Қазір көрінбейтін пандемиялар асқынып тұр – Мыңжылқы Бердіқожаев

1661

Маманның айтуынша, қазіргі отандық нейрохирургияның заманауи беталысы қазақстандықтардың медициналық көмек алуы үшін өзге шет елдерге жүгінуін қажет етпейді.

Қазір көрінбейтін пандемиялар асқынып тұр – Мыңжылқы Бердіқожаев Фото: Мыңжылқы Бердіқожаевтың жеке мұрағатынан

Нейрохирургия – қарқынды дамып келе жатқан хирургияның "ең жас" саласының бірі.

ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары, жоғары санатты нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев inbusiness.kz тілшісіне берген сұқбатында диагностикадан бастап науқастарды оңалтуға дейінгі нейрохирургиялық қызметтердің жан-жақты дамуы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

– Сізді отандық нейрохирургияның соңғы жетістіктерімен үнемі хабардар етіп отыратын белсенді маман ретінде танимыз. Көптеген күрдерлі операцияларды Қазақстанда алғаш жасаған маманның бірісіз. Бұл саланың даму қарқынына қандай баға бересіз?  

– Көршілес мемлекеттермен салыстырар болсақ, Қазақстанда нейрохирургия саласы айтарлықтай қарқынды дамып келеді. Өзім маманданған қантамырішілік хирургиясына қажетті құрал-жабдық толықтай бар дерлік. Әрине, жасанды интеллекті тәжірибелік модель түрінде қолданылғанымен, әлі кең қолданысқа ене қойған жоқ. Мәселен, эпилепсия хирургиясын алар болсақ, ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы Қазақстан бойынша ең озық технологиямен жабдықталған. Созылмалы паркинсон ауруы, қан-тамыр жүйесінің бұзылысымен сипатталатын дистония болсын, аталған саладағы емдеу мен диагностиканың алдыңғы қатарлы әдістері мен хирургиялық жетістіктер дәл осы ауруханада жасалып жатыр. Одан басқа мидағы күрделі аймақтардағы ісіктерді алуды да осы жерде жасаймыз. Ядролық орталық базасында ПЭТ/КТ аппаратымен ісік қай жерде, қандай көлемде орналасқанын нақты анықтауға болады. ПЭТ/КТ – бұл компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография. Оның басты ерекшелігі, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік береді. Оның ішінде магниттік-резонанстық томографияның бірнеше режимі бар. Атап айтқанда, хирург ісікті алу кезінде қай жағынан барғаны оңтайлы екенін анықтап береді. Сонымен қатар, нейрохиругиядағы ең жиі кездесетін диагноздың бірі – гемиспазм, яғни бет бұлшық еттерінің түйілуі. Операцияның бұл түрлері ұлттық орталықта жасалып, науқастарға кең көлемде көмек көрсетіліп жатыр.

– Хирургия – медицинаның бекзат саласы, ал нейрохирургияның қамтитын аясы қандай?

– Қазір нейрохирургия мен нейро-ғылым деп бөлек атап жатады. Жалпы алғанда нейрохирургия сәуленің, сондай-ақ иненің, пышақтың көмегімен қантамырішілік технологияны қолдана отырып, мидың ішіндегі, айналасында, омыртқа жотасы бойынша нерв талшықтарында кездесетін ауруларды хирургиялық жолмен емдеуге көмектесетін сала. Бұрындары кең тараған ауру саналатын инсульт кезінде дәрімен емдеп, адамды төсекке жатқызып қойып, реабилитациядан өткізетін. Қазір хирургия жолымен инсультқа алып келетін ауруларды ашық хирургия арқылы кесіп алып тастауға және қантамырішілік әдіспен зақымданған тамырдың тарылған жерін кеңейтуге болады. Сол сияқты бұрын миға қан кету кезінде, артерияларда және жүректе, сирек тамырларда пайда болатын аневризма диагнозының емі күрделі болса, қазір науқастар қантамырішілік операция жасалғанын сезбей қалады. Оның ішінде Паркинсон ауруы бұрын тек дәрімен емделіп келген болса, қазір миға арнайы стимулятор қойып, аурудың өмір сапасын қайтадан қалыпқа келтіруге болады. Әрине, үдемелі процесс болғанымен, алдағы 10-15 жылдағы өмір сүру сапасын дұрыстап, икемдеуге болады. Эпилепсия ошағын ПЭТ зерттеуімен дәлелдеп, вагус стимуляторын (VNS) қою арқылы қояншық ұстамаларын сиретуге немесе тоқтатуға болады. Бір күнде ішетін 10 таблетканы 2-3 дәріге дейін азайтатын деңгейге жеттік. 30 жыл бұрын мұндай өзгеріс болады десе, адамдар сенбеген болар еді. Оның ішінде гамма-пышақ (Gamma Knife) құрылғысы қойылды, бұрын науқастар ол үшін Ресей мен Қытайға кететін. Біз жасап жатқан күрделі операциялардың дені квота арқылы тегін жасалады.

– Науқастар арасында жиі кездесетін диагноз қандай?

– Жалпы алғанда, Қазақстанда науқастардың профилі көбіне ұқсас келеді. Атап айтқанда, бас, бел ауруы, мидағы ісік жиі кездеседі. МРТ технологиясының қолжетімділігі мидағы ісікті емдеуге мүмкіндік береді. Бұрын басы ауырған адам дәрі ішіп жүре берсе, қазір дереу томографияға жүгінеді.

– Науқаспен сөйлесудің өзіндік этикасы бар екені анық. Алдыңызға түрлі деңгейдегі науқастар келеді. Ауыр диагнозды қалай жеткізесіз? Қандай да бір ұстанымыңыз бар ма?

– Көп жағдайда жағдайы ауыр науқастар туысқандарымен келеді. Бірінші кезекте, туыстарынан рұқсат сұрап аламын. Науқастың өзіне қаншалықты хабардар етуге болатынын, я болмайтындығын сұраймын. Қазақ халқының менталитеті өзгеше ғой, ауыр диагнозды науқастың өзіне ишарамен жеткіземіз деп жатады. "Адамның көңілі бір атым насыбайдан қалады", қазақ - өте көңілшек халық. Ондай ауыр нәрсені тұспалдап, ескеріп, жеткізіп жатамыз.

– Короновирус сияқты пандемия жағдайы қайталануы мүмкін бе? Бұған қатысты қандай болжам айтасыз?

– Бір түсінгенім, Қазақстанда әлі болмаған дүниені жаман жағынан алдын ала айтуға болмайды. "Мынау не айтып отыр" деп түсінбеуі мүмкін (күліп). Тарихқа көз жүгіртсек, осыдан 100 жыл бұрын 20 миллионнан астам адамның өліміне әкелген грипп пандемиясы болған. Араға шамамен бір ғасыр салып коронавирус пандемиясы қайталанды. Бұрын әжелеріміз 14-15 құрсақ көтергенімен, бір-екеуі ғана тірі қалып отырған. Өйткені шешек, қызылша аурулары көп адамның өмірін жалмап кетті. Мұның барлығы бізге тарихтан белгілі, мысалы, Декамеронның туындысында Римдегі оба кезеңі суреттелетіні бар. Сондықтан пандемия кезең-кезеңімен келеді. Дегенмен коронавирус пандемиясынан өтіп кеттік. Қазір көрінбейтін пандемиялар асқынып тұр деуге болады. Біріншіден, ол – семіздік дерті. Екінші пандемия, ол – қант диабеті. Жылдан жылға ауырып жатқан адам қарасы көп. Үшіншісі – инсульт. Жылына 40 мыңдай қазақстандықты мүгедектікке душар етіп отыр. Тағы бір ескеруіміз қажет мәселе, телефонды көп ұстағандықтан, келешекте бүкір адамдардың саны артуы мүмкін. Ал оның барлығының алдын алатын әдіс әлі ойлап табылмады. Оның ішінде кішкентай балалардың гаджеттерге тәуелділігі - ғылыми дәлелденген тұжырым. Кішкентай балаға телефонды беріп қоюдың бір жаман салдары – миопиясы ұлғая береді. Кореяға барғанда бір таңғалғаным, тұрғындардың көбі көзәйнек киеді. Сол сияқты, қазақстандықтар да алдағы 5-10 жылда жаппай көзәйнек тағып кетуі әбден мүмкін.


– Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің қандай екенін коронадағдарыс көрсетіп берді. Сіздің ойыңызша, Қазақстан медицинасы пандемияға төтеп бере ала ма?

– Жалпы коронавирус дүние жүзінде инфекциялық аурулардың инфекциялық емес дерттерге ауысып кеткенінің қандай зардаптары болатынын көрсетті. Нью-Йоркте рефирежаторлармен жүздеген адамның мәйітін шығарып жатқанын көзіміз көрді. Әрине, АҚШ медицинасынан Қазақстан артта қалды деп ойлауымыз мүмкін. Қазақстан да дүниежүзілік трендте өз орнын көрсетті. Вакцинаға қол жеткіздік, өзіміздің вакцинамызды ойлап таптық. Дегенмен де біздің халқымыздың қаншалықты білім деңгейінің төмендеп кеткенін сол кезеңде байқадық. Мысалы, вакцинаға, коронавирусқа көп адамдар сенбейтінін көрсетті. Менің ойымша, бұл процесс әрмен қарай тереңдей түседі. Себебі білім деңгейінің құлдырап бара жатқандығы алаңдатарлық жайт. Ойланатын мәселе.

– Қарағанды қаласында білім алдыңыз, Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада қызметіңізді жалғастырдыңыз. Кейін Шымкент қаласына қоныс аударып, бас дәрігер де болдыңыз. Сіз үшін Шымкент несімен ерекшеленеді?

– Шымкенттегі ең қиын нәрсе – жемқорлық. Жалпы алғанда, Қазақстанда коррупция жоқ деп үзілді-кесілді айта алмайтынымыз рас қой. Сол жемқорлықтың ең қатты дамыған өңірі – Шымкент. Бұл – менің жеке пікірім. Ол жерде ұзақ жұмыс істеген жоқпын, десе де соның барлығы белгілі бір деңгейде үрей тудырғаны рас. Тағы бір ескеретін тұсы, ол жақта жекеменшік клиникалар жақсы дамыған. Мамандары өте мықты, ортада қазақы менталитет өте басым. Сайрам ауданында өзбек бауырларымыз көп тұрғандықтан, өзіндік бір ерекшелік байқалады. Оңтүстік өңірде емші-балгерлік өте қарқынды дамығандықтан, халық бірінші кезекте соларға иланады. Ал дәрігер алдына барғанда ауруын асқындырып келетінін көп байқадық. Бірақ осыған қарамастан, шымкенттік дәрігерлер жоғары біліктілі маман екендігін сан мәрте көрсетіп келеді.

– Отандық медицинаның ақсап тұрған тұсын жемқорлық мәселесімен байланыстырып отырсыз. Оған қоса фармацевтика саласы мен заңнамалық базаны оңтайландыру жағы сыналып жатады. Отандық денсаулық сақтау жүйесінің ақсап тұрған тұсы қандай?

– Мемлекеттік жүйені процеске жақындатқан кезде, әсіресе, білім саласы мен медицина коррупцияға жақындау келеді. Мемлекеттік жүйеде осының барлығын қадағалауға тиісті сыбайлас жемқорлықпен күрес мақсатындағы арнаулы қызметтер жұмыс істейді. Соған қарамастан, жеке клиникаларда көп процесс өте қарапайым болғандықтан, жұмысы тез алға басады. Менің ойымша, Қазақстандағы жеке медицинаның болашағы зор.

– Медицина ғылымының даму көрсеткішіне тоқталсақ. Халықаралық басылымдарда қазақстандық ғалымдардың еңбегінен дәйексөз алып, сілтеме көрсетіле ме? Медицина саласында үздік маман дайындайтын жоғары оқу орны, сіздің ойыңызша, қайсысы?

– Қазақстан Болон процесіне кіргендіктен, белгілі бір талаптар аясында медицина университеттері қызмет көрсетіп жатыр. Соның ішінде Назарбаев медицина мектебін айрықша атар едім. Мұндағы сабақтар ағылшын тілінде өтеді. АҚШ-тың Питтсбург университетiмен стратегиялық әріптестік аясында ашылған Медицина мектебiнде білім америкалық стандартқа сәйкес беріледі. Сонымен қатар бұл мектепті аяқтаған мамандар осы стандартқа сай жұмыс істей алады. Бірақ бір кері тұсы бар, осы оқу орнын бітіріп шыққан дәрігерлер қазақстандық медицинадан алшақтау болады. Ал жалпы алғанда еліміздегі медицина университеттері деңгей тұрғысынан біркелкі оқытады деуге болады. Қазір Қазақстанда он шақты университетте нейрохирург мамандарын дайындайды. Ең бастысы студенттер білікті ұстаз таңдай білгені жөн. Университеттің рейтингі емес, ұстаздардың деңгейі мықты болуы көп жетістікке жеткізеді. Назарбаев унверситеттері сияқты ғылыми әдебиеттің бірыңғай библиографиялық және реферативтік деректер базасы ретінде Scopus мәліметтер қорына мақалалардың жариялануын міндеттеп қойған. Дегенмен бұл нәрсе ғылымды тексеретін индикатор ретінде қабылдануы дұрыс емес. Өйткені нақты ғылым мемлекеттер арасында бірлесіп атқарылады. Қайсар Ғалымов деген қазақстандық ғалым Австралиядағы ғалымдармен бірге коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапқанда көп жұмыс атқарды. Қазақстанда, жалпы, ТМД ғылымына сенім бұрыннан төмен болғанымен, статистиканы қалай айналдырса да алып шығатын кезеңдер бар. Ол сенімді қайта қалпына келтіру үшін ғылымды өзге мемлекеттермен бірлесіп жасауымыз керек.

– Сіз жасаған оталардың ішіндегі ең күрделісі қандай? Жалпы осы кезге дейін қанша операция жасағаныңызды санап көрдіңіз бе?

– Жобамен айтатын болсам, шамамен 7 мыңға тарта операция жасаған екенмін. Биыл 400-ге тарта ота жасасам, елуге тарта операция Өзбекстанның аумағында, Ташкент, Наманган қалаларында жасалған.

– Демек сізді өзге шет мемлекеттер де шақырады ғой.

– Мысалы, Өзбекстан тарапының шақыруымен айына бір рет операция жасауға барамын. Одан бөлек, ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы аймақтарға барып, меморандумға қол қойып жатырмыз. Сол 25-тен астам операция меморандум аясында жасалыпты.

– Ең бір есіңізде қалған ерекше операция болды ма?

– Ең қызықтысы, алғаш рет ми қан тамырындағы тромбты алу операциясы болған еді. Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығындағы бір науқастың жүрегінде жасанды құрылғы бар екен. Науқастың бір жақ қол-аяғы істемей қалған. Оның алдында бір жыл бұрын Германия мен Израиль мемлекеттеріне барып, мидағы тромбты қалай алу керектігін үйреніп келген едім. Араға жарты жыл уақыт салып науқас алдыма келді. Бір тамыры тромбпен бітеліп қалғанын анықтап, 5 жарым сағат дегенде сол тромбты алып шықтық. Науқас келесі күні есін жиып, оң жақ қол-аяғын қимылдатып, тілге келді. Дәл сол күні өз аяғымен үйіне қайтқан еді. Ғылыми-тәжірибелік тұрғыда сәтті шыққан сол операция әлі есімде.

– Әңгімеңізге көп рақмет!

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу