Қазақтың қалалары неге сонша сұрықсыз?

1835

Шетелдік белгілі урбанистер, сәулетшілер мен дизайнерлер түрлі форумдарда Қазақстан қалаларының келбеті көріксіз екенін, оларда ұлттық нақыш та, бірыңғай стиль де жоқтығын айтып, қатаң сынап жүр. Үкімет бұған кінәлілерді тапқанға ұқсайды. 

Қазақтың қалалары неге сонша сұрықсыз? Фото: tengrinews.kz

Бұл сала – қоғамның да, маманның да, тіпті ел басшылығының да тісі батпайтын түйткілге айналғаны жасырын емес. Кезінде Н.Назарбаев Астананы дамытуға арналған кеңестерде елорданың кеспірсіз көркін үнемі сынайтын. Басқаларды айтпағанда, бас қаланың өзі шыны мен бетоннан тұрғызыла салынған түсі суық шаһарға айналды. Елбасы бірде астананың мақтанышы саналатын, қала ішіндегі қалаға ұқсайтын, төбеден түнере төнген HighVill заңғар тұрғын үй алабын "ІІМ-нің мекемесі сияқты" деп мінеді.

Одан өзгеріп, құлпырып кеткен елорда жоқ. Керісінше, жұртшылық әлеуметтік желіде "қала әкімі қаланы құртты" деп біраздан бері дабыл көтеріп келеді.

Қазақстан қалаларының сыртқы кейпі жаңа Президентке де ұнамайды. Осыған қатысты пікірін Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр, 2021 жылғы 27 қазанда өткен "Digital Bridge" халықаралық технологиялық форумында білдірген болатын.  

"Жетекші құрылыс компаниялары тұрғын үй кешендерін, мектептерді, ауруханаларды, жолдар мен басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерді салу барысында мемлекеттің орасан зор, аста-төк қаражатын игереді. Бірақ шынын айтқанда, бұл объектілердің сапасы ешқандай сын көтермейді, үлкен күмән тудырады. Бұл азаматтардың наразылығына себепкер. Сондықтан Үкімет осы мәселеге барынша назар аударуға тиіс", – деп тапсырма жүктеген еді ел Президенті.

Үкімет назар аударды. Тіпті кінәлілерді де тауыпты, олар – ғимаратты жобалаумен және жоспарлаумен айналысатын мамандар көрінеді.

Бірден айта кетелік, жобалаушылар тіпті де кінәсіз емес. Биліктің оларды бетімен жібергенін сарапшылар бұрыннан айтып келеді. Соның жарқын бір дәлелі – жыры тура он жылдан бері созылып келе жатқан "Бесоба" ТК. Қарағанды қаласында мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында салынған бұл көпқабатты тұрғын үй 2012 жылғы 6 сәуірде жұрттың көз алдында гүрс етіп "шалқасынан" сұлады. Осы сорақы жайт бейнелеген видео жаһандық желіні әлі күнге кезіп жүр, түрлі елдің телеарналарынан көрсетілді. Оның құлау себептерін зерттеген мемлекеттік комиссия "Бесоба" ТК-нің құрылысы кезінде "жобалау шешімдері құрылыс нормаларына сәйкес келмеген" деген қорытынды шығарды.

Қарағанды облысының басшылығы Үкіметтен сапасыз тұрғызылған осы тұрғын үйлерді сүру және орнына жаңа тұрғын үй кешенін салу үшін 4,2 миллиард теңге бөлуді сұрады. Қарағанды әкімдігі 2012 жылы бұл оқиғадан келген шығынды 545,3 миллион теңгеге бағалаған еді. Үйдің күйреуіне себеп болған алғышарттар ретінде сенімді инженерлік-геологиялық деректердің болмауы, жобалауға тиісті лицензиясы жоқ жобалау ұйымын тарту және нөлдік циклдың құрылысын сапасыз салу аталды. Қарағанды әкімдігі сот арқылы "Бесобаның" қирауына айыпты құрылыс және жобалау компанияларына 89,7 млн теңге ғана өндірді. Ал "Бесобаның" құлауына айыпты деп есептелген 13 тұлғаның бәрі жазадан құтылып кетті. Тек бір шенеунік қана – Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының экс-басшысы Александр Воробьев үш жылға сотталды.

Билік не дейді?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мәселені шешу үшін "жобалау ұйымдары мамандарының біліктілігіне қойылатын талаптарды күшейту қажет" деген байламға келді. Бұл бағыттағы шаралар "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне құрылыс саласындағы өзін-өзі реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заңның жобасында қарастырылған. 

"Жобалау саласын қайта ұйымдастыру, реформалау үшін жүйелі шаралар қажет. Біріншіден, салада жобалаушылардың өзін-өзі реттейтін кәсіби бірлестігін құру көзделген. Олар шет елдердің үлгісі бойынша сертификаттауды жүзеге асырады, мамандарға жобалау жұмыстарының белгілі бір түрлерін орындауға рұқсатты да сол ұйымдар береді. Ұйымдар жобалаушылардың біліктілік деңгейін бақылайды және ұдайы оқытуға көмектеседі. Кәсіптік бірлестіктің әрбір мүшесі жеке сақтандырылуға тиіс. Ал жобалау ұйымы жобаның сапасы үшін мүліктік жауапкершілігін сақтандырады. Бұл жобалау сапасын қажетті деңгейге көтеруге мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ИИДМ.

Ведомствоның байламынша, "бүгінгі күні жобалау кәсіби қызмет емес, жай ғана бизнеске айналды".

"Онымен көбінесе сәулет және құрылыс білімі жоқ кездейсоқ адамдар айналысатын болды, нысандардың, тұрғын үйлердің жобаларын да солар жасайды: осы мақсатта олар жобаларды әзірлеуге біліктілігі төмен мамандарды тартады, салдарынан түпкілікті нәтижеге ешкім жауап бермейді. Қазір Қазақстанда 18 мыңнан астам ұйымның жобалау жұмыстарына лицензиясы бар. Олардың шектен тыс көбеюі ақыр соңында қызметтің бүлінуіне алып келді, соның кесірінен жобалардың сапасы құлдырады. Оның үстіне жобалаушылар қазір мемлекет тарапынан да, кәсіби қоғамдастық тарапынан да бақылаусыз, өз білгенінше жұмыс істеп жатыр", – деп мәлім етті министрлік.

Меморганның ақпараты бойынша жобалау ұйымдарының 90%-ы – көлеңкеде! Бұл өзге салаларда кездесе бермейтін рекорд. Саланы былық жайлағанын осыдан байқауға болатындай. Саладағы фирмалардың басым көпшілігі – шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер. ИИДМ "олардың арасында жалған, фиктивті ұйымдар көп, олар штатына кілең біліктілігі төмен жобалаушыларды жинаған" дейді.

"Қазақстандағы 18 мыңнан аса (18 313) жобалық компанияның ішінен жоғары деңгейдегі жобаларды әзірлейтін білікті мамандар жұмыс істейтін 1 мың ұйым әрең табылады. Құрылыста орындалатын жұмыстардың сапасы жобаға және жобалаушының біліктілігіне, жобаны сауатты әзірлеуге тікелей байланысты. Ғимаратты жобалау кезінде жіберілген қателіктер сөзсіз, құрылыс кезіндегі қателіктерге соқтырады. Жобада құрылыстың барлық нюанстары, мысалы, барлық тораптары, терезелері мен есіктерінің өлшемдері, қолданылатын құрылыс материалдары және басқалары қарастырылуға тиіс Егер жобалаушы бастапқыда жобаны нарықта жоқ немесе өте қымбат құрылыс материалдарына негіздеп құрса, онда салушыға құрылыс кезінде соған ұқсас, бірақ арзан материалдарды іздеуге тура келеді", – деп дәйектеді Индустрия министрлігі.

Бір мысал келтірсек. 2021 жылғы шілдеде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейіне 230 АЕК (670 мың теңге) көлемінде айыппұл салынды. Құзырлы орган мұражай кондиционерлерінен шыққан қатты дыбыс оған жапсарлас салынған тұрғын үй кешені тұрғындарының тыныштығын бұзған деп таныды. Музей бұған қарсы шағымданыпты. Мәселенің мән-жайын анықтау кезінде бұған шынында тұрғын үй кешенінің жобалаушылары кінәлі екені әшкереленді: олар жобалау кезінде ТК мен мәдени объектінің күзет аймағы арасындағы қашықтықты сақтау талаптарын бұзған. Ол аз болғандай, жобаны уәкілетті органның келісуінен өткізбепті. Ақыр соңында құрылыс компаниясы өз қаражаты есебінен ТК қабырғасын шудан оқшаулау туралы шешім қабылдады.

Тере берсе, мұндай мысалдар жетерлік.

Жалпы, республика бойынша өрескел бұзушылықтармен эксплуатацияланып жатқан 200-ден астам ірі ғимарат анықталды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу