Қазақстанның сыртқы қарызы тарихи рекордқа жетті

13813

Қазақстан әлемде борышқа белшесінен батқан елу мемлекеттің біріне айналды.

Қазақстанның сыртқы қарызы тарихи рекордқа жетті Фото: canva.com

Ұлттық банк республиканың сыртқы борышына қатысты есепті жариялады. Оған сәйкес, Қазақстанның сыртқы борышы 2024 жылғы сәуірде 165,3 миллиард долларға жеткен.

Ал, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылғы 1 сәуірде Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 26 трлн 23 млрд 903,8 млн теңге болды.

Егер Ұлттық банк белгілеген ресми бағам бойынша биылғы 1 сәуірде 1 доллар 446,78 теңгеге тең болғанын ескерсек, еліміздің ЖІӨ-сі небары 58 млрд 247,6 млн долларды ғана құрады.

Осылайша, Қазақстанның сыртқы қарызы оның бүкіл ЖІӨ-ден 2,8 еседен асып түсіп тұр.

Ұлттық банк бұл борыштың үлкен бөлігі – қазақстандық жеке сектордың – банктердің, түрлі саладағы алпауыт кәсіпорын-компаниялардың тартқан қарызы екендігін дәйектеп, ақталды. Сарапшылар талай түсіндіргендей, ақыр соңында оның үлкен бөлігін өтеуге бәрібір мемлекеттің көмектесуіне тура  келеді. Өйтпесе, егер олар сыртқы қарызын қайтара алмай, жаппай банкрот болса, ел экономикасына күйреу қаупі төнбек. Сондықтан бәрібір Үкіметтің араласуы, өрттей өршіген қарызын "сөндіруге" бюджеттен көмектесуі қажет болады.

Мысалы, мәжілісмен Асқар Садықовтың айтуынша, 2009–2020 жылдар аралығында мемлекет түрлі коммерциялық банктерді құтқаруға және қолдауға жалпы сомасы 8,2 триллион теңге бөлді. Бірақ банктер соның 2 триллиондайын ғана бюджетке кері қайтарған.

Қалай болғанда, Қазақстанның биылғы 165,3 миллиард доллар сыртқы борышының 133,7 миллиардын – жекеменшік сектордың сыртқы борышы, 15,5 миллиардын – мемлекеттік банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы, 13,3 миллиардын – мемлекеттік сыртқы борыш, 2,8 миллиардын – мемлекеттің кепілдігімен алынған сыртқы қарыз құрады.

Салыстырсақ, бір жыл бұрын, 2023 жылғы 1 шілдеде Қазақстанның сыртқы борышы 164,4 миллиард доллар болған. Оның ішінде жекеменшік сектордың сыртқы борышы – 131,9 млрд, мемлекет бақылауындағы банктер мен кәсіпорындардың сыртқы борышы – 15,3 млрд, мемлекеттік сыртқы борыш – 14,7, мемлекет кепілдік берген сыртқы борыш – 2,5 млрд болды.

Сөйтіп, мемлекеттің өзінің сыртқы борышы да, сондай-ақ жеке сектордың борышы да қарқынды түрде өсіп барады.

Бұған дейін Inbusiness.kz қордың экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұловқа сілтеме жасап, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының жалпы сыртқы қарызы 10 триллион теңгеге таяп қалғанын жазған болатын.  

Қазақстанның сыртқы қарызы оның бүкіл ЖІӨ-сінен 2,8 еседен артыққа асып түскені айтылды. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) дерегінше, 2024 жылдың басындағы жағдай бойынша әлемдегі ең ірі сыртқы борышы бар мемлекеттердің сол қарызының ЖІӨ-ге шаққандағы көрсеткіші келесідей:

Жапония — 254,5%;
Грекия — 193%;
Италия — 148,5%;
АҚШ — 122,9%;
Бразилия — 117,4%;
Франция — 117,3%.

Дүниежүзілік банктің дерегінше, Қазақстан бүгінде сыртқы борышы жөнінен жаһандық елулікке кірді. Бұл қуантатын жағдай емес. Қарызға белшесінен бату жөнінен әлемнің алдына шығу еш бедел болмаса керек.

Дегенмен, Ұлттық банк сарапшыларының сендіруінше, Қазақстанға дефолт болу қаупі төніп тұрған жоқ.

"Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында 88,2%-ы – өтеу мерзімі бойынша ұзақ мерзімді (1 жылдан астам) сыртқы борышқа тиесілі. Бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады. Екінші жағынан, жалпы нарықтық талаптардың өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді", – деп мәлім етті еліміздің монетарлық реттеушісі.

Ұлттық банк өз есебінде ғасыр басында, 2001 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанның сыртқы борышы 12 млрд 634,6 млн долларды ғана құрағанын еске салады. Он жыл бұрын, 2014 жылғы қаңтарда 150 миллиард доллар белесін бағындырды. Содан бері тоқтаусыз өсіп келеді.

Соның ішінде мемлекеттік басқару органдарының сыртқы қарызының өсу қарқыны алапат. Егер 2001 жылы ол небары 2 млрд 825,2 млн доллар ғана болса, 2024 жылы 11 млрд 229,5 млн долларға жеткен.

Ұлттық банктің өзі де қарызданып-қауғаланудың шебері болып шықты: 2001 жылы орталық банктің сыртқы қарызы 1,9 миллион (миллиард емес) долларды ғана құраса, 2024 жылы ол 2 миллиард 94,2 миллион долларға дейін немесе 1 102 есеге (!) ұлғайып шыға келді.

Қазақстандық коммерциялық банктердің араны ашылып барады: егер 2001 жылы олардың сыртқы қарызы 423,5 млн доллар болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 12 млрд 480,3 млн теңгеге жетті.

Қарыздың қалған сомасы басқа секторларға, өзге қаржы институттарына, фирмааралық қарызға тиесілі.

Қазақстан Үкіметі қазіргі уақытта асыға қарпып алып жатқан ыланойран қарызды болашақ ұрпақ өтеуге мәжбүр болады. Ұлттық банктің дерегінше, мысалы, 2015 жылы 9 млрд 713,8 млн доллар сыртқы борыш қысқа мерзімге алынған, 147 млрд 400,8 млн доллары ұзақ мерзімге алынған екен.

2024 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша қысқа мерзімді қарыздың сомасы 19 млрд 195,8 миллион долларға дейін көбейді. Сонымен қатар, өтеу уақыты жөнінен ұзақ мерзімді борыш 143 миллиард 316 миллион доллар болған. Демек, ол келер ұрпақтың мойнына да жүк болады.

2010-шы жылдары Қаржы министрі болғанда Болат Жәмішев Парламент мінберінен талай сөйлеп, сырттан арзан кредит тарту Қазақстанға барынша қолайлы екенін дәлелдеп баққаны есте. Кейінгі Үкіметтер де осы ұстанымды ұстанды. Алайда, шетелдік кредиттердің тіпті де арзан еместігі, сыйақы ставкалары "қалқымалы" екені, тиісінше, әлемдегі күрделі ахуалға байланысты қымбаттап отыратыны енді ғана белгілі болды.  

Ұлттық банк Қазақстанның сыртқы борышын өтеудің кестесін жариялады. Онда республиканың шетелдік кредит бойынша төлейтін сыйақы пайыздары негізгі сомаға жетеқабыл болып шыққаны анықталды.

Нақтылағанда, Ұлттық банк дерегінше, Қазақстан сыртқы қарызы бойынша 2024 жылғы ІІ-тоқсанда 10 млрд 795 млн доллар – негізгі соманы, 7 млрд 809 млн доллар – проценттерді өтеуге тиіс.

ІІІ-тоқсанда негізгі сома – 9 млрд 935 млн долларды, проценттері – 6 млрд 984 млн долларды құрайды.

IV-тоқсанда негізгі сома – 11 млрд 945 млн долларға, пайыздары – 9 млрд 20 млн долларға дейін шарықтайды.

Нәтижесінде, 2024 жылдың үш тоқсанында ғана Қазақстан сыртқы борышы бойынша 32 миллиард 675 миллион доллар – негізгі соманы, сондай-ақ 23 миллиард 813 миллион доллар – сыйақы пайыздарын "жабуы" шарт.

Қазақстанның бұл тұрғыдағы жағдайы келесі жылы да жеңілдемейтін көрінеді:

·      2025 жылғы І-тоқсанда өтелуге тиіс негізгі сома – 9 млрд 697 млн доллар, сыйақы пайыздары 6 млрд 876 млн доллар;

·      ІІ-тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 491 млн, проценттері – 4 млрд 695 млн доллар;

·      ІІІ-тоқсанда негізгі сома – 7 млрд 906 млн, пайыздары – 5 млрд 148 млн;

·      IV-тоқсанда сыртқы борыштың негізгі сомасы – 7 млрд 594 млн, пайыздары – 4 млрд 871 млн доллар.

Қорытындысында, келесі 2025 жылы республика 32 млрд 688 млн доллар негізгі соманы және 21 млрд 590 млн доллар пайыздарды өтеуі керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу