Қазақстанның ұлттық мейрамының логотипі плагиат болып шықты ма?

1641

Ұзақ үнсіздіктен соң, әлеуметтік желіде қаулап тұрған дауға жауапты министрлік жауап қатты.

Қазақстанның ұлттық мейрамының логотипі плагиат болып шықты ма?

Биыл еліміз өзінің басты мерекесін ауыстырды: бұдан былай Азаттық күні ретінде 25 қазан – Республика күні аталып өтеді. Ол заң жүзінде Қазақстандағы жалғыз ұлттық мерекесі болып бекітілді. Ал бұған дейін осы мәртебеге ие болып келген Тәуелсіздік күні ол статусынан айырылып, Жаңа жыл сияқты билік үшін атап өтуге міндетті емес мемлекеттік мерекелер санатына түсті.

Тиісінше, енді Қазақстан республикасының жасы бір жылға ұзарып, 32 жасты құрады. Себебі еліміз егемендігін 1990 жылы жариялағаны мәлім. Ал Тәуелсіздік туралы заң 1991 жылы ғана қабылданды.

Президент ұсынған бұл идеяны Парламент қана емес, халық та қызу құптады. Содан 25 қазан күні барлық мемлекеттік ақпарат құралдары: газеттердің беттері, телеарналардың бағдарламалары, ақпарат агенттіктердің таспалары көгілдір түсті қыран бейнеленген бірыңғай мерекелік логотиппен безендірілді. Бұл логотип дәстүрге еніп, келесі жылы да қолданылуы мүмкін еді. Тіпті Н.Назарбаевтың Рухани жаңғыру бағдарламасының "шыныдай шытынаған" бүркітті логотипі сияқты дәріптеліп, шағын ескерткіштер қойылуы да ғажап емес еді.  

Бірақ артынша әлеуметтік желіде жанжал өрті қаулады. Интернет пайдаланушылар оның басқа логотиптен "жиендік" жасалғанын анықтады.

Ал белсенді Асан Әлиев Республика күнін бұлай масқаралап, мазақтамауды сұрап, Үкімет мүшелеріне жүгінді.

"Қазақстанның мемлекеттілігінің тұғырлы, аса маңызды құжаты қабылданған ұлттық мереке – Республика күніне арналған, қыран құсы бейнеленген ресми мерекелік логотипті кім дайындады? Қандай тәртіппен, нендей шарт-талаптар негізінде дәл осы лого таңдалды? Мұның қытайлық компания белгісіне ұқсайтыны нақты анықталды. Аталған мерекелік ресми лого ақпарат құралдарында, мәдени шараларда, Қазақстан аумағындағы жергілікті, мемлекеттік нысандарында көптеп қолданылды. Осындай шығу тегі күмәнді логотиптің мемлекеттік деңгейде қолдануына кім жауапты, бұған кім жол берді? Қандай да бір тексерістер жүргізілді ме, қандай баға берілді? Аталған логотип жайлы ресми түсініктеме беруді сұраймыз", – деді ол өз хатында.

Бұл мәселеге қатысты factcheck.kz те үн қатты. Бұл шындық деген тоқтамға келді.

Журналист-фактчекер Жансерік Тілеухан әлеуметтік желіде айтылғандай, Республика күні логотипінің интернеттен алына салғаны рас деп отыр.

"Ізденіс бізді Shutterstock.com сайтына әкелді. Егер Сток-суреттер базасында "eagle logos" деп терсеңіз, Қазақстанның Республика күні үшін "арнайы жасалды" делінген логотипке өте ұқсас бейнені табасыз. Бұл бейне Adobe Stockта да бар, пайдалану бағасы – 79,99 доллар. Ондағы және біздің мерекенің ресми логотипіндегі қос құстың сұлбасы, соның ішінде қанаттарының пішіні мен серпілісі, қыранның тұмсығы және басқа да барлық ұсақ детальдары толық сәйкес келеді. Бір ғана айырмашылығы, түпнұсқасында қыран құстың оң қанатының ұштары үшкірленген, ал Республика күнінің логосында ұшы шамалы доғалдандырылған. Әрине, сосын көк түске боялған", – деді ол.

Бұл құс бейнесінің авторы ретінде сток суреттер базасында TopStudio ұйымы көрсетіліпті. Лого жасаумен айналысатын студиялар әдетте өз өнімін авторлық құқықтарымен бірге сатса, онда оның суретін барлық базалардан жояды. Бірақ бүркіт бейнесі базада әлі күнге тұр.

Аталған фирма әртүрлі стилде логотиптер әзірлеумен айналысады және оларды әлгіндей базалар арқылы сатады.

Бір қызығы, дәл осы бүркіт көп "ұрланады" екен. Оның сәл-пәл өзгертілген нұсқаларын әлемге аса танымал емес, ортанқол компаниялар өз логотипі ретінде пайдаланып жүр. Халықтың "қытайлық компанияның бренді" деп айтатыны содан.

Жалпы бұл логотипсымақты жасауға мемлекеттің қанша ел қаржысын шашқаны туралы еш жерде ақпарат жарияланбапты. Сонымен бірге оны жасау үшін суретшілер, дизайнерлер және өзге мамандар арасында ашық байқау да жарияланған жоқ.

Қазақстанның мемлекеттік органдары халықаралық авторлық құқықты бұзып, иесіне ескертпей, "жиендік" жасап, логотиптерді көшіріп алғаны үшін бірнеше рет дауға қалды. Мысалы, 2017 жылы Ұлттық банк жасаған 500 теңгелік банкноттағы шағала швейцариялық фотограф Марсель Буркхардтың суретінен алынған болып шықты. 2018 жылы "Рухани жаңғыру" логотипі де ұқсас дауға ілікті: ол L'Aigle De Patmos француз театр орталығының логотипіне қатты ұқсас болып шықты.

Бір белгілісі, Қазақстанның басты мерекесінің логотипін жасауға бюджет қаржысы жұмсалмапты. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі хабарлады.

Ведомство Республика күніне орай жасалған логотипке қатысты түсініктеме берді.

"Республика күнін мерекелеу жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес, Республика күнін мерекелеудің сыртқы және көрнекі безендіру жұмыстарының брендбугінің әзірлеушісі ретінде біздің министрлік анықталған болатын. Тапсырманы орындау мақсатында министрлік шығармашылық топты құрғанын атап өтеміз. Аталған шығармашылық топ визуалды дизайн тұжырымдамасын (логотипті) әзірлеп шықты. Логотип визуал зияткерлік меншік емес. Өз кезегінде, логотипті әзірлеуге бюджеттен қаражат жұмсалмағандығын жеткіземіз", – деп мәлім етті Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі.

Жалпы халықтың сынына ілігіп, абыройсыздыққа қалған даулы логотип ұлттық мерекеге көлеңкесін түсірмеуі, еліміз әлемде ұятқа қалмауы үшін бұдан былай қолданылмаса жөн.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу