Қазақтың руға бөліну проблемасы бар

1041

Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Jibek Joly телеарнасындағы "Уәде" бағдарламасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қазақтың руға бөліну проблемасы бар Фото: Дамир Ерубаев

Сұхбат барысында ол ортақ идеологияға, рушылдық кеселіне, Ұлттық құрылтай жұмысына, Елтаңбаны ауыстыру бастамасына қатысты сауалдарға тұщымды жауап берді.

Ортақ идеология қандай болуы қажет?

Мемлекеттік кеңесшінің атап өтуінше, идеология әркімнің қабылдауында әртүрлі түсінік береді. Мысалы, қоғамның белгілі бір бөлігінде кеңестік заманнан қалған идеологияның рөлі мен қызметіне қатысты түсінік әлі де қалып отыр.

"Сол түсінікке сай кейбір азаматтар "мемлекет белгілі бір идеологиялық тұжырымдаманы қабылдауы, бекітуі, жүргізуі керек" деп есептейді, яғни барлығы бір идеологиялық тұжырымдаманың айналысында жүруі тиіс. Тағы да қайталап айтамын, бұл – кеңестік заманнан қалыптасып қалған түсінік. Шығармашылық құрылымдар, қандай да бір саяси-қоғамдық бірлестік қабылданған ортақ идеологиялық тұжырымдаманың төңірегінде жұмыс жүргізуі қажет деп санайды. Осы түсінікке орай жұмыс ұйымдастыратын болсақ, онда екінші тарап айтып жүрген демократия, плюрализм мүмкін емес. Себебі саяси плюрализмнің, демократияның тағы бір маңызды алғышарты – әркімнің жеке ұстанымы, көзқарасы, пікірі болу мүмкіндігі және сол пікірге жүгінуі. Екінші түсінік – қоғамда орныққан белгілі бір құндылықтар төңірегіндегі "америкалық арман". Әрбір мемлекеттің өз даму жолы бар. Біз ең алдымен өзіміздің мүддеміз, ерекшелігіміз бен қоғамымыздың құрылымы, қалыптасқан белгілі бір салт-дәстүріміз тұрғысынан жоспар, тұжырымдама, шешімдерді қабылдауымыз қажет", - деді Ерлан Қарин.

Оның пайымдауынша, кеңестік замандағыдай барлығын бір идеологиялық тұжырымдамаға мойынсұнуға міндеттеу қажет емес. Дегенмен, біз – мемлекет жалпы азаматтарды біріктіретін ортақ құндылықтар жүйесін орнықтырумен айналысуымыз қажет.

"Ол жайында Ұлттық құрылтайда Президент те айтты. Президенттің айтуынша, бірнеше құндылықты анықтап алуымыз қажет. Мәселен, Тәуелсіздік бәрімізге ортақ құндылық па? Жауапкершілікті алайық. Әрқайсымыз қандай жұмыспен, қандай кәсіппен, қандай іспен айналыссақ та, ісімізге жауапкершілікпен, тиянақтылықпен қарауымыз керек. Қайырымдылық, мейірімділік, бұл құндылықтар қандай да бір саяси мазмұнға ие емес. Белгілі бір партияның, қоғамдық қозғалыстың көтеріп жүргені емес, бәріне бірдей құндылықтар", - деді ол.

Қазақтың руға бөліну проблемасы бар

Мемлекеттік кеңесшінің атап өтуінше, өкінішке орай руға бөліну тек мәдени фактор емес, сонымен қатар қоғамдық кеселге айналған. Бұл жайт кейбір өңірлерде қатты байқалады.

"Оны айтқымыз келмейді. Қазақы ортаға шығып айтсаң, ашығында көп адам жақтырмайды. Бірақ, оны айтуымыз керек. Маған бұл әлеуметтік құбылыс бір кездері басылғандай көрініп еді, бірақ өкінішке орай, әлі де бар. Кей кездері қатты байқалып жүр. Мәселен, саяси реформалардың үлкен бір жетістігі – партиялық тізіммен қатар бір мандаттық округтік сайлау енгізу ұсынылған болатын. Соған сәйкес, аралас сайлау жүйесі енгізілді. Парламент пен мәслихаттардың бірқатар депутаты партиялық тізімнен бөлек бір мандаттық округтен сайланады. Сарапшылар да депутаттарды халық тікелей өзі сайласа екен деп айтып жүрген. Бірақ, саяси тәжірибеде барлығында деп айта алмаймын, кейбір өңірде саяси партиялар арасындағы бәсекелестік емес, рулар арасындағы бәсекелестік белең алып кетті. Тіпті, мәслихаттарда да кей жағдайда көрініс тауып отырды. Бұл проблема бар", - деді Ерлан Қарин.

Оның айтуынша, руға бөліну сынды әлеуметтік құбылыс кеңес заманында бір рет көтерілген. Кейін саяси-қоғамдық фактордан мәдени факторға ауысқандай әсер берді. Қазір қайта байқалып отыр. Бұл – бір жағынан объективті құбылыс. Қоғам өзінің бірегейлігін анықтау процесі үстінде. Бірақ, оған объективті процес деп қарап отыруға болмайды. Себебі, бұл ары қарай жалғаса берсе, онда ертең қарама-қайшылықтар тудырып, тіпті жекелеген азаматтардың арасында қақтығыстар туындауы ықтимал.

Мұнан бөлек, онамастика саласында да рушылдық белгілері байқалады. Сондықтан да жергілікті комиссиялардың кейбір өкілеттіктері орталыққа беріліп жатыр. Себебі жергілікті жердегі көше, елді мекенге атау берген кезде азаматтар ата-бабаларының есімін беруге ұмтылады.

"Мәселен, кейде бір өңірдің ономастика саласын талқылаған кезде, айталық 50 көше атауы өзгеретін болып жатса, ұсынылғанның бәрі де жеке тұлғалардың аты болып шығады... Көбіне тарихқа қатысы жоқ, тіпті ашығын айтар болсақ жергілікті жерге де еңбегі сіңбеген адамдар ұсынылады. Бұл – бірінші жағдай. Екіншісі – ескерткіш қою. Ол да проблема. Барлығы ата-бабаларының құрметіне ескерткіш орнатуға тырысады. Сол ғой біздің ескерткіштер еліне айналып бара жатқанымыз", - деді Мемлекеттік кеңесші.

Ұлттық құрылтайдың авторы кім?

Сұхбат барысында Ерлан Қарин 2022 жылдың наурызында Конституциялық реформа аясында саяси реформалар бағдарламасы жарияланғанын атап өтеді. Сол кезде Мемлекет басшысы көптеген бастаманың қатарында Ұлттық құрылтайға қатысты ойымен, идеясымен бөліскен.

"Шындығында да бұл идеяның авторы – Мемлекет басшысы. 2022 жылдың қаңтар, ақпан айларында саяси реформалардың бағыты, мазмұны жөнінде жиындар, талқылаулар болған кезде Президент көптеген ұсыныс енгізді. Оның бірі – Ұлттық құрылтай құру идеясы. Құрылтайдың осы сияқты басқа құрылымдардан айырмашылығы неде? Оның алдында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі, басқа да диалог алаңдары болды. Біріншіден, Ұлттық құрылтайды Парламентпен қатар қоюға болмайды. Себебі, Парламент – заң шығарушы орган, заң қабылдайды. Ал Ұлттық құрылтай – консультативті-кеңес орталығы", - деді ол.

Спикердің атап өтуінше, Парламентте депутаттар таңертеңнен кешке дейін заң шығарумен айналысады. Ұсыныстар дайындап, құжаттарды сараптап, талдайды. Сол жұмысы үшін жалақы алады. Ал Ұлттық құрылтайдың мүшелері айлық алмайды. Олар өз еркімен құрылтай жұмысына қатысып, ұсыныстарымен бөліседі.

"Кейбіреулер Ұлттық құрылтайға мүше болып сайлану мәртебелі жұмыс екен деп ойлайды. Жоқ, ол – қоғамдық жұмыс. Ұсыныстарын, ойларын жүзеге асырамын деген азаматтар Ұлттық құрылтайдың құрамына кіріп, идеяларын ортаға салады. Оны жүзеге асырумен айналысады. Екінші айырмашылығы – министрліктердің және әкімдіктердің жанынан құрылған қоғамдық кеңестер бар. Әр қоғамдық кеңестің бір өкілі осы құрылтайға кіреді, яғни Ұлттық құрылтай – осындай қоғамдық кеңестердің бәрін бір жүйеге келтіретін орта. Сол арқылы белгілі бір аймақтың да мәселесі қаралып отырады. Мысалы, көтерілген үлкен мәселенің бірі және құрылтай аясында талқыланып, Президент бастама ретінде жариялаған жайт – Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында бірнеше ауданды қайта құру. Демек, Ұлттық құрылтай – билік пен қоғамның тікелей диалог алаңы", - деді Ерлан Қарин.

Елтаңбаны өзгерту мәселесін кім көтерді?

Мемлекеттік кеңесшінің баса айтуынша, Елтаңбаны өзгерту – Президенттің ұсынысы емес. Мемлекет басшысы өз сөзінде "Елтаңбаны ауыстыруға қатысты әртүрлі пікірдің айтылатындығын, егер қажет болса, комиссия құрып талқылау қажеттігін, оң шешім қабылданса байқау жариялау керектігін" ғана айтқан.

"Мемлекет басшысы Елтаңбаны міндетті түрде ауыстыру керек деген пікір айтқан жоқ. Өкінішке орай, көпшілігі мәлімдемені дұрыс қарамайды, оқымайды, тыңдамайды. Шын мәнісінде, Президент ол жерде қоғамда кейбір азаматтың Елтаңбаға қатысты әртүрлі пікір айтып жүргенін, мәселеге қатысты ұстаным қалыптасса, онда ашық түрде талқылау" керектігі туралы пікір айтты", - дейді.

Оның сөзіне қарағанда, Елтаңбаны ауыстыру мәселесін қоғам белсенділері, қоғамдық ұйымдар көтерген. Зерттеулер де жасалған. Мұнан бөлек, Ұлттық құрылтайдың бірқатар мүшесі де осы мәселеге үн қосып, Елтаңбадан бөлек, аймақтық нышандарды біріздендіру мәселесін қозғаған.

"Әлеуметтік желіден көріп жүрмін. "Барлық шаруа қалғандай, енді Мемлекеттік елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысып жатыр" деген сынды пікірлер бар. Мұның бәрі жай сөз. Барлық мәселені ысырып қойып, Елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысып жатқан ешкім жоқ. Атыраудағы құрылтай өткеннен бері біраз уақыт өтті. Ешқандай талқылау, жиын өтпеді, арнайы шешім, құжат қабылданған жоқ. Пікірталас қалай жүріп жатыр, солай жүріп жатыр. Ол – тек қана пікір. Болды. Сондықтан да бұл билік тарапынан жасалып жатқан арнайы жұмыс емес. Бұл – қоғамдағы пікірталастың бір көрінісі ғана. Мәселен, Мемлекеттік кеңесшінің қызметін қарайтын болсаңыз, көптеген комиссияның жұмысын үйлестірумен айналысамын. Оның бірі – гералдика мәселесі. Егер, мемлекет, билік кейбіреулер айтып жүргендей бәрін ысырып қойып, Елтаңбаны ауыстыру мәселесімен айналысатын болса, онда мен міндетті түрде гералдика бойынша комиссия отырысын өткізіп, осы мәселені ортаға салар едім. Жоқ, онымен айналысып жатқанымыз жоқ", - деді Ерлан Қарин.

Су тасқыны қордаланған мәселелердің бетін ашты

Мемлекеттік кеңесшінің пайымдауынша, табиғи апаттар ондаған жылдар бойы қордаланып қалған мәселелердің бетін ашты. Мәселен, Президент те осындай табиғи апаттардың толық алдын алу мүмкін емес болғанымен болжауға болатындығын айтқан. Ал болжау үшін ғылыми жұмысты бір жүйеге келтіру керек. Алайда, кезінде ғылыми институттар мемлекет назарынан тыс қалды, қаржы бөлінбеді. Соның салдарынан жабылды. Жабылмағандарды ілініп-салынып жұмыс істеді.

"Жалпы, 1990-2000 жылдары қалыптасқан жағдай салдарынан Қазақстанда ғылым саласынан 40 мың ғалым саудаға, кәсіпке, басқа да жұмысқа кетті. 40 мың ғалымнан айырылып қалдық. Сабақтастық үзілді, ғылыми база, жүйе жоғалды, яғни үлкен базаны жоғалттық. Қазір мемлекет осы мәселемен шұғылданып, сол жүйені қалыптастырып жатыр. Ғылым академиясы, Президент жанынан ғылымды дамыту жөніндегі арнаулы кеңес құрылды. Мемлекет басшысы қабылдаған шешімдердің арқасында кейінгі 2 жылда ғалымдар саны 2 есе артты, айлықтары да өсті. Мәселен, Президент бастамасымен "Болашақ" бағдарламасына қосымша ғылыми тағлымдамадан өтуге 500 грант бөлінді. Себебі ғалымдар шетелдік орталықтарға барып, жаңа тәжірибе жинауы керек. Кез келген мемлекетте мұндай бағдарлама жоқ. Алғашқы жылы конкурс өткізген кезде 500 грант беріліп, 100-ден аса адам ғана қатысқан. Қатысатын ғалымдар жоқ. Енді қазір жастар қосылып жатыр... Табиғи апаттар ондаған жылдар бойы әртүрлі салада қалыптасқан, қордаланған мәселелердің, жалпы қалыптасқан жағдайдың бетін ашып жатыр", - деді ол.

Айтуынша, көптеген елде табиғи апаттан келген барлық шығынды өтемейді. Оларда сақтандыру жүйесі жолға қойылған. Ал біздің елімізде барлық азаматқа тиісті қолдау көрсетіледі. Жалпы, ғалымдардың дерегі бойынша, 1942 жылдан бері Қазақстан аумағында мұндай ауқымдағы су тасқыны болмаған.

"Ең басты мәселе – адамдар аман. 100 мыңнан астам тұрғын, оның ішінде 40 мың бала эвакуацияланды. Құтқарушылардың, мемлекеттік қызметшілердің екі айдағы күн-түн демей жұмыс істегендегі мақсаты – адамдардың өмірін сақтау. Үй салынар, өтемақысы берілер. Ең бастысы – халқымыздың амандығы", - деді Ерлан Қарин.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу