Қазақтар мұрасы: тағы бір ел кириллицадан бас тартпақ

16302

Моңғолия Шыңғыс хан кезіндегі жазуға қайта оралғалы жатыр. 

Қазақтар мұрасы: тағы бір ел кириллицадан бас тартпақ

Аймағымыздағы ел Ресей мен ҚХР секілді алпауыттардың ықпалынан кету, рухани жаңғыру мәселесімен айналыса бастады. Моңғолияда көне моңғол жазуын (моңғол бичиг) қайта қалпына келтіруге қызығушылық артып келеді. Бүгінде ол жергілікті мектептердің бағдарламасына қосылды: көне алфавитпен оқушылар жастайынан танысуда. 

Бұл жазуды қазақ руы ойлап тапқан ба?

Айта кету керек, моңғол бичиг сонау Шыңғыс хан дәуірінен бері бертінге, 1941 жылға дейін пайдаланылды. Моңғолдардың бір мақтанатыны: XVII ғасырда Цинь әулеті басқарған тұста бұл жазуды Қытай кең қолданған. Қытайлар бүгінде оны "маньчжур алфавиті" ретінде біледі.  

Қазақтардың да мақтанатын жөні бар: кейбір деректер бойынша бұл алфавитті шамамен 1204 жылы тегі ұйғыр найман жазушысы Тататунга құрастырған. Оны Шыңғыс хан найман елін шапқанда тұтқынға түсіреді. Ұқсас жазуды сол кезде осы жұрт қолданған деседі. Бұл аңыз ұлы хан бағындырған елдердің моңғолдарға мәдени ықпалынан сыр шертеді.   

Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО-ның көмегіне тәуелді болған Моңғолия төл жазуынан бас тартып, кириллицаға көшуге мәжбүрленді. Бұл төсекте басы, төскейде малы қосылған бауырлас елді – кеңестік Моңғолияны қытай жағындағы моңғол жұртшылығынан түпкілікті ажыратуды көздеген сталиндік саясаттың нышаны болатын.    

Euronews еуропалық ақпараттық телеарнасының хабарлауынша, сонау жоңғар империясының жойылумен бірге қытайдың қоластына кірген Ішкі Моңғолияда қандастарының қысым көруі Моңғолияның өзіндегі рухани жаңғыруға серпін берді. ҚХР өзіне қарасты Ішкі Моңғолия автономдық ауданындағы мектептерде моңғол тілін үйретуге тыйым салды. Бұл өңір тұрғындары моңғол тілін көне моңғол жазуында оқып, үйреніп келген-тін. 

"Біз, сыртқы, яғни тәуелсіз Моңғолия жұртшылығы кириллицада жазамыз. Дегенмен, халқымыз көне моңғол жазуына ұдайы құрмет көрсетеді, оны бабалардың ұлы мұрасы ретінде жүрегінің төрінде сақтайды. Ұрпағына табыстаудың қамын жасайды. Бірақ Ішкі Моңғолиядағы оқиғалар біздің елімізде осы сезімді шегіне жеткізе күшейтіп жіберді, – дейді моңғол бичиг мұғалімі Батбилег Лхагвабаатар. 

Қазіргі кириллицадан, латиницадан, тіпті заманауи қытай жазуынан айырмашылығы сол, көне моңғол жазуында сөздер көлденеңнен емес, тігінен – жоғарыдан төмен қарай жазылады. Бұл жазудың түп-төркіні Таяу Шығыс тілдерінен тарайды екен: ортағасырлық көне ұйғыр және соғды әліпбилері арқылы ол ежелгі сириялық жазудан бастау алады. Сондықтан болса керек, қазіргі араб жазуына өте ұқсас. Көне моңғол алфавиті XIII ғасырда жасалғанын айттық. Сол тұста моңғолдар Еуразияның байтақ кеңістігінің басым бөлігін өзіне қаратып, билік етті. Әлемді жалпағынан басты.

Дағдарыстардан қажыған қазіргі моңғол ұрпағы үшін сол заман – рухани жаңғыру мен рухтанудың ұлық қайнары.  

Қолданыстағы кириллицадан бас тарту туралы ұсыныстар Моңғолияда 1990-шы жылдардан бері көтеріліп келеді. Әу баста латын алфавитіне көшу ұсынылды. Бірақ бастаманы қоғам да, зиялы қауым да қабылдамапты. Себебі, болмысы, бітімі, өмір салты моңғол ұлтымен үш қайнаса сорпасы қосылмайтын батыстың жазуын қабылдау – тарихи сабақтастыққа балта шабу ретінде бағаланды. Сол сияқты кириллицада қала беру де орынсыз: ол жыл өткен сайын ауырлай түскен керексіз жүк, саяси бодандықтың сарқыншағы ретінде қабылданады. 

2015 жылғы ақпанда Моңғолия Парламенті – Ұлы мемлекеттік хурал "Моңғол тілі туралы" арнайы заң қабылдап, көне моңғол жазуын үйренуді міндетті етті, оны мектеп бағдарламасына енгізді. Заң сондай-ақ мемлекеттік қызметке тұратын барлық тұлғаларды көне моңғол жазуын білуді міндеттейтін талап енгізді. Жеке басты куәландыратын құжаттар, азаматтық хал актілері осы жазбамен жазылады. Бұдан бөлек, Моңғолияның заңдары мен мемлекеттік актілері міндетті түрде көне моңғол әліпбиімен қатар берілуге тиіс. Бұл заңның кейбір нормалары 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді. Осы арқылы моңғол елі біртіндеп, кириллица ықпалынан кетпек. 

"Кириллицаны сақтап отыра берсек, біз ұлы тарихымыздың тек 80 жылдық үзіндісіне жабысып, соны ғана қолдаймыз. Ал көне моңғол жазуына көшіп, соны сақтасақ, онда мыңдаған жылдар бойғы мираспен байланысымызды қайта қалпына келтіріп, бабалармен қауышамыз", – дейді Моңғолия мемлекеттік университетінің көнемоңғол зерттеулер бөлімінің басшысы Далайн Заяабаатар.

Бұл бетбұрыстың қазақтарға кесірі жоқ па?

Бүгінде Қазақстан секілді, Моңғолия да төл әліпбиін ауыстыру бағытында бастапқы қадамдарын жасауда. Көне моңғол жазуы елде ресми мәртебеге ие болды. Ол қазіргі кезеңде барлық мемлекеттік мекемелердің мөрлерінде, тауарлық белгілерде, сондай-ақ эстетикалық-мәдени мақсатта қолданылады. Моңғолия валютасының (тугрик) банкноттарындағы бүкіл жазулар осы әліпбиде жазылған.  

Дүкендер, мейрамханалар және басқа да коммерциялық нысандар, бизнес орындары маңдайшаларындағы атауын кириллицамен бірге көне моңғол жазуымен қоса жазады. Кәсіпкерлерді осыған міндеттейтін заң жоқ. Әйтсе де, мұны моңғол бизнесмендері өз еркімен жасауда.

Бұл алфавитті ХІХ ғасырдың басына дейін Ресейдегі Бурятия да пайдаланған. Содан болса керек, бүгінде #savethemongolianlanguage қозғалысына бурят жастары да белсенді қатысып жүр. 

"Біз Қытай қысымына ұшыраған Ішкі Моңғолиядағы әділдік үшін күресіп жүрміз. Қытай билігі Моңғолиямен байланыстының бәрін тып-типыл құртуға қызу кірісті. Соның кесірінен, ежелгі моңғол мозаикалары, құрылыс-нысандар, көшедегі көне моңғол жазулары, тіпті осы жазудағы басылымдар жойылуда. Қытай демократиясына ғана тиімді, жалған тарих жасалуда. Ақ үй "Ішкі Моңғолиядағы мәдени геноцидті тоқтатыңдар!" атты петиция ашты, бұл осы мәселенің халықаралық деңгейде қаралуы үшін қажет. Мұндағы әрбір дауысты маңызды санаймын. Өйткені әңгіме тек моңғолдар туралы ғана болып отырған жоқ. Бұл жағдай бізді де қамықтырады", – дейді Ольга Булгутова.   

Моңғолиядағы қазақтардың бәрі кириллицаны пайдаланатыны мәлім. Осы арқылы олардың ата-жұртпен – Қазақстанмен байланысы тығыз болды: кеңес кезінен қазақ газеттерін жаздыратын, қазақша кітаптарды алғызатын. Бүгінде олар қазнетте отыр. Егер Моңғолия көне моңғол жазуына көшсе, бұл қазақтарға кесірін тигізбеуге тиіс.

Елдеріміз арасындағы келісімге сәйкес, Баян-Өлгей аймағынде шоғырлана тұрып жатқан қандастарымыздың балалары қазақ мектептерінде оқиды. Тек Қазақстан латын графикасындағы қазақ әліпбиіне көшкенде, кириллицаға бой үйреткен шетелдегі қазақтарды жаңа жазуымызға бейімдеуге көңіл бөлінсе, жөн.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу