"Қазпошта" өңірлердегі пошта ғимараттарынан жаппай арылуда

3594

Қазақстанның пошта операторы сатуға қойылады деп күтіліп отыр. Осы орайда оның бас тартқалы тұрған жылжымайтын мүліктерінің тізімімен таныстыра кетелік.

"Қазпошта" өңірлердегі пошта ғимараттарынан жаппай арылуда Фото: Максим Морозов

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Үкіметтің елең еткізетін бір жаңа қаулысын әзірлеп шықты. Премьер-Министр қол қоятын құжатта: "Қазпошта" акционерлік қоғамына осы қаулыға қосымшада көрсетілген стратегиялық объектілерді иеліктен шығару жөнінде мәмілелер жасауға рұқсат етілсін!" деген басты бір сөйлем ғана жазылған.

Ал қосымшада ұлттық компанияның әртүрлі қалалар мен елді мекендердегі 44 ғимараты есептен шығарылатыны көрсетіліпті.

Сарапшылардың түсіндіруінше, ол нысандардың біразы жергілікті әкімдіктің иелігіне берілуі, сондай-ақ аукционда сатылуы мүмкін. Өңірлерде "Қазпоштаның" көптеген бөлімшелері қаңырап бос тұрған көрінеді.

Мұны Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин де жасырмады. Оның түсіндіруінше, олардан құтылу туралы "Қазпошта" акционерлік қоғамының өзі 2022 жылғы 23 мамырда өтінішпен жүгініпті.

"Бұл мемлекеттік бюджеттен қосымша шығындарды талап етпейді. Ол ғимараттардің біразы қанағаттанғысыз немесе әбден тозған күйде. Сондай-ақ көптеген бос тұрған үй-жайларды өндірістік қызметте одан әрі пайдалануға деген қажеттілік жоқ. Сонымен бірге "Қазпошта" осы бос тұрған нысандарды ұстап тұруға шығын шығарады. Ол шығындарды өтеу және әрі қарай болдырмауы үшін акционерлік қоғамға өзінің стратегиялық объектілерін иеліктен шығаруға мүмкіндік беріледі", – деп түсіндірді министр.

Түркістан, Арқалық, Қарағанды, Қостанай пошта бөлімдері...

Ұлттық пошта операторы түбегейлі бас тартқалы тұрған пошта ғимараттары көп өңірде бар.

Мысалы, Атырау облысының Мақат ауданындағы 171,7 шаршы метрлік ғимаратын 0,09 гектар телімімен қоса, Алматы облысының Талғар ауданында – 0,06 гектар жерімен бірге, ШҚО-ның Жарма ауданында – 0,0082 гектар жердегі террасасы, тамбуры бар бірнеше ғимаратын иеліктен шығарады.

Ұлттық пошта операторы Нұр-Сұлтан қаласындағы Сарыарқа ауданында "Дулатов көшесі, 149-үй" мекенжайында орналасқан, 0,0354 гектар жер учаскесі бар ғимаратын да меншігінен шығарып тастамақ.

Бас тартатын нысандар Ақмола облысында көп: Біржан Сал ауданының Степняк қаласындағы, Сандықтау ауданының Каменский ауылындағы, Шортанды ауданының Шортанды кентіндегі және Дамса ауылындағы, Аршалы ауданының Аршалы кентіндегі, Ерейментау ауданының Сілеті ауылындағы пошта ғимараттары кірді.

Қарағанды облысында да "Қазпоштаның" арылатын "жүгі" жетерлік екен: арасында Бұқар Жырау ауданындағы – 3, сонымен бірге Қарағанды қаласындағы – 2, Жаңаарқа ауданының Жаңаарқа кентіндегі, Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылындағы, Абай ауданының Қарабас кентіндегі ескі бөлімшелері бар.

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында – 0,1 гектар жері бар 120,4 шаршы метрлік және 0,14955 гектар жері бар 2 пошта ғимараты, Түпқараған ауданында – 47,4 шаршы метрлік пошта ғимараты саудаға қойылуы мүмкін.

Қостанай облысының Қостанай қаласындағы ауданы 226,9 шаршы метр болатын ғимараты, сондай-ақ Арқалық қаласындағы (ауданы 712,7 шаршы метр); Рудный қаласындағы (алаңы 210,1 ш.м.); Меңдіқара ауданының Первомайский ауылындағы; Әулиекөл ауданының Әулиекөл және Аманқарағай ауылдарындағы; Қарабалық ауданының Тоғызақ ауылындағы пошта ғимараттарынан бас тартпақ.

Оңтүстікте де оңтайландырады: Түркістан қаласының, Түркістан облысының Ленгер қаласының, Төле би ауданындағы Зертас ауылының және Шымкент қаласының пошта ғимараттары да тізімге енген.

"Қазпошта" Жамбыл облысында Талас ауданының Ақкөл ауылындағы 247,7 шаршы метрлік ірі ғимаратын, сондай-ақ Тараз қаласындағы, Қаратау қаласындағы, Мойынқұм ауданының Шығанақ, Мирный ауылдарындағы мүлік объектілерін тәрк етпек.

Бұдан бөлек, Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы, Темір ауданының Алтықарасу ауылындағы, Қызылорда облысының Жалағаш ауданының Аққұм ауылындағы, Шиелі ауданының Сұлутөбе ауылындағы және Арал ауданының Сексеуіл кентіндегі пошта ғимараттары да енді мәңгілікке жойылатын түрі бар.

"Қазпоштаға" кім қызығады?

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, "Қазпошта" АҚ-ы 2025 жылға дейінгі Жекешелендірудің өзектілендірілген кешенді жоспарына кіріп отыр. Қазіргі кезде оны не IPO-ға шығару немесе стратегиялық инвесторға сату мәселесі пысықталуда екен.

Бұған дейін оны сатып алуы мүмкін инвесторлар қатарында "Почта России" аталған. Алайда Кремлдің Украинадағы соғысы салдарынан ол компания санкцияға ілігіп, жағдайы қиындады.

Қазақстанның Есеп комитетінің хабарлауынша, былтыр "Самұрық-Қазына" қоры "Қазпоштаның" ықтимал инвесторларының тізімін бекітті. Оған Halyk Bank және екі консорциум кірген. Бірінші консорциум – "Eurasian Digital Ventures I LP" пен "ТрансКом" ЖШС-інен, ал екіншісі – "КУА "Алмалы" ЖШС мен "Хави Казахстан" ЖШС-інен құралған.

"Eurasian Digital Ventures I LP" шектеулі серіктестігі – шағын және орта бизнеске бағдарланған отандық резидент. "ТрансКом" ЖШС – логистикалық 3 PL-провайдер. "КУА "Алмалы" ЖШС – бизнесмен Қайрат Боранбаевқа тиесілі болған активтерді басқару жөніндегі белгілі компания. "Хави Казахстан" ЖШС – логистикалық компания.

Алайда бұл тізім қайта қаралуы ықтимал. Өйткені мәміле 2022 жылғы 16 қаңтарда жасалуға тиіс еді. Оған қаңтар оқиғалары кедергі келтірген сыңайлы.

Жекешелендіруге дайындағанда, 2021 жылдың басында "Қазпошта" АҚ-ының активі 108 миллиард теңгеге бағаланыпты. Бірақ мына қарқынмен әр өңірдегі ғимараттарынан арыла берсе, активін қайта бағалауға тура келмек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу