Қазақтар Аmazon-да не сатып жүр

8047

Былтыр әлем бойынша e-соmmerce нарығында 4,3 трлн доллардың алыс-берісі жасалды. 

Қазақтар Аmazon-да не сатып жүр

2023 жылға қарай бұл көрсеткіш 6,6 трлн долларға жетеді деген болжам бар. Ал біздің ел 2025 жылы электронды сауда нарығында 3,5 трлн теңгеден астам қаржы айналдыруы мүмкін. Qaz Trade сауда саясатын дамыту орталығының зерттеуінде осылай жазылған. 

Электронды сауданың дамуына пандемия тікелей ықпал етті. Бизнесін сақтап қалу үшін кәсіпкерлер жаппай электронды коммерцияға бет бұрды. Себебі тұтынушылар дәстүрлі сауданы кері ысырып, жаппай онлайн-саудаға ауыса бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Өткен жылы елімізде қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы 1,2 трлн теңгенің саудасы жасалды. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, 2022 жылы еліміздегі электронды сауда көлемі 1,9 трлн теңгеге жетеді. 

Электронды сауда нарығына қатысты білдірген пікірінде Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасова: "2021 жылы электронды сауда үлесі 9,9%-ға жетеді. Табыс 1,4 трлн теңгені құрайды", – деді. 

Биыл әлем бойынша 2,14 млрд адам тауарды онлайн сатып алды. Бұл –дүиниежүзінің әрбір төртінші тұрғыны электронды сауда жасады деген сөз. 
Атап көрсетерлігі, елімізде 650 интернет-дүкен жұмыс істеп тұр. Ал тауарға интернет арқылы тапсырыс беретіндердің саны 3,8 млн адамға жетті. Алғашқы жартыжылдықта ел тұрғындары қолма-қол ақшасыз төлем көрсеткішін 12,7 трлн теңгеге жеткізді. Қолма-қол ақшасыз есеп айырысқандардың 82%-ы интернетке және мобильді банкингке жүгінді. 

Электронды сауданы дамыту үшін...

Үкімет "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасына маңызды міндет жүктеді. Бағдарлама аясында нақты іс-шара атқарылып, қалың көпшіліктің цифрлық және қаржылық сауатын арттыруға басымдық берілді. Электронды сауданы жылжыту, сонымен қатар инфрақұрылым мен логистиканы дамыту ерекше назарға алынды. Электронды сауда нарығы қатысушыларының бірыңғай тізілімі жасалып, бизнесті онлайн саудаға көшіру ынталандырылды.  Электронды сауданы дамыту үшін сервистік қолдау орталықтары мен "Инновациялық технологиялар паркі" арнайы экономикалық аймағы құрылды. Қолданысқа мобильді төлем түрлерінің қарапайым механизмі мен электронды шот-фактура енгізілді. 

Электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлерге салық жеңілдігі жасалды. Олар 2023 жылға дейін корпоративті және жеке табыс салығынан 100% босатылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі сауда қызметін реттеу департаментінің директоры Айжан Бижанова: "2018 жылғы 1 қаңтардан бастап салық кодексінде онлайн саудамен айналысатын кәсіпкерлерге салық  жеңілдігі қарастырылды. Электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлер 2023 жылға дейін корпоративті және жеке табыс салығын төлемейтін болды. Тап қазір мемлекеттік кірістер комитетінде 480 электронды сауда субъектісі жоғарыдағы жеңілдікті пайдаланушы ретінде тіркеліп тұр", – деді.

Мақсатқа жету үшін Сауда және интеграция министрлігі электронды сауданы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлеп, жүзеге асыруға кірісті. Жол картасы электронды саудадағы экспорттың үлесін арттыруды, электронды саудаға отандық компанияларды тартуды сонымен қатар электронды сауда алаңында тұтынушылар құқығын қорғауды мақсат тұтты. Құжатқа сәйкес, еліміздегі электронды сауданың бөлшек саудадағы үлесі 2025 жылы қазіргі 9,7%-дан 15%-ға жетуге тиіс. 
Жол картасында онлайн сауданы дамытудың 3 негізгі бағыты қамтылған. Біріншісі – электронды сауданы ынталандыру, шағын және орта бизнесті оқыту. Екіншісі – жеткізу қызметі мен логистикалық сервисті дамыту. Үшіншісі – онлайн-трансшекаралық сауданы ілгерілету. Көрсетілген бағыттар бойынша "Астана" халықаралық қаржы орталығы, FinTech Hub, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры, Mastercard, VISA, USAID сынды  халықаралық ұйымдар нақты іс атқарып жатыр. Осы орайда 2021 жылдың мамыр айынан бастап отандық кәсіпкерлерге Amazon, Ozon, eBay интернет-алаңдарында сауда жасау мүмкіндігі берілгенін айта кетуіміз керек. Аты аталған алаңдар арқылы отандық өндірушілер әлемнің 190-нан астам елінде онлайн сауда жасау құқығына ие болды. 

45 млн доллардың экспорттық келісімшарты жасалды 

Осыдан 2 жыл бұрын Сауда және интеграция министрлігі мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы QazTrade сауда саясатын дамыту орталығымен бірлесіп, "Интернет-экспортер мектебі" бағдарламасын іске қосты. Жоба Alibaba.com, eBay.com және басқа да халықаралық электронды сауда алаңдарында қазақстандық компаниялардың санын көбейтуді көздеді. 

Бағдарламаға өнімдерін интернет арқылы сатып жүрген тауар өндірушілер  қатысты. Оларға қосымша шығынсыз табыс табудың алғышарты жасалып, B2B сату форматында халықаралық сарапшылардың дәрісі ұйымдастырылды. Бұған қоса электронды сауда алаңдарында бизнес жүргізудің консалтингі мен шағын-сайт жасаудың қыр-сыры үйретілді. Нәтижесіне 2020 жылы еліміздің 100 тауар өндірушісіне Alibaba платформасы арқылы дүниежүзіне тауар экспорттау мүмкіндігі берілді. 

Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нариман Әбілшайықов: "Өткен жылдың басында Қазақстанның 50 компаниясы "Алтын тасымалдаушы" мәртебесімен Alibaba платформасына енгізілді. "Алтын жеткізуші" бұл – Alibaba.com алаңының премиум мәртебесі. Осы мәртебенің иегерлеріне тауарлары мен қызметтерін ілгерілетудің кешенді әдістері, үздік  тауарөндірушілердің қатарына қосылу құқығы беріледі", – деді. 

QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы АҚ бас директоры Азамат Асқарұлы 2020 жылдың ортасында тағы 50 компания Alibaba.com халықаралық сауда платформасына шығарылғанын айтты. 

"Былтыр барлығын қосқанда еліміздің экспортқа бағдарланған 100 компаниясы "Алтын тасымалдаушы" мәртебесімен әлемге әйгілі Alibaba.com платформасынан орын алды. Қазіргі таңда бұл сауда алаңында 4 600  қазақстандық тауар, оның ішінде: макарон өнімдері, ұн, бал, кондитерлік өнімдер, ет, сусындар, өсімдік майлары, жиһаз, киім, балаларға арналған тауарлар және тағы басқа тауар түрлері орналастырылған. Alibaba.com платформасына шығу бағдарламасының қатысушылары 45 млн доллардың экспорттық келісімшартын жасады. Бұл көрсеткіш алдағы уақытта жылына 100 млн долларға жеткізіледі. Отандық өндірушілерге Қытай, Македония, БАӘ, Оман, ЕАЭО елдері мен Орталық Азияда орналасқан сатып алушылар тапсырыс берді. "Интернет-экспортер мектебі" бағдарламасы аясында 2021 жылы тағы 50 компания Alibaba.com халықаралық сауда платформасына шығарылады", – деді бас директор.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаевтың мәлімдеуінше, 2025 жылға қарай белсенді экспорттаушылар саны 1 мыңға жеткізіледі. 

Ақылы аккаунт беріледі 

Бұл туралы QazTrade сауда саясатының даму орталығы маркетинг және электронды коммерция департаментінің директоры Өжет Шегірбаевтан білдік. Оның айтуынша, Amazon, Alibaba халықаралық сауда алаңдарына шыққан қазақстандық экспортерларға құны 3 мың долларды құрайтын Gold Supplier – ақылы аккаунт беріледі. Шығынды сауда және интеграция министрлігі өтейді. Ал QazTrade сауда саясатының даму орталығы аккаунттың талапқа сай жүргізілуіне көмектеседі. 

"Бір жылдан кейін ақылы аккаунттың қолданылу мерзімі аяқталады. Тауар өндіруші 1 500 доллар төлеп, қолдану мерзімін ұзартуға тиіс. Gold Supplier кәсіпкерлерлерге халықаралық сауда алаңдарында алаңсыз жұмыс істеуге мүмкінддік береді. Alibaba.com белсенді кәсіпкерлерге ұпай қосып отырады. Ұпай тауардың алдыңғы қатарда тұруына ықпал етеді. Бүгінгі таңда Alibaba.com-да 62 отандық компания бар", – деді департамент директоры.
 
Optograd – ет, Saumal – сүт сатады 

Аты аталған отандық 2 компания Аmazon арқылы кәсібін алға жылжытып отыр. Optograd Оман сұлтандығы мен Біріккен Араб Әмірліктеріне, АҚШ, Канада, Жапонияға – мұздатылған ет, Saumal компаниясы – Еуропа елдері мен АҚШ-қа және Гонконгқа – құрғатылған бие сүтін жеткізіп жатыр. 

Айтпақшы SIM-карта мен роумингті қажет етпейтін роутер сату ісін жолға қойған отандастарымыз Қайрат Ахметов пен Алёна Ткаченконың Nommi компаниясы да Аmazon алаңында белсенді. Алайда олардың компаниясы АҚШ-та және Сингапурда ашылған. Өйткені Қайрат Ахметов пен Алёна Ткаченко кәсіпке кіріскен кезде біздің ел Amazon тізімінде болмаған. 

16 компания Wildberries арқылы табыс тауып отыр 

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов еліміздің 16 компаниясы Wildberries халықаралық интернет-дүкені арқылы электронды сауданың көрігін қыздырып жатқанын жариялады.

Министрдің мәлімдеуінше, аты аталған электронды сауда алаңында отандық өндірушілер 590 түрлі тауар сатып жатыр. 

Біздің елмен қатар Ресей, АҚШ, Франция, Италия, Испания, Беларусь, Польша, Словакия, Германия, Израиль, Молдова, Армения, Қырғызстан мемлекеттерінің нарығында жұмыс істейтін платформа 2004 жылы пайда болған. Ерлі-зайыпты Владислав, Татьяна Бакальчуктар құрған онлайн сауда алаңы Қазақстан нарығына 2014 жылы енген. Бүгінгі таңда жоғарыдағы халықаралық интернет-дүкен әлемдегі ТОП-100 технологиялық компанияның қатарында тұр. 

Айтпақшы министр тілге тиек еткен ресейлік интернет-дүкен ара-тұра тұтынушылармен тайталасып тұрады. Былтыр сапасыз тауарды алудан бас тартқан қарағандылық Анжела Пьянковаға ақшасын кері қайтармай қойған. 
Нұр-Сұлтан қалласының тұрғыны Әсем Бердіғалиева мен алматылық Анжелика Жақыпова да осындай жағдайға тап болған.

"Mundus Agri алаңына шығу қажет"

Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың мәлімдеуінше, мамандар түрлі маркетплейстермен келіссөз жүргізіп жатыр. Мұндағы басты мақсат – отандық өндірушілер үшін халықаралық сауда алаңдарының қолжетімділігін арттыру. 

"Бізге ауыл шаруашылығы өнімдерінің электронды саудасымен айналысатын 
әлемдегі бірегей ақпараттық-сауда платформасы Mundus Agri алаңына шығу  қажет. Себебі дүниежүзі бойынша азық-түлік пен ауыл шаруашылығы тауарларының электронды саудасы көш бастап тұр", – деді. 

Айта кетейік, 2023 жылға қарай дәл осы саладағы ақша айналымының үлесі  шамамен 130 млрд долларды құрайды. Бүгінгі таңда біздің елге 

"Атамекен" электронды сауданы қолдап отыр 

"Бастау Бизнес" жобасының операторы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірлесіп, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы азаматтарға карантин жағдайында бизнесті дамыту үшін ebay.com, etsy.com, amazon.com сынды маркетплейстерде жұмыс істеу дағдысын меңгертіп жатыр. Былтыр осы бағыт бойынша 33 183 адам білім алып, 14 397 адам кәсіп бастады. 

ЕАЭО бірыңғай электронды сауда операторы құрылады 

Сауда және интеграция вице-министрі Әсел Жанасованың мәлімдеуінше,  биыл қыркүйек айында біздің ел қанатқақты жоба ретінде "Электронды сауда операторы институты" жобасын жүзеге асырады. ЕАЭО шеңберінде электронды сауданы дамытуды көздейтін жоба одаққа мүше-елдердің е-commerce нарығын реттеп отыруды көздейді. 

"Еуразия экономикалық одағы аясында B2C тауарларының сыртқы электронды саудасы саласында қанатқақты жоба іске қосылады. ЕАЭО елдері арасында айналымда болатын барлық трансшекаралық онлайн-тауарлар қанатқақты жоба шеңберінде электронды сауданың бірыңғай операторы арқылы өтеді. Жоба кедендік алым мен баж төлеу шығынын азайтуға мүмкіндік береді", – деді вице-министр. 

Қанат Махамбет
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу