екен.

"Әрине, стратегиялық әріптестік туралы келісім контракт емес, онда нақты цифрлық параметрлер берілмейді. Бірақ бұл практикалық мәміле-уағдаластықтарға серпін береді. Келісімге қол қойылып, оны екі елдің парламенттері тезірек ратификацияласа, Үкіметіміз, ресми делегацияларымыз екіжақты келіссөздерде ымыраға келу үшін елдеріміздің стратегиялық серіктес екенін алға тартып, дәйек-аргумент ретінде қолдана алады. Бұған қоса, мұндай серіктестік өзара қарым-қатынастың барлық дерлік саласын қамтиды. Айталық, қылмыспен бірігіп күресу туралы жеке тарауы бар. Демек қазақстандық коррупционерлер және басқасы бұл елге тығыла алмай қалады. Қазақстан Статимен тайталасында да алғаш рет Лондонда жеңіске жетіп, бұрын еуропалық соттар бұғаттаған Ұлттық қордың бүкіл миллиардтарын қайтарып алып отыр", – деді саясаттанушы.

Сауда-саттық бойынша да, инвестиция бойынша да Ұлыбритания патшалығы бүгінде қазақ елінің басты серіктерінің ондығына кіреді.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстан мен Құрама Корольдік арасындағы екі жақты тауар айналым 2019 жылы 1,1 млрд долларды құрады. CОVID-19-ға қарсы күреске бағытталған шектеу шараларына байланысты Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы өңделген тауарлардың айналымы 2020 жылы 1,04 млрд доллар болды. Бұл 2019 жылымен салыстырғанда 7%-ға төмен.

2020 жылы Қазақстаннан Ұлыбританияға экспорт 5,6%-ға өсіп, 687,9 млн долларға жетті (2019 жылы 649,3 млн болған). Ұлыбританиядан Қазақстанға импорт 2020 жылы 24%-ға азайып, 358,8 млн долларды құрады (2019 жылы 472,1 млн доллар).

Британия банк, сақтандыру, брокерлік, кеңес-консультациялық қызметтер, сондай-ақ компьютерлік бағдарламалау салаларында дүниежүзілік нарықтың 10%-ын иеленген алпауыт. Қазақстан "электронды Үкіметін" Сбермен емес, осы дамыған елмен бірлесіп құра алар еді. Стратегиялық серіктестік технологиялар трансферіне де жол ашуы мүмкін.

Бір-бірінің тауарына барынша қолайлы режим енгізбек

Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық әріптестік пен ынтымақтастық келісімі шын мәнінде, мемлекет тіршілігінің сан-саласын, экономикалық қызметтің барлық түрін қамтиды. Құжатта саяси диалогқа, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа, сауда және кәсіпкерлікке, саудадағы техникалық тосқауылдарды жоюға, инвестицияларға, зияткерлік меншікке, мемлекеттік тендерлерге бөлек-бөлек тараулар арналған.

Еңбек, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, энергетика, көлік, ауылшаруашылығы, өнеркәсіп, орта және шағын кәсіпкерлік, банк ісі, ақпараттық қоғам, туризм, қоршаған орта мен климаттық өзгеруі салаларындағы ықпалдастық та қарастырылған. Кеден істеріндегі өзара әкімшілік көмек туралы арнайы хаттама қоса бекітілмек.

Тек Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы визасыз барыс-келіс туралы ғана ештеңе айтылмапты. Ол жеке келіссөздер негізінде, жеке шешілмек.

Атап айтқанда, "саяси диалог" аясында екі мемлекет Еуразия құрлығындағы халықаралық бейбітшілікке, тұрақтылық пен қауіпсіздікке жәрдемдесуге, барлық салаларда тиімді саяси диалогты дамытып, нығайтуға уағдаласпақ. Бұл істе БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының рөлі күшейтілетін көрінеді.

Серіктестік аясында ағылшын державасы жас қазақ мемлекетінің аумақтық тұтастығына, шекарасының мызғымастығына, тәуелсіздігінің сақталуына бағытталған екіжақты және көпжақты қатынастарды ілгерілетпек.

Келісімге сәйкес, екі ел сауда саласында бір-бірінің тауарларына неғұрлым қолайлы режим, преференциялар ұсынады.

"Тараптардың бірде біреуі екінші тараптың кез келген тауарын импорттауға немесе экспорттауға кез келген тыйым салуды немесе шектеуді белгілей алмайды", – деп жазылған құжатта.

Лаңкестікке қарсы іс-қимыл аясында қос мемлекет бір-біріне қарсы жоспарланып жатқан террористік актілер, оларды жүзеге асырудың нысандары мен әдістері және террористік топтар туралы ақпарат алмасатын болады. Терроризмге қарсы іс-қимыл құралдары және әдістері жөнінде тәжірибе алмасады. Ұлыбританияның институттары, органдары мен агенттіктері қазақстандық құзырлы, арнайы органдарды оқытады, техникалық көмек көрсетеді деп күтілуде.

Жалпы алғанда, стратегиялық серіктестік туралы келісімнің қолданылу саласы өте кең, ондағы уағдаластықтар өте көп және құжаттың өзі 255 беттен тұрады. Тұтас жинақ іспетті.

Жасыратыны жоқ, "төл ықпал ету аймағым" деп санайтын Қазақстанның Батыс елінің бір көшбасшысы Ұлыбританиямен осылай жақындасуын Мәскеу жақтырмасы сөзсіз. "Күншіл күнде күңіренеді" дейді қазақ. Мұндайда "ішің күйсе тұз жала" дегеннен басқа қандай сөз болуы мүмкін.

Бір белгілісі, Қазақстан мен Ұлыбритания Корольдігінің стратегиялық серіктес атануы – Елбасы Н. Назарбаев қалаған көпвекторлы саясаттың Президент Қ. Тоқаев тұсында жалғасын табатынын, еліміздің тек Ресейдің аузына қарап отырмайтынын аңғартса керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу