Қазақстанның "су жаңа" қаласы көршілес ауылға зиянын тигізуде

2355

Қосшының қоқыс төгетін орнына айналып шыға келген ауыл тұрғындары Үкімет мүшелеріне шағымдануда. 

Қазақстанның "су жаңа" қаласы көршілес ауылға зиянын тигізуде

Ақмола облысының Тайтөбе ауылының тұрғындары бұл проблеманы жергілікті әкімдіктер өзара келісіп, шеше алмай отырғанына назар аудартады.

"Ақмола облысының Целиноград ауданы әкімдігінің рұқсатымен, біздің ауылдың жанында қоқыс төгетін орын ұйымдастырылды. Содан "Қосшы Тазалық" қоқыс тасушы компаниясы бүкіл Қосшының тұрмыстық қалдықтарын жинап алып, дәл біздің іргеміздегі далаға әкеп төгеді. Күн сайын кем дегенде 2 машина қалдығын аударып жатады. Негізі, елорданың қоқыс полигоны бар. Бірақ бұл компания оған дейін шамамен 20 шақырымдай жол жүруді қиынсынады, әрі бұл оған тиімсіз. Салдарынан экологиялық апат ошағына жақын отырған біз – тайтөбеліктер зардап шегудеміз!", – дейді Тайтөбе аулының тұрғыны Әсия Қалиасқарова.

"Ауылды улы түтін жапты"

Тұрғындардың айтуынша, жаз бойы ол жерді метал іздеушілер шарлап, өрт салып кетеді екен. Жанған қоқыстың күлімсіз, улы түтіні ауылды жабады. Тұрғындар жазғы аптапта есік-терезелерін аша алмай қалады. Осының кесірінен, балаларда тыныс жолдары аурулары, демікпе пайда бола бастапты.

Одан қалды, дала кезген құйын, жел қоқыс пакеттерін көтеріп, Тайтөбе көшелеріне шашады. Мұндай антисанитариямен ұдайы күресіп отыруға ауылдың күші мен ресурсы жете бермейді.

Тағы бір түйткілі сол, "Қосшы Тазалықтың" қоқыс көліктері ізімен өзге де қалдық төгушілер осы жаққа жаппай ден қойыпты. Өйткені Қазақстанда 2021 жылдан бастап, құрылыс қалдықтарын, қағаз-макулатураны, тамақ қалдықтарын ресми қоқыс полигондарына жеткізуге тыйым салынған. Олардың бәрі сұрыпталып, қайта өңдеуге тапсырылуы шарт. Әрине, құрылыс компаниялары, басқа кәсіпорындар қаптаған қоқысын іріктеп-сұрыптап отыруға бара бермейді. Содан ондай қалдықтар осы сияқты бақылаусыз орындарға тасталады.

Бұл жерде биыл қала мәртебесін иеленген, 80 мыңдай адам тұрып жатқан Қосшының әрі қарай өсе беретінін де ескерген жөн, демек қоқысы да еселеп артпақ. Сонда мына ауыл қоқыс астында қалмақ па?  

Биылғы жыл бойы тайтөбеліктер бірнеше рет телеарналарды шақырып, шу шығарған, мәселе көтерген. Облыс әкімдігіне шағым жазған. Жыл аяқталып қалды, шаралар қабылданбағанын айтады.

"Әлгі компанияны ешкім де жөнге келтіретін емес. Әкімдік іргесі кеңіп, үлкейіп келе жатқан ауылымызды осындай экологиялық апаттың жайлауына жол беріп, қарап отыр. Түкке тұрмайтын, өзгеріске түрткі болмайтын сырғытпа жауаптар береді. Тұрғындар сол бойы проблемамен жалғыз қалды", – дейді жергілікті жұртшылық.

Бұл мәселені қоғамдық ұйымдар, белсенділер мен блогерлер өз беделін көтеру үшін пайдаланатын сияқты. Мысалы, өзін азаматтық эколог деп таныстырып жүрген, "Біз таза ел үшін" экологиялық қозғалысының ұйымдастырушысы Шасалим Шагалимов келіп, шу көтеріп кетіпті. Экология министрлігінің және басқа уәкілетті органдардың өкілдері мәселенің шешілетініне уәде етіпті. Сонда жалған үміт жалт етіп жанып, ізінше жалп етіп сөнген.

"Қабылданған жол картасы аясында Целиноград ауданының әкімдігі қоқыс орнын рекультивациялауға ақша таба алмады. Бар істегені қоқысты көміп тастауға жалғыз техника жіберді. Оның ісі өнімді болмады. "Оператор РОП" қолұшын созуға міндеттеме алған, алайда ол әкімдіктің рекультивациялауға қатысты өз міндеттемесін орындамағанына сілтеме жасап, әрекетсіз қалды. Яғни мәселе айналып келіп, тұйыққа тірелді", – дейді Ә. Қалиасқарова.

Жауаптылар не дейді?

"Қоқыстарын қаланың полигонына тасысын" деген тайтөбеліктердің талабын "Қосшы Тазалық" ЖШС қабылдамады. Компания егер өзін әкімдік соған міндеттесе, кәсібі табысты болмай, шығынға бататынын, тиісінше, саладан кетуге мәжбүр болатынын алға тартады. Мұндай жағдайда "Қосшы қаласының көшелері мен тұрғын алаптары қоқысқа батып кетеді".

Ал Тайтөбе тұрғындарының талабы табанды. Олар Үкімет мүшелерінен Целиноград ауданының әкімдігін және "Қосшы Тазалықты" жауапкершілікке тартуды, сондай-ақ ауыл іргесіндегі қоқыс алаңын жөнге келтіріп, рекультивациялауды талап етіп отыр.

Целиноград ауданының Тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімі журналистерге түсініктемесінде Тайтөбе ауылы жанындағы қоқыс алаңы заңсыз екенін хабарлады. Алайда оны жою бюджетке кем дегенде 370 миллион теңгеге түспек. Санкцияланбаған қоқыс орны осыдан 6 жылдай бұрын пайда болыпты. Жағдай оған Қосшының қалдықтары тұрақты жеткізіле бастағанда ушыға түскен.

Бүгінде оның ауқымы 6 гектардан асып кетті.

Биылғы жылы жергілікті әкімдік қоқыс орнын рекультивациялау жобасы үшін бюджеттік өтінімді әзірлеген екен. Әзірге жеткілікті қаражат жоқ көрінеді.

Дегенмен заңсыз "полигон" жабылғаннан кейін заңсыз қоқыс тасушылар оның үстіне жаңа қалдықтарды әкеп төкпесіне еш кепілдік жоқ. Әкімдіктің ол жерде тұрақты патруль ұйымдастыруға қаражаты, күші жеткіліксіз. Жергілікті тұрғын Айбек Кеңесханның мәліметінше, сол тұсқа кезінде пост та қойылыпты. Бірақ оны әлдекімдер өртеп жіберген.

Қоғам белсенділері ол жерге электр желісін тартып, "Сергек" камераларын орнатуды, сол арқылы заң бұзушыларды тіркеп, айыппұл салуды ұсынады. Алайда заңсыз қоқыс тасушылар мемлекеттік нөмірін көрсетпеудің, оны бүркемелеудің амалын қылары сөзсіз. Онда "Сергектен" еш пайда жоқ.

Айтқандай, ғарыш мониторингінің дерегінше, Ақмола облысының елордамен шектесетін бір ғана Целиноград ауданында шамамен 200-ге жуық санкцияланбаған қоқыс орны әшкереленген.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу